Бүгін, 31 наурызда еліміздің президент сайлауына қатысушы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ресми басылымдарда сайлауалды бағдарламасы жарияланды.
ҚҰРМЕТТІ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАР! 2015 ЖЫЛДЫҢ 26 СӘУІРІНЕ ТАҒАЙЫНДАЛҒАН КЕЗЕКТЕН ТЫС ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ БІЗДІҢ ХАЛҚЫМЫЗДЫҢ ЖАЛПЫҚАЗАҚСТАНДЫҚ БАСТАМАСЫНА ЖАУАП БОЛДЫ. ОНДА ОТАНДЫ, БЕЙБІТШІЛІК ПЕН ТҰРАҚТЫЛЫҚТЫ НЫҒАЙТУҒА ҰСТАНҒАН БІЗДІҢ БАҒЫТЫМЫЗДЫ ЖАЛҒАСТЫРУҒА ДЕГЕН ХАЛЫҚТЫҢ БІРЛІГІ ТАНЫЛДЫ. МЕН САЙЛАУҒА ҚАТЫСУ ТУРАЛЫ ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫМ ЖӘНЕ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ САЙЛАУШЫЛАРҒА ӨЗІМНІҢ САЙЛАУАЛДЫ БАҒДАРЛАМАМДЫ ҰСЫНАМЫН.
І. Қазақстандық ұлы жол
Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан ұлы жолды жүріп өтті. Біздің еліміз әлемнің неғұрлым бәсекеге қабілетті 50 елінің қатарына енді. ІЖӨ көлемі 20 есе өсіп, 2014 жылы жан басына шаққанда 13 мың долларды құрады. Біздің еліміз қолайлы инвестициялық ахуал бойынша ТМД-да көшбасшыға айналды және 200 млрд. доллардан астам тікелей шетел инвестицияларын тартты.
Халықтың әл-ауқатының артуы қамтамасыз етілді. Орташа айлық еңбекақы мөлшері 27 есеге ұлғайды, қазақстандықтардың табысы 12 есеге артты.
Қазақстандықтар өмірінің ұзақтығы 70,4 жасқа дейін ұлғайды, ана мен бала өлімі едәуір төмендеді.
Біз ХХІ ғасырға бүкіл әлем үшін лайықты және құрметті ел, сенімді және тұрақты әріптес ретінде ендік.
Өткен 4 жылда алға қарай қарышты қадам жасалды. 2011 жылғы Сайлауалды науқаны мақсаттарының бәріне қол жеткізілді.
Біріншіден, ІЖӨ көлемі орта есеппен жыл сайын 5,7 пайызға артып отырды. Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың Бірінші бесжылдық жоспары аяқталды.
Төрт жыл ішінде елдің барлық өңірлерінде шамамен 630 индустриялық жоба іске қосылды, 55 мыңға тарта жаңа тұрақты жұмыс орындары ашылды. Құны 4 трлн.теңгеден астам тауарлар өндірілді. Осыған дейін өзіміз шетелден тасып келген 400-ден астам жаңа өнім түрлерін шығару игерілді.
Қазақстан үшін мейлінше жаңа салалар – ІТ технологиялар, авиа және автомобиль жасау, мұнай-химия өнеркәсібі, локомотивтер, вагондар және басқалар өндірісі пайда болды және табысты дамып келеді. 4 жылда жаңа өндіріс өнімдері экспортынан түскен табыс 628 млрд.теңгені құрады.
Екіншіден, аграрлық сектор айтарлықтай даму қарқынына ие болды. Ауылшаруашылық өнімдерінің жалпы көлемі 10%-ға, 2,5 трлн.теңгеге дейін өсті. Мал шаруашылығы өнімдерінің өсуі 26% құрады. Тамақ өнімдері өндірісі де 25%-дан астамға ұлғайды.
Үшіншіден, инфрақұрылымдық салаларда үлкен өзгерістер орын алды. Энергетика саласында қорландырушы қуаттар өсімі 13% құрады. 67 қосалқы станса мен тарату тораптары, 900 км. жаңа электр тарату желілері салынды және жаңғыртылды.
Көлік саласында 4 жылда 1700 км. дерлік жаңа теміржол желілері: Жезқазған – Бейнеу, Өзен – Түрікменстанмен шекара, Жетіген – Қорғас, Арқалық – Шұбаркөл желілері салынды.
Автомобиль жолдарының 70%-ның жағдайы жақсартылды. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» трансеуразиялық магистралі жобасының Шымкент – Ресей Федерациясымен шекара учаскесінде қозғалыс ашылды. Астана – Қостанай – Челябі және Орал – Ақтөбе автожолдары қайта жаңғыртылды.
Ақтау портында 3 құрғақ жүк терминалдарының құрылысы аяқталып келеді, ол жүктерді тасымалдаудың жылдық көлемін 2 есе дерлік арттырмақ. Қытайдың Ляньюньган портында қазақстандық терминал кешені ашылды.
Төртіншіден, мемлекет шағын және орта бизнесті дамыту бойынша шаралар қабылдады.
4 жылда белсенді кәсіпкерлік субъектілер саны 20%-ға, 900 бірлікке дейін өсті. Оларда еңбекпен қамтылған жұмыскерлер саны 3 млн.-ға жуықтады, ол 2011 жылғыдан 14%-ға артық.
Бизнестің жол картасы бойынша 230 мыңнан астам кәсіпкер қолдау шараларымен қамтылды. Сомасы 1 трлн.теңгеден асатын 5 мыңнан астам жоба қаржыландырылды.
Бесіншіден, Қазақстан Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына бастайтын шешуші әлеуметтік жаңғырту жолына бет бұрды.
Еңбек күні, сондай-ақ, айрықша көзге түскен еңбек адамдарына жоғары атақтар мен мемлекеттік наградалар тағайындалды. Қазір біз жыл сайын Отбасы күнін атап өтудеміз, Отбасылық және моральдық құндылықтарды нығайтудың жалпыұлттық жоспарын жүзеге асырудамыз.
4 жыл ішінде қаржыландыру көлемі білім беруде – 1,9 есеге, ғылымда – 2,3 есеге, денсаулық сақтау саласында 1,6 есеге ұлғайды.
«Балапан» бағдарламасы бойынша 2 мыңнан астам балабақша ашылды. 3-тен 6 жасқа дейінгі балалардың 78,6%-ы қазірдің өзінде мектепке дейінгі тәрбиемен және білім берумен қамтылған.
Жалпы білім беретін 428 мектеп салынды, 280 колледжде 3 мыңнан астам кәсіпорынның қатысуымен қос тарапты білім беру енгізілуде.
Биыл қазақстандық жоғары білім беру жүйесінің туұстары – Назарбаев Университетті алғашқы мамандар бітіріп шығады.
Төрт жылда 600-ден астам денсаулық сақтау нысандары салынды.
Жұмыспен қамтылған халық саны 8,6 млн.адамға дейін өсті. 2010 жылдан бастап халықтың табыстары 43%-ға, орташа айлық еңбекақы 64%-ға, 127 мың теңгеге дейін ұлғайды. Мемлекеттік әлеуметтік жәрдемақылар мөлшері – 1,4 есеге (20 302 теңгеге дейін), ең төменгі зейнетақы 1,8 есеге (21 736 теңгеге дейін) өсті.
Біздің қалаларымыздың, аудан орталықтарының, ауылдар мен селолардың келбеті жылдан жылға жақсара түсуде. 30 млн.шаршы метрден астам жаңа тұрғын үй салынды.
Алтыншыдан, өткен 4 жылда ауқымды әкімшілік реформа дайындалып, жүзеге асырылды.
Мемлекеттік аппарат реформаланды, Үкімет функцияларының 60%-ы министрліктер мен әкімдіктер деңгейіне берілді.
Нәтижесінде Үкімет ықшамдалды, оған стратегиялық басқару функциялары бекітіліп берілді. Аудандық маңыздағы әкімдердің, сондай-ақ, село әкімдерінің сайланбалылығы енгізілді.
Құқық қорғау органдары мен сот жүйесінде терең мәнді реформа жүзеге асырылуда. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы дәйекті және қатаң күрес жүргізілуде, оның табыстылығын халықаралық сарапшылардың көбі атап көрсетіп отыр.
Біздің қоғамымыздағы конфессияаралық келісім мен татулықтың арқаулық негізі ретіндегі мемлекеттің зайырлылық сипаты нығайтылды.
Діни және өзге де экстремизмнің жолын кесу бойынша шаралар қабылдануда.
Жетіншіден, Қазақстанның халықаралық беделі барған сайын нығая түсуде. Біз ЭКСПО-2017 Халықаралық көрмесін өткізу құқына қол жеткіздік. Бұл Қазақстан мен Астананың табыстарын жаһандық тану көрінісі. Биыл бізде Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының V съезі өтеді.
Өз әріптестерімізбен бірге біз Еуразиялық экономикалық одақты құрдық. Еуропа одағымен кеңейтілген әріптестік және ынтымақтастық туралы жаңа Келісім қол қою үшін дайындалды. Қазақстанның ДСҰ-ға ену үдерісі мәреге жақындады.
Біз әлемге көпжақты өзара байланыс орнатудың G-GLOBAL тұжырымдамасын ұсындық. Біздің бұл бастамамыз қазіргідей геосаяси қарама-қайшылықтар шиеленісі жағдайында барған сайын маңызға ие бола түспек.
Бүтіндей алғанда, бұлар бүкіл қазақстандықтар мақтан тұтатын біздің ортақ жұмысымыздың басты нәтижесі!
ІІ. Дәуірдің сын-қатерлері
Әлем күрделі кезеңді бастан өткеруде.
Әлемдік нарықтарда энергия көздері мен металл бағаларының күрт құлдырауы жаһандық және өңірлік экономикалық тәуекелдерді ұлғайта түсті. Теріс ықпал іс жүзінде әлемнің барлық елдерінің экономикаларында сезілуде. Қазақстан да одан тыс емес.
Біздің экономикамызда дағдарыс дейтіндей дағдарыстың жоқ екенін, ол үшін ішкі себептің жоқтығын түсіну маңызды. Біз бетпе-бет келіп отырған қиындықтар – біздің жаһандық экономикалық байланыстарға араластығымыздың қисынды көрінісі.
Әлемдегі әскери-саяси ахуал жаңа қауіпті сын-қатерлерге толы. Халықаралық терроризм «басын көтерді», жер шарының көптеген өңірлерінде конфессияаралық қарым-қатынастар шиеленісе түсті. Жаһандық тұрғыда, әсіресе, Еуропада дау-жанжалдардың жаңа ошақтары мен қауіпсіздіктің бірқатар проблемаларының шешілмеуі салдарынан державалар арасындағы сенімсіздіктің ұлғаюы байқалуда.
Бұл жүйелік әлемдік дағдарыс, қазір барша үшін де қиын. Оның ықтималдылығын біз осыдан екі жыл бұрын-ақ болжағанбыз. «Қазақстан-2050» Стратегиясында әлемге және біздің елімізге еңсеруге тура келетін жаһандық сын-қатерлер егжей-тегжейлі санамалап көрсетілген.
Бізді ерекше және терең өзгерістер күтіп тұр.
Әлемдік дамудың осынау күрделі асуынан мемлекеттердің бәрінің бірдей өте алмасы анық.
Дағдарысқа қарсы дамудың осыған дейінгі тәжірибесі шешуші рөл атқаратын болады. Қазақстанда ол тәжірибе бар – біз елеулі сынақтардан өттік және бұрынғы бірқатар сыртқы жаһандық сілкіністер зардаптарын еңсердік.
Қазір Қазақстан экономика саласында тағы да сенімді жауап қайтара алды. «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясаты дер кезінде әзірленіп отыр.
Ол, біріншіден, инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде әлемдік дағдарысқа қарсы тұру шараларынан, екіншіден, екінші бесжылдық шеңберінде индустрияландыру бағытын жалғастырудан құралады.
Сол сияқты әлеуметтік саясат та айқын белгіленген. Қатаң бюджет тәртібі мен үнем мемлекеттің әлеуметтік міндеттемелеріне әсер етпейді.
Қазақстан – әлемдік және өңірлік саясаттың белсенді қатысушысы. Біз қомақты халықаралық беделге иеміз.
Барлық сырттан соққан дауылдар мен қиындықтарға қарамай, Қазақстан тек алға жүруге тиіс!
ІІІ. Бес институционалдық реформа
Жаһандық сын-қатерлер мен тәуекелдердің тереңдігі сондай, ол мемлекеттің тұрақтылығы мен табыстылығы туралы мәселені күн тәртібіне қояды.
Бүгінде Қазақстанның алдында мынандай міндеттер тұр.
Біріншіден, жаһандық дағдарыстың мемлекет құрылысына ықпалының теріс сценарийіне жол бермеу.
Екіншіден, дамудың қол жеткізілген қарқынын сақтау.
Үшіншіден, жаңа серпіліс үшін жағдайлар дайындау.
Төртіншіден, әлемнің дамыған 30 мемлекетінің қатарына қарай жылжуды жалғастыру.
Бүтіндей алғанда, бой көрсетіп отырған жаһандық сын-қатерлерге қалыптан тыс және күшті жауап беру қажет.
Біз «Нұрлы Жол» Жаңа Экономикалық Саясатының барлық міндеттерін шешу және «Қазақстан-2050» Стратегиясының басты мақсатына қол жеткізу үшін БЕС ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ РЕФОРМАНЫ дәйектілікпен жүргізу барысында өз мемлекетімізді нығайтуымыз керек.
1. Баршаға бірдей осы заманғы мемлекет
Осы заманғы, кәсіби және автономиялы мемлекеттік аппараты бар мемлекет қана қуатты және табысты бола алады.
Бүгінде әкімшілік мемлекеттік қызметтің саяси деңгейге тәуелді екенін көрмеу мүмкін емес. Бұл, тіпті, ешқандай саясатсыз кәсіби басқару қажет болған кездің өзінде де шешімдер қабылдауды саясаттандырады. Мемлекеттік аппаратта белгілі бір қамқоршының айналасында команда қалыптасады. Бұл командалар көбіне-көп кәсібилік емес, жерлестік қағидаты бойынша алынған туыстар мен жақындардан тұрады.
Мұндай патронат жемқорлыққа жағдай туғызады, тамыр-таныстықты туындатады, кадрлық әлеуетті төмендетеді.
Сонымен бірге еңбекке ақы төлеудің төмендігінен мемлекеттік қызмет тартымсыз күйінде қалуда. Көбіне-көп мемлекеттік қызметшілерде айқын мансаптық келешек жоқ, ал қызметте жоғарылау сол баяғы қамқоршыларға байланысты. Маңызды мемлекеттік бағдарламалар мен жобалар түрлі деңгейлердегі жекелеген шенеуніктердің біліксіздігінен «зардап шегіп» жатады.
Сондықтан мемлекеттік қызметшілер корпусын ағымдағы саяси үдерістер мен жекелеген тұлғалардың тамыр-таныстығына қарамайтындай автономиялы етіп жасау маңызды міндет болып табылады.
Сайлаулар, министрлердің, әкімдер мен өзге де басшылардың ауысуы әкімшілік мемлекеттік қызметке әсер етпеуі тиіс.
Ағымдағы позициялылықтан мемлекеттік қызметтің мансаптық моделіне көшу қажет. Әрбір басшы төменнен бастап барлық басқару сатыларынан өтуі тиіс.
Мемлекеттік қызметшілерге, олардың басқару үдерісіне қосқан үлесінің нәтижелілігі бойынша еңбекке ақы төлеудің жаңа жүйесін енгізу қажет. Олардың қызметтері мен экономикада қол жеткізген табыстарының әр жылдағы нәтижелері бойынша саяси қызметшілер үшін бонустар және әкімшілік қызметшілер үшін сыйақылар төлеуді қарастыру қажет.
Бүгінде мемлекеттік қызметшілерге талантты кандидаттарды, соның ішінде жеке сектордан да іздеудің жаңа арналары қажет. Белгілі бір лауазымдарға шетелдік менеджерлерді тарту орынды – көптеген елдер осылай жасайды.
Мемлекеттік қызметке қабылдау үшін біліктілік талаптары қатаңдатылып, барлық деңгейлердегі мемлекеттік қызметшілерді толық аттестаттаудан өткізу қажет.
Меритократия қағидаттарын қорғау және жемқорлыққа жол бермеу бойынша жүйелі жұмысты жолға қою маңызды. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің құрылымында жеке дербес сыбайлас жемқорлықпен күрес бөлімін құру қажет.
Меритократия тек мемлекеттік аппарат үшін ғана емес, сондай-ақ, ұлттық компаниялар мен холдингтерді қоса алғанда, барлық мемлекеттік сектор үшін де жалпыға ортақ қағидат болуы тиіс.
Бізге Мемлекеттік қызмет туралы жаңа заң дайындау талап етіледі. Мемлекеттік қызмет біртұтас қазақстандық біртектілік қалыптастыру үшін негіз болуы тиіс.
Мемлекеттік қызметке этностық қатыстылығына қарамастан, меритократия қағидаты негізінде өз әлеуетін іске асыру үшін баршаға бірдей мүмкіндік жасалатын әділетті Қазақстан қоғамының түпбейнесі болғаны жөн.
2. Заңның үстемдігі
Қазақстанда заңның үстемдігі мен меншік құқығының қорғалуын қамтамасыз ету керек.
Бүгінде сот жүйесінің әлсіз буыны – судьяларды іріктеу, оларға қойылатын біліктілік талаптарының тиімсіздігі, судьялар корпусының жемқорлыққа баруы.
Бізде заңгерлер, тіпті, сот процестеріне қатысу тәжірибесінсіз-ақ судья бола алады. Бұл кейде судьялар корпусында біліктілігі төмен мамандардың пайда болуына әкеліп соғады. Судьялар тарс жабық корпорация болмауға, судьялар қатарындағы жемқорлықтың емі болып табылатын қоғамдық сыннан тыс қалмауға тиіс.
Ішкі істер органдарының жұмысы жұртшылық үшін ашық емес, полиция әзірше азаматтардың үлкен сеніміне ие бола алмай келеді. Қазақстандық сот төрелігі мен құқық қорғау жүйесі жеке меншік мүдделердің, азаматтардың құқы мен бостандығы сақталуының сақшысы болуға тиіс.
Сондықтан, полицияның мәртебесін жоғарылатып, оның азаматтар алдындағы жауапкершілігін арттыру, құқық қорғау органдарының ашықтығын қамтамасыз ету, ақпараттық технологияларды дамыту, патрульдік қызметті бейнетіркеу құрылғыларымен жабдықтау және басқа да мәселелер бойынша шаралар дестесін дайындау қажет.
Полицияға кәсіби және психологиялық іріктеудің жаңа жүйесін енгізу, полицейлердің өз біліктілігін тұрақты жоғарылатуы мен оны растап отыруын қамтамасыз ету маңызды.
Судьяларға біліктілік талаптарын қатайту керек.
Судьялар корпусындағы орыннан үміткер нотариусте, ІІМ-де, полицияда немесе заңгерлер дайындайтын ЖОО-да емес, кемінде 5 жыл сот жүйесінде істеген жұмыс өтіліне ие болуы тиіс. Кандидаттар жұмысынан босатылған негізде және бір жылдан кем емес мерзімде соттардағы сот тағылымдамасы үшін шарт ретінде қатаң тестілік іріктеуден өтуі тиіс.
Кез келген жоғары тұрған судья төмен деңгейдегі соттарда жұмыс істеуден өтуге тиіс.
Сондай-ақ, жұмысын енді бастаған судьялар үшін кем дегенде бір жыл сынақ мерзімін енгізген маңызды, ол одан табысты өткеннен кейін тұрақты судьялыққа тағайындала алады. Шетелдік және отандық инвесторлар қазақстандық сот төрелігінің әділдігіне сенімді болулары тиіс.
Оған деген сенімді арттыру үшін инвестициялық дауларды қарауға шетелдік судьяларды тарту және ондай дауларды шетелдік және халықаралық соттардың ең озық үлгі-қалыптары бойынша қарастыру керек.
Қазақстан армиясын жаңғырту – ерекше мәселе. Ол осы заманғы, ұтқыр, кәсіби болуы тиіс. Армияның жауынгерлік қабілетін арттыру алдыңғы қатарлы қару-жарақтармен және техникамен жарақтандыру есебінен қамтамасыз етілуі керек.
3. Орнықты экономика
Ең алдымен, бұл – орта тапты жеделдете қалыптастыру үшін жүргізілетін экономикалық реформалар кешені. Сапалық өсімге шығу және экономиканы әртараптандыру үшін біз индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асырудамыз. Ол дер кезінде қолға алынған және аса қажет шара болып табылады.
Алайда, өңдеуші сектор әзірше экономикалық өсімнің драйверіне айнала алған жоқ. Өнеркәсіпті дамытудағы индустриялық саясаттың тиімділігі 1 пайызға зорға жетеді.
Урбанизация деңгейі төмен, халықтың 43 пайыздан астамы ауылды жерлерде тұрады. Оның үстіне, ауылдағы өнім өндірушілер салық төлемейді десе де болады. Сонымен бір мезгілде, қосымша құны төмен салалар өнімі өндірісін субсидиялауға бюджеттен қыруар қаржы бөлінуде.
Қазір кеден ресімдері мен тариф саясаты күрделі, тарифтік емес кедергілер әлемдік тәжірибеге кереғар келеді.
Индустрияландыру жұмыс орындарын құру мен Қазақстанның экспорттық әлеуетін дамытуға бағытталған. Орта мерзімдік кезеңде шешуші міндет экономикалық өсім ырғағын күрт «құлатуға» жол бермеу болып табылады.
Жұмыстың қорытындысы экономиканы әртараптандыру есебінен алынатын жаңа үш-төрт экспорттық өнімнің туындауы болуы тиіс.
Дамудың жаңа кешендік бағдарламалары негізінде ауыл шаруашылығы шикізаттарын қайта өңдеу секторын дамыту маңызды.
Осы орайда, трансұлттық компаниялардың қатысуымен шамамен 10 ірі жобаны жүзеге асыруға кірісу қажет.
Шешуші бағыт қызмет көрсету саласын, бастысы – сервистік сектордың шағын және орта кәсіпорындарын дамыту болып табылады. Шағын және орта бизнесті қолдау, азаматтар меншігін құқықтық қорғау, олардың әл-ауқатын арттыру тетіктері дамитын болады.
Бұл – ауылды жерлердегі артық еңбек ресурстарын сіңірудің маңызды мәселесі.
Туризмді дамытудың жаңа бағдарламасын қабылдаған жөн.
Қазақстанның интеграциялық саясаты барысында өткен жылдарда, тұтастай алғанда, біздің экономикамыздың әлемдік шаруашылық байланыстарға тартылуын кеңейту үшін аса маңызды құралдар қалыптастырылды.
Солардың негізінде біздің өндірушілеріміздің үлкен өңірлік нарықтарға енуіне, сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одақта кедендік және импорттық-экспорттық ресімдерді оңтайландыруға қол жеткізу керек.
Алматыда қаржы орталығын құру үдерісі жоғары серпінге ие болуы тиіс. Бұл жерде Алматының арнайы мәртебесін заңнамалық бекіту маңызды.
4. Болашағы біртұтас ұлт
Өткен жылдарда Қазақстан тұрақтылықты сақтау мен қоғамдық келісімде айтарлықтай табыстарға жетті. Қазақстан Конституциясы нәсілдік, этностық, діни және әлеуметтік қатыстылығына қарамастан, барлық азаматтардың құқықтық теңдігіне кепілдік береді.
Қазақстандық біртектілік азаматтық қағидатына негізделуі тиіс.
Осындай жағдайда біртектілік орнықты және табысты мемлекеттің ең сенімді іргетасы болады. Әр азамат елдің табысы оның өзінің де табысы екенін сезінуі тиіс. Қазақтарға мемлекет құраушы ұлт ретінде ерекше жауапкершілік жүктеледі.
Қазақтар қазақстандық біртектілікті қалыптастыруға маңызды ықпал жасауы керек.
Тілдердің үштұғырлылығын – қазақ, орыс және ағылшын тілдерін дамыту – қоғамды топтастырудың, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырудың кепілі. Біздің басты мақсатымыз – қазақстандықтардың жаңа жалпыұлттық мұраттар мен құндылықтарды – құқықтың үстемдігін, жеке меншікті қорғауды, мемлекеттік дәстүрлерді, қазақстандық құндылықтар мен тәуелсіздік жылдарындағы табыстарды өздерінің этностық мінез-құлық модельдерінен жоғары қоюына қол жеткізу.
Барлық қазақстандықтар үшін қазақстандықтың бойында азиялықтың да, еуропалықтың да жақсы қасиеттерін шынайы сүзгіден өткізетін еуразиялық идеясы біріктіруші болып табылады.
Мемлекеттің конституциялық акт тақылеттес аса маңызды құжаты ретінде ресімделген Мәңгілік Ел идеясы жалпыазаматтық құндылықтар жүйесі қатарында көрінуі тиіс.
Мектептерде бүкілқазақстандық Мәңгілік Ел идеясының құндылықтарын оқыту бағдарламасына енгізу қажет.
5. Ашық және халыққа есеп беруші мемлекет
Қазақстан қоғамы өзгерістерге кезең-кезеңімен бейімделіп келеді. Бұл – бізге ішкі қарама-қайшылықтардың ушығуына ұрынбай, саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік беретін маңызды фактор. Көптеген елдердің тәжірибесі көрсетіп отырғанындай, «әуелі – қуатты мемлекет пен экономика, содан кейін – саясат» қағидатын бұзу апаттарға, қоғамның күйреуіне алып барады. Ондайлардың біреулерінде саяси режімдердің тұрақсыздығы орын алса, екіншілерінде экономика күйреп, жанжалдар, тіпті, азамат соғыстары пайда болады.
Сондықтан қазір мемлекеттік басқару мен экономикалық даму салаларында институционалдық реформаларды аяқтап, тек содан кейін ғана демократияландыру бойынша бірқатар маңызды шаралар қабылдау маңызды.
Реформалардың «4+1» формуласы бойынша тактикасы ұтымды. Барлық табысты мемлекеттер нақ осындай жолдан өткен. Мұндай дәйектілікті сақтау мемлекетті саяси тұрақсыздық қатеріне ұрындырмай жаңғыртудың жалғыз жолы екенін атап өткен жөн.
Біріншіден, мемлекеттік органдар басшылары есептілігінің жұмыс тәжірибесін кеңейту керек.
Екіншіден, шешім қабылдау үдерісінің мөлдірлігін қамтамасыз ету қажет. Азаматтар жоғары мемлекеттік органдар шешім қабылдайтын үдерістерге «ашық үкімет» тетігі арқылы белсенді тартылуы тиіс.
Бұған Жария ақпараттарға қолжетімділік туралы жаңа заң негіз болады, алдымызда оны дайындап, қабылдау міндеті тұр. Мемлекеттік органдар мен әкімдер жанындағы қоғамдық кеңестердің рөлін күшейту маңызды.
Үшіншіден, азаматтық бюджеттендіруді енгізген жөн.
Әңгіме азаматтық қоғам өкілдерінің өңірлерде бюджет қаржысын бөлуге қатысуы туралы болып отыр.
Төртіншіден, шағымдану жүйесін нығайту маңызды. Заңнамада азаматтардың мемлекеттік қызметшілердің іс-қимылына шағымдану бойынша мүмкіндіктері кеңейтілуі тиіс. Әңгіме әкімшілік юстиция жүйесін құру туралы болып отыр.
Бесіншіден, қоғамның өзін өзі реттеуін кеңінен енгізуді қамтамасыз ету керек. Билік өкілеттіліктерін азаматтық қоғам институттарына бере отырып, мемлекеттік органдардың жауапкершілік аймағын қысқарту қажет.
Осы бес бағыт бойынша оң нәтижелерге қол жеткізу жағдайына орай, жергілікті атқарушы органдар сайланбалылығының жаңа жүйесі жөніндегі мәселені шешуге болады.
Біздің ерекшеліктеріміз бен дәстүрлерімізді есепке ала отырып, Президент, Парламент және Үкімет арасындағы билік өкілеттіліктерін қайта бөлуді қарастыратын конституциялық реформа кезең-кезеңімен жүргізілетін болуы тиіс.
Осылайша, бес институционалдық реформаның әрқайсысы – ел үшін орасан зор сынақ. Оның үстіне бұл – қаржылай шығын мен кәсіби басшылықты талап ететін күрделі жұмыс. Мұндай реформалардың табыстылығына тек билік пен халықтың берік ерік-жігерінің арқасында ғана қол жетеді.
Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғанындай, қуатты мемлекет пен дамыған қоғам қалыптасуы үшін көптеген онжылдықтар – тұрақты түрде ілгері жылжитын 40-50 жыл қажет.
Ұсынылып отырған шаралар қоғамдық қатынастар жүйесін түбегейлі өзгертеді.
Оларды жүзеге асыру үшін мен Президент жанынан Жаңғырту бойынша ұлттық комиссия құруды ұсынамын. Ол бүкіл реформалар кешенін жүзеге асыру жұмыстарын үйлестіретін болады.
Осылайша, біздің алдағы жылдардағы ең басты міндетіміз – аталған БЕС ИНСТИТУЦИОНАЛДЫҚ РЕФОРМАНЫ іске қосып, кезең-кезеңімен жүзеге асыру.
Біздің ортақ рухани күшіміз бен асқақ мақсатымыз: Мәңгілік Ел! Ол біздің ХХІ ғасырдағы дамуымызды прогресс қуатымен толтыратын болады.
ҚЫМБАТТЫ МЕНІҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРЫМ!
ХАЛЫҚТЫҢ ТАҒДЫРЫ – МЕНІҢ ТАҒДЫРЫМ! ӘРБІР ҚАЗАҚСТАНДЫҚ ОТБАСЫ БАҚЫТҚА ЖЕТСЕ – МЕНІҢ ЖЕКЕ ӨЗІМНІҢ ДЕ БАҚЫТҚА ЖЕТКЕНІМ!
МЕН ҮШІН БАРША ҚАЗАҚСТАНДЫҚТАРДЫҢ АШЫҚ АСПАН АСТЫНДА БІР-БІРІНЕ ДЕГЕН СЕНІММЕН ЖӘНЕ КЕЛІСІММЕН ӨМІР СҮРІП, ЕҢБЕК ЕТКЕНІ ӨТЕ МАҢЫЗДЫ. АДАМДАРДЫҢ ОСЫНДАЙ НАҚТЫ ӨМІРІ – МЕН ҮШІН ЕҢ ЖОҒАРЫ МАРАПАТ. МЕН ӘРҚАШАН ХАЛЫҚ ПЕН МЕМЛЕКЕТТІҢ ИГІЛІГІ ҮШІН ЖҰМЫС ІСТЕЙТІН БОЛАМЫН! МЕНІҢ ӨМІРДЕГІ БАР МАҚСАТЫМ ОСЫ!
МЕН ХАЛЫҚТЫҢ ЕҢБЕГІМ МЕН САЯСАТЫМА ҚОЛДАУ КӨРСЕТЕТІНІНЕ СЕНЕМІН!
МЕН ЕЛІМ ДЕГЕН БАРША ЖАНДАРДЫ ОРТАҚ МАҚСАТҚА ЖҰМЫЛУҒА, ЖЕҢІСКЕ ЖЕТУГЕ ШАҚЫРАМЫН!
Жариялау ақысы ОСК арқылы республикалық бюджеттің және Қазақстан Республикасының президенттігіне кандидат Н.Ә.Назарбаевтың сайлау қорының есебінен төленді.
Ақпарат көзі: egemen.kz