Н.Назарбаев: Келесі кезең Азияның негізгі даму идеялары мен модельдерінің қайнар көзіне айналуы болады

Н.Назарбаев: Келесі кезең Азияның негізгі даму идеялары мен модельдерінің қайнар көзіне айналуы болады

Өткен апта соңында Қазақстан Прези­ден­ті Нұрсұлтан Назарбаев ресми сапары аясында Қытай Халық Республикасының Төрағасы Си Цзиньпинмен кездесті.
Қазақстан мен Қытай көшбасшылары екі­жақты ынтымақтастықты және стра­те­гия­лық серіктестікті дамытудың ауқымды мәселелерін талқылады. Нұрсұлтан На­зар­баев Си Цзиньпинді Халық өкілдері бү­кілқытайлық жиналысы 1-сес­сия­сы­ның табысты аяқталуымен және оның ҚХР Төрағасы болып сайлануымен құттықтады. Қазақстан Президенті біздің ел екі елдің халықаралық ұйымдар аясындағы ынтымақтастығына жоғары баға беретінін атап өтті. Нұрсұлтан Назарбаев біздің рес­пу­бликамыз 2014-2016 жылдардағы ке­зеңде Азиядағы өзара іс-қимыл және се­нім шаралары жөніндегі кеңеске Қытайдың төр­ағалықты қабылдау ниетін қол­дай­ты­нын атап көрсетті. Сонымен қатар Мем­ле­кет басшысы «Қазақстан-2050» Стра­те­гиясында баяндалған Қазақстанның жаңа сая­си бағыты туралы айтты.
Өз кезегінде Си Цзиньпин Нұрсұлтан На­зарбаевқа Қазақстан – Қытай қа­ты­нас­та­рын дамытуға қосқан зор үлесі үшін алғысын білдірді.
– 20 жылда орасан жолды жүріп өт­тіңіздер. Сіздің арқаңызда біздің әріптес­ті­гі­міздің берік іргетасы қаланды, – деді ҚХР төрағасы.
Кездесу барысында сауда-эконо­ми­калық ынтымақтастықтың үдемелі өсуі атап өтілді. 2012 жылдың қорытындысы бо­йынша Қазақстан мен ҚХР арасындағы сауда айналымы 12,5 пайызға өсіп, 24 мил­лиард долларға жетті. Сауда ай­на­лымын 2015 жылға қарай 40 миллиард долларға дейін жеткізу қажеттігі туралы уағ­даластыққа қол жеткізілді. Тараптар екі­жақты сауданы одан әрі нығайту мақ­сатында арнаулы консультациялар өткізу ту­ралы келісті. Екіжақты қатынастардың барлық негізгі бағытын іс жүзінде қам­титын Ынтымақтастық жөніндегі Қа­зақ­стан – Қытай комитетінің қызметі өзара іс-қи­мылды дамытуға елеулі үлес қосып ке­леді. Бұған қоса, келіссөздер барысында кө­лік саласындағы, шекара маңындағы ын­тымақтастық саласындағы, сондай-ақ транс­шекаралық өзендердің пайдалануын рет­теу саласындағы өзара іс-қимылдың өзек­ті мәселелері қаралды. ҚХР-ға Қазақ­стан астығы мен ұн жеткізу және Қытай ау­мағы арқылы үшінші елдерге транзиттеу туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.
Қазақстан Президентінің ҚХР-ға рес­ми сапары аясында «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ пен Қытай халықаралық саудаға жәр­демдесу жөніндегі комитеті арасында Қа­зақстан – Қытай іскерлік кеңесін құру ту­­ра­лы келісімге, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ пен CITIC Group арасында ынты­мақ­­тас­тық туралы келісім мен Эко­но­ми­калық жә­не инвестициялық қарым-қа­ты­на­с­тарды ны­ғайту жол картасына қол қо­йылды. Со­нымен қатар Қазақстан-Қы­тай мұнай құ­бы­рының аясын кеңейту және пай­далану жө­ніндегі ынтымақтастықтың не­гізгі қағидаттары туралы келісім жа­сал­ды.
Қытайға ресми сапары кезінде отандық бұқаралық ақпарат құралдарына арналған брифинг өткізген Елбасы трансшекаралық өзендерді пайдалану мәселесі шешімін та­ба­тынын айтты. «Ең маңызды мәселелердің бірі трансшекаралық өзендерді пай­да­ла­нуды реттеу болып табылады. Си Цзиньпин Қытай Қазақстан экономикасына нұқсан келтіруі мүмкін әрекетке бармайтынын мә­лім етті. Осылайша трансшекаралық өзен­дер мәселесі келісім жолымен шешілетін бо­лады және бұл үшін біз жұмыс тобын құ­рамыз. Сондай-ақ біз Қытайға қазақ­стан­дық бидайды экспорттау туралы және се­лекция мен өсімдік шаруашылығы өнім­дері салаларындағы үздік тәжірибені енгізу үшін пайдаланылуы мүмкін үлгілі аграрлық нысанды бірлесіп құру туралы уағ­даластық. Бұған қоса, келіссөздер барысында Тынық мұхитындағы Ляньюн­ган портында қазақстандық терминал құ­ры­лысын салу үшін жер беру туралы мә­се­ле қаралды. Өйткені біз үшін Азия – Тынық мұ­хиты өңіріне шығу мүмкіндігі өте ма­ңыз­ды», – деді Қазақстан Президенті. 
Мемлекет басшысы осы негізгі мә­се­лелер жаңадан сайланған ҚХР Төр­аға­сы­ның биылғы бірінші жартыжылдықта Қа­зақ­станға алғашқы сапары барысында қа­растырылатынын атап өтті. Сонымен қа­тар Қазақстан Президенті CNPC ком­па­ния­сының басшылығы республикамыздың оңтүстік өңірлері үшін маңызды мәнге ие «Бозой-Шымкент» газ құбыры құрылысын биылғы қазан айында аяқтау жөніндегі жоспарды бекіткенін айтты. Бұдан бөлек, Ас­танада жаңа ұлттық би және балет ака­де­миясының құрылысын салу ұсынылды, ол келешекте осы саладағы қытайлық университетпен ынтымақтастық орнатуы мүмкін.
Сапар аясында Қазақстан Президенті Нұр­сұлтан Назарбаев Боао азиялық фо­ру­мының XII сессиясы жұмысына қатысты. Фо­румға он мемлекет басшысы, үкімет бас­шылары, халықаралық ұйымдар же­тек­шілері, шет мемлекеттердің іскер, ғы­лы­ми және қоғамдық орта өкілдері қа­тысты. Әлемнің аса ірі коммуникативтік ала­ңы болып саналатын іс-шараға бар­лығы 1800-ге жуық делегат келсе, қа­ты­су­шылардың жалпы саны 3 000-нан асты. 
Өз сөзінде Нұрсұлтан Назарбаев бү­гін­де Азия құрлығының ерекше мәнге ие бо­луына байланысты форумның өзектілігі артып келе жатқанына тоқталды.
 – Алдымен бұл жерге басты өндірістік әле­ует шоғырланды. Одан соң мұнда әлем­дік нарықтарға серпін беретін эко­но­ми­калық белсенді орталық орын тепті. Ке­лесі кезең Азияның негізгі даму идеялары мен модельдерінің қайнар көзіне айналуы бо­лады деп сенемін. Бұл жерде тек экономикадағы ғана емес, өзге де көптеген са­лада халықаралық күн тәртібі тү­зі­летін болады. Азия елдері арасындағы өз­ара сенімнің нығаюы жаһандық мін­дет­терді шешуде айтарлықтай ілгерілеудің ке­пілі болып саналады, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті табысқа жетудің ортақ стратегиясын қалыптастыру үшін Азияның барлық мемлекетінің тәжірибе алмасуы өте маңызды екенін атап айтты.
– Қазақстандық модель әлемдік на­рық­тық үдерістер интеграциясы мен ин­но­ва­циялық типтегі қуатты экономиканың да­муына негізделген. Ішкі саясаттағы тұ­рақ­ты ахуал мен дағдарысқа қарсы тиімді шаралар арқасында Қазақстан дамудың жоғары қарқыны мен жұмыссыздықтың төмен деңгейін сақтап қалды. Қазақ­стан­ның жалпы ішкі өнімі 2012 жылдың қо­ры­тындылары бойынша шамамен 6 пайызға өс­ті. Ал жұмыссыздық, бұл ретте, 6 па­йыз­дан асқан жоқ. Халықаралық жалпы резерв 90 миллиард долларға жуықтады. Қазақстан жаңғыртуды жоғары технология са­лаларын ынталандыра отырып жүр­гізуде. Бұл – «жасыл технология», ба­ла­малы энергетика және энергияны сақтау са­лаларындағы жобалар, – деді Нұрсұлтан На­зарбаев.
 Мемлекет басшысы біздің елде мұнай-газ шикізатын толығымен өңдеу, тыңайт­қыш өндіру, логистика және өзге де сала­ларға салынатын инвестициялар үшін жол ашық екенін атап өтті.
– Заманауи көлік инфрақұрылымы жасалуда. Біз «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» магистральды көлік дәлізін сала отырып, Жібек жолын қайта жаңғыртып жатырмыз. Ол 2015 жылдың өзінде-ақ іске қосылатын болады. Қазақстанның ел­ор­дасы – Астана «Болашақтың энергиясы» ұра­нымен 2017 жылы ЕХРО халықаралық көр­месі өтетін орын ретінде таңдап алынды. Қол жеткізгенімізбен тоқтап қал­май, біз жаңа межелерге көз тігіп отырмыз. «Қа­зақстан-2050» жаңа саяси бағытын жүзеге асыра бастадық. Ұзақ мерзімге арналған бұл стратегия мемлекет пен қоғамның дамуында инновациялық, эко­но­микалық және әлеуметтік қағидаттарды алға қояды. Біз барлық мүдделі елдермен бел­сене ынтымақтасу ниетіндеміз, – деді Қа­зақстан Президенті.
Мемлекет басшысы форумға қа­ты­су­шы­лар назарын осы маңызды нәтижелерге қол жеткізу үшін жасалуы мүмкін бірқатар негізгі қадамдар мәселесіне аударды. «Одан әрі даму жолдарын іздестіруде та­бысқа жету шешім қабылдау сипаты ар­қы­лы анықталады. Онда барлық мемлекеттің по­зициясы ескерілуге тиіс, өйткені ешкім де енді жаһандық, әсіресе жағымсыз құ­былыстардан сырт қала алмайды. Бүгінде ба­рынша ашық болу өте маңызды. Қа­зақстан 2012 жылы мамырда G-Global ала­ңын қа­лыптастыру идеясын ұсынды. Бұл – жа­һан­дық дағдарысты еңсеру жол­да­рын із­деу­ге арналған жүйелі диалогты қол­дау жө­ніндегі біздің бастамамыз», – деді Нұр­сұлтан Назарбаев.
Қазақстан Президенті қазіргі қиын­дық­тарды жеңу үшін әлемдік қоғамдастық дәлме-дәл және тиімді қаржы архи­тек­турасына қарай біртіндеп қадам жасауы керектігін атап өтті.
– Халықаралық сауда мен инвести­ция­ның дамуы бүкіл әлемде қаржы-несие сая­сатын қатаң үйлестіруді талап етеді. Бұл ық­тимал қатерлерді барынша азайтуға, ал­дын алу режимінде жұмыс жүргізу үшін күш жұмылдыруға мүмкіндік береді. Көп­теген сарапшы халықаралық қаржы ар­хитектурасын, атап айтқанда, әлемдік ва­люта жүйесін реформалау туралы идея­ны қолдайды, – деді Мемлекет басшысы.
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан На­зар­баев Боао азиялық форумы аясында Мек­сика Құрама Штаттарының Пре­зи­денті Эн­рике Пенья Ньетомен, Бруней-Да­­рус­салам мемлекетінің сұлтаны Хас­са­нал Бол­киахпен, Сингапур Рес­пу­бли­касының құр­мет­ті аға министрі Го Чок Тонгпен, Ха­­лық­аралық валюта қо­ры­ның директоры – бас­­қарушысы Крис­тин Лагардпен және БҰҰ Бас Ассам­блея­сының төрағасы Вук Ере­­мичпен кездесті. В.Еремич VI Астана эко­­номикалық фо­ру­мы­ның жұмысына қатысуды жоспар­лап отыр­ғанын атап өтті.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста