Осыдан тура бір жыл бұрын, яғни 1 сәуірде НАТО құрамына Албания мен Хорватия еніп, алып ұйым өз тарихында алтыншы мәрте кеңейген болатын. Құлашын кеңге жайған НАТО көбінесе тұрақсыз елдерді емес, саяси ахуалы бір қалыпты елдерді өз қатарына қосып келеді. Ішкі саяси алауыздық Украина мен Гүржістанның НАТО-дан есек дәмесін үзгені мәлім. Талай мәрте Қазақстаннан жанжалды аймақтарға бітімгершілік күштерін жіберуді өтініп жүрген солтүстікатлантикалық одақтың көкейінде Орталық Азиядағы Қазақстанның есебінен іргесін жетінші мәрте кеңейту мүддесі менмұндалап тұрғаны анық.
Задында, қоңсы қонбаған соң НАТО-мен алыстан сыйласқанды жөн көрдік. Шекаралары шалғай болса да, уақыт мүдделер сабақтастығын барған сайын бекемдеп келеді. Мәселен, Қазақстан 1994 жылы «Бейбітшілік үшін әріптестік» бағдарламасына, 2006 жылы Әріптестік іс-қимылдардың Индивидуалды жоспарына белсенді араласуының арқасында 28+1 форматында өзара әрекеттестік пен саяси диалог үйлесім тауып, екіжақты байланыс жоғары деңгейге көтерілді. Орталық Азия аймағы ішінде біз тұңғыш рет НАТО-ның Парламенттік ассамблеясымен тығыз жұмыс істеп келеміз. Былтыр 50 елдің бастамасымен Астанада өткен НАТО-ның еуроатлантикалық кеңесінің екі күндік форумы тұтастай Ауғанстандағы ахуалға арналған болатын. Бұл посткеңестік кеңістіктегі тұңғыш форум болып саналады. Биыл «ҚазБриг» әскери қосындары НАТО-ның бітімгершілік миссиясына үлес қосуы тиіс. Басқасы басқа, Қазақстан ЕҚЫҰ төрағалығында Ауғанстан шиеленісін шешуді басымдық етіп отырса, Ауғанстан – НАТО үшін де ең өзекті мәселелердің бірі. Осындай жағдайда солтүстікатлантикалық альянс пен Қазақстан арасындағы саяси байланыс тереңдей түсуі әбден мүмкін. Қазақстан ЕҚЫҰ төрағасы болмай тұрып-ақ Ауғанстанға гуманитарлық көмек беруден аянған емес. Ауған студенттерін оқытуға 50 млн доллар бөлінбек. Мемхатшы – сыртқы істер министрі Қ.Саудабаевтың былтырғы Ауғанстанға сапары Қазақстанның аймақтағы бітістіруші миссиясын аңдатты. НАТО Ауғанстандағы жанжалды шешуде бітімгершілік күштерге көбірек арқа сүйесе, Қазақстан тараптарды барынша бейбіт жолмен бітістіруді қалайды. Қалай дегенмен, Ауғанстан – атлантикалық альянс пен Қазақстанның геосаяси мүдделерін тоқайластыратын алаң.
Ал қазір Украина мен Гүржістанның НАТО-ға енбеуі оның шығысқа қарай құлаш жаюына кедергі бола алмайды. Таулы Қарабақ үшін көңілі қаяу Әзірбайжан атлантикалық альянсқа кет әрі емес. Ал Армения – әу бастан, ҰҚШҰ-ға мүше ел. Демек, НАТО-ның шекара қағидасымен емес, түркілік белдеумен төтелей кеңеюіне мол мүмкіндік бар. Қазақстан үшін НАТО-мен терең ынтымақтастық аймаққа шүйіліп отырған Ресей мен Қытай ықпалын бәсеңдетеді. Көпвекторлық саясатымызға сәйкес, бізге АҚШ-қа ашық бұра тартқаннан гөрі НАТО-ға иек артқан геосаяси ойында қисындырақ болып шықпақ. Алып көршілердің геосаяси иірімдеріне жұтылмас үшін қуатты Еуропалық қоғамдастықты ешуақытта қаперден шығармау керек. НАТО-ның ең пайдалы тұстарының бірі – Ауғанстан, Пәкістан, өзге де Орталық Азия елдері тарапынан төнген ислам атын жамылған радикалды күштердің жасырын жортуылына тосқауыл қойылатын болады. ҰҚШҰ-ның белсенді мүшесі бола отырып, алыстағы НАТО-ға басымдық беру жаңа ойын ережелерін іске қосуға мүмкіндік береді. Бұл қадам аймақтық күштердің қысымына тап болған Қазақстанға әлдеқайда тиімді екені анық. Ресейдің радикалды кавказдық лаңкестерге, АҚШ-тың ауған тәлібтеріне қарсы күресі қауіпсіздік тұрғысында позитивті құбылыс екенін мойындау керек. Ал НАТО-ның шығысқа жылжуы – ЕҚЫҰ төрағасы Қазақстанға іргелес державалармен аралық тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік беретін бірден қойлайлы фактор.