Мүгедектер мәселесі қашан шешіледі?
Үкіметтің кешегі отырысы алғаш рет мүгедек жандардың мәселесіне арналды. Премьер-министр Серік Ахметов атап көрсеткендей, осы санаттағы азаматтардың емін-еркін жүріп-тұруына жағдай жасап, қоғам өміріне етене араласуына барлық мемлекеттік органдар мүдделі болуы тиіс. Осыған орай, отырысқа мүгедек әйелдердің «Шырақ» қауымдастығының жетекшісі Ләззат Қалтаева да қатысып, мүмкіндігі шектеулі жандардың бүгінгі өзекті деген мәселелерін ортаға салды. Сорақысы сол – министрлердің басым бөлігі оны тыңдаудың орнына өздерінің айпад-планшеттерін шұқылап отырумен болды.
Мәселенің төркіні
Әлі есімізде, осыдан екі жыл бұрын елімізде мүгедектер мәселесі кеңінен талқыланғанда, осы санаттағы азаматтардың құқықтарын қорғайтын бірқатар ұйым жетекшілері Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің жұмысын сынға алып, одан бөлек бір мемлекеттік органды құру қажеттігі туралы айтқан болатын. Сол кезде олар «Біз Қазақстандағы мүгедектердің құқығын сақтаудың 12 қағидатын әзірлеп қойдық. Әрине, оның бәрі қабылданбайды. Себебі мүгедек жандардың мәселесімен айналысатын нақты орган жоқ. Министрліктер болса көрпені ары-бері тартумен ғана әлек. Олардың жұмысын үйлестіру қиын. Сондықтан біз мүгедектер мәселесін қорғайтын мекемеаралық органның болуын қалаймыз. Ол белгілі бір министрліктің құзырында емес, Президент Әкімшілігі жанынан құрылса дейміз. Себебі Қазақстан – президенттік республика. Бұл жерде соңғы сөзді министрлік емес, Президент Әкімшілігі айтады» деп мәлімдеген. Ал олардың құқықтарын сақтау мен бүгінгі қоғамға жан-жақты бейімделуін көздейтін 2012-2018 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарына қатысты «Негізі, бұған дейін де елімізде мүгедек жандарды оңалту және олардың құқықтарын қорғау саласына қыруар қаржы салынып келді. Бірақ бұл қаражатты бақылау мүмкін болмайды. Сондықтан мүгедектер ұйымдарының араласуымен бюджет қаражатын бақылаудың қоғамдық комитетін құрып, бөлініп жатқан ақшаның тиімді жұмсалауын қадағалау қажет» деген пікір білдірген еді. Ертесінде сол кездегі еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Гүлшара Әбдіхалықова Парламентке шақырылып, мүгедек жандардың мәселесін қорғау жұмысы бойынша есеп берді. Министр ханым депутаттарды ұлттық іс-қимыл жоспары аясында 2012 жылдан бастап мүгедектер үшін барлық әлеуметтік-экономикалық жағдайлардың жасалатынын білдіріп, онымен министрліктен бөлек мүгедектер мәселесімен айналысатын басқа бір мемлекеттік органды құрудың ешбір қажеті жоқ екендігіне сендірді.
Мүгедек жандарға тиісті жағдай жасалмайды
Міне, мүгедектер құқықтарын сақтау мен олардың қазіргі қоғамға жан-жақты бейімделуін көздейтін 2012-2018 жылдарға арналған ұлттық іс-қимыл жоспарының қабылданғанына да бір жыл өтті. Бұл – аталған құжаттың бірінші кезеңі (2012-2013жж.). Осыған орай, Үкімет басшысы Серік Ахметовтің өзі оның жай-жапсарын қарап шығуды жөн көріп, Министрлер Кабинетінің кешегі отырысын тұтас осы мәселеге арнады. Алайда бұл жолы аталған құжат бойынша Г.Әбдіхалықова ханым емес, жаңа министр Серік Әбденовке есеп беруге тура келді. Оның сөзіне қарағанда, соңғы бір жылдың ішінде таудай жұмыс атқарылмаса да, мүгедек жандарды мазалап жүрген негізгі мәселелер анықталды. Оның бірі – мүмкіндігі шектеулі азаматтарды протезды-ортопедиялық құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету. Өткен жылы ондай заттарға зәру 16,7 мың адамның қажеттіліктері өтелді. Ол жағынан Ақмола, Алматы, Атырау, Батыс Қазақстан, Қостанай және Павлодар облыстары белсенді жұмысымен көзге түссе, Жамбыл және Қарағанды облыстары, сондай-ақ Астана қаласы орташа көрсеткіштен сәл-ақ асты.
Ләззат ҚАЛТАЕВА, «Шырақ» мүгедек әйелдер қауымдастығының жетекшісі:
– Қазіргі кезде көптеген құрылыс нысандары мүгедектер үшін жабдықталмаған. Ол жерлерде пандус та болмай жатады. Біздіңше, ондай нысандарды қабылдайтын комиссиялардың құрамында мүгедектер ұйымдарының өкілдері болуы шарт. Сонда ғана пандустар тиісті талаптарға сай салына бастайды.
Премьер-министр Серік Ахметов те бұл мәселенің мән-жайын жақсы біледі. Бүгінде Министрліктер үйі, Парламент пен Сенат, тіпті Үкімет үйіне шығатын пандустармен сау адамның өзі жүре алмайды.
Серік АХМЕТОВ, ҚР Премьер-министрі:
– Әлбетте, осы уақытқа дейін салынған арнайы пандустар аз емес. Алайда оның кейбіреуі сын көтермейді. Өздеріңіз жақсы білесіздер, ондай пандустармен сау адамның өзі көтеріліп-түсуге жүрексінеді. Бұндай құрылыс нысандарын қабылдауға болмайды. Сондықтан келесі жолы әлеуметтік маңызы бар құрылыс нысандарын салу барысында мүгедек жандардың емін-еркін жүріп-тұруларын барынша ескеру керек.
Бұдан басқа, Үкімет басшысы әуе, теміржол және қоғамдық көлік қатынасы саласында мүгедектердің жүріп-тұруына жан-жақты жағдай жасап қана қоймай, оның барлығын тиісті бағдарламаларда ескеруді тапсырды.
Мүгедектерді жұмыспен қамту қажет
Жұмыспен қамту мәселесі де – мүгедектерді мазалап жүрген маңызды проблемалардың бірі. Бүгінде осы санаттағы азаматтардың 68 пайызы еңбекке жарамды болса да, өзіне тиесілі кәсіппен айналыса алмай жүр. Осыған байланысты ел үкіметі «Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасы аясында көмек те бере бастады. Дегенмен соңғы жылдары жұмыспен қамтылған мүгедектердің саны 50 мыңнан аспай жатыр. Бұл – еңбекке жарамды мүгедек жандардың тек 12 пайызы ғана. Ал дамыған мемлекеттерде аталған көрсеткіш – 40 пайыздың шамасында. Сол себепті Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мүмкіндігі шектеулі азаматтардың еңбегін кеңінен қолдану мақсатында тиісті шараларды атқаруды жоспарлап отыр.
Серік ӘБДЕНОВ, ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі:
– Қазіргі кезде «Әлеуметтік жұмыс орындары туралы» заң жобасы әзірленіп жатыр. Қаржы министрлігімен бірлесе отырып, Кедендік одақ аясындағы мемлекеттік сатып алуларға қатысатын мүгедектердің қоғамдық ұйымдарын қолдау шараларын өзгерту көзделіп отыр. Сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қосымша білім беріп, қайта даярлау жағынан «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасын кеңейту қарастырылған.
Осы орайда Үкімет басшысы С.Ахметов мүгедектердің мәселесі бойынша кеңес беру тәжірибесін кеңінен қолдануды тапсырды. «Бүгінде министрлік жанында ондай кеңесшілер тобы бар. Аймақтарда да жоқ емес. Бірақ олардың формалды түрде жұмыс істеп келе жатқаны жасырын емес. Міне, осы мәселеге баса назар аудару қажет. Мүгедектер мәселесі бойынша әкімнің кеңесшісі жақсы болса, жергілікті жердегі үйлестіру кеңесінің қызметі де дұрыс жүреді. Облыс әкімдеріне осы мәселені қарап, барлық деңгейдегі әкімдіктерде кеңесшілер тобын құру мәселесін пысықтап шығуды тапсырамын. Біз мүгедек жандардың қазақстандық қоғамда жан-жақты бейімделуін қамтамасыз етуіміз керек. Олардың құқықтары шектеулі болмауы тиіс», – деп атап көрсетті С.Ахметов.