Монополияға қарсы күресу үшін құзырет қажет
Кеше Үкімет отырысында тауар нарығындағы бәсекелестік жүйесін жетілдіру мәселелері қаралды. Жиын қорытындысына сәйкес, Премьер-министр Серік Ахметов осы саладағы үлгілік заң жобасымен жұмысты жалғастыруды жүктеп, экономиканың жекелеген секторында бәсекелестікті жетілдіруді тапсырды.
Жаһанданған заманда бәсекелестіксіз бизнес дамымайтыны – ақиқатқа айналған дүние. Оның ішінде тауар нарығына шығу үшін барлық тарапқа бірдей жағдай жасаудың, бөгет болатын кедергілерді сырып тастаудың өзектілігі – айтпаса да түсінікті. Қазақстанның экономикалық интеграциясы, оның ішінде Кеден одағының һәм алдағы ДСҰ жағдайында бизнестегі бәсекелестіктің өзектілігі арта түспек. Осыған орай, атқарылған шараларға, сондай-ақ алдағы уақытта ненің аса қажеттігі жайында Министрлер Кабинетінің алдында баяндаған Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы Болатбек Қуандықов сараптама арқылы біраз жайттың бетін ашыпты. Агенттік бизнестің ірі ойыншылары тарапынан бағаға қатысты мәмілелесіп кету жағдайына, жосықсыз бәсекеге, нарық субъектілерінің өзінің үстем және монополиялық жағдайына қарсы іс-қимылдарды соңғы уақытта үдетіпті. Тауар нарығындағы елуден астам жайтты електен өткізіп, бәсекелестіктің бәсі артпай отырған орталарды тап басқан. Атап айтқанда, темір жол, фармацевтика, отын-энергетика кешенінде, телекоммуникация секторында бәсекелестік кем де кем екен. Соған орай, Еуразиялық экономикалық комиссия аясында трансшекаралық нарықтарға, электр энергетикасына, халықаралық тасымалдау мен роумингке сараптама жасау қолға алынған. ТМД аясындағы астық нарығы да сараптауға жолданыпты. «Бәсекелестікті тежейтін жүйелі проблемалар баршылық. Бұл ретте ең алдымен заңнаманың олқылығын баса айтқым келеді. Сонымен қатар, мемлекеттің кәсіпкерлік қызметке негізсіз араласулары да қылаң беріп қалып жатыр», – дей келе, агенттік басшысы Болатбек Қуандықов бірқатар кешенді шараларды Үкімет мүшелерінің талқысына шығарды. Оның ішінде ең алдымен заңнамалық жетілдіру мәселелеріне де баса назар аударылды. Бұдан бөлек, агенттік төрағасы бизнес рөлі мен белсенділігінің шектеулер жойылған сайын артатынын меңзеп, осы мақсатта бірқатар шараларды атқаруды алға тартады. «Оның ішінде рұқсат беру және келісудің тұтастай жүйесіне тексерулердің әдіснамасы қайта қаралуы тиіс. Бизнесті ашу және жүргізу кезінде түрлі рәсімдерді оңайлату қажеттілігі мәселесі әлі де өзекті болып тұр. Сондықтан да, бизнесті қолдауға арналған бағдарлама аясында «өнімсіз» кедергілерді анықтап, рұқсат беру рәсімдерін барынша шапшаңдата түскен ләзім», – дейді Болатбек Қуандықов. Алайда агенттік басшысы мемлекетке масыл болғандардың бюджетке жүктемені де ауырлатқанын естен шығармады. Бұлар да бәсекені дамытуға тежеу болатыны айқын, өйткені бәсекелестер арасында теңсіздік орын алады. «Мәселен, ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер соған мысал бола алады. Әлгі шаруалар өңделген жерінің әр гектарына бюджеттен субсидия ретінде қаражат алады. Ал сол өңделген жерден өнім алып жатыр ма, жоқ па, онда ешкімнің де шаруасы болмай отыр», – дейді Б. Қуандықов.
Бәсекелестікті қорғау агенттігінің мәліметтеріне қарағанда, монополияға қарсы күрес аясында Доминанттар тізіліміне енгізу жұмысында да жайсыздықтар орын алмай тұрмайды. Әлгі тізілімге енуден бас тартатындар тіпті сотқа шағымданып, тергеуге жүгініп, оның өзі 1,5 жылдан асатын көрінеді. Бұл ретте агенттік басшысы Болатбек Қуандықов Қазақстандағы интерконнект нарығын мысалға алады. «Ұялы операторлар бір жарым жыл бойы Доминант тізіліміне енуден бас тартып, сотқа шағым жасап келді. Соның салдарынан салалық реттеуші Көлік және коммуникация министрлігі бір жарым жыл бойы бағаға сарап жасай алмады, ал біздің агенттік доминанттардың үстем жағдайды теріс пайдалануға қатысты әрекеттерін тексере алмады. Шындығында, Қазақстанда интерконнект тарифтері өте жоғары әрі бұл ұялы байланыстың түпкілікті бағасына әсер етеді», – дейді Болатбек Қуандықов. Сөйтіп, соттасып жүріп агенттік ұялы байланыс бағасының Қазақстандағы құны жоғары екенін дәлелдеген. Сот үкімі күшіне енгеннен соң байланыстың бағасы түсетінін де агенттік күтіп жүргенге ұқсайды. «Әлгіндей реестрге енгізуге қатысты кері кететін қадам болмаса, біз еліміздегі ұялы байланыстың бағасын бір жыл бұрын-ақ төмендететін едік», – деп күйінеді агенттік басшысы Болатбек Қуандықов.
Осындай қордаланған мәселелерге назар аудартқан Бәсекелестікті қорғау агенттігінің төрағасы тауарлы нарықта бәсекелестікті қолдау жүйесін жетілдіруге қатысты бірнеше ұсыныстарын ортаға салды. Оның айтуынша, біріншіден, реттеудің нормативтік-құқықтық механизмін жетілдіру керек. Көптеген дамыған елде қолданылып жүрген Реттеушілік әсер ету анализі деген әдісті кәдеге асырудың қажеттігі айтылды. Екіншіден, экономикалық белсенділікті ынталандыру. Бұл Кедендік одақ жағдайында барлық шектеулерді азайтуды қарастырады. Үшіншіден, кәсіпкерлік қызметке мемлекеттің негізсіз араласуын азайту. «Қолданыстағы «Бәсекелестік туралы» Заңға сәйкес, одан арғы қызметінен бас тартылған мемлекеттің қатысуындағы кәсіпорын ұйымдары жекешеленуі немесе мемлекеттік мекемеге қайта ұйымдастырылуы қажет болатын. Алайда, бұған қарамастан, мемлекеттік органдар ведомствоға тәуелді ұйымдарды бәсекелестік ортаға өткізуге асықпай отыр. Қазіргі таңда бас тартылған 440 кәсіпорынның 226-сы әлі күнге бәсекелестік ортаға берілмей келеді», – дейді Б. Қуандықов. Ондай келеңсіздіктің төркіні мемлекеттік сатып алу туралы заң нормасының кемшілігінен туындайды. Б.Қуандықов айтқандай, монополияға қарсы органның бас тартуына қарамастан, мемлекеттік кәсіпорындар қызметтерін жалғастырып, мемлекеттік тапсырыс алып отыр. Осыған қатысты қатаң шара қабылдауды дәйектеген агенттік жетекшісі мемлекеттік тапсырыстан бас тартылған кәсіпорынның нарықта қала беруіне жол беретін Үкіметтің қаулысын жою қажет деп санайтынын жеткізді. Осындай шаралар жеке кәсіп пен бәсекелестікке серпін бермек.
2014 жылдан бастап Кедендік одақ елдері нарығының қатысушылары үшін мемлекеттік сатып алуларға тең мүмкіндік пайда болады. Осы ретте Қазақстан нарығына емін-еркін кіретін шетелдік компаниялар тарапынан бәсекелестікпен қабыспайтын әрекеттер, картельдік келіссөздер мен адал емес іскерлік тәжірибелер көрініс беруі кәдік. Ал оның жағымсыз салдары болмай қоймайды. Алайда бұған төтеп беретін, қадағалайтын құзірет, мәселен, Ресейдегідей картельдермен күрес жөніндегі басқарма, сату-сатып алу, сауда-саттық, аукциондардың процедурасын қадағалайтын басқарма сияқты тиісті құрылымдар монополияға қарсы органда жоқ екен. «Мұндай жағдайда еліміздің монополияға қарсы органы бақылау жасау құзыретіне ие емес екенін еске салғым келеді. Сондықтан да, картельдермен, сатып алуларды жүзеге асыру барысындағы сауда мәмілелерімен күресті күшейту қажет деп есептейміз. Бұл үшін Бәсекелестікті қорғау агенттігіне, оның ішінде, мемлекеттік сатып алу, сауда-саттық, аукциондар рәсімін бақылауды жүзеге асыру функцияларын беру мәселесі шешімін тапса игі», – дейді Болатбек Қуандықов. Сондай-ақ Үкімет отырысында сатып алудың барлық түрлерін қамтитын, меншік пен қаржы формасына тәуелсіз мемлекеттік сатып алу туралы бірыңғай заңды әзірлеу қажеттігі айтылды. Бәсекелестікті қорғау агенттігінің басшысы дамыған елдердегідей монополияға қарсы реттеу саласын жетілдіруді ұсына отырып, Астана қаласында басқармасы мен хатшылығы орналасатын Еуразиялық бәсеке желісін құру қарастырылып жатқанын айтты.
Талқылауды түйіндей келе, С.Ахметов соңғы екі жыл бойына, Қазақстан, Ресей және Беларусьтің монополияға қарсы заңнамаларын ортақ түсінікке келтірудегі маңызды құжат болатын бәсекелестік туралы моделдік заңның кең көлемде талқыланып келе жатқанын атап өтті.
«Сонымен бірге, бәсекелестікті дамыту бойынша ұлттық заңнамаларды да жетілдіру қажет. Монополияға қарсы ведомство жүргізген талдау, республика экономикасының көпшілік сегменттерінде бәсекелестік дамуының жеткіліксіздігін көрсетеді. Мұның ішінде мемлекеттік сатып алулар, темір жол, фармацевтік салалар, жылу-энергетикалық кешен, телекоммуникациялық секторда, сондай-ақ қолданыстағы рұхсат беру мен келісу жүйесіндегі бәсекелестікті дамытудың жеткіліксіздігі бар», – деді С.Ахметов. Осыған орай, Үкімет басшысы БҚА-ға ұлттық мүдделердің сақталуы есепке алынған бәсекелестік туралы моделдік заңның мәтінін келісу бойынша жұмысты жалғастыруды тапсырды.