Алмас ТҰРТАЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты:
Өмірбаяны
17.04.1979 жылы туған, қазақ.
Білімі жоғары, Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университеті, инженер- механик, Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, саясаттанушы, «Ақ жол» ҚДП Қызылорда облыстық филиалының төрағасы, «Ақ жол» Қазақстан Демократиялық партиясының мүшесі, партиялық тізім бойынша сайланған.
(parlam.kz сайтындағы жеке парағынан)
– Алмас мырза, «Ақжол» партиясына қашаннан бері мүшесіз?
– Бұл партияға мен 2011 жылдың маусым айынан бастап мүшемін.
– Бұрын қандай да бір партияда болдыңыз ба?
– Иә, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының қатарында болғанмын.
– Әлеуеті жоғары партиядан неге кеттіңіз? Әлде қандай да бір келіспеушіліктер болды ма?
– Жоқ, ешқандай да келіспеушіліктер болған емес. Бұрын мен «Атамекен» кәсіпкерлер одағында жұмыс істедім. Негізгі күшті кәсіпкерлердің құқығын қорғауға салдық. Түпкі мақсатымыз – Қазақстанды Орталық Азияда өндірісі дамыған мемлекетке айналдыру. Соған титтей де болсын үлесімізді қоссақ дедік. Бірақ ол мақсатымызды кәсіпкерлер одағы деңгейінде шешу жеткіліксіз болды. Саяси күшке айналу керек болды да былтырғы жылы қазіргі төрағамыз Азат Перуашев мырзаның өзі бастап осы партияға өтті. Нақты істің партиясына айналатынына көзім жеткеннен кейін мен де «Ақжолдың» мүшесі болуға бел будым.
– Көпшілік «Ақжол» партиясына Парламентке өтетіні алдын ала белгілі болған деседі. Сіз не дейсіз?
– Мен ондай пікірлермен келіспеймін. Себебі біздің елде қанша саяси күш бар соның дені сайлауға қатысып, бақтарын сынады. Әрбір партияның үміті, жеңіске жеңеміз деген өзіндік сенімі болды. Солардың бірі – «Ақжол» партиясы. Халықтың қолдауымен тиісті межені бағындырғаннан кейін ғана Парламентке өттік.
– Барлық комитетті «Нұр Отанның» өкілдері басқарып отыр. Бұл қалған екі партияны да «Нұр Отан» басқарады деген сөз емес пе?
– Бұнымен де келіспеймін. Өйткені біздің партиядан өткен депутаттардың екеуі екі комитеттің хатшысы болып отыр. Яғни комитеттегі лауазымы жағынан екінші адамдар. Олар төраға жоқ болған жағдайда төрағаның қызметін атқарады.
– Сіз жаңа депутаттардың ішінде тезірек танымал болдыңыз. Әйтсе де бұрынғы жұмыстарыңыздан хабарсызбыз...
– Жоғарыда айтып өттім ғой, «Атамекен» одағының Қызылорда облыстық филиалында жұмыс істедім. Орталықтан жырақта болғаннан кейін ешкім біле бермеген шығар деп ойлаймын. Екі бірдей техникалық білімім бар.
– Депутаттық жұмысқа үйрендіңіз бе?
– Енді депутаттың жұмысы тікелей халықпен жұмыс істеу ғой. Ол жағынан азды-көпті тәжірибем де бар. Негізгі мақсат – мандатымды пайдаланып бұқара мен билік арасында дәнекер, көпір болу. Бұл жағынан ептеп қалыптасып келе жатырмын.
– Алмас мырза, сіз бесінші шақырылымдағы ең жас депутат ретінде тарихта қаласыз. Осы туралы көбірек сұрап жатқан шығар өзге де әріптестеріміз...
– Иә, жиі айтып жатады. Десе де, осы «ең жас» деген сөзді ұната бермеймін. Бізде «әлі жас» деген сияқты сана қалыптасып қалған. Мен өзімді жаспын деп есептемеймін. Менің де өз ұстанымым бар, нақты мақсатым мен көзқарасым қалыптасқан.
– Жақында Елбасы мемлекеттік қызметкерлерді отандық көлікке мінуге шақырды. Бұл ұсынысты қолдайсыз ба?
– Әрине, бұл өте тиімді ұсыныс болды. Себебі біздегі шенеуніктер отандық көліктердің сапасын төмен санап қымбатқа, шетелдің көліктеріне тапсырыс беріп жатады. Біз өндірісімізді көтермесек, қалайша дамимыз? Ал өндірісті көтеру үшін шенеуніктер тарапынан отандық кәсіпкерлерді қолдау болу керек.
– Әлеуметтік желілерде көрінбейсіз... Қазір оны халықпен жұмыс істеудің тәсілі ретінде кейбір депутаттар тиімді пайдаланып жүр. Өзіңіз қашан тіркелесіз?
– Мен сол туиттер, фэйсбук сияқты кең тараған әлеуметтік желілерге тіркелуді қолға алып жатырмын. Жақында білетін боласыздар. Өткен шақырылымдағы депутаттардың арасында әлеуметтік желілерді ойыншыққа айналдырғандар да болды. Тіпті душ қабылдап жатқандарын жарияға жар салды. Менің әлеуметтік желіні пайдаланудағы мақсатым өзіме жеңіл-желпі жарнама жасау емес, халықпен жақын араласып, сайлаушыларыммен пікір бөлісу болады.
– Кейбір депутаттар футбол ойнауды әдетке айналдырған. Парламенттегі команда құрамына кірдіңіз бе? Әлде сіздің хоббиіңіз басқа ма?
– Әзірге футбол туралы әңгіме көтерілген жоқ. Менің хоббиім – негізінен жастармен пікір таластырып, кездесулер өткізу. Спортқа да қызығушылығым бар. Суға жүзумен айналысып тұрамын.
– Әріптесіңіз Нұртай Сабильянов демографияға үлес қосып, көпке үлгі болып жүр. Өзіңізде неше бала бар?
– Мен 26 жасымда шаңырақ көтердім. Әзірге екі балам бар. Болашақта демографияға әлі де үлес қоса беремін деген үміттемін.
– Әңгімеңізге рақмет!