Астанадағы орталық коммуникациялар қызметінде Маңғыстау облысының әкімі Алик Айдарбаев брифинг өткізді. Бұл – осы мінберден есеп беріп тұрған оныншы әкім. Маңғыстаулық әкімнің брифингі нақтылығымен ерекшеленді десе болады. Мұнайлы түбектің бүгінгі жағдайы туралы жан- жақты баяндаған өңір басшысы осыдан кейін журналистердің жиырмаға жуық сұрағына жауап беріп үлгірді. Енді солардың біразына тоқталсақ.
Маңғыстаудың бүгіні мен ертеңіне тоқталған әкім кенді аймақтың ертеңі қалай да мұнайға байланысты болатынын атап өтті. Себебі еліміздің мұнай қорының төрттен бірі және табиғи газдың 12 пайызы облыстың аумағында. Облыс экономикасы 93 пайыз осы салаға байланысты. Салада облыс бойынша 45 мың адам жұмыс жасайды. Жыл басынан бері облысқа 290 миллиард теңге инвестиция тартылса, оның үштен екісі осы мұнай саласына тиесілі. Әрине аймақта өңдеу саласы, транзиттік әлеуетті пайдалану мақсатында көліктік инфрақұрылым, құрылыс, туризм және ауыл шаруашылығын дамытуға да көңіл бөлінетін болады. Дегенмен әлі көп уақыт Маңғыстау аймағы дегенде ең бірінші қара алтын еске түсіп, мұнай газ саласы экономиканың діңгегі болып қала береді.
Индустрияландыру барысы
Қазір еліміздің индустрияландыру картасына Маңғыстаудың жалпы құны 280 млрд теңге болатын 34 жобасы енді. Ол іске асқан жағдайда 8800 адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Оның 1800-і қазірдің өзінде аталған жұмыс орындарында жұмыс істеуде. Жыл аяғына дейін аса ірі екі жоба толық аяқталады. Олар – сметалық құны 83,5 млрд теңге болатын Каспий цемент және Каспий битум зауыттары. Осы зауыттар іске қосылған кезде 600 жаңа жұмыс орны ашылмақ. Ал келесі жылы жалпы құны 65,5 млрд теңге болатын тоғыз жоба іске асырылып, нәтижесінде 3000-нан астам жұмыс орны ашылатын болады» деді әкім. Алик Айдарбаев сондай-ақ «Бизнестің жол картасы» бағдарламасына да тоқталды. Жыл басынан бері аймақта барлығы 106 жоба мақұлданып, оларға бөлінген қаражат 39,7 млрд теңгені құраған. Соңғы үш жылда жалпы құны 1,4 млрд теңге болатын мыңнан астам шағын несие беріліп, нәтижесінде 2000 жуық жұмыс орны ашылған.
Құрылыс қарқынды
Облыста биыл құрылыс барысы қарқынды. Жыл басынан бері жүз он млрд теңгенің құрылыс жұмыстары жүргізілсе, оның негізгі бөлігі «Жезқазған-Бейнеу» темір жолы мен «Атырау-Ақтау» автокөлік жолын қайта құрылымдау құрылысы есебінен болып отыр.
Тұрғын-үй құрылысын дамыту бағдарламаларын жүзеге асыру шеңберінде соңғы үш жылда 1,5 млн шаршы метрден астам немесе 11 672 тұрғын үйлер мен пәтерлер пайдалануға берілді. Оның 180,8 мың шаршы метрі немесе 1751 пәтері мемлекеттік қаржы есебінен салынды.
Ағымдағы жылы 340,5 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Өңірде жеке тұрғын үй құрылысын салу үшін жер телімдеріне деген сұраныс өте жоғары. Күні бүгін осы мәселе бойынша әкімдіктерге берілген арыздардың саны 146 мыңнан асады. Алайда жер телімдері тек тиісті инфрақұрылым, бас жоспар және егжей-тегжейлі жоспарламалар болғанда ғана берілетіндіктен жоғарыдағы арыздар әзірге қаралмай жатыр.
Ауыл шаруашылығы ерекше назарды қажет етеді
Өңір шығаратын жалпы өңірлік өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесі мардымсыз, яғни, 0,3 пайызды құрайды. Бұған тұщы судың тапшылығы, қатал табиғи жағдай, жайылымдардың аздығы сияқты объективті себептер бар.
Осыған қарамастан соңғы үш жылда ауыл шаруашылығының жалпы өнімі 1,6 есеге артты. Ағымдағы жылы бұл көрсеткіш 5,0 млрд теңгеден асып түсті.
Көлік инфрақұрылымы облыстың күретамыры болуы тиіс
Маңғыстау үшін теңіз тасымалының рөлі ерекше. Қазір Ақтау теңіз портын кеңейту жұмысы жүріп жатыр. Жақында тенізшевройл компаниясымен төрт млн тонна мұнайды осы порт арқылы экспорттау туралы маңызды келісімге қол қойылды.
Сондай-ақ автокөлік жолдарын жаңартуға ерекше мән берілуде. Келесі жылды облыс деңгейінде жолдарды салу жылы деуге толық болады. Себебі, келесі жылы облыстық маңыздағы жолдарды жөндеуге бөлінетін қаражат 70 пайызға артып, 6 миллиард теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр.
Ауызсу мәселесі – басты назарда
Облыста ауызсу тапшылығы аса зор. Ақбұлақ бағдарламасы іске асырыла бастағалы бері облыста 28 жоба қолға алынып, қала халқы 83 пайыз, ауыл халқы 28 пайыз таза ауызсумен қамтылды. Біз негізінен теңіз суын тұщытып ішіп отырған жалғыз аймақпыз. Сондықтан бұл көрсеткіштер еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда төмен.
Әлеуметтік сала
Облыста ана өлімін, туберкулезбен ауырғандар санын төмендетудің сәті түсті.Көптеген денсаулық сақтау саласының нысандары салынуда. Олардың қатарында Мұнайлы аудандық емханасын, Жаңаөзен қаласындағы перзентхана мен дәрігерлік амбулаторияларды және тағы басқаларын айтуға болады. Сондай-ақ бірінші рет аймақта санитарлық авиация қолға алынып, оның қарамағына бір тікұшақ пен ұшақ берілді. Облыста бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбие орындарымен қамту 81 пайызға жетті. Биыл жеті бірдей мектеп пайдалануға берілсе, тағы бес мектептің құрылысы жүргізілуде.
Маңғыстаудың болашағы қалай да мұнаймен байланысты
Последние статьи автора