Күй атасы Құрманғазының ескерткіші ашылды
Спортшыларға ақ батасын бергеннен кейін Елбасы күй атасы Құрманғазыға арналған ескерткішті ашты. Ұлы композитор, дәулескер күйші Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші елордадағы Тұран даңғылының бойында «Думан» қонақүй кешенінің аумағында орнатылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі 10 метрді құрайды. Тұғыры – 5,5 м, биіктігі – 4,5 м. Авторы – мүсінші Асан Молдабаев.
«Қазақ халқы барда Құрманғазының аты да мәңгі өшпейді. Біз бүгінгі күні тағы да бір маңызды оқиғаның куәгері болып отырмыз, ол – халық композиторы Құрманғазы ескерткішінің ашылуы. Композитордың «Сарыарқа» күйі біз бүгін Астананы салған, сол арқылы бүкіл әлемге танылған далаға арналады. Құрманғазы Сағырбайұлы – ХІХ ғасырдағы қазақ тарихын, мәдениетін және бүкіл халықты күйге қосып жырлаған ерекше тұлға. Сондықтан да халқымыз Құрманғазының күйін ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, жадында мәңгі сақтап келеді», – деді салтанатты шара барысында сөз сөйлеген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев. Сонымен қатар Мемлекет басшысы Құрманғазы Сағырбайұлының ескерткіші өзі жерленген Ресейдің Астрахань облысында орнатылғанын, сол ескерткіш қайта жаңғыртылып, онда арнайы мұражай ашылғанын атап өтті.