КСРО-ның адамзаттан жасырған 10 құпиясы

Жалған идеология мен жаңсақ саясатқа құрылған Кеңес одағының әлемнен жасырары көп болды. №1 әлемдік державаға ұмтылған КСРО өзінен барлығы үлгі алса деді. Сөйтіп жаман жағын баршадан жасырып бақты. «Алаш айнасы» тарихтың қойнауына кеткен «қызылдар» елінің бүгіндері ашылған, ғаламторда жарияланған аянышты да сорақы 10 құпиясын тізбелемекші.

1. Ірі ядролық апат (сол кездегі)

Ірі ядролық апат туралы сөз еткенде елдің есіне бірден Чернобыль мен Фукусима түседі. Бірақ үшінші ядролық апат туралы, әсіресе шетелдегілер көп біле бермейді. Ол - 1957 жылы Ресейдің оңтүстігіндегі Кыштым қаласы маңындағы орын алған Кыштым апаты.

Бұл арада орын алған қателік Чернобыль апаты кезінде де қайталанған, яғни жобалау жұмысы нашар болған, нақтырақ айтқанда, суыту жүйесінің құрылысы. Ол бұзылғанда жөндеу мүмкін болмаған. Сұйықтық сыртқа аға бастағанда жұмысшылар оны өшіріп тастап, бір жыл бойына оған тиіспеген. Себебі Сібірде суыту жүйесінің не қажеті бар деп ойлаған.

Ал суытатын жүйе радиоактивті қалдықтар сақталатын жерге қажет еді. Ол істемегендіктен, ондағы температура 350 градусқа дейін жоғарлаған, ақырында 8 метр жер астындағы үлкен цистерна жарылып, оның 160 тонна бетон қақпасы жер бетіне атылып шыққан. Радиоактивтік қалдықтар 20 000 шаршы шақырымға тараған.

Апаттан соң 11 мың адам жақын маңдағы аумақтарға көшіріліп, олардың үйі бүтіндей сүріліп тасталған. Шамамен 270 мың адам радиоактивтік қалдықтан уланған.

1976 жылы ғана Батысқа бас ауып барған совет эмигарнты бұл туралы баспасөзде сөз етеді. АҚШ-тың орталық барлау қызметі бұл апат туралы 60-шы жылдары білген екен, бірақ америкалықтар өздерінің ядролық өндірісіне қатысты жағымсыз пікір тумас үшін оған аса маңыз бермеуді жөн көрген. Тек 1989 жылы, яғни Чернобыль апатынан кейінгі үш жылдан соң Кыштым апатының кейбір деректері қоғамға мәлім бола бастады.

2. Айға ұшу бағдарламасы

1961 жылы мамырда АҚШ президенті Джон Кеннеди алдағы онжылдықтың соңына дейін АҚШ Айға адамды жөнелту керек деп санайтынын жариялады. Бұл уақытта Кеңес одағы ғарыш бақталастығында алда еді: алғашқы ғарыш нысаны, Жер орбитасынан тыс алғаш рет жануарды және алғашқы адамды шығарды. Алайда 1969 жылы 20 шілдеде Нил Армстронг Айға сапарлап қайтқан алғашқы адам болды, сөйтіп АҚШ Кеңес одағының алдын орады.

Бұл жарысқа Кеңес одағы ресми түрде қатысқан жоқ. Мәскеу 1990 жылға дейін өзінің Айға ұшу бағдарламасы барлығын жасырып, оны жоққа шығарып келген. Өйткені әр ғарыш бағдарламасы белгілі бір нәтижеге қол жеткізбейінше құпия ұсталуы саясаттың бір бөлігі еді.

Мұндай бағдарламасы барын Кеңес одағы 1981 жылы ақырындап мойындай бастады. Себебі 1971 жылы КСРО ұшырған Космос-434 жер серігі бұл уақытта Австралия атмосферасы кеңістігіне енеді. Австралия үкіметі бортта ядролық зат болуы мүмкін деп қауіптеніп, шу көтеріп, әлемдік державаларды аяғынан тік тұрғызады. Сондықтан КСРО сыртқы істер министрлігі бұл жер серіктің сынақ үшін Айға ұшырылған кеме екендігін дәлелдеп, баршаны сендіруге мәжбүр болады.

Алайда бағдарлама аясында жүзеге асырылған түрлі сынақтардың мәліметтері аса құпия сақталады. Айға ұшу бағдарламасы күткен нәтижені ақтамаған соң 1976 жылы жабылады.

3. Ғарышкердің өлімі

Кеңес одағы өз тарихында жұртқа білдірмей ғарышкерлердің көзін жойып отырған. Мысалы, ғарыш бақталастығы кезінде мерт болған алғашқы ғарышкер туралы мәліметтер жасырын ұсталған. Валентин Бондаренко 1961 жылы жаттығу кезінде мерт болған. Ондай адамның барлығы жайлы батыс тек 1986 жылы біліпті.

Барокамера ішіндегі жаттығуда Бандаренко қателік жібереді. Ол өзінен медициналық датчикті алып, қолдарын спиртпен сүрткен соң мақтаны өзіне шай әзірлеп жатқан плитка үстіне лақтыра салады. От бұрқ ете түседі, оны Бондаренко қолымен өшірмек болады, 100 пайыз оттегіден тұратын барокамера іші оның киімінің отқа орануына жол береді. Есікті ашу үшін бірнеше секунд қажет болған. Бірақ осы уақыт аралығында ғарышкер денесінің өкшесінен басқа жерінің барлығын күйік шалып үлгереді. Терісі, шашы, тіпті көзі де бүлінеді. Ол: «Қатты ауырып барады... Ауруды басу үшін бірнәрсе істеңдерші...» деп сыбырлапты. 16 сағаттан соң ол көз жұмған екен.

4. Жаппай ашаршылық

Қазір КСРО-дағы 1932 жылғы ашаршылық туралы барлығымыз там-тұмдап біле бастадық, бірақ бұл фактіні іштей және сырттай жасыру жағынан көбіміз құлағдар емеспіз.

1930-жылдың басындағы «Асыра сілтеу болмасын, аша тұяқ қалмасын» деген Кеңес одағы саясаты бірнеше миллион адамды «қолдан» өлтірді. Тарихшылар дерегі бойынша, Қазақстанның бір өзінен шамамен 2-4 миллион адам ашаршылықтан көз жұмған.

Бір қарағанда, мұндай ауқымды қылмысты жасыру мүмкін емес. Бірақ, Стлаиннің бақытына орай, оның қол астындағылар мен өзге әлем де оның өтірігіне сенуге, өзгелерді сендіруге әзір болды.

Нью-Йорк Таймс және өзге де америкалық басылымдар КСРО-ның қолдан ұйымдастырған ашаршылығын жасырды. Сталин шетелдік комиссия үшін алдын ала әзірленген турлар ұйымдастырды: дүкендер тамаққа, азық-түлікке лық толтырылды, ал дүкенге жақындаған адамдар сол арада қамауға алынып, көшелер сумен шайылып, тазаланды, ал барлық шаруалар коммунистік партияның адамдарымен алмастырылды. Ұлыбританияның Герберт Уэллсі (H G Wells) және Ирландияның Джордж Шоуы (George Bernard Shaw) ашаршылық туралы сыбысқа негіз жоқ деп ақпарат таратты. Сонымен қатар Франция премьер-министрі Украинада боп қайтқан соң бұл өңірді «жайқалған бақ» деп суреттеп, мақала жазады.

Бұл уақыт аралығында 1937 жылғы халық санағы қорытындысы «жер асты» қойнауына жөнелтіліп, ашаршылық салдары да жойыла бастаған еді. Ашаршылық құрбандары саны Холокостпен пара-пар болғанымен, адамзатқа қарсы жасалған қылмыс ретінде бұл ашаршылықтың бағасы тек соңғы онжылдық барысында беріле бастады.

5. Катын қырғыны

Қолдан ұйымдастырылған ашаршылықты жасырған секілді Катын қырғынының да адамзатқа жария болмасы үшін барша держава қолынан келгеннің барлығын жасаған. 1940-жылдары НКВД қызметкерлері Польшада қолға түскен 22 мың адамды жаппай атып, бір жарға үйіп, көме салады.Ресми дерек бойынша, бұған жауапты фашисттік әскер болған. Алайда шындықтың беті 1990 жылдары ашылады. Бұл жаппай атудың құпия сақталуына тек Кеңес одағы ғана емес, АҚШ пен Ұлыбритания көшбасшылары да күш салған.

Уинстон Черчиль ресми емес бір әңгімесі барысында жаппай ату боп жатқанын, оның большевиктер жүргізіп жатқанын айтады. Алайда ол Польша үкіметіне айып тағуды доғарып, өз баспасөзіне бұл тақырыпты қозғауға тыйым салады. Черчиль Қызыл Крест халықаралық комитетінің тәуелсіз зерттеу жүргізуіне де жол бермейді. Франклин Рузвельт те жаппай қырғынның айыбы Сталинге тағылғанын қаламайды.

Катын қырғыны жайлы АҚШ үкіметінің білгендігін құпия сақталған 1952 жылғы парламенттік тыңдалым дәлел бола алады. Ол кезде шындықты айтқан Германия үкіметі еді.

Алайда бұл кезде нөмір бірінші проблема Германия және одан кейін Жапония болғандықтан, Катын қырғыны кейінге шегерілген, яғни әскери және өндірістік держава ретінде Кеңес одағы өзгелерге керек болды.

6. Экраноплан

1966 жылы америкалық тыңшы-жер серік орыстың әлі бітпеген гидропланын тіркейді. Ұшақ АҚШ-тың қолында бар әуе кемелерінен де көлемді болады. Оның үлкен болғандығы сонша, мамандардың бағалауынша, ондай қанатымен ұшақтың жерден көтерілуі екіталай екен. Бәрінен қызығы, ұшақ қозғалтқышы әдеттегідей қанат астына емес, ұшақтың тұмсығына жақын орналастырылыпты. Америкалықтар КСРО ыдырағанға дейін, 25 жыл бойына оның не екенін біле алмай дал болып, бастары қатқан. «Каспий теңізі жыртқышы» деп аталатын бұл экраноплан – ұшақ пен теңіз кемесі құрылысы аралас пайдаланған көлік құралы, ол судың бетінен бірнеше метрде ұша алатын болған.

Кезінде, тіпті, бұл аппараттың атауын, оны жасауға қатысушыларды аты-жөнін атауға қатаң тыйым салынған. Бұл жобаға қомақты қаржы бөлініп отырған. Болашақтағы бұл аппараттың тиімділігі жоғары еді. Олар жүздеген солдат пен бірқатар танкті сағатына 500 шақырым жылдамдықта радарға ілінбей су бетінен алып өте алатын болған.

Ол қазіргі әуе кемелерімен салыстырғанда отынды да үнемді пайдаланады. Кеңес одағы Боинг 747 ұшағының ұзындығынан 2,5 есе артық, 8 реактивтік қозғалтқышпен қамтылған және төбесінде 6 ядролық оқтығы бар осындай бір аппарат жасап та шыққан.

7. Зымыран апаты

Кеңес одағының адамзат денсаулығы мен қауіпсіздігіне үстірт қарағандығын ядролық қалдықтарға қатысты фактілер ғана емес, сонымен қатар зымыран өндірісі мен оны ұшыру деректері де айғақтай алады. 1960 жылы 23 қазанда Кеңес одағы Р-16 зымыранын құпия түрде ұшыруға дайындық жасады. Жаңа отын түрі пайдаланылатын ұшыру қондырғысы жанында көптеген мамандар жиналған. Бір уақытта зымыраннан азот қышқылы аға бастайды. Мұндайдағы ең дұрыс шешім ол арадағы барлық адамды эвакуациялау болған.

Алайда жоба басшысы Митрофан Неделин ондағыларды олқылықты жоюға жұмылдырады. Бұрқ еткен жарылыстан ұшу алаңындағылардың барлығы көз жұмады. Отты шар алаң қоршауын ерітіп, одан қашпақ болғандардың жолын жауып, адамдарды тірідей өртеп жібереді. Апаттан жүздеген адам мерт болған. Бұл тарихтағы ең сорақы зымыран апаты ретінде тіркелген.

Кеңестік үгіт-насихат машинасы бірден бұл апатты жасыруға жанталаса кіріседі. Неделин ұшақ апатынан қайтыс болды деп ақпарат таратылады. Ал жарылыс дерегі КСРО-ға кеңінен тараған сыбыс, өсек-аяң ретінде көрсетіледі. Бұл фактіні растау дерегі 1989 жылы көрініс табады. Бүгінгі таңда зымыран апатынан қайтыс болғандарға ескерткіш орнатылған (бірақ Неделинге қойылмады). Ресми түрде ол қаһарман боп қалғанымен, тағы бір жағынан, сол кездегі өзіне жауапкершілігі міндеттелген жүздеген адамның өліміне жауапты адам ретінде де еске алынады.

Одан бері үлкенді-кішілі зымыран апаты қазақ жерінде үдемесе кемімегенін біз жақсы білеміз.

8. Шешек індеті (оны ауыздықтау бағдарламасы)

1948 жылы Кеңес одағы Арал теңізіндегі аралында биологиялық қару жасайтын зертхана құпия түрде құрады. Зертхана сібір жарасы мен бубон індетін қаруға айналдырумен айналысады. Олар 1971 жылы шешек індетін жасап, оны ашық ауада сынап көреді. Белгісіз жағдайда шешек індетін тудыруы тиіс қару ауаға тараған соң, шындап шешек індетін таратады. Сол арада он адам ауырып, үшеуі көз жұмады. Жүздеген адам карантинге жабылады, бұл аумаққа жақын орналасқан елді-мекендегі 50 мың адам екі апта ішінде шешекке қарсы егіледі.

Бұл жайт туралы ақпаратты 2002 жылы кеңінен мәлім болады. Індет тиімді түрде ауыздықталған, алайда оқиғаның ауқымды болғанына қарамастан, Мәскеу оқыс жайттың орын алғандығын мойындамады.

9. Беймәлім қалашықтар

КСРО картасында белгіленбеген көп құпия қалашықтар болған. Мысалы, Қазақстандағы Ақбақай немесе Семейдегі, Түркістандағы және де басқа да өңірлердегі құпия әскери гарнизондар.

Ең құпия сақталған қалашықтың бірі Ресейдің оңтүстігінде орналасқан. Қазіргі оның атауы – Озёрск. 10 мыңнан астам тұрғыны болса да ол араға автобус сынды көлік құралдары қатынамаған. Ал хаттар Челябинск-65 деген мекен-жаймен жетіп отырған. Челябинск бұл қаладан 100 шақырым жерде орналасқан. 1986 жылға дейін мұны кеңес адамдарының өзі де білмеген. Құпия болуының бірден бір себебі – мұнда пайдаланылған ядролық отынды қайта өңдеу зауыты жұмыс істеп жатты.

Бұл зауытта 1957 жылы жарылыс болды, апаттың орын алған жері ретінде Озёрскіден бірнеше шақырымда орналасқан Кыштым аталды.

Озёрск КСРО-дағы құпия сақталған қалашықтардың ондығына енеді. Қазіргі уақытта мұндай қалашықтардың 42 болғандығы айтылып жүр. Сондай-ақ әлі де 15 қалашықтың құпиясы ашылмады деген болжамдар бар. Мұндай қалашықтардың тұрғындары өзге ресми қалаларға қарағанда жоғары қамтамасыз етіліп отырған: ең жақсы азық-түлікпен, киім-кешекпен, білім беру сапасымен, мектеп, емхана жабдықтарымен.

Ресейде мұндай кейбір қалашықтар әлі де өзінің құпия функциясын атқарып жатыр делінеді: бірі плутоний өндірсе, бірі теңіз әскерін қамтамасыз етуде.

10. Өнер қазынасы

1990-шы жылдары батыс тілшілері мен дипломаттары Өзбекстанның Нүкіс қаласында жасырылған құпияға толы мұражайға шақырылады. Мұнда Сталин режимі басталғаннан бастап суретшілерді Коммунистік партия идеологиясына сай жұмыс істеуге мәжбүрлеуден туған жүздеген өнер туындысы сақталыпты. «Буржуазиялық шығармашылық» орнын фабрикалардың картинасы басады. Жеке коллекционер Игорь Савицкий болмаса, ол кезеңдегі суретшілер туындысы жоқ болып кетуі де мүмкін еді.

Савицкий суретшілер мен оның отбасыларын қолдағы өнер туындыларын өзіне сеніп тапсыруды өтініп, оған сендірген. Оны ол жүздеген шақырым жазықтық қоршап жатқан Нүкіс қаласына апарып тыққан.

Жалпы, бұл тарихи құндылықтардың өнер ретінде ондаған жылдар бойына тұншықтырылып, жасырын ұсталғанын айғақтайтын фактілер боп табылады.

«Алаш айнасы»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста