Адамзат өмірінде сәт сайын жаңарып, түрленіп жатқан ақпараттық технологиялар жетістіктері дәстүрлі БАҚ-тың әмбебап тұрпатқа айналуына әкелсе, ал журналшы қауымның бесаспап маман болуын талап етеді. Журналист жедел түрде ақпаратты гиперсілтемелері бар мәтін, аудио-видео, фото, онлайн, FM толқынында, интернет, слайд-шоу, инфографика, карикатура, әлеуметтік желі, интерактивті тәсілдер арқылы өңдеп, халыққа тарата алатын әмбебап кәсіп иесі болуы тиіс.
Ал дәстүрлі редакцияларға әлемдік үрдіске ілесіп, британдық Telegraph Media Group жапондық «Киодо цусин», ресейлік РИА «Новости» секілді конвергентті сипатқа ауысуы қажеттігіне ақпараттың қоғамның қарыштап дамуы дәлел болса керек. Осыған Мәдениет және ақпарат министрлігінің қолдауымен «Қазконтент» АҚ Алматыда республикалық деңгейде журналистердің басын қосып, «Жаңа медиа: баспа БАҚ болашағы» тақырыбындағы медиа конференция ұйымдастырды.
Елімізде қазақтілді контентті дамыту бағытында бірнеше жобаларды іске асырып жатқан «Қазконтент» компаниясы былтыр 200 интернет ресурсты іске қосқан болса, биыл 400 интернет-ресурстың Алаштың ақпарат кеңістігіне қанат қағуына септігін тигізбек. Компанияның басқарма басшысының орынбасары Нартай Әшімнің айтуынша, baq.kz, bnews.kz, el.kz, strategy2050.kz, e-history.kz жобалары жүзеге асырылса, жуырда әдебиет порталы оқырманға жол тартады. Мәдениет және ақпарат министрлігімен бірлесе отырып «Қазконтент» АҚ-мен баспасөздің интернет сайттарын тегін жасауға көмектесіп, дайын шаблондарын, дизайны мен қосымша компоненттерін әзірлеуге қолдау көрсетіп жатыр.
Алмас Алтай, «Қазконтент» АҚ Қазнетті дамыту департаментінің бас маманы:
– Жобаның мақсаты – аймақтардағы БАҚ-тың интернет ресурстарын іске қосып, халыққа ақпараттың қолжетімді болуына мүмкіндік жасау. Бұл арқылы редакциялардың кәсіби деңгейі шыңдалып, ашық бәсекелестікке түседі. Мысалы, 5000 таралыммен шығатын аудандық газеттің оқырманы оның интернет-сайты арқылы 100 мыңға дейін жетуі мүмкін. Редакциялардың мүмкіндіктеріне қарай интернет-сайт жасап береміз, оны редакцияның кез келген қызметкері ары қарай жүргізіп алып кете алады. 2012 жылы 200 сайттың 94-і қазақ тілінде, 94-і орыс тілінде, 12 сайт қазақ және орыс тілінде жасалды. Соңғы екі жылда ашылған сайттардың 93-і қоғамдық-саяси, 47-сі ақпараттық, 44-і әдістемелік, 12-сі балаларға арналған сайттар.
Расында, осындай интернет-ресурстар БАҚ редакциялары үшін көптеген артықшылықтар береді. Мәселен, интернет-ресурсты әзірлеуге қаржылық шығындар болмайды, ақпаратты жаңа форматта ұсына алады, жарнама алаңдарын сатуға мүмкіндік береді. Жиында дәстүрлі БАҚ конвергентті тұрпатқа көшкен кезде өз оқырманын жоғалтып алмай ма деген сауалдарға жауап берілді. Керісінше, әмбебап жүйеге ауысқан мультимедиялық редакция оқырманы мен аудиториясын арттырып, әрбір оқырманмен тікелей байланысқа түсіп, ақпарат, хат-хабар алмасу оңтайлана түседі.
Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ доценті Қарлыға Мысаеваның пікірінше, ЖОО қабырғасында әмбебап журналистерді дайындауға түбегейлі көшуі қажет. Әрине, бұл бағытта бірқатар кедергілер де жоқ емес. Мысалы, дәстүрлі журналистикадан мультимедиялық жүйеге ауысуға бейімделу керек, әлі де оқу бағдарламалары талаптарға сай емес, жаңа технологияны меңгеру қажет. Ол АҚШ-тың Оклахома, Огайо штаттарындағы оқу орындарында тәжірибе алмасуға барған кезде студенттерді аудиторияда мультимедиялық журналистерді дайындау жүйелі жолға қойылғанын мысалға алды. Ақпараттық технологиялардың дамуы кезінде редакция мен журналистердің жұмыс істеу тәсілі де, кәсіби қызметтері де өзгеріске ұшырайтыны заңдылық. Шетелдік журналист Пол Бредшоу айтқандай, жаңа тұрпатты редакцияда редактор-агрегатор, мобильді журналист, мультимедиапродюсер, қауымдастық редакторы секілді жаңа міндеттер пайда болып жатыр. Осындай тенденция біздің медиа ауылымызға келіп жетті. Тек бізге жылдам бейімделіп, жаңа кәсіби міндеттерді игеру қажет. Өкінішке қарай, елімізде 11 миллиондай интернет қолданушылар бар болғанымен, интернеттің қалың оқырманы қалыптасты деп айту қиын. Шалғай ауылдарды интернетпен қамтамасыз етіп алмайынша, конвергентті БАҚ-тың игілігін көреміз деу әбестік болар. Жалпы, айта кету керек, мультимедиялық БАҚ-қа ауыса отырып, Елбасы айтқандай, баспа БАҚ-тың маңызды рөлін ескеру керек. Гутенберг дәуірінің дәурені өтсе де, дәрмені біткен жоқ. Себебі баспасөздің халықтың көңіл күйін бірқалыпты ететін құдіреті, мемлекетке деген сакральді дүниетанымын сақтайтын қызметі бар. Кітаби, газеттік сананың романтизм, байсалдылық, парасаттылық болмысы болса, интернеттік сананың алабөтен мінезі бар екенін қаперде ұстаған жөн. Бәлкім, баспа БАҚ-тың үлес салмағын белгілі бір мөлшерде қалдыра отырып, конвергентті БАҚ-қа батыл қадам жасаған ләзім.
Артур Нығметов, медиа-сарапшы:
– Баспа БАҚ-тың конвергентті тұрпатқа ауысуы бүгінде өзекті мәселе. Әлі де елімізде конвергентті редакция құрылды деп айтуға әлі ерте. Дегенмен еліміздегі tengrinews.kz , bnews.kz секілді сайттарды біршама конвергентті БАҚ деуге болады. Жалпы, бізде БАҚ-тың жазба стилі, жұмыс істеу тәсілі интернет тіліне сай келе бермейді. Оның себебі – бізде бәсекелестік орта қалыптаспай отыр және көпшілік БАҚ мемлекеттік тапсырыстар негізінде жұмыс істейді. Қазіргі кезде әлемде жетекші БАҚ конвергенттік жүйеге көшіп жатыр. Мәселен, ұзақ жылдық тарихы бар америкалық «Ньюсуик» басылымы конвергентті сипатқа ауысты. Бұдан өзге ірі компаниялар да интернетке жарнама беруге ден қойды.Сондықтан конвергентті БАҚ-тың мүмкіндіктері мен әлеуетін пайдалану керек.
Алаш-анықтама
Конвергенция сөзі латын тілінен аударғанда «жақындау» дегенді білдіреді. Конвергентті БАҚ дегеніміздің өзі - медиа саласындағы ақпараттық-коммуникациялық технологиялар интеграциясының бірыңғай ақпараттық ресурсқа бірігу процесі. Бұл ұғымды алғаш рет Айтл де Сола Пул деген саясаттанушы енгізген.