Консул – нағыз қара нардың жүгін көтеретін дипломат. Қандай да болмасын, шетелдерде жүрген еліміз азаматтары үшін тұрмыстық түйткілдерінен бастап, ірі мәселелеріне дейін шешіп отыратын консул қызметін қалай бағаласақ та сиятындай. Биыл қыркүйектің 27-сінде еліміздің Консулдық жарғысының Елбасы Жарлығы арқылы бекігеніне 10 жыл толды. Бұл нормативтік-құқықтық құжатты еш күмәнсіз консулдық қызметтің «конституциясы» деп атауға болады, өйткені онда еліміздің консулдық қызметінің мақсаттары, қызметтері, негіздері мен құрылымы және консулдық қызметтің көп қырлы аспектілері нақты айқындалған.
Консулдық Жарғы еліміздің консулдық құқығының негізі болып табылады. Консулдық жұмыс көпсалалы, егер бейнелі түрде айтар болсақ, консулдың бір өзі Сыртқы істер министрлігінің, Әділет, Білім және ғылым министрліктерінің кейбір бөлімдерінің қызметтерін, тіпті қажет тұсында атқарушы өкіметтің де қызметтерін қамтиды.
Шетелдіктер де консул бола алады
Жарғыға сәйкес, мемлекеттер арасындағы келісім бойынша жекелеген консулдық міндеттерді орындауды құрметті (штаттан тыс) консулдарға тапсыра алады. Сол ретте еліміздің азаматтары ғана емес, сонымен бірге шетелдіктер де құрметті консул бола алады.
Жалпы, шетелдерде уақытша немесе тұрақты негізде тұратын Қазақстанның жеке және заңды тұлғаларының құқықтары мен мүдделерін қорғау консулдық қызметтің басым міндеттері болып табылады. Шетелде тұрақты тұратын азаматтар Қазақстан Республикасының дипломатиялық өкілдігінде консулдық есепке тіркеуге тұрып, өздерінің тұрып жатқан жерлері, жұмыс және оқу орны туралы хабардар етулері қажет. Бұл мемлекет пен жекелеген азаматтардың мүдделерін түгендеу үшін қажет. Мысалы, форс-мажорлы жағдайлар туындағанда түйткілдің бәрін реттеу консулдың қызметіне тіреледі.
Игілікке – игілік
Біздің азаматтарымыздың жол жүру географиясы жылдан-жылға кеңейіп отыр. Сыртқы істер министрлігіне, Батыс Еуропа, Африка, Латын Америкасы, Австралия және Оңтүстік-Шығыс Азия елдерінен консулдық жәрдем көрсету жөнінде өтініштер түсіп жатады. Қазақстандықтардың ең көп баратын жерлерін толыққанды консулдық қызметпен қамту қажет. Осы орайда Латын Америкасы, Африка, Оңтүстік-Шығыс Азия мемлекеттерін қоса алғанда, әлемнің бірқатар аймақтарында еліміздің консулдық мекемелерінің санын арттырған абзал. 2004 жылғы ақпаннан бастап, ҚР Президенті жанындағы Шетел инвесторлары кеңесінің өтініші бойынша кейбір саяси тұрақты және экономикасы дамыған мемлекеттердің азаматтары үшін біржақты тәртіп негізінде виза алудың жеңілдетілген тәртібі (1-3 күн) енгізілді. Биыл аталмыш тізімдегі елдер саны Еуропа Одағының барлық 27 мемлекетін қоса алғанда, 45 мемлекетке жетті. Осы тізімдегі елдердің азаматтары мемлекетке кіргеннен кейін Көші-қон полициясында тіркелу қажеттілігінен босатылды, өйткені бұл процедура виза беру орнында консул арқылы немесе мемлекеттік шекарадан өту кезінде шекаралық бақылау қызметшілері арқылы еліміздің 12 халықаралық әуежайында жүзеге асырылады.
Визасыз кеңістік – сенім шырағы
Жалпы, соңғы үш жыл ішінде алыс шетел азаматтарына жылына беріліп отырған визалардың саны шамамен 300 мыңды құрайды. Біздің елге визасыз тәртіппен келетіндердің саны одан да көп. Визасыз кеңістікті кеңейту, ҚР азаматтарының шетелге шығулары үшін жеңілдетілген визалық тәртіпке қол жеткізу консулдық қызмет үшін стратегиялық маңызды міндет болып табылады. Қазіргі уақытта 34 мемлекетпен арада дипломатиялық паспорт иелерін, 29 мемлекетпен қызметтік, 14 мемлекетпен жалпыазаматтық паспорттар иелерін виза талаптарынан босату туралы келісімге қол жеткізілді.
Жаңа міндет – соны меже
Соңғы жылдары Қазақстанның консулдық қызметінің нормативтік-құқықтық негіздеріне айтарлықтай өзгерістер енгізілуде. Еліміздің дипломатиялық және қызметтік паспорттарын беру тәртібі қайтадан қарастырылып жатыр. Атап айтқанда, ҚР дипломатиялық және қызметтік паспорттары туралы жаңа нормативтік-құқықтық акт дайындалу үстінде. Аталған құжатта осы санаттағы паспорттардың берілуі мен қолданылуын бақылау ерекше күшейтілмек. Келер жылы электронды ақпарат жеткізгіші бар жаңа буындағы дипломатиялық және қызметтік паспорттар беріле бастайды. Еліміздің шетел мемлекеттерімен саяси, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық байланыстарының ұлғаюы Қазақстанның консулдық қызметіне жүктелген талаптарды көтеріп, жаңа міндеттер қойып отырғандығын атап өту қажет. Айталық, еліміздің экономикасын гүлдендіру мақсатында сыртқы экономикалық байланыстарды белсенді сүйемелдеу, консулдық сипаттағы халықаралық конвенцияларға қосылу арқылы әлемдік құқықтық кеңістікті меңгеру тәрізді міндеттер алар асудың биік екендігін көрсетеді.
Консулдықтар қанша, тіркеудегілер қанша?
50-ден астам елде 73 консулдық мекеме қызмет көрсетеді.
Онда тіркеуде тұрған еліміз азаматтарының саны – 20 мыңдай.
Ер кезегі үшке дейін
Шетелде тұрақты тұратын Қазақстан азаматы дәлелсiз себептермен үш жыл бойы консулдық есепке тiркелмесе, азаматтығынан айырылады.
Бағдат СЕЙІТБАТТАЛОВ, ҚР Сыртқы істер министрлігі Консулдық қызмет департаментінің директоры,
І сыныпты кеңесші.