«Мал, мақтан, ғизат-құрмет адамды өзі іздеп тапса, адамдықты бұзбайды һәм көрік болады. Егерде адам өзі оларға табынып іздесе, тапса да, таппаса да адамдығы жоғалады».
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Бердібек Сапарбаев жайлы әңгіме қозғамаққа бел байлаған тұста алдымен ойға оралғаны ұлы ғұлама Абайдың осы сөзі болды. Байқап қарасақ, шынымен де, Бекең қыр асырмайтын құр мақтау іздеп жүрген жоқ, қайта қайда барса да Бекеңнің соңынан ғизат-құрмет өзі еріп жүретін тәрізді. Даңғаза мақтан мен арзан атақтың қыр соңынан етек-жеңдері далақтап, делбегей шауып жүргендерден өзгешелеу Сапарбаевтың көпшіліктен өресі биік, өрісінің кең болып пішілуінің мәні осында жатса керек. Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «қиын нүктелерге» қорықпай жіберетін, антына адал, сертіне сенімді, ел жүгін көтерісуге еміреніп иық тіресер серігіне айналдырған да осы адамдық шығар, сірә. Ұлт көшбасшысының адам тани білетін асыл қасиеттері Алаш баласын алға сүйреп келе жатқан жоқ па? Ел Тәуелсіздігін баянды етіп, күллі әлемге ынтымағымызды үлгі қылып, Қазақстан халқын жарқын болашаққа бастайтын даңғыл жолға түсіргені рас. Кемел басшының көрегендігімен Отанымыздың қарыштап дамып келе жатқаны да шындық. Бұл орайда Елбасы сенімді серіктерінің еселі еңбектерін ұмытпайды. Көз көріп, көңіл сенген соң, Шығыс әкімі Бердібек Сапарбаев жайлы бірер сөз айтуға бел будық.
Шыны керек, Сапарбаев жайлы мейлінше жазылып та, айтылып та жүр. Кейбіреулер ауызекі әңгімеде «Сапарбаев феноменінің сыры неде?» деп жатады. Жауап жетерлік. Бірақ көпшілігі «іскерлік, табандылық, еңбекқорлық» деген тәрізді жауыр болған жаттанды тіркестер. Бұларды да жоққа шығармау керек шығар. Дегенмен осы қасиеттердің бастау бұлағы, қайнар көзі қайда? Кісілік келбет, адамгершілік қасиет кілтін қайдан тапты? Жалпы, адами болмыстың қыр-сырын Абайдан артық, Абайдан терең айтып кеткен ғұлама жоқ. Сондықтан өзімді-өзім танысам, өзімді танып отыра өзгені де танысам деп ұмтылған ат төбеліндей азғана азаматтардың бірінің бітімін «Абай формуласына» салып көргеннің әбестігі болмас деп ойладық та, көзқарас сабақтастығының түйіскен тұсын іздедік. Бұл түйінді ойдың түйткілін шешуге Шығыс әкімінің өзі жол нұсқап бергендей болды. Бір баспасөзге берген сұхбатында Бердібек Сапарбаев былай дейді: «Алла тағала адамға алдымен ақыл берген, сосын сезім берген. Екеуі екі нәрсе болғанымен, бір-бірімен тығыз байланыста екені дәлелдеуді қажет етпейді. Ақыл мен сезімді безбеннің екі басындай тең ұстағанға еш нәрсе жетпейтін сияқты. Меніңше, бұл – өмірдің ең үлкен гармониясы. Сезімі жоқ адамдардан жүрек жібітер жылы әңгіме күтіп әуре болудың қажеті жоқ. Керісінше, ақылы аз адамдармен де араласып, берекет таппайсың. Менің өмірден түсінген қарапайым пәлсапам осыған саяды». Байқаған шығарсыз, әкім ақыл мен сезім егіздігін алға тартады.
Ал Абай не дейді екен? «Қазақ та адам баласы ғой, көбі ақылсыздығынан азбайды, ақылдың сөзін ұғып аларлық жүректе жігер, қайрат, байлаулылықтың жоқтығынан азады». Түсінген адамға ұлы ақын да ақылға байлау болатын жүрек екендігін меңзеп тұрған жоқ па? Ғұлама айтып отырған жүрек сезімнің ұясы емес пе? Ендеше, адамдық кредо, көзқарас бірлігінің қос санадағы сабақтастығы сәйкес келіп тұрғанын аңғармау мүмкін емес. Сонымен «Сапарбаев феномені» алдымен кісілік қасиеттің қайнар көзінен нәр алып барып қажырлылық, табандылық атты түсініктерге ұласып жатыр деп айтуға толық негіз бар. Ал оның жемісі қандай дейсіз ғой? Ең бастысы, ол Шығыс Қазақстан облысына әкім болып келген алғашқы сәттерден-ақ ұлттық болмыстың қасиетті туын өр Алтайдың басына қадап, арынды Ертістің арнасын қазақилық қасиетке толтырды. Хәкім Абайдың қадірін ұлықтап, өнеріне жан бітірді. Шығыс бұлбұлдарының үнін естіртіп, туған жер топырағының тоңын жібітті. Апайтөс ақындарын арқа-жарқа табыстырып, жалынды жазушыларына жігер беріп қайта түлетті. Серісінің сәні, талаптының әні түзелді. Балуаны белбеу байлап, желаяғына жал бітті. «Туған жерге тағзым!», «Шығыс жұлдыздары», «Топжарған» байқаулары тәрізді шаралар арқылы талай бұлақтың көзін ашты, ерлерін ұлықтап, ел мерейін өсірді. Өмірдің өткелдерінен өткен шақта алдынан шыққан қиындық, кедергілер қанша аяқтан шалса да, елге деген перзенттік махаббаты, жұрт қамы үшін қойылған алдағы мақсаттар оны тоқтаусыз алға сүйреді. Ықпа желге арқасын тосты, ықпады, соқпа желге маңдайын тосып қарсы жүрді.
«Өздерінің ырбаңы бар ма, пыш-пышы бар ма, гуілдегі бар ма, дүрілдегі бар ма – сонысынан дүниеде ешбір қызықты нәрсе бар деп ойламайды, ойласа да бұрыла алмайды, егер сөз айтсаң, түгел тыңдап тұра алмайды, не көңілі, не көзі алаңдап отырады. Енді не қылдық, не болдық?» – деп Абай атам қазақта ауызбіршіліктің жоқтығына налыса, Бекең де: «Шынында да, адамның жан дүниесінен ауыр еш нәрсе жоқ. “Кісінің көңілі бір атым насыбайдан қалады”. Мына қамшының сабындай қысқа өмірде адамдардың бір-бірімен сыйласып, ауызбіршілікте жүргеніне не жетсін. Сайтаннан сұрапты дейді: “Сен неден қорқасың?” Ол айтқан екен: “Мен бір-ақ нәрседен қорқамын: адамдардың ауызбіршілігінен”. Меніңше, осында көбіміз мән бере бермейтін үлкен философия жатыр», – деп, ақылын алға салып, ел үшін бауыры езіліп маңайын адами бірлікке шақырады. Адамзаттың барлығының парасат-пайымы бір арнаға тоғыса бермейтіні бұлтармас шындық. Шығыс әкімінің шымыр шешімдеріне сенімсіздікпен қарап, әр іс-қимылын бағып, дұрыс істің өзін бұрысқа балаған кертартпа пенделер де кездесіп жатты. Біткен іске сыншы да көп келеді емес пе? Осындайда соқпағы мол тар жолдан «өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмай» аман алып шығу оңай шаруа емес. Бекең тағы да ақылға жүгінген болар, ой көзімен салмақтап көрген болар. Бір білеріміз, білгенге арқа сүйеді, білмегенге ұқтырды, білгісі келмегенді ықтырды. Солайша елдің көшін өрге қарай сүйреді. Көшінің түзулігін қадағалап, шашау шығармай, жымын білдірмей, қиналғанын сездірмей, мойымай сүйреп келеді. Қиялай шауып, қисынын келтіріп келеді.
Бекең шырайлы Шығыс өлкесін мекендеген түрлі ұлт пен ұлыс өкілдеріне тең қарап, «адамзаттың бәрін бауырым деп» бауырына тартты. Әр халықтың салт-дәстүріне құрметпен қарап, оны аялы қамқорлығына ала білді. Түрлі ұлт пен ұлысты бір шаңыраққа ұйытты. Елбасының татулық, тұрақтылық, толеранттылық идеяларын басты бағдар қылды. Қазақ халқының мейірбандығын, қонағына қоң етін кесіп берер қонақжайлығын Алты Алаш баласына паш етті. Ауызбіршіліктің айнымас үлгісін көрсетті. Тек ұлтым деп ұрандағанмен, әлеуметтік сала, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп тәрізді экономиканың күрделі салаларын дамытпайынша, Шығыстың шырайы толық кіре қоймайтынын жақсы ұққан Сапарбаев бұл істе де іскерлік таныта білді. Және жан-жақтылық пен жүйелілік үлгісін көрсетті.
Қайбір жылдары облыс басшысы агроном бола қалған тұста жұрт жаппай тары егіп, мұғалім болса баршамыз кітапханадан шықпай, инженер болса біріміз қалмай шеберхана жағалап кеткен кездерді де құлақ естіп, көз көрген. Байыбына бармай апалақтап ұрандаған тірлікте береке болушы ма еді? Бірізділікке салынған бір сәттік мұндай науқаншылықтың артынан бір түйір із қалған жоқ. Бұл ретте Абай: «Есті кісілер есі шықпай, ақылды қолдан жібермей, бойын сынатпай жүріп ізденеді екен. Есер кісілер ер-тоқымын тастап, бөркі түсіп қалып, етегі атының құйрығын жауып кетіп, екі көзі аспанда, жынды кісіше шаба беруді біледі екен, соны көрдім», – десе, Шығыс әкімі Сапарбаев: «Өз тәжірибемнен байқағаным, кеңседе отырып қарар қабылдаған бір басқа да, ал енді елдің ішіне барып, сол халықтың мұң-мұқтажына құлақ түріп, ұтымды ұсыныстарға жол ашу бір басқа екенін баса айтқым келеді. Мен бұл жерде жұмыс орнында қабылданған шешімдер шалағай шығады деп айтудан әсте аулақпын. Кабинетте отырғанда да елді естен шығарған емеспін. Бірақ өзімнің ақылға салып, құлақ қойған ісім менің бойымдағы сезімді анық оята алатын халық түйсігімен астасып жатқанда ғана әркез дұрыс шешім қабылдағандай сезінемін», – деп ой толғайды. Түйсінген адамға тағы да ой сабақтастығын аңғару қиын емес шығар. Айтар ой біреу. Сапарбаевқа бірізділік, тар шеңберде ойлау жат қылық. Ол аяқтың астындағысынан гөрі көз ұшындағы қияға назар аударғанға құмар. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың маңы, креслоның айналасы төңірегінде емес, мемлекеттік тұрғыда ой түйіндеп, іске бел шеше кірісетін іскер басшы. Ең бастысы, осы келелі істердің бәрінің басы-қасында өзі жүреді. Соның арқасында қазақ ауылдарындағы баяғыда ұмыт қалған мәдениет ошақтарына жан бітті. Ақылы мен қайратына сүйенген басшы облыс бойынша әр саланың қарыштап дамуына айрықша мән беріп, шалғайда жатқан елді мекендерді де, ірі қалаларды да қырандай қырағы көзімен бақылап, кең қанатының астына ала білді. Облыста атқарылып жатқан ұланғайыр істердің бәрін тізбелесек, бір емес, бірнеше атанға жүк болатын әңгіме басталып кететіні сөзсіз. Бір ғана, мен туып-өскен Абай елінің қайта өрлеу, өркендеу, өсу нышаны байқалса, ол да Бекеңнің талабының, көрегендігінің арқасы деп түсінемін. Мұндай оң өзгерістер, алға жылжушылық Шығыстың барлық аудандарында көрініс тауып отырғаны көз қуантады.
«Жас жүрек жайып саусағын, талпынған шығар айға алыс», – дейді Абай. Облысымызда қызметке тұрған жас мамандар Сапарбаевтың тікелей назарында. Жанам дегенге от беріп, шабам дегенге ат беріп, жас қызметкерлердің өркендеп өсуіне, қарыштап дамуына жол ашып отыр. Ол да болса бүгінгі күнмен шектелмей, болашаққа деген сенімділіктің белгісі екені саналы адамға айтпай-ақ түсінікті жайт.
«Өзің үшін еңбек қылсаң, өзі үшін оттаған хайуанның бірі боласың, адамдықтың қарызы үшін еңбек қылсаң, Алланың сүйген құлының бірі боласың» деген екен хакім Абай. Ал Бердібек Сапарбаев: «Менің ең сүйікті ақындарымның бірі Мұқағали Мақатаев қалай керемет айтқан:
“Мен қалай ақынмын деп айта аламын,
Халқымның өз айтқанын қайталадым.
Күпі киген қазақтың қара өлеңін,
Шекпен жауып өзіне қайтарамын”. Осы аталы сөз ақындарға ғана емес, әкімдерге де қаратылып айтылған секілді-ау! “Халыққа қаншалықты жақын болдыңыз?” деген сұрағыңызға екіжақты берік те сенімді байланыс орнаса, ортақ мәміле әлбетте табылып отырады деп жауап берген болар едім. Шынтуайтында да, басшының біліктілігі осы жерден бастау алып жатса, ел алдында абыройсыз болмайды екен»,– деп, Абай айтқан адамдық қарыз парқының кілтін дәл тапқанға ұқсайды.
Тағы да Абай: «... Уағдада тұрғыш, бойын жаманшылықтан тез жиып алғыш, көштің соңынан ере бермей, адасқан көптен атының басын бұрып алуға жараған, әділетті ақыл мойындаған нәрсеге, қиын да болса мойындау, әділетті ақыл мойындамаған нәрсеге, оңай да болса, мойындамау – ерлік...» дейді. Сапарбаевтың бойында Абай айтқан рухани ерлік қасиеті де баршылық. Оның қолымен істегенді мойнымен көтере білетін мәрттігі де жоқ емес. Бастаған істің аяғына жетуге құмар. Қандай бастама көтерсе де, түбінде осының пәлесі маған қалады-ау деген ұсақтыққа бармайтын тәуекелшіл тұлға. Естуімше, ол қаншалықты бауырмал болса, соншалықты мысты, қаншалықты жанашыр болса, соншалықты талапшыл. Сондықтан оны халқы құрмет тұтады, қолдайды. Біз естіп-білген, көкірекпен сезінген Сапарбаев бейнесі осындай болса керек.
Р.S.
Биік мансап – биік жартас,
Ерінбей еңбектеп жылан да шығады,
Екпіндеп ұшып қыран да шығады, – деп Абай айтпақшы, кім әкім болмай жатыр?.. Мені қызықтырғаны Сапарбаевтың әкімдік мансабы емес, оның адами болмысы еді. Сондықтан болар, ел үшін, туған жер үшін маңдай терін аянбай төгіп жүрген азаматтардың бірегейі ретінде оның еңбегімен қоса, кісілік келбетін көпшілік назарына ұсынуды мақсұт еттік. Атқарылған іс бар болса, халқының алғысын арқалап жүрсе, өресі өзгелерден өзгешелеу болып келсе, еліме пайдасы тиіп жатса, көңілде жүрген ойды ақтарып жатсақ несі айып? Ұлы ғұлама туған жердің жоғын жоқтап, елдің алғысын арқалап жүрген Б.Сапарбаевтың кісілік кілтінің сырын Абай ой-түйінімен сабақтастыра іздегеніміздің де сыры осында еді.
М. Ералин