3 сәуірде өтетін ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауына кандидаттар ұсыныла бастады. Орталық сайлау комиссиясының соңғы мәліметтеріне қарағанда, кеше үш кандидат сайлауға түсу ниетін білдіріп, ОСК-ға өтініш жасаған. Атап айтқанда, Сәлім Сағындықұлы Өтен, Уәлихан Әбішұлы Қайсаров пен Мұсағали Сәрсенбайұлы Дуамбеков өзін-өзі ұсыну жолымен тіркеліпті. Олардың ішінде С.Өтен мен У.Қайсаров 2005 жылғы сайлауға да өз кандидатураларын ұсынған болатын. Естеріңізге сала кетейік, президенттікке кандидаттар ұсыну құқығы республикалық қоғамдық бірлестіктердегі секілді өзін-өзін ұсыну жолымен де жүзеге асады.
Сондай-ақ кеше Орталық сайлау комиссиясының отырысында сайлау науқанын ұйымдастыруға қатысты бірқатар шешім қабылданды. Жиынның негізгі бөлігінде ресми қаулылар қабылданған соң, ОСК төрағасы Қуандық Тұрғанқұлов алдағы науқанға қатысты шараларға түсінік бере келе, кандидаттарды ұсыну жолына, оларға қойылатын талаптарға да тоқталып өтті. Оның айтуынша, президенттікке кандидаттардың Ата Заң мен қолданыстағы заң талаптарына сәйкестігі олар құжаттарды тапсырған кезден бастап бес күн ішінде Орталық сайлау комиссиясы арқылы белгіленеді. Бұл ретте президенттікке кандидаттың соңғы 15 жылда Қазақстанда тұру фактісін Әділет және ішкі істер министрліктерінің деректеріне сүйене отырып, ОСК анықтайтын болады. Бұдан бөлек кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін анықтау рәсімі де ОСК қаулысымен бекітіледі. «Мемлекеттік тілді еркін меңгеру дегеніміз қазақ тілінде дұрыс оқу, сауатты жазу, өз ойын еш қиналмастан, айқын жеткізу және жұртшылық алдында түсінікті сөйлей білу болып табылады», – деді кандидаттарға қойылатын осы конституциялық талапқа ресми түсінік берген ОСК төрағасы Қ.Тұрғанқұлов.
Лингвистикалық комиссияның жаңа құрамы бекітілді
Кандидаттардың мемлекеттік тілді еркін меңгергенін тексеретін комиссия құрамы тіл мен әдебиет саласының елімізге танымал мамандарынан құралды. Атап айтқанда, Еуразия ұлттық университетінің түркітану кафедрасының меңгерушісі Мырзатай Жолдасбеков, Еуразия ұлттық университетінің проректоры Диқан Қамзабекұлы, ҚР Білім және ғылым министрлігі М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры Сейіт Қасқабасов, ҚР Білім және ғылым министрлігі А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының директоры Шерубай Құрманбайұлы, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің қазіргі қазақ Тілі теориясы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Фаузия Оразбаевалар бекітілді. Заңға сәйкес, кандидаттың мемлекеттік тілді еркін меңгеруін анықтау азамат қажетті құжаттарды ОСК-ға тапсырған сәттен бастап бес күн ішінде жүргізіледі. Кандидаттар комиссия ұсынған тақырып бойынша көлемі екі беттен аспайтын жазбаша тапсырманы орындайды, үш беттен аспайтын мәтінді оқып, көпшілік алдында 15 минуттан кем болмайтындай сөз сөйлеуі бойынша да сынақтан өтеді. «Соңғы уақытта республика азаматтарының мемлекеттік тілді білу деңгейіне қойылатын талаптар жоғарылады. Сондықтан да Мемлекет басшысы лауазымына кандидат үшін бұл өте маңызды. Кандидаттардың алдында айтарлықтай қиын да жауапты емтихан бар. Елбасы ағымдағы Жолдауында жақын жылдары халықтың 80 пайызға жуығы мемлекеттік тілді меңгеруі тиіс деген мақсат қойып отыр. Олай болса, сайланған Президент халқының басым көпшілігі қазақ тілін білетін мемлекетті басқаратын болады», – деді ОСК төрағасы.
Лингвистикалық комиссияның жұмысы ашық әрі жариялы түрде болады. БАҚ мемлекеттік тілді еркін меңгеруді айқындау рәсімінің бастапқы сәтін және лингвистикалық комиссияның кандидаттардың әрқайсысы туралы шешім қабылдау үдерісін байқауға мүмкіндік алады. Сондай-ақ кеше осы лингвистикалық комиссияның алғашқы отырысы өтіп, онда комиссия төрағасы болып М.Жолдасбеков сайланды.
Президенттікке кандидат 91 мың қол жинауы керек
Кандидаттар Ата Заң һәм ұлттық заңнамадағы талапқа сай деп табылса, оларға Орталық сайлау комиссиясы азаматтардың қолдарын жинау үшін қол қою парақтарын береді. Бұл ретте президенттікке кандидатқа расталған 91 мың қол жинау қажет болады. «Қолдап қол жинауды кандидаттардың сенім білдірген өкілдері жүргізеді. Қол жинайтын топтар мен олардың адамдар саны шектеусіз болады», – деді Қ.Тұрғанқұлов. Кандидатты қолдап қол қойылған парақтар аумақтық сайлау комиссияларына тапсырылса, олар паспорт қызметкерлерін қатыстыра отырып, әлгі қойылған қолдардың растығын 10 күн ішінде тексереді екен. Сосын тиісті хаттама жасап, оны ОСК-ға жібереді.
Сондай-ақ кешегі ОСК отырысында президенттікке кандидаттардың сайлау қорларының арнайы уақытша шоттарын ашу тәртібі де бекітілді. Ол бойынша, кандидаттардың уақытша шоттары «Қазақстан халық банкі» АҚ ашылатын болады. Еліміздің барлық өңірлерінде филиалдары бар аталмыш банктің қызметі бұған дейінгі сайлауларда да пайдаланылған болатын. Бұдан бөлек ОСК ҚР Президентінің кезектен тыс сайлауындағы шетелдік, халықаралық ұйымдар байқаушылары БАҚ өкілдері қызметінің кейбір мәселелерін де талқылап, арнайы қаулы қабылдады. Оған сәйкес, халықаралық байқаушыларды аккредиттеу 7 ақпаннан бастап 28 наурызға дейін жүргізіледі. Ал оларға куәлікті ҚР Сыртқы істер министрлігі береді. «2005 жылы өткен ҚР Президентінің кезекті сайлауына ОСК 1634 байқаушыны аккредиттеген болатын. Олардың ішінде 407-сі шетелдік БАҚ өкілдері еді», – дейді ОСК мүшесі Татьяна Охлопкова.
Кезектен тыс Президент сайлауына үш кандидат өзін-өзі ұсынды
Последние статьи автора