Еліміздің ішкі саясаты тұрақтылықты, қоғамдық үдерістерді демократияландыру мен топтастыруды қамтамасыз ету дейтін болсақ, бұл саясатты жергілікті әкімшіліктерде ішкі саясат басқармалары жүргізеді. Әкімдердің есебін тыңдасаңыз, ішкі жағдайымыздың деңгейі жыл сайын көтеріліп келе жатқанын естисіз. Алайда, бір ғана мысал, еліміздегі діни ахуалдың қалай қалыптасқанын өткен жылғы оқиғалардан аңғаруға болады. Ендеше, жергілікті билікке қарасты басқармалар қазір қандай шаруалармен айналысып жатыр, нәтижесі қандай? Осы сауалдарға жауап іздеп көрсек.
Ішкі саясат басқармаларының құрылудағы ең алғашқы мақсаты қандай еді? Бұл туралы уақытында осы істің басы-қасында болған саясаттанушы Айдос Сарымнан сұрап білген едік.
– Кезінде ішкі саясат мәселесі облыстық әкімшіліктердің ішіндегі бөлімдер арқылы іске асырылды. Ол кездегі жағдай әр жерде әртүрлі қалыптасты. Тіпті кей жерлерде тек қана әкімнің шаруасымен ғана айналысып кеткендер де болды. Содан кейін республикалық бюджеттен қаржыландырылатын бір орталық құру керек болды. Мәдениет, ақпарат және қоғамдық келісім министрлігі құрылғаннан кейін БАҚ-пен, діни бірлестіктермен жұмыс істейтін ақпарат және қоғамдық келісім басқармалары құрылды. Одан кейін үш-төрт жыл өткен соң жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын тіл, мәдениет басқармалары пайда бола бастады. Олар бір-бірімен бәсекелесіп, кейбір жағдайда қақтығысып қалатын жағдайлар да болды. Осыдан кейін бұл мәселе Президент Әкімшілігі деңгейінде қаралып, жергілікті және республикадан қаржы алатын бөлімдердің басын біріктіру керек деген ұсыныс айттық. Қазіргі ішкі саясат басқармаларының құрылу тарихы осындай.
Әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері бар. Қазіргі ахуалдарға байланысты ішкі саясат басқармалары жергілікті жерлердің беделді азаматтарымен, жастарымен тікелей жұмыс істеуі керек қой. Қоғамдық-саяси, түсіндіру жұмыстарын үйлестіріп отыру, әрине, ішкі саясат басқармаларына байланысты.
Негізінен, бұл басқармалардың құзыретіне ақпараттық саясат, этносаралық қатынастар және саяси партиялармен, үкіметтік емес ұйымдармен және діни бірлестіктермен қарым-қатынас жұмыстарын жүргізу жатады. Ал осы негізгі жұмыстары қалай жүзеге асып жатыр?
Осыдан бес-алты жыл бұрын Алматы маңындағы Шаңырақ, Бақай, Маловодное ауылдарында этносаралық қақтығыс оқиғалары болды. Біздіңше, осыдан кейін ғана этносаралық қарым-қатынасқа байланысты нақты жұмыстар қолға алына бастады. Олай дейтініміз, қазір мұндай проблемалар жоқтың қасы. Түрлі жиындар, конференциялар мен басқосулар да жиі ұйымдастырылатын болды.
Біздегі діни бірлестіктердің санында қисап жоқ екенін екінің бірі біледі. Қалалық, облыстық деңгейде тіркелген мысықтілеулі миссионерлердің халықты мәңгүрттеу жұмысының қаншалықты «жемісті» жүргізіліп жатқаны айтылып та, жазылып та жүр. Радикалды діни идеялардың кеңінен таралуы салдарының қандай екенін былтыр Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Жамбыл, Алматы облыстарындағы оқиғалар көрсетіп берді. Діни, әлеуметтік проблемалардың шиеленісінен адам шығындары да болды. Бұл ішкі саясат департаменттерінің негізгі міндеттерінің бірі – діни бірлестіктердің қызметіне бақылау жасау, жоғары оқу орындары студенттері мен жұмыссыз жастарға түсіндіру жұмыстарының өте төмен деңгейде екенін көрсетті.
Міне, осындай келеңсіздіктерден кейін бірнеше салалық басқарма ашылды. Кезінде бір ғана басқарма жүргізетін жұмысты қазір бірнеше басқарма атқарып отыр. Нақты айтатын болсақ, олар – тілдерді дамыту, енді ашылып жатқан дін басқармалары. «Бұл, сайып келгенде, бюрократияға әкеледі» деп есептейді сарапшылар.
Шыны керек, оқиғаның алдын алудың орнына сан соғып қалатын жағдайлар көп кездеседі. Жергілікті жағдайды, ішкі саясатты жақсы білуі шарт мамандар істейтін басқармалардың жұмысы неге солқылдақ? Мұның себебін әлеуметтанушы-сарапшы былай түсіндіреді.
Серік БЕЙСЕМБАЕВ, «Стратегия» әлеуметтік зерттеулер орталығының сарапшысы:
– Ішкі саясат басқармаларының жұмысына көңілім толмайды. Елдің ішкі жағдайын тереңірек білетін кез келген адам осындай пікірде шығар. Нақты қай әкімшілік екенін айтпай-ақ қояйын, бір кездесулерде ондағы мамандардың біліксіздігі анық байқалып қалды. Сайып келгенде, кадр мәселесіне көңіл бөлу керек деген проблема шығады. Ол жердегі мамандар елдің ішкі жағдайын бес саусағындай жатқа білуі керек. Тіпті талдау, зерттеулер жүргізіп, алда не боларын алдын ала болжай алатын дәрежеде болуы тиіс. Ал бізде керісінше, қағаз жүзінде есеп берумен шектелетін қызметкерлер жұмыс істеп отыр.
Жергілікті жерлердегі үкіметтік емес ұйымдар бөлінген қаржыны қандай мақсатқа жұмсап жатыр? Бұл туралы ішкі саясат басқармаларының арнайы сайттарынан табу мүмкін емес. Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының жеке сайтында Президент Жарлығымен бекітілген азаматтық қоғамды дамытудың 2006-2011 жылдарға арналған тұжырымдамасы тұр. Енді сол тұжырымдаманың қалай жүзеге асқанын қайдан білуге болады? Бағдарламалар мен қаржы бар, нәтиже мен есеп жоқ… Шығыс Қазақстан облысының ішкі саясат басқармасының сайтында жастар саясатын іске асыру туралы 2009 жылғы ақпараттар тұр әлі…
Түйін
Бейресми деректерге қарағанда, ішкі саясат басқармаларының жылдық бюджеті 500 миллионнан 1 млрд теңгеге дейін жетеді. Яғни қаржы бар, белгілі бір құзырет те берілген. Алайда идеологиялық жұмыстар әлсіз. Мұны біз ғана емес, мамандар да мойындап отыр. Осындай әлеуетке ие бола тұра, көп жағдайда жеке сайттары уақтылы жаңартылмайды. Сіреспе есептерден өзге ақпаратты көзіңіз шала қоймайды. Мысалы, Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының сайтындағы қазақ тіліндегі кейбір мәліметтерде қазақ әріптерінің орнында сұрақ белгісі өріп жүр. Нақты мысал ретінде оны қаз-қалпында ұсынуды жөн көрдік. Бұл – тек тақырыбы ғана: «?аза?стан Республикасында азаматты? ?о?амды дамытуды? 2006-2011 жылдар?а арнал?ан т?жырымдамасы». Ал тұтас тұжырымдаманы оқу мүмкін емес. Бұл қателерді тілдерді дамыту басқармасының мамандары неге көрмей жүргенін біз түсіне алмадық.