Ядролық қауіпсіздік– ғаламдық қауіпсіздіктің кепілі
Жуырда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың Нью-Йорк қаласында БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясына және Ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі отырысқа қатысты. Сондай-ақ Елбасы Н.Назарбаев қатысқан Фукусима мен Чернобыль АЭС апатының 25 жылдығынан кейінгі іс-шаралар ядролық қауіпсіздік жөніндегі МАГАТЭ министрліктер конференциясы мен 2012 жылы Сеулде өтетін Ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммитке дайындық жөніндегі отырыста Франция, Корея Республикасы, Жапония, Бразилия, Украина басшылары да бой көрсетті.
Мемлекет басшысы алдымен БҰҰ сессиясына қатысушылардың назарын мына төмендегі аспектіге аударды.
Біріншіден, бұл – жаһандық ядролық қауіпсіздік мәселесі. Қазақстан жалпыға бірдей ядросыз әлем декларациясын әзірлей бастауды ұсынады. Барлық елдердің таратпау саласындағы міндеттемелеріне БҰҰ мен МАГАТЭ-нің құқықтық базасын кеңейтіп, халықаралық бақылауды арттыру қажет. Барлық ядролық мемлекеттердің, ең алдымен, ядролық қаруды қысқарту және біртіндеп оның арсеналын жою жөніндегі жауапкершілігін күшейту керек.
Сонымен бірге ядролық қауіпсіздік жөніндегі жоғары деңгейдегі отырыста сөйлеген сөзінде Президент Нұрсұлтан Назарбаев ядролық қауіпсіздік – бұл тұтас үшбірлік екенін атап өтті. Бірінші – проблемалардың әскери-саяси қырлары – бұл ядролық қарудан адамзатты қорғау. Екінші – ядролық лаңкестік әлеуетіне қарсы тұру. Үшінші – бұл атом энергетикасының қауіпсіздігі. Президент өз сөзінде алғашқы мәселе бойынша Қазақстанның ұстанымы өзгеріссіз қалатынын яғни ядролық қарусыз әлемге деген қозғалыс тарихи мақсат екендігін тілге тиек етті. Таяу келешекте ядросыз мемлекеттерге қатысты ядролық қаруды қолданбау және қорқытпау жөнінде ядролық державаларды міндеттейтін конвенция жасау қажет. Ядролық қарусыз әлем жолында ядролық қауіпсіздікке жаңа көзқарастар іздестіру маңызды міндет болып табылады. «Халықаралық-құқықтық нормаларды де-факто ядролық мемлекеттердің бар екендігі шындығымен сәйкес келтіруді қағидатты маңызды деп санаймын», – деді Елбасы.
Осыған байланысты Қазақстан бейбіт атомды қауіпсіз игерудің үш әмбебап қағидатын ұсынды. Біріншіден, атом энергетикасын дамыту саласындағы үдерістерді басқарудың жалпы ғаламшарлық тетіктерді жетілдіру. Екіншіден, атомдық төтенше жағдайларға дер кезінде қайырыла алатын нақты, жалпыға ортақ қағидаттар мен тетіктер қажет. Үшіншіден, әлемдік қоғамдастықты ядролық нысандардағы кез келген, тіпті ең елеусіз оқиғалар туралы тез арада және толық ақпараттандыруды қамтамасыз ету керек. Президент өз сөзінде «Бас хатшының Жоғары деңгейдегі осы кездесуді шақыру жөніндегі идеясын құптаймыз және бүгін айтылған ұсыныстар ядролық қауіпсіздіктің жаһандық жүйесін нығайтуға мүмкіндіктер туғызады деп сенеміз», – деді.
Жер бетінде ядролық қарудан ерікті түрде бас тарту арқылы жалпы әлемді ядросыздыққа шақыруға жігері жететін бір мемлекет болса, ол – Қазақстан. Шын мәнісінде, халықаралық қауымдастық алдында ғаламның күн тәртібінде тұрған осы бір өзекті мәселеге байланысты Қазақ елінің ойы – өткір, жүзі – жарқын. Еліміз қарусыздануға байланысты белсенді ойыншы екені баршаға мәлім. Сондықтан аталған проблема аясында Қазақстан ірі державалармен, халықаралық ұйымдармен ынтымақтаса жұмыс істеп келеді. Елбасы былтырғы жылы АҚШ-та өткен саммитте «Ядролық сынақтардың сорақы сұмдығын барынша көріп білген, Семей ядролық полигонын жапқан және әлемдегі төртінші зымырандық-ядролық әлеуеттен өз еркімен бас тартқан Қазақстан МАГАТЭ-мен тығыз ынтымақтастықта ядролық қатерді таратпау және азайтудың жаһандық үдерісінің табанды жақтаушысы» деп мәлімдеген еді. Өткен жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық еткенде де Қазақстан жағынан осы қауіпсіздік проблемасы ашық көтерілді. Былтырғы ядролық қауіпсіздік саммитінде Қазақстан жағы маңызды төрт ұсыныс та жасаған еді. Атап айтар болсақ, біріншіден, уранның ірі өндірушісі ретінде әрі жоғары байытылған уранды төмен байытылған формасына қайта өңдеу мүмкіндігіне ие Қазақстан өз аумағында Халықаралық ядролық отын банкін орналастыруға әзір екендігі аталды. Екінші ұсыныс – ядролық қарусыз аймақтар үшін халықаралық-құқықтық нормалар қабылдау қажеттігі. Жаңа ядролық қарусыз аймақтар қалыптастыруды жақтайтынын айтқан Мемлекет басшысы Таяу Шығыста қалыптастыруды жеткізген-ді. «Орталық Азия аймағы аясында Қазақстан ядролық қауіпсіздікті нығайту, ядролық материалдардың таралуына жол бермеу және ядролық лаңкестікпен күрес жөнінде өңірлік іс-қимыл жоспарын әзірлеуге бастамашы болды. Осы тәжірибені әлемнің басқа өңірлеріне де тарату орынды болар еді», – деген Елбасы. Үшінші, біз Әскери мақсатта бөлшектенетін материалдарды өндіруге тыйым салу туралы шартты жедел қабылдау қажеттігіне сенімділік.
Төртіншіден, Ядролық сынақтарға баршаны қамтитын тыйым салу туралы шарттың іс-әрекетке кірісуі тәуелді болатын барлық мемлекеттерді оны ратификациялауға шақырған. Елбасы ұсыныстарын айта келе: «МАГАТЭ-нің барлық талаптарын сақтау негізінде ЯҚТШ-тың мүшесі болып табылатын әрбір мемлекеттің бейбіт ядролық энергетиканы дамытуға және пайдалануға деген заңды да ажырағысыз құқығына қолдау білдіреміз. Мұнда монополиялық көзқарастар мен қосалқы стандарттар болмауы тиіс», – деп кесіп айтқан болатын.
Қазір әлемде ірі державалар бас болып, ядролық қарусыздануға қадам жасай бастағанын да айта кетуіміз керек. АҚШ Президенті Барак Обама мен Ресей басшысы Дмитрий Медведев ядролық қарулардың санын шектеу туралы стратегиялық құжатты рәсімдеп, БҰҰ өз шарттарын орындамаған мемлекеттерге санкция қолдануын жалғастырып келеді. Осы ретте Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың «Барлық ядролық державалардың ядролық арсеналдарды қысқартуы жөніндегі бұл жұмыс жер бетіндегі бейбітшілік үшін оларды толық жойғанға дейін тоқталмауы тиіс» деген жалынды сөзі жүзеге асырылып жатқанын байқауға болады.
Жаһандық реттеу туралы Пакті идеясы өзекті
Қазақстан Президенті Н.Назарбаев аймақаралық қақтығыстарды реттеу, мемлекеттердің қарым-қатынасын құқыққа негіздеу, жаппай қырып-жоятын қаруды шектеу, жаһандық басқару жүйесін реформалау секілді тақырыптар қызу талқыға түскен БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясында бүгінгі өзекті жаһандық түйткілдерге әлем жұртшылығының назарын аударды. Қазақстан алқалы жиында жаһандық энергиялық-экологиялық стратегия мен «Жасыл көпір» ауқымды экологиялық бастаманы қабылдауды ұсынды.
Қазақстан Президенті БҰҰ-ның бас мінберінен ұйымның экономикалық процестерге қатысты қызметін белсенді ету қажеттігін баса айтты. «Экономикалық үдерістердің жаһанданудағы деңгейінің өсуі БҰҰ қызметінің экономикалық құрамдасындағы парадигмалардың ауысуы қажеттігін талап етеді. Әлемдік құрылымдардың валюталық және сауда-экономикалық реттеу саласындағы жұмысының басты мазмұны әлемдік дағдарыстарды болжау және оның себептерін жою болуы тиіс. Барлық құрылымдар мен қатысушылардың нақты құқықтары мен жауапкершілік нормалары көрсетілген, тиімді әлемдік резервтік валютасы бар, алыпсатарлық капиталға қатаң бақылау орнатылған жаһандық экономикалық басқарудың тиімді механизмін құру маңызды. Бұл контексте жаһандық реттеу туралы Пакті әзірлеу идеясы өзекті», – деді Елбасы БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзінде. Сонымен бірге әлемдегі аштық пен ауызсу тапшылығының алдын алу әлем жұртшылығы алдындағы өткір мәселе болып отырғаны айтылды. Қазақ Президенті Ұйымға мүше мемлекеттерді жаһандық ақпараттық кеңістіктің халықаралық құқықтық базаларын тездетіп құруға шақырды. «Ақпараттық кеңістік – бұл жер байлығы, әуе және су әлемі, ғарыш секілді адамзаттың болашағы үшін маңызды сала болып табылады. Бүгінде ақпараттық үдерістерді реттейтін бірде-бір халықаралық конвенция, бірде-бір көптарапты шарт жоқ. Сондықтан да банктерге, мемлекеттік мекемелерге, тіпті ядролық нысандарға «шабуыл» жасаған хакерлердің көпшілігі жазаланбайды», – деді Елбасы Н.Назарбаев. Қазақстан Президентінің пікірінше, осындайда жаһандық ақпараттық кеңістіктің халықаралық құқықтық базасын құру ерекше маңызды болып отыр. Оның негізі ретінде БҰҰ Бас ассамблеясының 2002 жылы қабылдаған ғаламдық мәдени киберқауіпсіздіктің 9 элементі қарарын алуға болады.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Таяу шығыста бейбітшілік орнату үшін Палестина мемлекеттігін тану қажеттігіне тоқталды. Аймақтағы барлық мемлекеттермен достық қарым-қатынастағы Қазақстан палестиналық проблеманы әділ әрі ұзақ мерзімді, оның ішінде тікелей палестиналық-израилдік келіссөздер арқылы дер кезінде шешілуін құптайды. «Бұл күндері Палестинаның қиын проблемалары белсенді талқылануда. Қазақстан Палестина мемлекетін құруды қолдайды. Тарих таразысында – қиын мәселе. Бұл туралы АҚШ Президенті Барак Обама айтты. Палестинаның тәуелсіздігінсіз Таяу Шығыста орнықты бейбітшілікке қол жеткізу мүмкін емес», – деп мәлімдеді Н.Назарбаев БҰҰ Бас ассамблеясының 66-сессиясында сөйлеген сөзі барысында.Сондай-ақ Елбасы Оңтүстік Судан елін тәуелсіздік алып, БҰҰ-ның толық құқылы мүшесі болуымен құттықтады.
Осыдан бақандай 66 жыл бұрын Біріккен Ұлттар Ұйымы оның барлық мүшелерінің егемендік теңдігі қағидатында құрылған болатын. Алайда территориялық тұтастық ұлттық егемендік құқық эрозияға жиі душар болып жатады. Айналып келгенде, бұл ұлттар арасындағы сенімге селкеу түсіруі кәдік. Президент бұның алдын алу үшін БҰҰ-ның аймақтық қауіпсіздік ұйымдарымен, атап айтқанда, Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы, Ұжымдық қауіпсіздік шарты ұйымы, Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары ұйымы секілді құрылымдармен тығыз қатынас орнатуы қажеттігін атап өтті.
Алан Палмер, ядролық сынақтар мұражайының директоры:
– Қазақстан Президентінің ядролық қарусыз әлем әлдеқайда қауіпсіз болатыны жөнінде пікірімен толық қосыламын. Ондай қару қазір тек Ресей мен АҚШ-тың қолында ғана тұрған жоқ. Ядролық қаруланудан бәсеке басталып кеткелі қашан, енді біз құмырадан шығып кеткен жынды бақылауда ұстауымыз керек. Әскери қару болып табылатын ядролық қару қазір геосаясаттың құралына айналды. Сондықтан мен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабу жөніндегі бастамасын өте батыл қадам деп есептеймін. Бұл шешім — қазақстандықтардың ядролық қарулану бәсекесінен бас тартқанының айқын көрінісі. Бұл — өзге елдерге де үлгі. Күндердің күнінде барлығы да осындай шешімге келеді деп сенемін. Барлық елдердің билік өкілдері Қазақстандағыдай қарапайым халықтың пікіріне назар аударатын болады деп ойлаймын.
Дженнифер Терри, халықаралық қатынастар мәселесі бойынша сарапшы:
— Қазақстан мен АҚШ барлық салада, оның ішінде ядролық қауіпсіздік бойынша тығыз әріптестікте. Тәуелсіздіктің 20 жылы барысында Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге жіті көңіл бөліп отырды. Ол ядролық полигонды жауып, қуатты ядролық арсеналдан бас тартты. АҚШ-та сіздердің Президенттеріңіз танымал адам және оны құрметтейді.
Мелиса Холмс, қазіргі саяси ахуалдар және басқару саласындағы сарапшысы:
— 1991 жылы Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Семей полигонын жабуын тағы бір еске алатын болсақ, бұл шешімнің адамзат тарихы үшін қаншалықты зор маңызы болғанын енді ғана түсінуге болатын сияқты. Н.Назарбаев осы шешімі арқылы тек өз елінің ғана тұрақты дамуына негіз салып берген жоқ, ол сондай-ақ аймақтық және халықаралық деңгейдегі қауіпсіздікке ықпал етті. Өткен жылы Қазақстан ЕҚЫҰ-ның төрағасы болды, бұл Қазақстан Президентінің еңбегінің арқасында болды деп ойлаймын.
Дженнифер Чи, мәдениеттанушы:
— Қазақстанның экономикалық даму көрсеткіштері өте жоғары. Өте тұрақты экономика қалыптастырып үлгерді деп ойлаймын. Қазақстанның модернизациясы анық сезіліп тұрады, әсіресе Астананың. Қазақстан ХХІ ғасырдың рухына сай келетін, ашық әрі заманауи мемлекет.
Ник Аквилана, Невададағы ядролық сынақтар полигонының энергетикалық бөлімінің экс-менеджері:
— Мен 1962 жылы невадалық полигонда жұмыс істеп бастадым, 1987-1994 жылдар арасында энергетика департаментінің менеджері болдым. Біз сол сынақтарды жүзеге асырушылар едік. Ол кезде ядролық саясат тек тұрақтылықты сақтап қалушы құрал ретінде ғана қызмет атқарды. АҚШ ядролық арсеналын жетілдіре отырып, бұрынғы Кеңес Одағын тежесе, өз кезегінде Мәскеу Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін қалыптасқан балансты Вашингтонның бұзбауын қамтамасыз етті. Қазір енді басқа кезек. Енді Қазақстан Президентінің ұсынып отырған ядролық қарусыз әлем концепциясы маңызды. Ал жалпы өзім, адамзат баласы ядролық қаруды мүлде ойлап таппағанын қалар едім. Дегенмен мұндай қару жасалып қойған соң, онымен күресудің жолдарын іздеу керек. Дегенмен ядролық қарусыздану саясаты, оның ішіндегі Қазақстан көтерген бастамалар жүзеге асып, түбінде әлем ядролық қарулардан азат болады деп ойлаймын.