Постиндустриялды, қала берді ақпараттық қоғамда азаматтар арасындағы қарым-қатынасты реттеу күрделі, өзекті жайтқа айналды. Қоғамдық қатынастарды үйлестірудің бір жолы ретінде гендерлік теңдікті бетке ұстаушылар белсенді күшке айнала бастады. Азаматтық қоғам институттары белсенді болған сайын гендерлік саясаттың қазаны қайнай түспек. Бұл арада әйел затының мәртебесі жыныстық ерекшелік тұрғыдан емес, әлеуметтік-саяси тұрғыдан қайта қаралады. Осы арада сырттан кимелеп келген гендер мен ұлттық дәстүр қалай қабысады деген мәселе туындайды.
Материалдық қажеттіліктерін толықтай қанағаттандырған Батыс қоғамы ажырасу, түсік тастау, ойын-сауық, құмарлық сияқты рухани кеселдерден құтыла алмады. Батыс әйелдерінің көпшілігі бақытты отбасы, бала сүюден емес, мансап қуудан, қалаған кезде нақсүйер мен көңіл қосып жүрер саяқ өмірден іздейді екен. Әйел еркіндігіне мол мүмкіндік берген сайын дәстүрлі отбасының іргесі сөгіле бастады. Әйел құқын желеу еткен феминистік қозғалыстар әлеуметтік теңдікті былай қойып, саяси билікті талап етті. Швеция, Норвегия, Финляндия, Дания, Нидерланды елдерінде нәзікжандылардың саяси билікке қол жеткізгені мәлім. Батыс жұртшылығы үбірлі-шүбірлі болуға ұмтылмаған соң, азғындық қоғамды жайлап, арты демографиялық тоқырауға душар етті. Әйел-ер теңдігіне негізделген гендерлік саясат ішінара әлеуметтік салада болмаса, Батыс қоғамының басын қатырған мәселелерді түбегейлі шешіп бере алған жоқ. Гендерлік теңдікті қамтамасыз ету — демократияның маңызды атрибуты. Сондықтан өркениетті ел болуды бағдар тұтқан Қазақстан гендерлік стратегиядан айналып өте алмайды.
Керек дерек:
Бүгінде 3,5 миллионнан астам әйелдер кәсіпкерлік салада қызмет етіп жүр. Шағын кәсіпорындарда қызмет ететін әйелдер 34 пайыз болса, фермерлік қожалықтарға иелік ететіндер 10 пайызды құрап отыр.
Әйел қауымының азаматтық құқықтары мен әлеуметтік теңдігін қайта қарау мәселесі өз кезегінде демократиялық қағидалармен сай келіп жатты. Алайда Батыстан жеткен асау гендерлік теңдік идеясы отаршылдықтың кесірінен төл дәстүрін темірқазық ете алмай отырған қазақтың ұлттық дүниетанымын мансұқтамай ма? Гендер теңдіктің ер-азаматпен онсыз да құқы тең қазақ әйеліне қажеті қанша? Қазан төңкерісіне дейін дәстүрлі қазақ қоғамында гендерлік теңсіздік деген мәселе болмапты, ал жесір дауы, қалыңмал мәселесі ата жолымен өз орайын тапқаны даусыз. Сол заманда аталарымызға үшінші, төртінші боп тиген әжелеріміз «бізге теңдік жоқ, гендер керек» демепті. Әжелерімізді ауылауыл қып отырғызып, үрім-бұтағын өргізген жарықтық аталарымыздың шаңырағынан шу шығармай, гендерлік саясатты шебер үйлестіргеніне таң қалмасқа шара жоқ. Кеңес өкіметі кезінде әйел теңдігі орнады, әйел қауымы қоғамдық-саяси жұмыстарға белсене араласты. Қазақ әйелдері арасынан талай «Раушан – коммунистер» шықты. Алайда Кеңес өкіметі табиғатынан нәзік әйел затын ерлермен бірдей қара жұмыстарға жегіп қойды. Қатал нарық заманы туған соң қазақ әйелі базарға шықты, пойызбен мыңдаған шақырым тауар тасыды. Тұрақты жұмысы болмай, ер-азаматтары ішкілікке салынып кетсе де, қазақ әйелі бар ауыртпалықты көтере білді.
Пір пікір:
Ақтолқын ҚҰЛСАРИЕВА, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ профессоры, мәдениеттанушы:
– Гендерлік саясат дәстүрлі санамен қабыспайды. Қабысуы мүмкін де емес, өйткені дәстүрлі сана түгелдей дерлік патриархаттық сана. Бірақ дәл осы жерде қазақтың бүгінгі қоғамы қатып қалған дәстүрлі қоғам деп кім айтты сіздерге? Рас, қазақ халқы ежелден ұл бала мен қыз баланың еңбек тәрбиесін бөліп қараған. Дәстүрлі мәдениетке үйлесімді құндылықтарға сай, қазақтар ұлды мал бағуға, отын шабуға, қолөнер шеберлігіне, мал табуға, отбасын асырауға, ал қыз баланы ас пісіруге, кесте тігуге, өрмек тоқу сияқты үй ішінің ішкі жұмыстарына баулып отырған.
Қазіргі ғылым-білім, техника, технология, бұқаралық ақпараттық құралдар кәсіби мамандану заманында бастапқы еркек пен әйелдің табиғи жаратылыс ерекшеліктерін ескерген патриархаттық еңбек бөлінісі де күрт өзгерістерге ұшырап отыр. Қазір де атам заманнан ер ісі болып есептелетін салада әйелдердің саны артып келе жатқандығын кім де болса мойындайды. Енді өздеріңіз қараңыздар – көлікті де жүргізу, ұшақты да басқару, тіпті ғарыш кеңістігіне де жол тарту әйелдер үшін қиял емес, шындық қой?! "Гендер" деген бір ауыз сөз айтылса болды, еркектердің құқына қол сұғылып, оларды әйелдер тұғырынан тайдырардай орынсыз өре түрегелу біздің қоғамда әлі де болса кездеседі. Гендерлік ізденістер тұрпайы түрде әйелді еркекке теңестіру үшін күрес қозғалысы сияқты қабылданады, сөйтіп оның мүмкін еместігі жайында, жаратылыстан берілген өзгешеліктер барлығы жайында әңгіме басталады. Ол — артық әңгіме. Ол – біздің жаратылысымыз, одан ешкім қашып құтылмайды
Гендерлік саясат – елдің демократиялануының бір тетігі. Адами парасаттылыққа салып, соның қазіргі заман төрінде жөн еместігін түсініп, әйелге қырын бермей, оның бойынан аспазшы мен кір жуғыштан бөлек тұлғалық қасиеттерді құрметтейтін заман туды деп білемін.
Өкінішке қарай, отбасындағы ата-әже, әке рөлін жоғалтып бара жатқандаймыз. Басқасы басқа, кішкентайымызда «кімнің баласысың?» десе, «атаның баласымын» деп жауап қайтаратын заманда өскен буынбыз. Қазіргі ұрпақ ата-әже түгілі, әке тәрбиесінен алшақтап бара жатыр. Әкесі баласының үйіне баруға, баласы әкесінің үйіне баруға рұқсат сұрайтын халге жетті. Осындай ахуалды гендер шешіп бере ме? Отбасылардың бір күнде ажырасып жатуы, тастанды балалар тағдыры, бұқаралық мәдениеттің келеңсіздіктерінің бәрі дәстүрсіздіктен, рухани діңгегімізден айрылғандықтан туындап жатқан жоқ па? Қазақ дәстүрін жаңғырта алмай жатқанда кимелеп келген гендер деп басқа пәле тілеп жүрмейміз бе? Гендер демекші, «2006-2016 жылдарға арналған гендерлік теңдік стратегиясында» гендерлік саясат – ерлер мен әйелдердің билік құрылымдарына теңгерімді қатысуына қол жеткізу деп жазылыпты.
Саясиланған гендердің кемшіліктері:
Біріншіден, ерлерден оқшауланған (автономды), кейбір жағдайда қарама-қайшы бағытта бірлесу мен ұйымдасу әрекеттері;
Екіншіден, оларды шетелдік әсірефеминистік ұйымдардың ықпалы мен қаржыландыру ықтималдығы;
Үшіншіден, дәстүрлі отбасылық міндеттер мен моральдық-этикалық қағидалардан алшақтауы.
Болмысы Батысқа мүлде ұқсамайтын нәзік қазақ әйелінің көбі саясатпен айналысуды қош көрмейді. Сондай-ақ стратегияда «Үй еңбегі – әйелдердің үй шаруашылығын ұстап-күту жөніндегі ақысы төленбейтін, сандық баламасы мен әлеуметтік тұрғыдан мойындалған мәні жоқ қызметі (үй жинау, кір жуу, тамақ дайындау және т.б.). Үй ішілік міндеттердің тең бөлінбеуі әйелдерді кемсіту нысандарының бірі болып табылады», — деп жазылыпты. Бұл тұжырым өмір шындығынан алыс жатқан сияқты. Қазақ әйелінің үй-тұрмыстық жағынан рөлі орасан екендігіне ешкімнің дауы жоқ. Сол сияқты гендерлік стратегияда «Әйелдердің саясатқа қатысуы еркектермен лайықты бәсекелестікті құрап, елдегі істің жағдайының жақсаруына ықпал етеді» делінген. Қазақ қоғамында ер-азаматтармен бәсекеге түсіп, әйелдік ұстанымын саясаттандырудың не қажеті бар? Сондықтан келтірілген тұжырымдарда жаңсақтық жатқан сияқты.
Ой-тұжырым
Қазақстанда гендерлік теңдікті саясиландыруға болмайтыны анық. Әлбетте, әлеуметтік, отбасылық өмірде қордаланған мәселе бар. Дегенмен гендерді сырттан әкеліп жаңалық ашудың қажеті жоқ. Әр қазақ әйелі өзінің өмірлік міндетін, қазақы болмысын тапса, ұлттың шынайы менталитеті қалыптасар еді. Осындайда біз күнде дауласатын гендердің қажеті болмай қалады.