Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев бірқатар шет мемлекеттердің елімізге жаңадан тағайындалған төтенше және өкілетті елшілерінен сенім грамоталарын қабылдады. Олардың ішінде Австрия, Румыния, Вьетнам, Грузия, Испания, Нидерланды және Түркия елдерінің дипломаттары бар. Осыған орай Ақордада өткен салтанатты шарада Мемлекет басшысы сөз сөйлеп, аталған мемлекеттермен әріптестік байланыстардың басты бағыттары жайында айтып берді.
Президент өз сөзін Түркиядан бастады. Оның да өзіндік астары бар. Бұл мемлекет алғашқылардың бірі болып Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындаған еді. Содан бері екі ел арасындағы саяси-экономикалық байланыстар нығайып, өзара сауда-саттық молая түсті. Соңғы жылдары қазақ-түрік ынтымақтастығының жоспары қабылданып, стратегиялық әріптестік туралы келісімшартқа қол қойылды. «Ендігі кезекте екіжақты ынтымақтастық сауда-экономикалық және инвестициялық арнада дамуы тиіс. Оған Түркияның премьер-министрі Реджеп Ердоғанның Қазақстанға жасаған сапары барысында рәсімделген «Жаңа синергия» атты бірлескен бағдарламасы өз септігін тигізеді. Менің Түркия Республикасына жасайтын сапарым да сәтті өтеді деген ойдамын», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Қазақстан Испаниямен де стратегиялық әріптестік туралы келісімшартты рәсімдеген. Президенттің айтуынша, осы елмен экономиканың шикізаттық емес секторында, әсіресе, технологиялар мен инновациялар трансферті саласында тығыз байланыстар жүргізу аса маңызды. Оның бәрін 2013 жылы Қазақстанға іссапармен келетін Испанияның королі Хуан Карлос I және премьер-министр Мариано Рахоямен талқылау жоспарланып отыр.
Ал Австрияға Елбасының биыл жолы түспек. «Біз инновациялар саласында бірлесіп жұмыс істеуге мүдделіміз. Бүгінде Австрия Қазақстанның жетекші сауда әріптестерінің ішінде жетінші орында тұр. Өткен жылы екіжақты сауда айналымы 49 пайызға артып, 4 млрд доллардан асты. Биыл қазан айында Венада өтетін менің ресми сапарым біздің бұл әріптестікке жаңаша серпін береді деп санаймын», – деді Мемлекет басшысы.
Нидерланды болса, өткен жылы Қазақстанмен 7 млрд долларға жуық сауда-саттық жасапты. Бұл елдің де озық технологиялары мен инновациялары көп. Оның трансфертін «Қазақстан-Бенилюкс» іскерлік кеңесі жасай алады деген сенім бар.
Соңғы жылдары Румыния да Қазақстанның стратегиялық әріптесіне айналып келеді. Әсіресе қазақстандық мұнайды Еуропаға жеткізу бойынша біздің ортақ инвестициялық жобамызды ерекше атап өткен жөн. «ҚазМұнайГаз» компаниясы Румыниядағы «Ромпетрол» холдингінің 100 пайыз акциясын сатып алғаннан кейін «қара алтынымызды» Еуропаға жеткізіп қана қоймай, сол жерде өңдеуге мүмкіндік туды. Осы орайда Грузия елін атап өтпеске болмайды. Бүгінде Батуми порты арқылы Қазақстанның мұнайы арнайы танкерлермен Еуропаға, оның ішінде Румыниядағы «Ромпетролға» да тасымалданады. Ал Қара теңіздің жағасында орналасқан Батуми портының өзін біз ұзақ жылға жалдап алдық. Грузиямен тығыз байланыстарымыздың басты бағыты да – осы.
Вьетнаммен арадағы сауда-саттық пен саяси әріптестікті бізге әлі де дамыту қажет. «Өткен жылы менің Ханойға жасаған ресми сапарым екіжақты байланыстардың мүмкіндігі мол екендігін көрсетті. Өзара сауда-саттықтың оң үрдістерін сақтай білу маңызды. Біз сауда-экономикалық және инвестициялық әлеуетімізді дұрыс пайдалануымыз қажет. Осы орайда біз Вьетнам Социалистік Республикасының президенті Чыонг Тан Шангының Қазақстанға жасайтын мемлекеттік сапарына үлкен үмітпен қараймыз», – деп атап көрсетті Н.Назарбаев.
Омер Бурхан ТҮЗЕЛ, Түркия Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Бүгінде Қазақстан мен Түркия арасындағы әріптестік байланыстар стратегиялық маңызға ие. Біздіңше, биыл екіжақты сауда айналымы 4,5 млрд доллардан асады. Бірақ оның өзі біз үшін аз. Мен бұл көрсеткішті арттыруға бар күш-жігерімді саламын.
Николае УРЕКЕ, Румыния Республикасының Қазақстандағы төтенше және өкілетті елшісі:
– Шынын айту керек, екі елдің байланыстарының даму деңгейі тамаша. Бүгінде Қазақстан біздің басты инвесторларымыздың бірі болып саналады. Келесі жылы Қазақстанның Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Румынияға жасайтын сапары қазіргі әріптестікті күшейте түседі деп білемін.
Елдестірмек елшіден...
Последние статьи автора