Екі Корея бейбіт келісімге қол жеткізген атақты Панмунджом
Әлем таныған Панмунджом – екі Корей елінің 1953 жылы 27 шілде күні бейбіт келісімге қол жеткізген жері. Пажу қаласында орналасқан жерді әлемдік дипломатия мамандарының бәрі біледі. Әйгілі қалашық Сеулден шекараға дейін 40 шақырым жерде тұрса, Пхеньян Панмунджомнан 200 шақырым жерде. Оған жарты сағатта жетіп бардық. Әскери тілмен айтқанда, демилитаризацияланған аймақта орналасқан бұл жер біреуге үрей, біреуге үлкен әсер қалдырады. Панмунджомға барар алдында бір күн бұрын қалай киініп бару керектігі туралы Панмунджомнан хабар түсті. Әйел адамдарға ашық-шашық киінуге және тәпішке сияқты киім киюге тыйым салынған. Ер адамдарға шорты киюге және тәпішкемен баруға болмайды. Егер бұл талапты орындамасаң кіре алмайсың. Әскери тәртіп солай және күнделікті өмірдегі жеңіл ойлаушылық кездеспейді. Ең бастысы, шекара қорғап тұрғандардың ойы бөлінбеуі керек. Осындай шекараға тәуекелге бел буып қана баруға болады. Сірә, бұл жерге табаны тиген қазақ баласы кемде-кем шығар.
Панмунджомның шекарасына тақағанда Имджин өзенін бойлай әскери адамдар мен дзоттар орналасқан. Ол өзен солтүстіктен ағып келетіндіктен, оның бойының бәрі қоршалып, адам баласы аттап өте алмайтындай бақыланады. Панмунджомқа кірерде төлқұжат тексеріп, әскери адам көлікке бірге отырады. Кіріп-шыққанша рұқсатсыз суретке түсіру жоқ. Түсіруге болатын жерде ғана суретке түсіре аласыз. Панмунджомның айналасының бәрі әскери техника. Маңайы темір тормен қоршалған, миналанып тасталған, бағандар мен бетондар орнатылған. Бақылау күшті. Ол жерде тек Оңтүстік Корей әскері ғана емес, Американың әскері де бірге орналасқан. Бәрі ағылшын тілінде сөйлеседі. Панмунджом қалашығына кірген соң арнайы ғимаратқа кіргізіп, онда Панмунджомның қалай орналасқандығы туралы түсіндіріледі. Әрі сол жерде келісімге қол қоясың. Егер бір жағдай болса, өз еркіммен бардым деп жазасың. Әйтпесе бара алмайсың. Одан басқа ең бір қызық жағдай – екі елдің туы тігілген бағананың биіктігі. Солтүстіктің туы Панмунджомға тақағанда алыстан көрінді. Оның жерден биіктігі – 160 метр. Оңтүстіктің туы жерден 100 метр жерде орнатылған. Солтүстіктің туының биіктігінен және тот басқан темірінен оның социалистік сарқыншақты байқауға болады. Бұл да болса екі елдің екі түрлі даму жолында тұрғанын меңзейді.
Панмунджомда бір қабатты жертөле көк үйлер бар. Олар үшеу. Оларды жағалай тағы да бірнеше ғимарат бар. Бірақ үш көк үйдің ортасындағысына барып кіру үлке әсер қалдырады. Оған бармас бұрын соның алдында оған қарама-қарсы орналасқан ғимараттың баспалдағында тұрып, солтүстік жақты суретке түсірдік. Солтүстіктің ғимаратының алдында әскерлер ерсілі- қарсылы өтіп, бақылап жүр. Кеңестік киім үлгісіндегі бір сарбаз денесімен біз жаққа бұрылды. Мен суретке түсіре бастап едім, қолындағы дүрбімен мен тұрған жақты сүзіп шықты. Мен суретті түсіріп болған соң дүрбісін түсіріп, беліндегі қаруына қолын апарды. Иә, елу-алпыс метр жерде тұрған солтүстіктің сарбазының қимылы мен шекараның ар жағындағы тым-тырыс тіршілік көп жайды аңғартты. Бер жағындағы оңтүстіктің сарбаздары солтүстіктің сарбаздарының қимылын біз суретке түсірген сайын бақылап тұрды. Одан кейін көк үйге кіріп, оның ішінде бір кезде, 1953 жылы 27 шілдеде Корей соғысы аяқталып, бейбіт бітімге қол қойылған үстелдерді тамашаладық. Олардың қасында екі солдат тұр. Бірі БҰҰ-ның туы тұрған үстедің жанында тұр. Жұдырығын түйіп, қаққан қазықтай маникен секілді тапжылмай, демсіз тұрған сарбаз бір ауыз тіл қатпайды. Көзінде қара көзілдірік. Байқағаным, Панмунджомның барлық әскери сарбазы қара көзілдірік тағады. Әрі сырттан келген адамдармен сөйлеспейді. Олардың сөйлеспеуі мен көзін жасыруы қызметтік талап болар. Үстелдің қасында тұратын сарбаздардың қасында суретке түсіп, әлгі бейбіт келісім жасалған үстелдерге қарап, өткен тарихқа ой жүгірттік. Соғысты аяқтаған жердің қашан бірігуге қосар үлесі қомақты болар деген көкейде сұрақ бар. Кино мен теледидардан және кітаптан оқыған дүниені көзіңмен көру мүлдем басқа. Сен әлгі көк үйдің ішін аралап жүргенде сыртта оқ атылып, соғыс басталып кетсе онда ол үйден шығып, қауіпсіз жерге жасырыну қиындау болады. Көк үйлердің арасы ашық. Бер жағында оңтүстіктің сарбаздары, ар жағында солтүстіктің сарбаздары бір-біріне қарап тұрады. Солтүстіктің сарбаздары көзілдіріксіз жүреді. Көк үйлердің арасынан екі елдің делегациялары кейде өтіп, келісім жасап жатады. Көбіне екі Кореяны біріктіру және Корей мәселесі мен соғыста көз жазып қалған отбасыларды табыстыру туралы мәселелерді Панмунджомдағы осы бір қабатты көк үйдің ішінде талқылайды. Осындай бейбіт бітім жасалынған жерге табаның тигенде, әлемдік бейбітшіліктің қаншалықты маңызды екенін жүрегіңмен сезінесің. Қос Кореяның өмірінде маңызды орын алатын Панмунджом халықты екіге бөлген атақты отыз сегізінші параллель мен Панмунджом қалашығы қос Кореяның өмірінде ұлы бірігуді қалыптастыра алатын уақытты күтіп жатқандай әсер қалдырды. Бейбіт бітім болған жерде бірігу келісіміне қол қойылсын деген тілекпен Сеулге қарай бет алдық. Жол-жөнекей екі елдің арасында бір кезде болған теміржол мен көпірге бардық. Ол қазір жабулы тұр. Бұрын екі елдің арасында жүрген ескі пойыз бұл күнде туристердің қызықтайтын тарихи дүниесі. Әлгі көпір ашылып, екі елдің арасында пойыз емес, береке мен бірлік жүрсін деген ой келді.
Дастан АҚАШ, мемлекеттік және жергілікті басқару саласының маманы Сеул, Оңтүстік Корея елінен