ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Жас Отан» съезінде: «Біз – көшпенділердің ұрпағымыз, ат үстінде жүрген елміз. Ержүрек халықтың жалғасымыз», – деген болатын. Осы сөзі арқылы Елбасымыз халқымыздың дана, еліміздің кең, жеріміздің дарқан екендігін жастардың есіне салып, осыны бағалауға шақырғандай. Мұны ел ертеңін өскелең ұрпаққа сеніп тапсырып, оларға үміт артқаны деп білемін. Өйткені Ұлт көшбасшысы сонау қиын-қыстау заманның өзінде ел жастарын «алтын қор» деп бағалап, білім алып, маман атануына барлық жағдайды жасай білді. Бүгінгі жастарымыз – сол Тәуелсіздік таңы атқан тұста себілген дәндер. Қазір ол дәндер өсіп-өркендеп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді.
Әу басында аға буынның көкейінде «Қазақстанның болашағы қандай болмақ? Жас ұрпақ біздің осы аманатты орындай ала ма?» деген сұрақ болғаны рас. Десек те, осы күмәннен арылар сәт келді. Өйткені бүгінгі жас ұрпақ – қазақстандықтардың азаттық рухында тәрбиеленген, болашағына нық сеніммен қарайтын жаңа буын. Бүгінгі ұрпақ – Тәуелсіздіктің ұрпағы. Олар қиын-қыстау заманды басынан өткізбесе де, тарихты құрметтеп, өткенді бағалай біледі. Меніңше, тәуелсіз, бейбіт елдің ұландары – жан-жақты білім алып, ақпараттық технологияларды, көптеген тілдерді меңгерген. Батыл әрі жігерлі олардың жаңалыққа деген құлшынысы мол, ұмтылысы биік. Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңында құрылған «Жас Ұланның» мүшелерін Елбасының өзі салтанатты түрде қабылдап, төсбелгілерін тағуы, «Жас Ұлан» туын тапсырып, сенім білдіруі осының айғағы. Қазіргі кезде бүкіл мемлекетіміздегі 700 000 жасұландық Елбасы сеніп тапсырған жауапкершілікті сезінеді. Бұл орайда Елбасымыздың жастарға үлгі болып қана қоймай, жеткіншектердің жүрегіне жоғары амбиция, сенімділік, «қазіргі заманғы қазақстандық» образын ұялатып отырғанын айта кеткен жөн. Яғни Қазақстанның жас азаматы қандай болу керек екенін өзінің өмірлік ұстанымы арқылы көрсете білді.
Елбасының жастар алдында айтқан әрбір сөзі – ұлағат. Мысалы, «Білім қоғамы жолында» атты актілік дәрісі бізді жаңа ізденіс, жаңа идеяларға бастады. Біз секілді азаматтардың өз саласында жаңалық ашуына түрткі болды. «Жалпыға ортақ еңбек қоғамына – 20 қадам» атты мақаласы арқылы әрбір жас ұлы істерге бармай-ақ, күнделікті нәтижелі жұмыспен ел дамуына өз үлесін қосуға болатынын тілге тиек етті. Осындай сенім білдірген жастар «Арман! Еңбек! Сенім!» ұранын алға қойып, алда талай биіктерді бағындырары хақ. Себебі «Жас Отан» бүгінгі ел игілігіне қызмет етіп жүрген көшбасшыларды ұшырған ұя болса, «Жас Ұлан» болашақ Қазақстанның келбетін жасайтын азаматтарды тәрбиелейді деп білеміз. Бұл орайда бабалар аманаты – ұрпақтар сабақтастығы, тіл мен діл, тарих пен мәдениет, білім мен еңбек, адалдық пен ізгілік жас ұландарымыздың басты сақтайтын құндылықтары болмақ. Елбасымыз бір сөзінде: «Бақ-дәулет, барша игілік адамның өз қолымен жасалады. Өз Отаның – бұл дүниедегі жәннатың мен шуағың. Сондықтан білімдерің мен қайрат-жігерлеріңді өз елдеріңнің мүддесіне жұмсаңдар», – деген еді. Меніңше, бұл сөздер – мен сияқты әрбір жастың өмірлік ұстанымы.
Нәзира Бөлтірікова, Республикалық «Жас Ұлан» бірыңғай балалар мен жасөспірімдер ұйымы» төрайымы
Бүгінгі ұрпақ – Тәуелсіздіктің ұрпағы
Последние статьи автора