Біз көтерген саммит сынды да көтереді
Кеше Алматыда Қазақстан Президентінің жанындағы стратегиялық зерттеулер институты (ҚСЗИ) мен Философия және саясаттану институты «Астанадағы ЕҚЫҰ саммиті: гуманитарлық ынтымақтастықты кеңейту» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді.
Отырыста негізінен ЕҚЫҰ-ның «үшінші себеті» шеңберіндегі міндеттер, яғни гуманитарлық ынтымақтастық мәселелерін шешу жолдары сөз болып, қазақстандық жетекші сарапшылар еуразиялық кеңістіктегі конфессияаралық қарым-қатынас, саяси модернизация, гендерлік даму секілді бірқатар тақырыптың басын шолды. Егер еуропалық қауіпсіздікті көздейтін ұйым осы уақытқа дейін еуроатлантикалық вектордың төңірегінде жұмыс істесе, Қазақстан Президентінің ұсынысымен дипломатиялық құжаттарда «еуроатлантикалық» және «еуразиялық» деген тіркестер пайда болды.
Жиында арнайы баяндама жасаған ҚСЗИ басшысы Болат Сұлтанов қазір саммиттің күн тәртібін әзірлеу жұмысы қарқынды жүргізіліп жатқанын, оған ЕҚЫҰ-ның «үш себеті» – қауіпсіздікті қамтамасыз ету, экономикалық даму мен адам өлшемі мәселелері қосылғанын атап өтті. Ол ұйым мүшелері тарапынан «үшінші себет» мәселелеріне бірқатар мін тағылуы мүмкін деген ойын білдірді. ЕҚЫҰ-ға мүшелікке енген кез келген мемлекет өз территориясында аталған ұйым қоятын талаптардың қатарында «үшінші себетті», яғни азаматтардың нәсілі мен діни көзқарасына, тұрмыстық жағдайына қарамастан, барлығының құқығы мен бостандығын қамтамасыз етуге уәде еткен. ЕҚЫҰ төрағалығына Қазақстан келгенге дейін Еуропа елдері негізінен осы «үшінші себетті» басты ұстаным ретінде қарастырып келді. ҚСЗИ директоры Болат Сұлтановтың айтуынша, Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығынан кейін «үшінші себет» ұйымның ең негізгі ұстанымы бола алмайды. Соған қарамастан, ол ЕҚЫҰ-ның маңызды талаптарының бірі болып қала береді. Мысалы, ЕҚЫҰ-ның жанында үш мекеменің (Адам құқығы мен демократиялық институттар жөніндегі бюро, Азшылық ұлттар жөніндегі Жоғарғы комиссар және Бостандық жөніндегі өкіл) үшеуі де осы «үшінші себеттің» ұстанымдарымен айналысады. Болат Сұлтанов ЕҚЫҰ-ның ұстанымдары қазақстандық көзқарасқа салмақ болғанын, Елбасы ұсынған «төрт Т» ішінен «дәстүр» деген ұғымның да аса маңызды бағыт екенін тілге тиек етті. Оның айтуынша, Қазақстандағы жағдайда өзге ұлт өкілдерінің тілі мен дәстүріне нұқсан келтірместен, қазақ этносының дәстүр танымын негізге алу қажет. «Себебі Қазақстан мемлекеті тарихи тұрғыдағы қазақ жерінде құрылып жатыр. Оның үстіне еліміздегі соңғы халық санағы анықтап көрсеткендей, Қазақстандағы ұлт өкілдерінің үлес салмағы уақыт өткен сайын қазақтардың ығына қарай жығылуда. Мұны тіпті этнолингвистикалық құбылыстардан-ақ оңай байқауға болады». Философия және саясаттану институтының директоры Әбдімәлік Нысанбаев Қазақстанның ЕҚЫҰ-дағы төрағалығы тек біздің ел үшін емес, Орталық Азия және ТМД елдерінің позиция нығайтуына себеп болғанына сенімді. «Бұған Украина, Әзірбайжан, Қырғызстан елдеріндегі сайлаулар мысал бола алады. Себебі бұл саяси шараларды бақылау процесіне ТМД елдері де атсалысты».
ЕҚЫҰ-ның «үшінші себеті» баршаны теңестіре ме?
Бір қызығы, кешегі жиында ЕҚЫҰ-ның «үшінші себеті» негізгі тақырыпқа айналғанымен, баяндамашылардың көпшілігі оның абстрактілі талап екенін жеткізуге талпынды. Болат Сұлтанов өзге аймақтарға адам құқықтары жөніндегі өз ұстанымдарын таңып отырған Еуропа елдерінде де келеңсіз саяси шешімдер қабылданып жатқанын айтады: «Басқаны былай қойғанда, Еуроодақтың толыққанды мүшесі болып табылатын Румыния мен Болгарияның азаматтарын Франция әкімшілігі ұлтына қарай бөліп жатыр ғой, жуырда ғана ондаған мың сығанды елден күштеп шығарып тастады. Бұл жағдай нәсілге бөлу емей немене?! Сонда еуропалықтар төбесіне көтеретін «адам құқығы» атты ұстаным қайда қалды?! Немесе Швейцарияда мұсылман мешіттерін тұрғызуға тыйым салынды. Сонда Швейцарияға ақша салуға, сол арқылы игілік әкелуге рұқсат, ал идея апаруға рұқсат жоқ па? Қысқасы, әлемдегі кез келген елден осындай үлкен кемшіліктер табуға болады. Сондықтан ЕҚЫҰ-ның мақсаты базбір елдің кемшілігін тауып алып, оған төбесінен идеология таңу болмауы керек. Меніңше, біз келіспейтін нүктелерге емес, керісінше көзқарастарымыз ортақ болатын мәселелерге назар аударуымыз керек. Ал кемшіліктер айтылмай қалмайды». ЕҚЫҰ-дағы гендерлік мәселені тақырып еткен профессор Зарина Шаукенова да «үшінші себеттің» барлық елдерге бірдей негізгі ұстаным бола алмайтынына келісті. Мысалы, гендер мәселесі жаппай негізге алынып жатқанда, кейбір елдерде әйелдер емес, ерлер мәселесі көбірек ушығып тұр. «Мысалы, Қазақстанда ерлердің өмір жасы салыстырмалы түрде өте қысқа болып тұр. Немесе ер мен әйел ажырасқанда біздегі ер адамдар көп жағдайда өз балаларына қол жеткізе алмайды. Осы секілді ерлердің проблемасы да жеткілікті» дегенді айтып, әлемдегі, әр аймақтағы жағдай әртүрлі екенін және оның шешімі де әртүрлі болатынын тілге тиек етті.
Саммитке қатысты сындардың салмағы бар ма?
Отырыс ортасында Болат Сұлтанов өзінің қазақстандық БАҚ-қа деген базынасын жеткізді. «Қазақстандық журналистердің көпшілігі Астанадағы саммитті біресе «пиар үшін жасалып жатқан шара, оған көп ақша құйылды» деп, біресе «бұл шара астаналықтарға ыңғайсыздық орнатып жатыр» деп сынға алады. «Меніңше, бұл — тырнақ астынан кір іздеу. Әрине, келісемін, бұл – бір жағынан, елімізге пиар үшін жасалып жатқан шара. Оның несі дұрыс емес?! Адам кез келген іске қаржы салғанда оның қайтарымы қалай боларын ойлайды. Бүгін еліміз осы іске азды-көпті қаржы салып жатқан болса, ертең сол шарадан кейін-ақ елімізге салынатын инвестицияның көлемі күрт арта бастайды. Сол кезде салынған қаржы қайтарымын табады ғой. Мысалы, экономикалық, саяси алып Қытай мемлекеті өткен жылы өзінде олимпиадалық ойындарды өткізді, әрине, өзіне пиар жасау үшін. Ендеше, Қытайдың өзі пиарға аса мұқтаж болып отырса, Қазақстанға ол керек емес пе?! Қысқасы, Қазақстан басшылығы Астана саммитіне қатысты сындардан қорықпауы керек», — деген. ҚСЗИ басшысы «Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төраға болуы — үлкен жетістік, осы арқылы Қазақстан әлемге танылды» деп есептейді. «Қазақстанға қатысты көзқарас революциялық түрде өзгерді: біз өзімізді еуразиялық мемлекет ретінде сезінеміз», – деді Б.Сұлтанов.