Билік – оппозиция – 5:0

Билік – оппозиция – 5:0

Оппозиция – демократиялық қоғамның ең маңызды нышандарының бірі. Оппозиция ұғымының негізгі мағынасы қарсы тұру болса да, елдегі билік пен саяси режимге балама күш болып қалыптасуы шарт. Сонда ғана мемлекеттегі азаматтық қоғам институттарының дамуы мен плюрализмді қалыптастыру үрдісі жеделдейді.
Оппозициядағы партия, қоғамдық ұйым болсын өздерінің қабылдаған бағ­дар­ламасы арқылы жұмыс істейді. Мыса­лы, саяси мәдениеті көпке үлгі болған АҚШ-тағы президент, конгресс сайлау­ла­рында демократтар мен республи­кашы­л­дар алма-кезек жеңіске жетіп, бір-біріне оппозиция болудың классикалық үлгісін қалыптастырды. Тасада тұрып тас атпайды. Жеңілісінің төркінін өз бағдарламалары мен атқарылған жұмыстарынан іздеуге ты­рысады. Сайлау кезінде өзін көрсете алмаған партиялар келесі науқанға дейін жұмысын тоқтатпай, көзқарастарының дұрыс екенін дәлелдеу жолында еңбек­тене­ді. Еліміздегі оппозиция маңызды сайлаулардан еш қалыс қалып көрген емес. Дегенмен де біздегі оппозиция қо­ғам­да өз орнын тауып, лайықты беделге ие бола алмай келеді. Оларға абырой әпермей отырған жайттар – біріншіден, идея­лары мен пікірлері ортақ іргелі пар­тия­лардың бір тудың астына біріге алмауы. Оның себебі саяси партия жетекшілерінің жекелеген амбицияларын жеңе алмауы­нан сияқты. Сенбі күні бірікпек болған оппозиция күбір әңгімеден әрі аса алмай тағы тарқасты. Екіншіден, билік тарапына бірауыздан сын айтқанмен, бағдарлама­лары әркелкі. Бұл жерде жоба-жоспар­ларының жүйесіздігі мен билікке балама құжаттарының жоқтығын айтып отырмыз.
Бойына осы екі кемшілігі қатып-семген оп­позицияның билікке қарсы әрекетін фут­бол ойынымен өрнектесек. Себебі оп­позиция 2007 жылғы сайлаудың алдын­да­ғы науқан кезінде кәнігі футболшылар сияқты түскен суретін таратып, «Парла­мент­­тің кубогы бізде» деген жарнамамен та­ласқа түскен еді. Стратегиялық және так­тикалық қателіктерден көз ашпаған оп­по­зиция командасы жеңілістерінің себебін өзінен емес, өзгеден іздеп әлек. Енді осы уа­қытқа дейін өткен «матчтардың» есеп­те­рі турасында...
Есеп ашылған сәт
Кез келген нәрсе өзінің берік бекіген іргетасына байланысты екенін есте ұстасақ, бүгінгі оппозицияның бұралаңқы жүрісінің түпкі себебін 2001 жылдан іздеу керек. Сырт көзге сыр бергісі келмегенмен, «Қа­зақ­стан демократиялық таңдауы» қозға­лысының ішкі бірлігінде ақаудың болғаны рас. Өйткені тура 4 айдан кейін атышулы қозғалыстан бөлінген бір топ саясаткерлер «ҚДТ-ны» құрбандыққа шалып, «Ақ жол» партиясын құруды құп көрді. Ал одан кейін де жолы оңғарыла қоймаған «Ақ ­жол» саяси партиясының ойын алаңына шығуы «жас түріктердің» қараша оқиға­сын халық санасынан ұмыттырып жіберді. Есеп: билік – оппозиция – 1:0.
Бір командаға – бес капитан
«Ақ жол» партиясы әу баста өзінің көп төрағасымен ерекшеленді. Саяси орта­да өзінің белсенділігімен көзге түскен пар­тияның көпшіліктің қолдауына ие болғаны жасырын емес. Тең төраға қызметі жемісті болғаннан кейін бұл партияға кейіннен бес бірдей басшы сайланды. Әлемнің еш­бір елінде бұған дейін бақандай бес же­тек­шісі бар саяси партия болған емес. Ақы­ры бесеудің басы «бір қазанға» сый­ма­ды. 2004 жылғы Парламент сайлауында ұлт, тіл мәселесін ұмыт қалдырған партия жеңілісті басқа жақтан іздеп, әуреге түсті. Ал бұл кезеңде ұлттық мәселелер «гол» соғып ұпай жинайтын тамаша мүмкіндік еді. Мәжілістегі бір орынға қырын қараған жетекшілер арасындағы кикілжің халық сенім артқан құрылымды құрдымға кетіріп тынды. Билік – оппозиция – 2:0.
Биліктің хет-тригі
2005 жылғы Президент сайлауына солшылдар «Әділетті Қазақстан үшін» қоз­ғалысының аясында ортақ күш ретінде қатысты. Бірақ бұл жолы да биліктің же­ңісіне өзінің сүбелі үлесін қосқан оппо­зиция кінәні биліктен іздеуге асықты. Өйткені олар халық алдында көзбояушы­лықпен «ӘҚҮ» аясында уақытша біріккен еді. Шыны керек, олардың Президенттік сайлауға әзірлеген бағдарламасы Мәжіліс депутаттығына түсетін кандидаттың жос­па­рының деңгейінде ғана болды. Стра­тегиялық қателіктерге бой алдырған оппо­зиция дауыстың бөлініп кеткенін аңғар­мады. Сайлау қорытындысы бойынша, «Ақ жол» партиясының жетекшісі үшінші орынға жайғасқан болатын. Ал бұл –2004 жылы оппозиция «қақпасына» соғылған «голдың» нәтижесі. Жоғарыда айтып өткен уақытша бірігу өз жемісін сайлау өткеннен кейін-ақ бере бастады. Қозғалыс төрағасы Жармахан Тұяқбай өз партиясын құрып, өзгелерден бөлек отау тікті. Радикалды «ақжолдықтар» 2006 жылдың көктемінде «Нағыз Ақ жол» партиясы болып, Әділет министрлігінен қайта тіркеуден өтті. Оппо­зицияның бас-басына би болып, партия құруға деген құлшыныстары халықтың оларға деген сенімін әлсірете түсті. Соны­мен, билік – оппозиция – 3:0.
Сен соқпасаң, саған соғады
Футболда шабуылдаумен қатар, қор­ғану да маңызды болып табылады. Ал оппо­зиция қорғанысты ұмытып, бірден ша­буылдауға көшкенді ұнатады. 2007 жылғы Парламент Мәжілісіне өткен сай­лау қарсаңында оппозиция белсенділері қайта күш біріктірді. Болат Әбілов бастаған либералдар Жармахан Тұяқбай жетекшілік еткен социал-демократтармен тізе қосса, Серікболсын Әбділдиннің Коммунистік партиясы сайлауға бойкот жариялап, оп­по­­зиция жанкүйерлерінің қатарын то­лық­тырды. Алайда олар билікті «қалпақпен ұрып» алатын бағдарлама жасай алмады. ЖСДП-ның ұлттық сайлауға ұсынған «Жа­ңа Қазақстан үшін» бағдарламасының «бісс­імілләсі» биліктегі азаматтардың әре­кет­терін қаралаудан басталып, құжат­тың со­ңына дейін кемшіліктерді тізбелеп өт­кен. Қара пиардан ұтылмаса, жеңіске жет­пей­тінін түсінетін уақыт жетсе де, оп­по­зи­ция әлі күнге дейін осындай қара­дүр­сін әрекеттерден аса алмай отырғаны – шын­дық. Билік – оппозиция – 4:0.
«Капитанның» қателігі
Еліміздегі оппозиция өкілдері өткен сенбіде бас біріктірмек ниетпен алқа-қотан жиын өткізді. Нәтиже жоқ. Сарап­шы­лардың пікірінше, біздің оппозиция бір партияның айналасына шоғырлана ал­ған емес және алдағы уақытта да бі­рікпейді. «Алдымен жүйені жеңейік, тиісті жағдайды орнатып алайық, сосын барып қана коммунистер, социалистер, либерал­дар болып бөліне беруге жол ашық»,– деген Тұяқбай мырзаның сөзі оппозиция «қақ­па­сының торын» тағы бір мәрте бүлк еткізді. «Осы мәселелерді шеше алмаса, неменесіне жиналған деп бізге барлығы күлетін болады» деген оппозиция белсен­ділері сенбідегі жиында тағы да бір жа­ғадан бас шығара алмады. Есесіне, сая­си таблодағы көрсеткіш ұлғая түсті. Қоры­тынды есеп – 5:0.

Ой-түйін
Футболда «автогол» деген ұғым бар, яғни ойыншының өз қақпасына абайсызда гол соғып алуы. Біз айтып өткен «голдардың» барлығы дерлік осы ұғымға жақын. Оппо­зиция билікке балама күш ретінде төменнен құрылуы тиіс. Ал билікке өкпелеп, оп­по­зицияға өткен экс-шенеуніктер өз ортасынан осы уақытқа дейін лайықты көшбасшы шығара алмай пұшайман болып, қарсыластар пай­да­сы үшін «автогол» соғып алып жүр. Оппозициялық партиялар мүшелері­мен кеңеспей, қосылып-ажырай бер­се, команда ретінде «жанкүйер­ле­рінен» де айырылып қалуы ғажап емес. Себебі бұл ойын 90 ми­нут­пен шектелмейді. Белгілі спорт коммента­торы Амангелді Сейітханның сөзімен айтқанда, «жеңісті күндерде жол­ық­қанша».

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста