Аты аңызға айналған спортшыларымыз қазақ киногерлерін неге қызықтырмайды?

©Алаш айнасы иллюстрациясы

Олимпиада кезеңінде саяси бойкот жариялаудан ешбір ел ұтқан емес. Оны тарихтың өзі дәлелдеп беріп отыр. Ал спортшылар үшін төрт жылда бір келетін мүмкіндікті жіберіп алу өліммен тең. Сондықтан «Алаш айнасы» газеті тарихқа көз жүгіртіп, аға спортшылардың саяси қысастыққа қатысты көзқарасын білуге, сондай-ақ КСРО-ның қатаң режиміне іліккен спортшылар туралы кезіндегі жабық тақырыптың бетін ашуға тырысады...
Тарихқа көз жүгіртсек, 1980 жылғы Мәскеудегі Олимпиада АҚШ-тағы президенттік сайлау науқанына тұспа-тұс келіп қалған. Осы ұрымтал сәтті пайдаланған сол кездегі АҚШ президенті Джимми Картер өзінің қас жауы КСРО-ны бойкотпен мұқатуды жөн көреді. Сөйтіп ол 1979 жылы Ауғанстанға совет әскерінің кіруіне қарсылық көрсетіп, көп дауыс жинаймын деп ойлайды. Бірақ одан Картер ұтқан жоқ, ойсырай ұтылды. Сол сайлауда Рональд Рейган жеңіске жетті. Өз кезегінде КСРО да бақталасын оңдырмай ойсырату мүмкіндігін құр жібермеді. Сөйтіп Мәскеуден кейінгі келесі Олимпиадаға – Лос-Анжелеске (1984 жылы) КСРО құрамы бармай қалды. Мұндай саяси шешім совет спортшыларының талайына ауыр соққы боп тиді, көбінің арман етіп күткен сындарлы сәтті саясат осылайша ұрлап кетті. Бәрінен бұрын, сол сайысқа жол тартпаған 400-ге жуық кеңес спортшыларының ішінде Қазақ КСР-нің өкілдері де бар-тын. Атап айтқанда, бокстан, еркін күрес пен грек-рим күресінен, су добынан, көгалдағы хоккейден, нысана көздеуден, ауыр атлетикадан, спорттық гимнастикадан, волейболдан, баскетболдан, жеңіл атлетикадан. Тіпті, КСРО футболының олимпиадалық құрамасы сапына да бір-екі жерлесіміз ілініп тұрған еді...
Осы жағынан алғанда, Лос Анжелестегі сайыста КСРО бақ сынағанда қазақтың олимпиада чемпиондарының қарасы қазіргіден де көбірек болар еді. Амал нешік?..
Сол кездегі жағдайды он шақты жыл бұрын күрзі жұдырықты ағамыз АСЫЛБЕК ҚИЛЫМОВ былай еске алған:
– Мен ұзын-қысқасы 15 халықаралық турнирде жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрініп, соншама рет КСРО туын көкте желбіретіп, Әнұранын құйқылжыттым. Мұны өмір бойына мақтаныш етем. Ақ шаршы алаңдағы ең басты арманым – Олимпиада чемпионы болу еді...
Негізінен, 1984 жылы Олимпиадаға баратын КСРО құрамасының сапына бокстан төрт қазақ іліндік. Төрт қазақ! К.Әбдірахманов, С.Нұрқазов, С.Қонақбаев және мен. Бірақ Олимпиада қарсаңында бізге КСРО Лос-Анжелеске өз спортшыларын жібермейтіні туралы шешім қабылдағанын мәлімдеді. Бұл хабар төбеме жай түскендей әсер етті. Өйткені ол менің үлкен арманымды қиып кетті. Ал сол Олимпиадада мен екі рет жеңген Оңтүстік Корея боксшысы Шин Джун-Соп чемпион атанды. Мен оны 1982 жылы 18 жасымда Финляндияда нокаутқа түсіргем. Одан кейін 1983 жылы Тайландта таза жеңгем. Оның чемпион болғанын естігендегі жағдайымды, тіпті сөзбен айтып жеткізе алмаймын. Осыдан кейін спортты саясат демей гөріңіз...
Ал Мәскеудегі 80-жылғы Олимпиадада боксшы Серік Қонақбаев ағамыз алтынға бергісіз күміс жүлдені ұтты. Ол кісінің де көңіліне селкеу түсірген саясат болатын.  «Әлі есімде, әкем мені Олимпиада ойындарында ілігу үшін даярлаймын деп өзінің докторлық диссертациясын қорғайтын күнді кейінге шегерген. Алайда әкем менің жеңісімді көре алмай кетті. Ол екі айдан соң көлік апатынан көз жұмды... Мен бұдан кейін Олимпиадаға өршелене дайындалдым. Жеңісті маған неге бермегенін әлі күнге түсіне алмаймын. Жұдырықтасқан итальяндық Патриционың өзі келіп, арқамнан қағып: «Серік, кешір, сен жеңдің, бірақ осылай боп қалды» деп өкінішін білдірген еді. Сөйтіп алтын медаль Италияға кетті. Ал шетелдік БАҚ-тар «Совет боксерін қасақана жеңілдірді» деп шуласып жатты. Сондықтан мен ешкімге өкпе артпаймын. Жаттықтырушыма ризалығым шексіз, мен арым алдында әкемнің соңғы арманын орындадым» деп еске алады СЕРІК ҚОНАҚБАЕВ ағамыз төрешілер шешіміне мұқым көрермендердің наразылығын бұрқ еткізген 80-жылғы Мәскеудегі Олимпиада айқасын.
Қарап тұрсаңыз, бұл ағаларымыз – бүтін жүйенің саяси, тарихи қалтарысты тұстарын айқындай алатын, патриоттық рухты жанитын, жас буынға нағыз үлгі танытарлық мағыналы кино түсіруге лайық тұлағалар. Өкініштісі де сол, біздің киногерлерді арамызда тірі жүрген аңыз адамдар мүлдем қызықтырмайды, олардың орнына режиссерлеріміз жеңіл-желпі, ыржық-тыржық дүниеге әуес. Бұл ретте өткен жылы Ресей кинопрокатында пайда болған «№17 аңызы» атты фильмін мысал етуге болады. Онда КСРО хоккейінің В.Третьяктан бастап барлық қаймағы суреттелген, саясаттың да ұңғыл-шыңғылы жақсы берілген. Аға буын ерлігі жүрегіңізді тебірентпей қоймайды. Керемет деген кеңес заманында спортшылар жағдайы мәз болмаған ащы шындықтың куәсі боласыз... Бастапқы әңгіме талқысына оралсақ.
Кеңес заманының аңыз адамның бірі Владимир Сальниковтің өзі де саясаттың бір жеңісін ұрлап кеткенін әлі күнге кешіре алмайды.
Владимир Сальников, суға жүзуден төрт дүркін Олимпиада чемпионы (КСРО):
– Саясат менің бір жеңісімді ұрлап кетті. Лос-Анжелеске КСРО-ның барлық спортшысы түп-тұқиянынан қалмай дайындалды. Алайда бәріміз күткен додаға бара алмайтын болдық. Ал тағы төрт жыл бойына өзін бабында ұстау кез келген спортшының қолынан келе бермейді. Ол кезде осылайша пікірді ашық білдіру деген мүмкін емес еді. Мүмкіндік барда мұны айту міндетім деп ойлаймын.
Бұл спортшы өз карьерасын Америкадағы Олимпиадамен аяқтауды жөн көрген. Алайда ондай мүмкіндік бұйырмаған соң ол келесі Сеулдегі сайысқа қатысады. Бірақ оны құрама сапына алудың өзі үлкен мәселеге айналаған. Себебі ол іріктеу нормативінен өтпей қалады. Дегенмен атын, жасын сыйлап, ең соңғы сәтте оны әлемдік додаға жіберу туралы шешім қабылданады. Онда Сальниковты ешкім менсінбейді, өйткені ол спорттағылар үшін шал еді. Бірақ соған қарамастан Сальников айды аспанға бір-ақ шығарып, Олимпиада чемпионы жүлдесін төртінші рет жұлып әкетеді. Осылайша ол кісінің аты әлемге аңыз боп тарайды.
Мамандардың пайымынша, егер КСРО құрамасы Америкадағы спорт додасына қатысқанда кем дегенде 60 алтын медаль иемдену мүмкіндігі бар болған. Ал егер ГДР мен КСРО-ны қосып алса, онда әр команда 40-42 алтыннан еншілеуі керек екен. Оның ішінде қара көз спортшылар міндетті түрде болушы еді ғой деп біз де өткенге өкінішпен қараймыз.
Еске сала кетелік, 1980 жылғы Мәскеудегі Олимпиада ойындарына Ауғанстанға совет әскерінің кіруіне байланысты шамамен 60 мемлекет бойкот жариялаған, ал Лос-Анжелестегі олимпиада ойындарына қатысудан КСРО мен оның 14 одақтасы бас тартқан.
Ал мынау - 1980 жылғы КСРО Олимпиадасына бармау туралы шешім қабылдаған АҚШ билігінің саяси бойкотынан зардап шегуші америкалық спортшының ащы өкініші. 
Грег Луганис,  ерлер арасындағы суға секіруден төрт дүркін Олимпиада чемпионы (АҚШ):
– Егер мен сол олимпиадаға қатысқанда алты дүркін Олимпиада чемпионы болар едім. Бірақ саясат мені осы жеңісімнен айырды. Бойкот туралы естігенде есім шығып кетті. Өйткені мен нағыз бабымда едім, күндіз-түні жаттығудан бір сәтке қолым босаған емес. Содан маған неше түрлі ой келді. Тіпті, азаматтығымды ауыстырсам ба деп те ойладым. Менің әкем грек еді, Мәскеуге бару үшін әкеміз екеуміз Греция құрамасынан қатысуды да көп сөз қылдық. Алайда, өкінішке қарай, әкемде грек төлқұжаты болмай шықты. Ал оны толтыру көп уақытты алып қоятын болды.
Расында, бойкот маған қатты соққы болды. Сондықтан 1982 жылғы Гуаякилдегі әлем чемпионатына әбден қаным қайнап барды. Онда Мәскеуде олимпиада чемпионы болған Александр Портновты ығыстыру маған түкке тұрмады.
Қызықты бірер дерек
© Кезінде Сталин нәзік жандылардың спорттан көрінуіне түбегейлі қарсы болған. Сондықтан КСРО-ның олимпиада құрамасы сапына әйел жыныстыны тіркеу өте қиын болыпты.
© 1970 жылы шахматшы Марк Тайманов шекарадан «Архипелаг ГУЛАГ» кітабын алып өтпек жерінен тұтылады. Осыдан кейін ол көп уақытта дейін сыртқы спорт шараларынан шеттетілген.
© 1969 жылы эстон гроссмейстері Пауль Керес чех шахматшысымен достасып, жақын араласа бастайды. Осы әрекеті үшін Пауль Крестің біршама уақыт бөтен елге баруына тыйым салынады.
© Конькиден жүгіруші Инга Воронина 1960 жылғы Олимпиадан кейінгі сайыстардан мүлде көрінбейді. Ресми себебі – ол өкпе құртымен науқастанған. Алайда үнемі жаттығудағы спортшы өкпесінің семуі еш ақылға сыймайтын нәрсе. Ал нақтысында ол соңғы Олимпиадасында швед спортшысына тұрмысқа шығу туралы шешім қабылдаған. Совет өкіметі үшін, бұл әрине масқара жағдай болатын, сондықтан оны күйеуге де тигізбей, спортқа да жақындатпай тастаған.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста