Бүгінгі Қазақстанның Қарулы Күштері ұтқыр әрі кәсіби армияға айналды. Расында, Тәуелсіздіктің баянды болмағын кәсіби біліктілігі артқан, жауынгерлік дайындығы тас түйін армиясыз елестету әсте мүмкін емес. Сондықтан да елімізде осымен үшінші мәрте Конституция күнімен орайластырып өткізілген әскери шеруді айбарлы армияның асқақты адымын паш ету деп атаса да болады. Биылғы 30 тамызда Астанадағы Қазақ елі монументі жанындағы алаңда дәстүрлі түрде өткен әскери шерудің барысын ҚР Президенті, Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев тамашалады. Ата Заңның 16 жылдығы мен ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған шеру күллі мұсылман жамағаты үшін қасиетті мереке саналатын ораза айтымен тұспа-тұс келген болатын.
Сарбаздардың салтанатты шеруі жыл сайын өзіндік жаңалығымен ерекшеленетін болған. Биылғы жаңалық – әскерилер киімінде ғана емес, қатысушы жасақтар қатарында да болып отыр. Алаңға, елдің айбарлы армиясының салтанатты шеруін тамашалауға жиналған жұртшылықтың алдына, алдымен сап түзеген әскери шеру колонналары орналасып, сосын Мемлекеттік Ту ұстаушы топ парад басынан орын алды. Бұдан соң шеруге әзірлік туралы парад қолбасшысы генерал-лейтенант Мұрат Мәйкеев Қорғаныс министрі Әділбек Жақсыбековке баяндап, өз кезегінде министр Жоғарғы Бас Қолбасшы Нұрсұлтан Әбішұлына рапорт берді. Министр мырзаның рапортынан соң, Елбасы мінген сүліктей «қара тұлпар» парадқа сақадай сай тұрған қарулы күштер алдын шолып өтіп, сол тұста Бас қолбасшыны қарсы алып «Уралаған!» сарбаздар дауысы тікелей эфирмен трансляция арқылы бүкіл елге таралып жатты. Парад сарбаздарының дайындығын шолған соң, Мемлекет басшысы алаңдағы мәртебелі мінберіне тоқтап, салтанатты бастауға рұқсат бермес бұрын шараға орай сөз арнаған болатын. Президент алдымен азаматтығымыздың айшықты айғағы болған Ата Заң Тәуелсіздіктің теңдессіз тартуы екендігін айтып, осы ұлық мереке – Конституция күнімен жұртшылыққа құттықтау жолдады. «Халық биліктің қайнар көзі, Конституция – көптің киелі сөзі. Қазақстан халқының қалауымен өмірге келген Негізгі заңымыз Тәуелсіздікпен егіз ұғым. Біз кемел Конституцияны Тәуелсіздік арқылы қабылдадық. Ата Заң біздің азаматтық алғалы атқарған барлық істеріміздің алтын таразысы болып табылады. Бүгінде дүниежүзі мойындаған өркенді өнегелеріміз Ата Заңымыздың аясында жүзеге асып келеді», – деген Елбасы тәуелсіздік арқылы қол жеткен ғасырлық мәні бар орасан зор жетістіктерге де тоқталып өтті. Сондай-ақ Мемлекет басшысы өз сөзінде Ата Заң арқылы асқар асуларды ала отырып, бүгінде жаңа кезеңге қадам басқанымызды, еліміз инновацияға негізделген индустриялық даму жолына бет алғанын қадап айтты. Ал мұндай баянды істердің баршасының бастауында Бас құжат тұр. Ендеше Бас құжаттың ардақтала түсуі артықтық етпейді. Конституция күнін соңғы жылдары өзге мерекеден бөлекшелеп атап өту де сондықтан болып отыр. Президенттің сардарлар мен сарбаздар алдындағы салтанатқа қатысты сөзінде де осыған маңыз берілді. «Иен даланы еркін жайлаған елімізде ежелден ерлердің еншісі Отан қорғау болған. Бабадан құтты мұра болған бұл қастерлі борышты бүгінде антқа адал ерлер атқаруда. Өскелең ұрпақ ел үшін қасық қанын қиған жаужүрек бабаларымыздың даңқты жолын лайықты жалғастыруда. Байтақ жеріміз, бейбіт еліміздің тыныштығын қас қақпай күзету – қашанда мерейлі мәртебе, асқақ абырой. Біздің ұлт әскеріміз – ұлыстың берік қорғаны, Тәуелсіздіктің мығым тірегі. Мемлекет айбынды армиямыздың әрдайым қынаптағы қылыштай бабында болуына зор мән береді. Бүгінгі шара соның жарқын айғағы», – деді Бас қолбасшы. Сондай-ақ Президент Негізгі Заңның арқасында барлық қазақстандықтарға теңдей мүмкіндік берілгенін айта келе, осының өзі Ата Заңның басты құндылығы болып отырғанына назар аударды. Сөз соңында Елбасы ұлттық мейрамның ұлық мерекемен тұспа-тұс келгенін айтып, мұсылман жамағатын ораза айтпен құттықтады. Саптағы сарбаздарға қаратып, тілегін де арнады. «Сіздер, Конституцияның қырағы қорғаны, ел Тәуелсіздігінің сақшысысыздар. Бұл ретте Қазақстан Конституция күнінде әскери шеру өткізетін жалғыз ел, біздің бірегей дәстүріміз. Әскери шеру – мемлекеттің қуатын көрсетіп, біздің бейбіт жетістіктерімізді білдіреді. Сіздердің әрқайсыларыңыз жоғары атақтарға ие бола отырып, жауынгерлік рухты көтеріп, шеберлікті де шыңдай түсіңіздер. Қазақстан Тәуелсіздігінің беріктігі сіздердің қолдарыңызда. Ата Заңды ардақтаған өнегелі еліміз өркендей берсін. Тәуелсіздігіміз тұғырлы, Конституциямыз ғұмырлы, еліміз мәңгі болсын. Ұлттық армияның айбыны арта берсін», – деді Н. Назарбаев.
Парад – Тәуелсіздіктің берік қолда екенін көрсетті
Бас қолбасшының құттықтауынан соң, еліміздің бас алаңындағы әскери шеру басталды. 2500 әскери, 130-дан астам қару-жарақ пен әскери техника түрлері, 60-тан астам тікұшақ пен ұшақ қатысқан биылғы салтанатты Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы, армия генералы Сағадат Нұрмағамбетов атындағы Республикалық «Жас ұлан» мектебінің жас барабаншылар ротасы ашқан болатын. Бұдан соң Қорғаныс министрлігінің Орталық аппаратының офицерлері, Құрлық әскерлерінің офицерлері жүріп өтті. Президент мінбері алдында «қара береттер» сап түзеп, оларды өкшелей теңіз пехотасы шерулесті. Ұлттық мүддені көздейтін кез келген тапсырманы орындауға әзір тұратын десантшылар тобы да алаң салтанатына өзінше сән берді. Тоқтала кететін жайт, биыл мұндай шеруге тұңғыш рет мергендер жасағы мен Құрлық әскерлерінің таулы-атқыштар бригадасының әскери қызметшілері де қатыстырылып отыр. Ал парадтың көркіне айналған нәзікжандылардың сап түзеуі де шерудің сапасын арттырғандай. Биыл әйел әскери қызметшілер екі бөлек топпен сап құрапты, оның бірі – санитарлық нұсқаушылар ротасы болса, екіншісі – қолына қару асынып, жауынгерлік тапсырмаға әзір тұрған «жіңішке жолдылардың» жасағы. Жаяу әскерилер топтары жалауын желбірете шерулеткен соң, салтанат тізгіні қуатты соққы күштеріне өтіп, ауыр техникалар алаңда бірыңғай сапқа тұрды. «Т-72Б» ауыр техникасы бастаған шеру соңынан парадқа тұңғыш рет қатыстырылған жауынгерлік машиналар да жүріп өтті. Техника маршы ТОС-1 «Буратино» ауыр от шашу жүйесімен, БМП-2-мен, «Стрела-10» зенитті-зымыран кешенімен, ауыр техникаға қарсы тұратын «Штурм-С» кешенімен жалғасты. Десанттық-шабуылдаушы бригаданың Жауынгерлік туымен «Лэнд-Роверлер», «Хаммер» автокөлігіне мінген «Қазбат» батальонының арнайы мақсаттағы ротасы да жұртшылықтың делебесін қоздыра түсті. Ракеталық-артиллериялық полк, «Тифан» тралында орнатылған «Тюльпан» минометі, аты аңызға айналған «Катюшаның» бүгінгі ізбасарлары «Смерч», «Град», «Ураган» реактивтер жүйелері Қазақстан армиясының нағыз айбарын танытса керек-ті. Бұндай айбатты қарулар шынымен де қорғаныс саласының мақтанышы екенін айтпай-ақ түсінуге болады. Шерудің шарықтау шегі әуеге ойысып, көк жүзінде қазақстандық авиацияның бүгінгі жетістіктері өз үстемдігін паш етті. Алдымен тікұшақтар звеносы «пеленг», «клин» жауынгерлік тәртібімен ұшып өтті. Сосын заманауи әскери жойғыштар буыны әуеде сайран салды. МиГ-29, жаңа толқынды МиГ-31 ұшақтары аспанда қыран құстай қалықтап, Қазақстанның қорғанысы барлық жағынан да беріктігін көрсеткендей әсерде қалдырды. Сосын шеру салтанатын Су-27 ұшақтарымен «Жетісу сұңқарлары» аталатын ұшу тобы аяқтады. Олар әуеде көкті қақ жарып, ұшудың «Бәйтерек» атты аса жоғары деңгейдегі әдісін сағатына 800 шақырым жылдамдықта орындады. Бұнымен қоса ұшқыш-жауынгерлер онша-мұнша маманның қолынан келе бермейтін «Нестеров петлясын» да асқан шеберлікпен атқарып, жұрттың қошеметіне бөленді. Дыбыс жылдамдығының өзін шаң қапқызып, артында қалдыратын леппен көк аспанды қақ жарған ұшақтың соңында тек мерекелік от шашу бұрқырап жатты. Білуімізше, осындай жоғары деңгейдегі шеберлікті ТМД шеңберінде тек Ресей ұшқыштары ғана орындай алады екен. Жұрт көңілінен шыққан парад әскери оркестрдің шарықтаған әуенімен аяқталды.
Жасақтардың жаңа киімі «еуропалана» түсіпті
Қазақстанның Қарулы күштеріндегі тағы бір ерекше жағдай – 25 тамыздағы Елбасы Жарлығымен жауынгерлер парадтық һәм күнделікті жаңа киім үлгісіне көшкен болатын. Отан қорғаушылар осы киім үлгілерін Конституция күніндегі шеру барысында тұңғыш рет жұртшылыққа таныстырып, онымен әскери шеруді де жүріп өтті. Әскерилердің әсерлі киімі еліміздің белгілі дизайнері Құралай Нұрқаділованың туындысы болып шықты. Бұрынғыдан айырмашылығы офицерлер мен қызметшілерге арнап тігілген жаңа үлгі біршама «еуропалана» түскен. Бұрынғы киім үлгісінің жақсы жақтары тегіс сарапталып, бүгінгі талаптар да ескеріле тігілген әскери формада шетелдіктердің тәжірибесі ғана емес, ұзақ жылдар бойы әлгі формаға адалдық танытып, еш тастамай келген қызметкерлер тілегі де ескерілгенге ұқсайды. Жаңа үлгінің түсіне де өзгешеліктер енген. Мәселен, Құрлықтағы әскери қызметкерлер киімінің түсі «қою ермен» түсіне ойысса, Әуе қорғанысы күштерінің киімі – бірыңғай қара көк. Тек теңіздегі әскери күштердің форма түсі қалыптасқан дәстүрден ауытқымай, өзгеріссіз өз түсінде қалған. Бұдан бөлек, әскерилер бас киімі де біршама заманауиланған тәрізді – төбесі кішірейіп, металл фурнитураның орнын кестелі өрнек басқан. Погон мен жең дизайны да бұрынғыдан өзгешелеу өрнектелген. Ал офицерлік құрамның парадтық салтанатқа киетін киім үлгілеріне келетін болсақ, бұлардың құрамы көбінесе ұлттық өрнекпен өріле түсіпті. Сондықтан да, мамандар офицерлер киімінің еуроазиаттық сипатына назар аударады. Бір сөзбен айтқанда, Қазақстан армиясы Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікке сәйкес жаңа мазмұнға ғана емес, біртіндеп жаңа киім үлгісіне де көшіп келеді.