«Өткенсіз болашақ жоқ» дейді халық даналығы. Олай болса, өткенімізді санаға зерделеу арқылы ғана болашаққа жол табатынымыз анық. Түркі дүниесі мәдениетінің астанасы атанған елордамызда соңғы кездері өткенімізді ұлықтап, өшкенімізді қайта жаңғыртқан тағылымды шаралар өмірге келуде. Солардың бірі – «Жастар» мәдениет сарайында өткен жұма күні ұйымдастырылған, өмірден ерте озған елордалық дарынды журналист-қаламгерлерді еске алуға арналған ерекше кеш.
Елордамызда тұңғыш рет өткізіліп отырған шараның бастамашылары әрі негізгі ұйымдастырушылары – «Ұлы дала қырандары» әлеуметтік-мәдени республикалық қозғалысы. Ал кештің өтуіне қолдау көрсеткендер – Астана қаласының әкімдігі, Астана қаласы Мәдениет департаменті, «Жастар» мәдениет сарайының әкімшілігі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің телестудиясы және бас қаламыздағы телеарналар мен бұқаралық ақпарат құралдары ұжымдары.
Іргетасы енді бекіп, керегесі кеңге жайылып жатқан жаңа астанамызда төртінші билік өкілдерінің ұйытқы болуымен 1998 жылдың 4 сәуірінде құрылған Астана қаласының Халықаралық баспасөз орталығы бас қаланың бет-бейнесі мен күн сайын қарқынды дамып, гүлденуі жолында айтарлықтай жұмыстар атқарғаны мәлім. Елордалық дарынды журналист-қаламгерлерді еске алу кешінің бастамашысы әрі ұйымдастырушысы – «Ұлы дала қырандары» әлеуметтік-мәдени республикалық қозғалысының тең төрағасы Сәдібек Түгелдің айтуынша, халықаралық баспасөз орталығында өткізілген іс-шаралардың нәтижесінде жаңа елордамыз туралы барлық газет-журналдар беттерінде тартымды мақалалар мен очерктер жарыққа шығып, теледидарлар мен радиолар арқылы мыңдаған бейне және бейнесюжеттер бүкіл жер шарына таратылды. «Астана қаласының Халықаралық баспасөз орталығының осы үлкен жеңісіне өмірден ерте өткен дарынды қаламгер-журналистер өз үлестерін молынан қосып, ел есінде қалды. Олардың арасында Ақселеу Сейдімбек, Дүкеш Бәйімбетов, Владимир Коченов, Жомарт Әбдіхалық, Рафаэль Жұмабаев, Талғат Ілімжан, Владимир Бойко, Жұматай Сабыржанұлы, Шәкизада Құттаяқов, Алмас Жолтаев, Мадрид Рысбеков, Нөгербек Мағзұмов, Октябрь Әлібек, Олег Квятковский, Біржан Белғара және басқалар бар. Бүгінгі қастерлі еске алу кеші бас қаламыздың өсіп-өркендеуі жолында айрықша еңбек еткен, жүзден – жүйрік, мыңнан – тұлпар осы әріптес ағаларымыздың құрметіне арналып отыр. Олардың жасаған ерен еңбектері еліне – үлгі, ұрпаққа – ұлағат. «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған», – деп ұлы ойшыл Абай атамыз айтқандай, олардың жарқын жүздерін, азаматтық келбетін, биік парасат-пайымдарын, өз қызметтеріне деген адалдықтарын, туған Отанымыз Қазақстанға деген шексіз сүйіспеншіліктері мен отбасыларына, туған-туыс, дос-жарандарына деген қамқорлықтарын сағына еске аламыз», – дейді Сәдібек Түгел.
Әдеби-сазды кеш барысында өмірден ерте өткен дарынды журналист-қаламгерлерге арналған бейнесюжеттер көрсетіліп, олардың замандастары мен қызметтестері жарқын естеліктерімен бөлісті. Елорданың бүгінгі келбетін қалыптастыру мен әлемге танытуда зор үлес қосқан, бұл күндері есімдері аталмыш кешке арқау болып отырған тұлғалардың артында қалған жұбайлары мен олардың ұл-қыздарына «Ұлы дала қырандары» әлеуметтік-мәдени республикалық қозғалысының атынан сый-сияпаттар тапсырылып, құрмет көрсетілді. Тағылымды кеш соңы концерттік бағдарламаға ұласып, онда есімдері елімізге белгілі өнер жұлдыздары Айман Мұсаходжаева, Секен Тұрысбеков, Серік Оспанов, Бекболат Байсағатов, Естай Мұқашев, Мәдина Сәдуақасовалар өнер көрсетті.
Астана өмірден ерте озған дарынды журналистерін еске алды
Последние статьи автора