Әрбір елдің әскери доктринасы – сол елдің Қарулы Күштер саласының міндеттері мен миссиясын анықтайтын басты құжат болып табылады.
Қазақстан әскерінің басты міндеті – мемлекеттің қауіпсіздігін қамтамасыз ету, соғыстар мен қарулы жанжалдарды болдырмау, әскери ұйымдарды ұдайы дамытып отыру. Біздің әскери доктринамызға сәйкес, еліміздің қауіпсіздігі мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық пен тату көршілік қарым-қатынастар, бір-бірінің ішкі істеріне араласпау, дауларды бейбіт жолмен шешу, сондай-ақ, бірінші болып қарулы күшті қолданудан бас тару арқылы қамтамасыз етіледі.
Әскеріміздің құрылымы қандай?
Қазіргі уақытта Қазақстанда Құрлық әскерлерінен, Әуе қорғанысы күштерінен және Әскери-теңіз күштерінен тұратын Қарулы күштердің оңтайлы үш түрлі құрылымы жасақталған. «Оңтүстік», «Солтүстік», «Шығыс», «Батыс» және «Жағалық қорғаныс» деп аталатын бес өңірлік басқармамыз бар. Кеңестік терминологиямен айтқанда, бұл басқармалар – ілгерідегі әскери округтар.
Бүгінгі күнгі әскери қауіпсіздіктің басты қатерлері қандай?
Доктрина бойынша басты қатер – әлемдік және өңірлік державалар арасындағы бәсекелестіктің күшеюі (АҚШ, Қытай, Ресей, Үндістан және басқа аймақтық державалардың шектеулі ресурстар мен геосаяси ықпалын арттыру мақсатындағы күресі), екіншісі – сепаратизм, ұлттық және діни экстремизмнің күшеюі, ал үшіншісі халықаралық-құқықтық тетіктер емес күштік әдістердің қолданылуы (Американың Араб елдері мен Ауғанстанды, НАТО-ның Югославияны БҰҰ-ның шешімінсіз бомбылауы). Жері кең, табиғи байлықтары мол, халқы түрлі ұлттар мен саналуан діндерді ұстанатын ұлыстардан құралған Қазақстандағы бұл тұрғыдағы жағдай айтарлықтай күрделі екені айтпаса да түсінікті. Әскери доктринамызға сәйкес Қазақстан Республикасына қарсы жоғары қарқынды жанжал мынадай әскери-саяси мақсаттардан туындауы мүмкін: елде саяси биліктің ауысуы, мемлекеттік және әскери басқару жүйесіне іріткі салу, аумақтың біршама бөлігін иеліктен шығару, мемлекеттің әскери әлеуетін толық жою. Беті аулақ, егер осындай жағдай туындай қалса, Қазақстан өзі қатысушысы болып табылатын Ұжымдық әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету жүйелерінің коалициялық мүмкіндіктері мен әлеуетін пайдалануға ұмтылатын болады. Бұл күрделі концепция, қарапайым, қазақша тілмен айтқанда, елімізге үлкен қатер-қауіп төніп жатса, Ресей армиясының көмегіне жүгінеміз дегенді аңғартады.
Қазақстан армиясының, Аллаға шүкір, қаржылық, материалдық-техникалық қамтамасыз етілу деңгейі көршілерге қарағанда едәуір жоғары. Заң бойынша, еліміз Жалпы Ішкі Өнімінің 1 пайызын осы салаға бағыттайды. Ол – қыруар қаржы. Өкінішке қарай, әскеріміздегі жемқорлық деңгейі де жоғары. Сотталып жатқан генералдарды көріп, «әттең, тым болмаса әскеріміз жемқорлық індетінен аман болса екен» деп күрсінесің. Қалай дегенмен де, жас мемлекеттің жас армиясы Қарулы Күштер ретінде қалыптасып келеді.
Үсен АСҚАРОВ
www.oinet.kz/