Қазақстан Республикасының Президенті – Ұлт көшбасшысы Н.Ә.Назарбаевтың Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған салтанатты жиналыста сөйлеген сөзінде әлеуметтік жаңғырудың шешуші бағытының бірі – ақпараттық қоғамның дамуы үшін бізге «Ақпараттық Қазақстан – 2030» Жалпыұлттық бағдарламасы қажеттігін айтқан болатын. Расында, Қазақстан әлемдегі әлеуетті елге айналуы үшін Елбасы атап өткендей, біз қоғамды толықтай компьютерлендіру, ақпараттық кеңістікті цифрландыру міндеттерін қоюымыз керек. Олай болса, бүгінгі ақпараттық дәуірде ақпараттық Қазақстанды қалыптастырамыз деген мәселе өзекті болып отыр.
Ақпарат – демократияның басты валютасы
Батыстық белгілі ғалым Э.Тоффлердің «Үшінші толқын» деп аталған еңбегіне сүйенсек, адамзат баласы өз тарихында аграрлық, индустриалды және ақпараттық дәуірлерді бастан өткерген. Жер, еңбек, капитал, шикізатқа қарағанда ақпарат аса маңызды мәнге ие болады. Бүгінгі ақпараттық дәуірге ғалымдар әр түрлі атау береді. Мысалы, К.Флекснер «ағартылған қоғам» десе, У.Бек «қатер қоғамы» деп атайды, П.Друккер «посткапиталистік қоғам» деген айдар тақса, Дж. Сорос «ашық қоғам» деген атау қолданады. Маршал Маклюэн ғаламдық ақпараттық қоғамды «ғаламдық деревня» ретінде қарастырды. Ал ақпараттық қоғамның белгілері қандай? Ақпараттық қоғамның басты ерекшелігі – адам өмірінде өндіріс емес, қызмет көрсету алдыңғы қатарға шығады. Ақпарат алу адамның басқа іс-әрекеттеріне қарағанда басымдыққа ие болады; адамның барлық бағыттағы іс-әрекетінің негізі – ақпарат болып саналады; ақпарат қазіргі адамның іс-әрекетінің өнімі болып есептеледі; ақпарат таза күйінде алу-сату тауарына айналады; мемлекеттік ақпараттық технологиялардың жәрдемімен басқарылады; мемлекет, қоғам, адам арасындағы байланыс ақпараттық технологиялар арқылы жүзеге асады.
Қазіргі кезде бірыңғай әлемдік ақпараттық кеңістік қалыптастыру жаһандық даму факторына айналып отырса, ал ақпарат мемлекеттің маңызды стратегиялық ресурсы болып табылады. Ақпараттық қоғам құрудың негізгі құралы ретінде ақпараттық-коммуникациялық технологиялар алға шығып отыр. Ақпараттық қоғам құру 1980 жылдардың аяғында барлық дамыған елдердің стратегиялық мақсаттарының біріне айналды. Үлкен сегіздік елдері 2000 жылы шілденің 22-сінде қабылдаған «Ғаламдық ақпараттық қоғамның окинавалық Хартиясында»: «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар ХХI ғасырдағы қоғамның қалыптасуына ықпал ететін аса маңызды факторлардың бірі болып табылады» деп тұжырымдалды. Ақпараттық қоғамда биліктің, оның институттарының дамуына мүмкіндік беретін, ең алдымен, озық ақпараттық технологиялар негізінде құрылатын барлық деңгейдегі коммуникативтік өзара қатынастың жаңа жүйесін жасау болып табылады. Ақпараттық қоғам – бүгінгі дамудың келбеті болса, ал ақпарат – демократияның басты валютасы. Ақпараттық қоғамды дамытудың, ақпараттық дәуірде мемлекетті оңтайлы басқарудың жолы – электронды үкімет жұмысын жолға қою болып саналады. Осы ретте еліміздегі негізгі стратегиялық бағыттар басты он бастамаларды іске асыруға бағытталды: 1. Сервиске бағытталған Е-үкімет. 2. Е-медицина. 3. Е-білім. 4. Е-сатып алу. 5. Е-лицензиялау. 6. Е-қауіпсіздік. 7. Е-индустрия. 8. Ақпараттық теңсіздікті төмендету. 9. Ақпараттық-коммуникациялық технологияларды жаппай енгізу арқылы бизнестің бәсекеге қабілеттігін арттыру. 10. Қазақстанның бәсекеге қабілетті 50 мемлекет қатарына кіруі.
Ашықтық пен есептілік, қолжетімділік – ақпараттық қоғам құрудың алғышарты
Ақпараттық қоғам құру – Қазақстанның да басты даму бағыттарының бірі. ҚР Байланыс және ақпарат министрлігінің 2011 – 2015 жылдарға арналған стратегиялық жоспары, Қазақстан Республикасында ақпараттық және коммуникациялық технологияларды дамыту жөніндегі 2010– 2014 жылдарға арналған бағдарлама қабылданғанын атап өткен жөн. Қазақстанда ақпараттық қоғам құруда бірқатар қиындықтар бар: интернет желісіне кеңжолақты қолжетімділікті дамыту жағы жеткіліксіздігі, ауылды елді мекендердің пошта байланысы бөлімшелерімен жеткілікті қамтамасыз етілмеуі; 4) халықтың компьютерлік сауаттылығы деңгейінің жеткіліксіздігі және халықты компьютерлік техникамен қамтамасыз етудің әлсіздігі, Ақпараттық коммуникациялық технологиялар құралдарының отандық өндірісі деңгейінің төмендігі және оның импортқа тәуелділігі және т.б. Осы ретте ашықтық пен есептілік, қолжетімділік – ақпараттық қоғам құрудың алғышарты екенін ескерсек, елімізде бұл бағытта бірқатар істер атқарылып жатқанын көреміз. Қазіргі кезде Қазақстанда интернетті пайдаланушылар саны 3,9 млн адамға көбейген. Байланыс және ақпарат министрі А.Жұмағалиевтың айтуынша, 2014 жылы байланыс және ақпарат саласының жалпы ішкі өнімдегі үлесі 3,8 пайызға, интернеттің кең жолақты абоненттерінің тығыздығы 100 тұрғын үшін 22-ге, республика аумағын сандық телеарнамен қамтуды 95 пайызға дейін арттырмақ.
Ақпараттық Қазақстанға айналуымыз үшін не істеуіміз керек:
1. Мемлекеттік қызметтерді ұсыну үдерісін автоматтандыру, электрондық үкіметтің ақпараттық жүйелеріне техникалық сүйемелдеу және жаңа бәсекеге қабілетті деңгейдегі ұлттық ІТ-мамандарын дамыту;
2. интернет желісіне қол жеткізу бағасын төмендету, сондай-ақ ұсынылатын АКТ қызметтерінің әртүрлілігін және сапасын жақсарту мақсатында телекоммуникациялар нарығында бәсекелестікті нығайту;
3. ақпараттық коммуникация саласында білім беру қызметтеріне сұранысты тұрақты арттыру;
4. Дата орталықтарының дамуын күшейту;
5. Қазақстанның ақпараттық саладағы халықаралық ынтымақтастығын дамыту.
Ақпараттық Қазақстанды қалай қалыптастырамыз?
Последние статьи автора