Әлеуметтік желінің жұмысы пайдаланушы мәдениетімен өлшенеді
Әлеуметтік желі азаматтардың күнделікті пайдаланатын құралына айналғалы бері ғаламтор желісі туралы жазылып та, айтылып та келеді. Адамзат өміріне үлкен жаңалық әкелген кез келген құралдың тиімділігі мен тиімсіздігі қатар жүреді. Әлеуметтік желілерді мемлекеттік деңгейдегі төңкерістердің негізгі себепкері ретінде қарастырып жатқандар да аз емес. Олардың арасында әлемдік сарапшылармен қатар, отандық саясаттанушылар да бар.
Десек те, біздің де айтар уәжіміз бар. Қандай оқиғаларда болсын әлеуметтік желілер шешуші рөл атқарды деп айту асығыстық сияқты. Мысалы, газет-журналдар алғаш шыға бастағанда қоғамда қандай сілкініс болып еді? XX ғасырдың басындағы саяси оқиғалардың, төңкерістердің әдеттегіден жылдам болуы осы басылымдардың ықпалынан болғанын ашық айту керек. Қазан төңкерісін «Правда» газеті жасады деген пікірлер бар. Бұдан кейін ықпалдылық жағынан бірінші кезекке телеарналар шықты, ал қазір ғаламтор алда тұр. Демек, төңкерістерге себепкер деп танылған әлеуметтік желілерге тек қана құрал деп қарау керек. Кейбір елдердегі ахуалдар осы ғаламтор мүмкіндігінің кеңеюімен тұспа-тұс келген сәйкестік десек те, артық айтқандық емес. Егер әлеуметтік желі тікелей төңкерістер себепшісі болса, 90-жылдардың екінші жартысынан бастап ғаламтор желілері дами бастаған АҚШ-тың немесе Еуропаның ендігі талқаны шығатын еді. Немесе 2004-2005 жылдардағы Гүржістан мен Украинадағы, 2005, 2010 жылдардағы Қырғызстандағы төңкерістердің артында туиттер мен фэйсбук тұр деп тағы да айта алмаймыз.
Әлеуметтік желі арқылы ғаламтор пайдаланушылар саясаткерлердің, өнер жұлдыздары мен қоғамға танымал азаматтардың тыныс-тіршілігінен хабардар болып отырады. Ақпарат жеткізу жылдамдығын арттырды. Мысалы, күні кеше дүние салған америкалық әнші, актриса Уитни Хьюстонның өлімі жайлы дәстүрлі ақпарат құралдарына қарағанда, әлеуметтік желілер көптеп мәлімет таратқан. Тіпті әлем бойынша секундына мыңдаған адам жазған екен. Яғни мүмкіндігі жоғары. Ал осы әлеуметтік желілер туралы айтқанда оларды пайдаланушылардың мәдениетіне тоқталмаса болмайды. Себебі әлеуметтік желілерге байланысты дау-дамайдың көпшілігі пайдаланушылардың мәдениетіне тікелей байланысты. Кейінгі кездері бүркеншік есімдермен арнайы аккаунт ашып, ойларына келгенді жариялайтындар көбейіп кетті. Әлеуметтік араздықты тудырушы, басқа да арандатушы ақпараттар негізінен осы бүркеншік есімдердің иелері тарапынан жарияланып жатады. Тіпті кейде ғаламтордан Абай Құнанбайұлы, Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов есімді блоггерлерді көзіміз шалып қалады. Белгілі тұлғалардың шығармашылығын көпшілікке ұсынып, сауапты іс істесе, жөні бөлек. Ал сол аккаунтты ашқандар аузына келгендерін жариялап жатса, не болмақ?! Президенттің немесе басқа да тұлғалардың суреттерін қоятындар бар. Суретте тұрған ештеңе жоқ сияқты болып көрінуі мүмкін. Алайда сол суреттердің соңында міндетті түрде әртүрлі мақсаттағы пікірлер қалдырылады. Мұны да ескергеніміз абзал. Әлеуметтік желінің пайдасы мен кейбір келеңсіздіктері туралы ғаламтордың белсенді қолданушысы, Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов былай дейді:
– Әлеуметтік желілердің дәурені жүріп тұрғаны рас. Тіпті мен байланыс құралы ретінде осы желілерді телефоннан да көп қолданамын. Себебі менің депутаттық ұсыныстарымның, менің атыма келетін арыз-шағымдардың 80 пайызы осы туиттер, фэйсбук сияқты танымал желілер арқылы келіп жатады. Қазір әлеуметтік желілердегі сілтемелер арқылы телегей-теңіз ақпарат алуға болады. Біздің жастарымыздың 65 пайызы «Мой мирді» пайдаланады екен. Қазақ әріптерін оқымайтындықтан, әдейі қате жазбалар жазып жатады. Бос әңгімені де осы желінің пайдаланушылары көп айтады. Жұмысыма байланысты мен де осы «Мой мирден» аккаунт ашқанмын. Алайда депутатқа өтініш, тілектерін айтқанның орнына жастарымыз дәстүрлі «Қалайсыз?», «Сіз шынымен де Әбеновсіз бе?» деген сұрақтарын қойып жатады. Бүркеншік есімді пайдаланушылар егер тұлғалардың өміріне, шығармашылығына байланысты тың дүниелерді ұсынып, сол данышпандарымыз туралы пікірталастар ұйымдастырып жатса, құба-құп. Егер теріс мақсатқа пайдаланып жатса, ол қолданушылар мәдениетінің төмендігін көрсетеді.
Ал блоггер Анар Мұстафина әлеуметтік желі пайдаланушылардың мәдениеті бүгінгі қазақ жастары мәдениетінің айнасы дейді:
– Әлеуметтік желі пайдаланушылардың мәдениеті арқылы біз жалпы қазақ жастарының мәдениетін көре аламыз. Әсіресе mail.ru сайтында. Өкінішке қарай, ол жақтағы жайт бізді қуанта алмайды. Жастар интернеттің мағынасы не, неге керек, мәні неде – оны түсінбейді. Интернетті жай ғана бос уақытта әңгіме-дүкен құру деп ойлайды. Негізі, ғаламторды дұрыс пайдалана білсе, ол – үлкен білім көзі. Қазіргі уақытта ауыл жастары интернетке ұялы телефон арқылы шығып жүр. Көбіне-көп олардан ғибадатты сөздер оқи алмайсың, ізденіс жоқ. Сонымен қатар интернеттегі ортаға да байланысты. Қандай да бір жерде мәдениетті тақырыптар қозғалып жатса, кез келген біреу келіп, жаман сөздер айтып кетпейді. Бірақ сондай орта жасап берсең, өздерін көрсетуден тайсалмайтындар да бар. Жалпы, менің ойымша, бәрі әр адамның білім деңгейі мен тәрбиесінде, ішкі мәдениетінде жатыр.
Жақында Қытайда интернетке, соның ішінде әлеуметтік желілерді пайдаланушылар мен блоггерлерге тікелей қатысты заң қабылданды. Осы елдегі ақпарат құралдарының мәліметтеріне қарағанда, заң қабылдаушылар мұны елдегі интернет пайдаланушылар мәдениетін күшейту, жалған ақпараттар таратылмауын қамтамасыз ету үшін деп түсіндіруде. Қытай еліндегі ғаламторға қатысты бұл заң әлеуметтік желілерге блоггерлердің өз атымен тіркелуін міндеттейді. Яғни өзге біреудің ныспысымен немесе жалған есіммен тіркелуге жол берілмейді. Егер бұл талаптар орындалмаса, блоггерлерге жеке постылар жариялауға немесе шағын блогқа жазба жазуға рұқсат берілмейді.
Түйін
Егер бізде Қытай еліндегідей заң қабылданса, «аттандайтынымыз» екібастан. Сонымен қатар еркіндік берілсе, еліріп кететініміз тағы бар. Сондықтан әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, әлем көшінен қалмау жағын ойлағанымыз дұрыс.