Әлеуметтік желі саясат пен саясаткерлер үшін аса қауіпті
Әлемнің көптеген ел билігі әлеуметтік желілерді тықсырып «қуып шыққаннан» басқа амал жоқ деседі. Әрине, оған әлеуметтік желілеріңіз көнсе егер. Өйткені оның есіктен шығарып жіберсеңіз, тесіктен кіріп жүре беретін сайқал әдеті тағы бар...
Қазір жер шарында ғаламтор арқылы келетін «дұшпандарға» жұдырық ала жүгірушілер қатары өте көп. Ал Азияның аждаһасы Қытай мен Шығыстың алып империясы Түркия өз өңірлерінде әлгілерді «тұсаулатып» тастағандардың бірегейі боп саналады. Атынан президенттердің өзі үркетін Twitter, Facebook, LinkedIn, YouTube және LiveJournal сынды шағын блоктар желісін осы қауқарлы мемлекеттер сот шешімімен жауып тастаған.
Демократия қағидаттарымен заңын түзген Еуропаға құқық осалдығы мұндай мүмкіндікті бермепті. Сондықтан Батыс желі басшыларына қырғидай тигеннен басқа амал қолдана алмай отыр. Демек, алыптар тізесін дірілдетіп жібергеніне қарағанда біз әлеуметтік желілердің қауіп-қатер тәуекелін дұрыс бағалай алмай жүрген секілдіміз.
Әрине, бүгінгі таңда әлеуметтік желінің жау екенін дәлелдейтін факті миллион. Кеше ғана бақ-қуатты мамыражай өмір сүріп жатқан араб әлемінен бүгіндері маза кетіп тұрған бір дәлелдің өзі талай мысалға жетерлік. Аз уақытта ел ішіне іріткі салып, талқандай жөнелетін шұғыл да ұтқыр желілер құдіретіне бүгін бүтін әлем жағасын ұстап, таңданысып отыр. Бәрінен қауіптісі, үстем күштің бұл технологиясы басқа өңірге де келіп жетіп, тұрақсыздықты жағалатып жүр. 2011 жылы осы тәсіл Беларусь халқын көшеге шығарған. Кеше Украинада ол «өз жемісін» көрсетті. Кей деректер бойынша, соңғы кездері ол әсіресе күштілердің көз құртына айналған Каспий маңына «дән» сала бастапты.
Осы әлеуметтік желі технологиясы қай салаларда ұтқыр? Ғылыми тұрғыда байқастасақ, бұл желі емес, шынымен де пәле екен. Кеше бірқатар қазақ газеттері жабылып жатқанда үнсіз қайғырғандай боп едік. Оны біреулер үнемнен көрді, біреулер замана талабы десті. Бұл арада соңғысы дұрыс екен.
Нақтырақ айтқанда, оны әлемдік үстем күш қасақана солай еткен. Ал олардың қасақаналығына бас ауыртпаған біздегі кейбір шенеуніктер замана талабын желеу етіп мұқым қағаздыға жауығып шыға келгені өкінішті-ақ. Салдарынан елімізде тек газет-жорнал емес, үкіметтен бастап, барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес қызмет түрлеріне дейін электрондыққа бет бұрдық. Жақсылығы жоқ емес шығар. Дегенмен мұқым қағаздыға жауығамыз деп опық жеп қалғанымызды кеш түсініп жүрмесек болғаны, әйтеуір.
Негізінен, табиғат заңдылығы бойынша жаманның жаман боп, жақсылықтың жақсы боп адамға кері қайтып келетіні бар. Бумеранг секілді. Мәселен, төңкеріс демекші, кезінде Троцкиді орыс империясын күйрету үшін АҚШ демеп жіберген.
Тарихтың құпия құжаттарында 1917 жылы Леон Троцкий Нью-Йорктен кетпес бұрын Австрияда, Францияда және Испанияда саяси айдауда болғандығы айтылады. Оның төңкерісшіл тәсілі тиімді екеніне әбден көз жеткізген америкалықтар Троцкидің көмегімен Ресейдегі уақытша үкіметті құлатуға, Германиямен арадағы соғысты тоқтатуға болатынын пайымдайды.
Расында, Еуропада айдауда жүрген саясаткердің қолына америкалық төлұжаттың оп-оңай тие қалуы күдікті-ақ. Мұндай сиқырды жасаған АҚШ президенті Вудро Вильсон деседі. Бірақ олар өздері қамқорлық танытқанның идеясы кері қатты соққы боп тиетінін құмалаққа сап бажайлап көрмепті. Ал соққыдан естерін жиғанда олар дүниеде мықты қарсылас полярлық жүйенің пайда болғандығының куәсі болады. Сонда барып америкалықтар санын бір-ақ соғады.
Социалистік жүйемен ғасырлар бойына шайқасуға тура келетінін сардар Вильсон білмей де кеткен болар. Міне, сол секілді ауыздықталуы өте қиын боп тұрған әлеуметтік желілерді жер шарында кері мақсатқа пайдаланып жүргендердің бар екендігі де жасырын емес. Ал, әлеуметтік желіні өрістетуші қас пиғылдылардың мақсат еткені де ұлттың осал тұсын анықтау емес пе?.. Ендеше ғаламтордағылардың барлығына риясыз сенетіндерге қолмен ұстап, көзбен көрмеген нәрсеге шынайы сене бермеу керек шығар деген кеңес бергеннен басқа амалымыз жоқ.
«Алаш айнасы» мұрағатынан алынды