Әлемнің тағдыры — атомның қолында

Әлемнің тағдыры — атомның қолында

АҚШ-та өтетін ядролық қауіпсіздік жөніндегі саммит қарсаңында «Известия» басылымында жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Алып әлем және ядролық қауіпсіздік» мақаласы «ядролық» қауіпсіздік формуласын іздеуге ұмтылған һәм әлі де атом секілді жойқын күшке дәрменсіз адамзат алдындағы ғаламдық мәселелерге назар аудартады. Елбасы бұдан жеті жыл бұрын шыққан «Бейбітшілік кіндігі» деген кітабында: «Адамдар ядроның энергиясын басқаруды үйреніп алды, бірақ өзін басқаруды үйрене алған жоқ. Адамдар адамдарға сенуден қалды, бірақ ядролық күшке сеніп алды. Алайда «әскери» атом әлдеқашан-ақ өз ғұмырын күйттеуде. Оған ие болу қиын, жойып жіберу одан да қиын. Онымен көздеуге болмайды, өйткені нысана – дәл өзіңсің...» деп жазғанындай, күллі адамзаттың аспанында кез келген мезетте төнетін ядролық қауіп-қатер бұлты сейіле қойған жоқ. Ядролық сынақ жасаушы адам баласының өз болашағына сынақ жасап отырғанын қаперден шығармауы тиіс.

Кезінде ядролық паритет АҚШ пен КСРО арасындағы бітіспес тайталас бүгінде халықаралық шарттарға пысқырмайтын ядролық қарулануға ұмтылған елдер мен ядролық державалардың егесіне ұласты. Ядролық арсеналдардың қысқаруымен қоса, ядролық қаруға жанталаса тырмысқан елдердің қарасы көбейіп бара жатыр. Ядролық тұрақты АҚШ, Ресей, Қытай, Ұлыбритания, Франция бастаған бестіктің қатарын толықтырған Үндістан, Пәкістан, Израиль, Солтүстік Корея, Аргентина, Бразилия, Иранның жойқын қаруды бейбіт мақсатқа пайдалануы күмән туғызды. Кімді де құтыртатын құдіретті қару өзара тайталасқа, ғаламдық тұрақсыздыққа себепші болуы кәдік. Осындай жағдайда ядролық қарусыздану, ядролық қару арсеналын қысқарту туралы оптимистік әңгіме қозғау мүмкін болмай қалады. Ядролық қару азайғанымен, қауіп азаймай тұр (кестеге назар аударыңыз). Елбасының мақаласында аталып өткендей, жаңа ғасырдың ұшқыр оқиғалары қауіпсіздіктің ескі тетіктеріне жаңаша қарауға итермелейді. Қазақстанның 20 жыл бұрынғы ядролық қарудан бас тарту және ядролық қарусыздану бастамасын өзге елдер қызу қолдағанымен, жаппай қозғалысқа баруға тәуекел ете қойған жоқ. Елбасының ойынша, ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісім (ЯҚТК) өзіне артқан сенімді ақтай алмай отыр. Өйткені ол асимметриялы болып табылады және ядролық қаруы жоқ елдерге қатысты санкцияларды ғана қарастырады. МАГАТЭ мен БҰҰ бұл бағытта ықпал ету тетіктеріне ие бола алмай отыр. Қазақстан ядролық қаруды таратпау жөніндегі келісімді нығайту үшін ядролық қаруды таратпаудың жалпыға ортақ горизонтальды және вертикальды жаңа да әмбебап келісімін жасау идеясын алға тартып отыр. Аталған құжат «қосарланған стандарттарды» қолданбауға кепілдік беруі тиіс. Сонымен қатар тараптардың нақты міндеттемелерін және оның ережелерін бұзғандарға санкция қолдану тетіктерін қарастыруы қажет екендігіне тоқталған Елбасы алдын ала кесіп-пішілмеген факторларды сараптауға лайықты ел ретінде Қазақстанда ядролық қауіпсіздік жөніндегі халықаралық оқу орталығын құруды ұсынады. Әлемде ядролық қару жасайтын шикізаттар және соның жартылай дайындалған қоспаларының өзі қазір 2000 тоннадан асып кетуі жедел ядролық қарулануға пиғылдың өршіп бара жатқанын аңдатады. Ядролық қаруы бар державалар өзге елдерге «сендер ядролық қару ұстамаңдар» деп кеудемсоқтық жасамай, өздері үлгі көрсетіп, жаппай қырып-жоятын қарудан бас тартуы керек емес пе? Елбасы өз мақаласында осындай ойды меңзеді. 40 жыл бойына 450 сынақ жасалған Семей полигонын жабу туралы 29 тамыз Жарлығы бүгінде Ядролық сынақтарға қарсы іс-қимылдың халықаралық күні болып жариялануы бейбітсүйгіш Қазақстанның, Елбасының игі бастамасының жемісі екені анық.

Дүниежүзінде Антарктида, Латын Америкасы, Тынық мұхиттың оңтүстік бөлігі, Оңтүстік-Шығыс Азия, Африка, Орталық Азия, Моңғолия, Жаңа Зеландия секілді барлығы 100-ден астам ядролық қару-жарақтан ада мемлекет-аймақтар бар. 2006 жылы Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа қол қою туралы Елбасының Жарлығына көрші елдер қосылып, ядролық қарудан тыс аймақ болып танылдық. Елбасы осындай игі тәжірибенің бүкіләлемдік ауқымда жалғасуын және оның кепілдігіне қажетті шаралар қабылдауды әлемдік қоғамдыққа ұсынды. Ядролық қауіпсіздік саласындағы қазіргі күрделі ахуал халықаралық келісімшарттарды мейлінше қатаңдатуды, жауапкершілікті күшейтуді талап етеді. 1958 жылдың өзінде АҚШ пен КСРО ядролық қаруды қолданбау туралы мораторийге қол қойғанымен, КСРО — 1961 жылы, ал АҚШ 1962 жылы ядролық сынақ жасап жіберді. 1968 жылғы БҰҰ-ның ядролық қаруды таратпау және қолданбау жөніндегі келісімін кейіннен 5 ядролық держава ратификациялап, 181 мемлекет қол қойды. Алайда оған Израиль, Үндістан, Пәкістан және Бразилия қосылмай қалды. Ядролық державалардың бестігінен басқа ешкімнің ядролық қаруды иеленуге құқы жоқ делінгенімен, оған кейбір елдер құлақ аспай келеді. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің әлемде ядролық қаруды таратпау, ядролық қаруларды сынау және жаппай қарулануға тыйым салу жөнінде қарар қабылдауы – жақсы нышан. Алайда шиеленісті аймақтағы елдердің ядролық қарулануға ұмтылуы, лаңкестік мақсатта пайдаланылу ықтималдығы әлемнің алаңдаушылығын туғызады. Ядролық державалардың ядролық қысқарту туралы келісімдері үздік-создық орындалып жүр. Барак Обаманың ядролық оқтұмсықтарды 1000-ға дейін қысқартайық деген бастамасына 2683 ядролық зарядты алып жүретін 608 стратегиялық қондырғысы бар Ресейдің оп-оңай көнгісі келмейді. Өйткені АҚШ-тың 5200 ядролық оқтұмсығы қасында Ресей тозығы жеткен 3 мың оқтұмсығын құрбандыққа шала қоймайтыны түсінікті. Сондықтан ядролық қаруды қысқартуға АҚШ пен Ресей ғана емес, өзге ядролық державалар да үлес қосуы керек.

tabl13

Ядролық қауіпсіздік туралы бес принцип:
1-қағида:
Ядролық қарусыз әлем – қысқа тарихи мерзімде қол жеткізу мүмкін емес аса ауқымды мақсат. Дегенмен бұл қаруды таратпау, ядролық қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде бүгін атқарылуға тиіс істерді ертеңге қалдыруға сылтау бола алмайды.

2-қағида: Ядролық қарусыз әлемнің болашағы көптеген жағдайда бүгінде қалыптасып жатқан халықаралық тәртіптің қандай болатындығына байланысты. Демократия түрлі тараптардың пікірлерін есепке алу құралы ретінде халықаралық қарым-қатынастар саласына тараған жағдайда ғана шынайы көпполярлылықтың мүмкін болатынына сенімдімін. Тек осындай жағдайда ғана шағын және орташа мемлекеттер ядролық қарудан қауіпсіздіктің басты кепілін көруді қойып, семсерлерді соқаға айналдырып, қайта соғатын болады.

3-қағида: Ядролық қарусыз әлем идеалдарына қарай шынайы қадам жасау бірінші кезекте ресми ядролық державаларға байланысты. “Қосарлы стандарттар” қолдануға жол бермей, қаруды таратпау мен қарусыздану мәселелерінде солардың өздері басқа мемлекеттер үшін үлгі болуға тиіс.

4-қағида: Ядролық технологиялары бар-жоғына қарамастан, бүкіл елдер мен халықтардың күш-жігерлерін біріктіргенде ғана ядролық қарусыз әлем шындыққа айнала алады. Бәлкім, болашақта барлық мемлекеттердің әр қадам сайын ядролық қарусыз әлем идеалына қарай аяқ басуға деген шешімін бейнелейтін ядролық қарусыз әлемнің жалпыға ортақ декларациясын қабылдау туралы мәселені бүгіннен бастап талқылаудың да өзіндік мәні болуы мүмкін.

5-қағида: Әлемдегі төртінші ядролық арсеналдан өз еркімен бас тартқан Қазақстан қаруды таратпау, қарусыздану және атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану мәселелерінде халықаралық қоғамдастыққа сенімді әріптес болған, болып отыр және бола да береді. Біздің бұл мәселелердегі саясатымыз теңдестірілген, дәйекті және жауапкершілікті күйінде қала бермек.

Бір пікір:
Рахман Алшанов, экономика ғылымының докторы, профессор:
– Соңғы кездері халықаралық қатынастарда біраз қиындықтар туып отыр. Біріншіден, Израильді «Жер бетінен құртам» деп қайта-қайта доқ көрсетіп жүрген Иранның ядролық бағдарламаға белсене кірісуі алаңдатады. Ядролық қаруға тыйым болғанына қарамастан, Израильге соққы беруге әзір екендігін мәлімдеп жүр. Болжам бойынша, Иранның 50-дей ядролық қару-жарағы бар екен. Екіншіден, ядролық потенциалы бар Пәкістандағы тұрақсыздықты, жарылыстарды көріп жүрміз. Ертең Пәкістандағы ядролық қару лаңкестердің қолына түссе, не болады? Солтүстік Корея мен Оңтүстік Корея арасындағы текетірес ядролық қаруды сынауға жол ашып отыр. Қазіргі кезде қару-жарақ сату көлемі ұлғайып, «қырғи-қабақ соғыс» кезінен асып түсті. Қауіпсіздік дегенді сылтау етіп, қарулануға бет бұрып барады. Сондықтан Қазақстанның ядролық қарусыздану туралы ғаламдық бастамасы өзекті мәнге ие және біздің толық қақымыз бар. Біз Семей полигонының зардабын тарттық, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев, Олжас Сүлейменовтердің ерік-жігерімен полигонды жауып, ядролық қарудан бас тарттық. Ядролық қарусыздану тұрғысынан Қазақстанның нақты тәжірибесі бар. Қазақстан уран өндіруден әлемде алдыңғы орынға шықты, бірақ біз уранды бейбіт мақсатта игілікке асырамыз деп қолға алып отырмыз. Елбасының айтып отырғаны – уранды бейбіт мақсатқа пайдалануға ешқандай шектеу салынбауы керек. «Мегатоннадан мегаваттқа» деген бейбіт жобаларға серпін беретін кез келді.

Ой-тұжырым:
Адамзаттың тағдыры көрінбейтін атомға тәуелді. Жанталаса қарулану жаппай қарусыздануға ұласуы керек. Сондықтан әлемдік қоғамдастық алдындағы өз жауапкершілігін түйсіне отырып, біздің еліміз әлемдегі төртінші ядролық әлеуетінен ерікті түрде бас тартты. Әлемдік қауымдастық уақыт оздырмай, Қазақстан салған сара жолды таңдағанда ғана ядролық қауіптің ауылы алыстай түспек.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста