Еуропалық одақтың дағдарысы ушығып жатқан кезде әлемнің маңызды орталықтары Азияға ауысуы мүмкін деген төрт-бес жыл бұрынғы батыл болжамдар расқа айнала бастағандай. Себебі сарапшылар алғашқы жаһандық дағдарыстың ошағы АҚШ болса, екінші толқынның бастауы Еуроодақ тығырығы мен еуро дағдарысы болғалы отыр. Расында, олардың тығырыққа тірелгенін көріп тұрып, стратегиялық бағытымызды пысықтай кеткен артық болмайтын сияқты.
Дағдарыстың түпкі себебін бір полюсті әлемнің кесірінен деп білетін Еуропарламенттің бұрынғы депутаты Джульетто Кьезаның пікірінше, әлемдегі маңызды қаржылық орталықтар Азия құрлығына қарай ойыса бастаған. «Қазір халықаралық қаржы орталықтары Азияға ауысып үлгерді. Әлемдік үш ірі банк – Қытайдікі. Бұдан өзге Бразилия, Үндістан күшейіп жатыр. АҚШ осы ойыншылардың пікірімен санаспай шешім қабылдай алмайды. Америкалық империяның дәуірі аяқталды деп есептеймін. Император бағыныштыларымен санасуға мәжбүр болса, онда ол император емес. «Империяның ақыры» дегенде мен осыны меңзеп отырмын» деген Джульетто Кьеза ойының жаны бар. Ғаламдық экономикалық дағдарыс әлем орталықтарының Азияға қарай ауысуына ықпал ете бастады деген ойды сан мәрте айтқан Әлемдік банктің экс-президенті Джеймс Вульвенсонның бұл пікірінің шындыққа айналатын күнінің ауылы алыс емес секілді. Әлбетте, Вульвенсон 2050 жылға қарай Үндістан мен Қытай әлемдік ЖІӨ-нің 50 пайызын берген кезде әлемдік орталықтардың Азия құрлығына ойысатынын айтқан-ды. АҚШ-та білім алып жатқан үнділіктер мен қытайлықтардың саны 500 мыңдай, олар болашақ әлемнің тізгінін ұстайтын көшбасшы, менеджерлер мен саяси басқарушылар болмақ.
Айтса айтқандай, соңғы 20 жылда АҚШ-тың әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 25 пайыздан 20 пайызға азайған. Кәрі құрлықта да осындай ахуал қалыптасқан. Керісінше, Азияның әлемдік ЖІӨ-дегі үлес салмағы 25 пайыздан 44 пайызға дейін өскен. Қазіргі кезде әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі 13 пайыздан асқан Қытай елі көп ұзамай Еуропаны басып озады. Жалпы Азиядағы биржалар NYSE және LSE инвестициялық орталықтармен бұрыннан үзеңгі қағыстырып келе жатқанын ескеру керек. Жақында АТЭЫ саммитін Владивостокта өткізген Ресейдің Сібір мен Қиыр Шығысты одан әрі игеру саясаты қарқынды жүргізе бастауының үлкен астары бар. «Ресей қаншалықты еуропалық болса, соншалықты азиялық ел» деген қағиданы басшылыққа алатын орыстар құрдымға кету қаупіне душар болған Еуропаның кебін киюді қаламайды, енді азиялық векторды дамытуға бел шеше кіріскен. Өйткені Еуропа өте жоғары әлеуметтік кепілдемелерге малтығып, патернализмге бой алдырса, Азия экономикаға ондай артық салмақ салудан аулақ болғанын олар да көріп-біліп отыр. Жалпы, Батыстың, Еуроодақтың сауда саясатындағы протекционизм үрдісі бел алып жатқан кезде азиялық елдер бұған қатысты өз саясатын айқындайтыны анық. Азияның әлемдік экономикада күшеюімен америкалық доллар мен еуроға балама бірнеше резервтік валюталар пайда болуы мүмкін. Азияда автокөліктің – 67 пайызы, теледидар мен радиоқабылдағыштың – 77 пайызы, алюминийдің – 50 пайызы, болаттың – 54 пайызы, кемелер мен синтетикалық талшықтардың үштен екісі өндіріледі.
Қытай мен Үндістанның сара жолы өзге азиялық елдерге: Жапония, Оңтүстік Корея, Тайвань, Индонезия, Малайзия, Таиланд және Вьетнам секілді мемлекеттерге зор мүмкіндіктер ашады. Әлемдік қаржы орталықтарының рейтингінде Азиядан Сингапур, Токио, Қытайдың үш қаласы Гонконг, Шанхай, Шенчжень қалаларының еніп отырғаны көп нәрсені аңғартады. Ақпараттық технологиялардың құлағында ойнайтын үнділік жастар «Шығысқа қарай!» деген ұранмен еліне, өзге азиялық мемлекеттерге оралып жатыр. Гонкгонг елі де үнді мамандарын көптеп жұмысқа қабылдауда.
Қазақстан Азиялық векторға басымдық беруі керек
Өкінішке қарай, Қазақстанның Қытайды қоспағанда АСЕАН-мен тауар айналымы өте аз, 0,4 пайыз ғана. Бұл көрсеткіш көңіл көншітпейді. Кедендік одақ шеңберіндегі Қазақстанға Азиялық елдермен тығыз экономикалық байланысты дамыту маңызды. Келешекте Еуропалық одақ отандық экспортты тұтынуды азайтатын жағдай туындаса, қарыштап дамып жатқан Азия елдеріне нарықты айқара ашу қажет. Еуропамен дағдарыс батпағына батып кететінін сезінген Ресей алдын ала Азия-Тынық мұхит аймағына шикізат тасымалдау үшін көліктік-транспорттық инфрақұрылымды жасап жатыр. Әлемде осындай үлкен трендтер болып жатқан кезде Еуразияның кіндігіндегі Қазақстан не істеуі керек?
Біріншіден, Азия елдерімен экономикалық байланысты нығайту үшін ЕурАзЭҚ-ШЫҰ форматында, сонымен ШЫҰ-АСЕАН-АТЭЫ форматында ынтымақтастықты тереңдету қажет. Батыс Еуропа-Батыс Қытай магистралі осы үлкен стратегияны жүзеге асыруға серпін беруі тиіс. Екіншіден, «Еуропаға жол» бағдарламасы секілді «Азияға жол» бағдарламасын қабылдау қажет сияқты. Елімізде Еуропаға маманданған кадрлар жеткілікті, енді Азия векторы бойынша жан-жақты білікті мамандарға сұраныс арта бастады. Бұл жөнінде Сыртқы істер министрлігіне Елбасы тапсырма берген болатын. Үшіншіден, Еуропаға баламалы әртүрлі интеграциялық құрылымдар Қазақстанға ауадай қажет. Себебі, геосаяси кепілдікке себін тигізеді.
Бір пікір
Әділбек Ермекбаев, халықаралық қатынастар маманы:
– Жалпы, қазіргі Еуропадағы экономикалық дағдарыс алдыңғы қатарға Үндістан мен Қытайдың шығуына мүмкіндік туғызуда. Алайда Еуропа елдері саяси билікті өз уысында ұстап отыр. Ал Азия елдері саяси шешім қабылдауда рөл атқармайды, себебі дәстүрлі қалыптаскан тепе-теңдіктің бұзылғанын олар да қаламайды және олар Еуропа мен АҚШ-қа әлі де тәуелді. Сондықтан да Азия орталыққа айналады деуге ерте, бұл үшін кемінде 50 жыл керек.
Ой-түйін
Қалай дегенмен, әлемде бұрыннан қалыптасқан көптеген парадигмалар өзгеріп жатыр. Әлбетте, Азия әлемнің кіндігіне айналады деп асығыс сөз саптаудан аулақпыз. Дегенмен айнымалы әлемде кез келген жайтқа қам-қарекет жасап, сарапшылар ұсынатын баламалы нұсқаларды бір ауық естен шығармағанымыз дұрыс болмақ.