Еліміздің Тәуелсіздігі баянды, кемеліне келген ел екені рас болса, Астанада елдігіміздің символы – Бәйтеректен кейінгі орында Әлихан Бөкейханов бастаған Алаш арыстарының ескерткіші тұруы тиіс. Бұл – кеше Астанада Еуразия ұлттық университеті қабырғасында өткен «Алаш туы астында: Алаш. Желтоқсан. Тәуелсіздік» атты мерекелік кеште айтылған ойдың бір үзігі.
13 желтоқсан – күллі қазақ жұрты үшін киелі сан. Дәл сол күні, нақтырақ айтар болсақ, осыдан 93 жыл бұрын өмірде Алаш атты қозғалыс пайда болды. Алашорда ұлттық үкіметі құрылды. Сол жылдың шілде-тамыз айларының өліара уақытында өмірге келген Алаш партиясы тұңғыш қазақ зиялыларының басын қосып, жалпы қазақ құрылтайын өткізді. Діни басқарма мемлекеттік құрылымнан тыс мекеме деп танылды. Өзінің идеясын бекітіп, жеке ел болуға қадам басты.
Осынау датаға және Тәуелсіздігіміздің 19 жылдығына арналып отырған шараның өтуіне «Аманат» интеллектуалды пікір-сайыс клубы мұрындық болған. Мәдени кешті ақын, Алаш сыйлығының иегері Серік Тұрғынбеков ашты. «Алаш арыстары осы азаттығымыз жолында жанын берді. Біз қазір Алаш арыстары арманының арнасында өмір сүріп жатырмыз. Астананы Есілдің бойы, Ақмола жерінде болса деген ойды алғаш солар – Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұсынов, Міржақып Дулатов арман еткен. Кейіннен Сәкен Сейфуллин Қазақ елінің Астанасы туралы талас-тартыста осы жерді көздегені белгілі. Одан кейін осы пікірді кеңес кезінде Қаныш Сәтбаев жалғастырды. Астанаға лайық бірден-бір мекен – Ақмола облысы деп ойып тұрып айтып кеткен», – дейді ақын ағамыз.
Иә, ақын ағамыз айтса айтқандай, қаймана қазақтың бауырына бодандық қамыты батып, еңсесі езілгенде «Алаш» деген ұранды ту етіп, зиялы топ бой көтерді. Бүтін елдің өгейлік саясатын ұстанған империяның құрсауында қалып, жұтылып кетуіне қарсы тұрды. Тар қапастан шығару жолы ендігі кезекте қолға қару алумен емес, қалам ұстап, мәдениет жолын қуу екенін ұққан алашордашылар ғылым мен білім арқылы рухани тәуелсіздіктің ұрығын себуге ұмтылып бақты. Ұлтын ұлыққа айналдыруды мақсат тұтқан Алаш арыстары Жапония үлгісіндегі ұлттық-демократиялық мемлекет құруға ұмтылды. Өйткені сол кезде Жапония ғылымға және салт-дәстүрге негізделген заңға сүйене отырып, ұлттық демократиялық жолды таңдаған бірден-бір мемлекет еді. Олардың мұндай арманының сыры осында жатса керек.
Дәл осы тұста Алаш арыстарының арманын ақиық ақын Мағжан Жұмабаевтың:
«Арыстандай айбатты,
Жолбарыстай қайратты,
Қырандай күшті қанатты –
Мен жастарға сенемін!», – деген рухани қолдау жалыны іліп алып бара жатты. Бәлкім, Алашорда ұлттық үкіметі алғаш құрылған күнінен бастап, күні бүгінге дейін өмір сүргенде Қазақ елі Жапония секілді мемлекеттің өзін шаң қаптырып кетер ме еді, кім білсін? Өкінішке қарай, біздерге ондай бақ дәл сол уақытта бұйырмады. Тек араға 74 жыл салып барып қана бұл арманымыз ақиқатқа айналды. Көптен күткен Тәуелсіздіктің көкжиегі көрінді.
Мағжанның жастарға үміт артуы тегін емес екен. 1986 жылғы ұлт-азаттық көтерілісінде ақын сенген жастар арыстандай айбаттанып, қызыл империя саясатына қарсы тұрды. Басынан бақайшағына дейін құрсауланған советтік жазалау тобына:
«Алаш туы астында,
Күн сөнгенше сөнбейміз.
Енді Алашты ешкімнің,
Қорлығына бермейміз!» – деп қарсы тұрды. Осындай ұлттық рухтың арқасында араға небәрі бес жыл салып барып, Қазақ елі өз Тәуелсіздігін алды. Аты шығып, әлемге мәшһүр болды.
Иә, Алаш идеясы ешқашан өшпек емес. Олар елім деп еміренді, жерім деп күңіренді. Алаш қайраткерлерінің тек жер туралы бағдарламасының өзі 70-80 беттен асатын еді. Өйткені жердің тұтастығы – жеке адамның ғана емес, үрім-бұтағының, ата-бабасының, қала берді Тәуелсіздіктің тірегі. Алаш арыстары осыны іштей сезіп, адам күтпеген амалдарға барды. 1905 жылы М.Тынышпаев пен Х.Досмұхамедовтер «Ақмоланы астана жасаймыз» деген идея көтерді. Алайда солар құрған жоспарлар мен армандардың көбі сол күйінде орындалмай қалды. Басты арманы – Жапония секілді алып елге айналу еді… Өкінштісі, көбісі «жапон тыңшысы» деген желеумен атылып кетті. Бірақ олар құрған идея өлген жоқ.
Тәубе! Осындай еліміздің барына тәубе! Тек биліктегі шенділердің осындай ұлық күннің қадір-қасиетіне бармайтыны өкінішті. Алаштың асқақ рухы алдағы жылда да жасыл шыршаның тасасында жасырынып қалмаса болғаны.