Алаш арыстарының асыл жарлары

Кешегі зұлмат жылдарың зілі әлі де ұмытыла қойған жоқ. Ұлтымыздың қаймақтарын қынадай қырғаны белгілі. Олардың ізі өшпес үшін асыл жарлары қандай қиындықтарға да төзіп, артында қалған ұрпағын өсіру үшін қолынан келгеннің бәрін істеді. Бүгін біз қоғам қайраткері, ағартушы, ғалым Қоңырқожа Қожықовтың жары Ләтипа ана туралы әңгімелемекпіз.
Асылдың сынығы, кинорежиссер, әйгілі «Қыз Жібек» фильмін түсірген Сұлтан Қожықовтың ата-анасы Қоңырқожа мен Ләтипа кезінде ұлт үшін ұмытылмастай тер төгіп, тарихта қалды. Қоңырқожа Қожықов Сырдария губерниясында мектеп инспек­торы, Түркістан, Әндіжан қалаларындағы мектептерде оқытушы болып қызмет атқарған. Ұлт мүддесі үшін күрескен Алаш қозғалысының көрнекті қайраткерлерінің бірі. Қоңырқожа – Түркістан автономиясын құруға, оның Орталық атқару комитетінің әртүрлі комиссияларында қызмет атқарып, Әулиеата, Жетісу уездерінде жер реформасын жүргізуге, Орта Азиядағы ұлттық межелеу науқанына белсенді түрде атсалысқан. «Қазақтың көгіне өрмелеп шығып, күн болуды көздеген» ұландардың сауатсыздығын жою мақсатында 1912 жылы «Әліппені» жәдит үлгісімен жазып, Орынборда арнайы кітап етіп шығарған. Ұлт үшін, ұрпақ үшін атқарған еңбегінің ең үлкені осы деуге болады. Отаршыл патша өкіметінің 1907 жылғы 3 маусымдағы жарлығына сәйкес, жергілікті халықтың Мемлекеттік Дума жұмысынан шеттетілуіне қарсы шыққан. Кеңес өкіметі орнағаннан кейін М.Шоқай секілді қайраткерлермен астыртын байланыста болады. 1938 жылы халық жауы ретінде тұтқындалып, ату жазасына кесілді. Әділеттің ақ туы жел­біреп, 1957 жылдың 23 желтоқсанында ақ­тал­ды. Қоңырқожа Қожықовтың жары Ләтипа Қожықова – Қазақстанның сәндік қол­дан­балы өнерінің көрнекті тұлғалары­н­ың бірі. М. Әуезов театрының алғашқы сах­на суретшісі, костюмері болған. Қа­зақ­тың сәндік қолданбалы өнерін әлемге танытқан хас шеберлердің алғашқы қар­лы­ғашы десе де болады. Сол кезеңдері қойылған спектакльдердегі сахнаны безендіріп, ұлттық жиһазбен көмкерумен қатар, ұлттық киімдер де Ләтипаның қолынан шыққан. 1936 жылы Мәскеуде әйгілі Күләш Байсейітова сахнаға Ләтипа тіккен ұлттық киіммен шыққан еді. Тек театр әртістеріне киім тігумен ғана шектелмей, мемлекеттік арнайы тап­сы­рыспен де жұмыс істеген. АҚШ прези­денті Рузвельтке сый ретінде арнайы тапсы­рыспен ұлттық киім мен киіз үй жасауларын ісмер Ләтипа тіккен. Бүгінде әйгілі құндылықтар Рузвельт музейінде сақтаулы тұр. Суретшілер одағының мүшесі болған ісмердің қолынан шыққан дүниелері Алматыдағы Өнер мұражайы мен Орталық мұражайда сақтаулы. Ләтипаның әкесі өз заманында көзі ашық, дәулетті адамдар­дың бірі болған. Әкесі Мұңайтпас балала­рын оқыту үшін арнайы мектеп ашқан. Онда Ташкент семинариясын бітіріп келген жас ұстаз Қоңырқожа Қожықов сабақ береді. Ләтипа сол мектепте оқып, сауатын ашқан. Кейінірек екеуі сөз байласып, отау құрады. Дүниеге Қожахмет, Құлахмет, Нұрахмет, Сұлтанахмет атты ұлдары келеді. Ұлт зиялыларын қуғынға түсіргенде солшыл саясаттың құрығына Қоңырқожа да ілігеді. «Патшаға қарсы үгіт жүргізген» деген айып тағылады. Онымен бірге қазақтың қаймақтары да құрыққа іліккен болатын. Туыстары Ләтипаның сіңлісі Гүләндәмнің күйеуі, мемлекет қайраткері Сұлтанбек Қожанов жабылды. Артынша Гүләндәмнің өзін де ұстап әкетті. Ләтипаның ағасы Серәлінің қызы Рәбия да ері Санжар Аспан­дияровпен бірге ұсталып кетті. Аты суық «Халық жауы» деп ұсталып әкетіліп жатқандарда есеп жоқ болатын. Тіпті әйелдері мен балаларына да ауыз сала бастады. Басына түскен ауыртпалыққа мойымаған Ләтипа шешуші сәтте оқыс шешім қабылдауға мәжбүр болады. Қара киімділер келгенде Ләтипа күйеуімен бұрынан ажырасып кеткенін айтады. Бұл жалған сөз Қоңырқожаның артында қалар іздері – төрт ұлын өсіріп жеткізу үшін айтылған ауыр сөз болатын. Олай айтпасқа амалы да жоқ болатын. Кейінірек немересі Сәуле Құлахметқызы әжесі Ләтипаның өмір бойы жүрегін сыздатқан жалғандық болғанын айтқан еді... Қазақ өнері үшін тер төккен Ләтипаның еңбегі ескерусіз қалған жоқ. Қоңырқожаның арыстай төрт ұлын өсі­ріп жетілдіріп, қазақтың маңдайына біт­кен асыл азаматтары етіп тәрбиелей білді. Театр безендірушісі болған анасының қасында жүріп үйренгендері болар, ұлдары өнерге ынтық болып өсті. Үлкен ұлдары Қожахмет – Мәскеуде оқыған, карикатура саласында тыңнан түрен салған алғашқы қазақ суретшісі. Әкесінің артынан құзғын­дар­дың құрығына ілігіп, айдаудан ауырып оралады. Ауыр науқасы көп ізденуге кедергі келтіреді. Кинематография сала­сын­­да алғашқы қоюшы-суретші болды. Нұрахмет мүсін саласында жемісті еңбек етті. Сұлтан Қожықовты танымайтын қазақ жоқ болар, сірә. Бір ғана «Қыз Жібек» фильмі оның атағын аспандатқаны мәлім. Балаларының бәрі де өнер жолын таңдап, шығармашылықтан алыс кеткен жоқ. Әрі жемісті еңбек ете білді. Алаш арыстарының ұлдары осылайша әкелерінің мерейін өсіргені бар. Бұл жолда арыстардың адал жарларының қосқан үлесі де қомақты.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста