Алаш арыстары оқу мәселесін ұлт тағдырынан бөле қарамаған

Алаш арыстары оқу мәселесін ұлт тағдырынан бөле қарамаған

ХХ ғасырдың басында қазақтың саяси сахнасына шыққан Алаш қозғалысы өзінің саяси басшылары, қозғаушы күші мен алдына қойған мақсаты және қамтыған мәселелер аумағы жағынан бұрын-соңды қазақ даласында болған қозғалыстардың ең маңыздысы әрі жоғары деңгейде ұйымдасқаны-тұғын. Оның басты артықшылығы саяси демократиялық партия мен ұлттық дербес мемлекет құру деңгейіне дейін көтерілгендігінде болатын.

Алаш қозғалысы оның саяси басшыларының ойлап тапқаны емес еді. Ол – патшалық Ресейдің отарлық саясатының езгісіне, соның салдарынан туындаған қоғамдағы өктемдік пен әділетсіздікке қарсы шыққан қазақ халқының ұйымдасқан түрдегі іс-әрекеті, ұлттық санасының оянуының әлеуметтік көрінісі-тұғын.

Бұл ұлт-азаттық қозғалыстың басы-қасында ұлтымыздың Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы, М.Дулатұлы, М.Шоқай, М.Тынышбаев, Ж.Ақбаев, Х.Досмұхамедов, Ж.Досмұхамедов сияқты алдыңғы қатарлы шынайы қазақ зиялылары болды. Олар Ресейдің Санкт-Петербург, Мәскеу сияқты орталық қалаларында оқыған, өз заманына сәйкес жоғарғы білім алған, озық ойлы қайраткерлер еді. Олар өздерінің білім деңгейі мен саяси белсенділігі, ұлтшылдық қуаты мен халықшыл қасиеті, рухани парасаттылығы мен азаматтық пайымдылығы жағынан Қазақстандағы кеңес өкіметін құрушылардан әлдеқайда алда болды.

Алаш зиялылары қазақ елінің сан ғасырлық даму ерекшелігін, салт-дәстүрін және ұлттық болмысын ескере, жетілдіре, басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесімен байыта түсуді ұсынды. Бұл жол бұқара халық үшін большевиктер ұстанымынан анағұрлым қасіреті мен азабы кем, тиімділігі мен пайдасы мол болатын. Ең негізгісі, олар осы арқылы қазақ елін өзін-өзі басқаруға мүмкіндік жасайтын тәуелсіздік тұғырын таңдады. Алайда Алаш қозғалысының түпкі мақсаты логикалық шегіне жетпеді. Кеңестік тоталитарлық жүйе Алаш арыстарының азаттықты аңсаған идеяларына жан-жақты қысым жасап, олардың өздерін әр түрлі қуғын-сүргінге ұшыратты, ақыры 1918 жылы Түркістан үкіметін қанға бояп, 1920 жылы Алашорда мекемелерін күшпен таратып тынды. Кейін оның жетекшілері түгел дерлік айдалды, атылды.

Сөйтіп, ата-бабаларымыз талай ғасыр армандаған бостандық пен тәуелсіздік елімізге 1990 жылдары ғана қайта оралды. Осыдан 80 жылдан астам уақыт бұрын айтылған «Біз құл болып тұра алмаймыз. Біз ұлт азаттығымызды аламыз» деген көреген саясаткер М.Шоқайдың сенімі шындыққа айналды. Кезінде азаттықты әбден аңсаған көңіл күймен Ақпан революциясын жаңа жолға бастайды деп алданған Алаш жетекшілері Әлихан, Мұстафа, Міржақып «Қазақ» газетінің 1917 жылғы 225 санында «Азаттық таңы атты. Тілекке құдай жеткізді. Күні кеше құл едік, енді бүгін теңелдік. Қам көңілде қаяудай арман қалған жоқ» деген еді. Шынына келгенде, мұндай күн енді туды.

Азат елдің алғашқы қадамдарынан-ақ кешегі кеңестік кезде тыйым салынған аяулы да асыл есімдер өзінің туған халқына қайта оралып, олардың өлмес мұралары бірте-бірте жұртшылық игілігіне айнала бастады. Қазір бұларды зерттеудің өзі әр түрлі өз алдына сала болып қалыптаса бастағанын айта кеткен жөн. Бір ғана мысал, бүгінгі күнге дейін Алматыдағы Ұлттық кітапханада М.Шоқайға қатысты библиографиялық тізім 1162 әдебиетті құрайды. Мұның Алаш ардақтыларының өмірі мен қызметіне, олардың мол мұрасына қызығушылықты айқын танытатын фактор екені даусыз.

Алаш арыстарының көзқарастары мен ұстанымдары – қазақ даласындағы арысы әл-Фараби, берісі Шоқан, Ыбырай, Абай бастаған ағартушы ғұламалардың ой-тұжырымдарының қазақ қоғам дамуының жаңа дәуіріндегі заңды жалғасы, қазіргімізге көпір, келешекке қызмет ететін мол мұра. Кезінде бостандық пен тәуелсіздікті жалпы адамзат баласының табиғи атрибуты деп түсінген Шоқан Уәлихановтың: «Халықтың қалыпты түрде өсуі үшін ол дамудың қандай деңгейінде тұрса да: өзіндік дамуы, өзін-өзі қорғауы, өзін-өзі басқаруы және өзіндік соты болуы қажет» деп айтқаны өзінен кейінгілерге жол ашып беріп еді.

Алаш жетекшілерінің асыл армандары, әлеуметтік, саяси-құқықтық тұжырымды ой-пікірлері «Алаш» саяси-демократиялық партиясының бағдарламасынан әдемі көрініс тапқан. Онда қазақ халқын дербес даму мен прогресс жолына бастайтын мемлекеттік-құқықтық идеялар, өзін-өзі басқаратын мемлекеттік жүйені құру, әлемдік озық тәжірибеге сүйене отырып, жаңа өмір сұранысына жауап беретіндей қазақ қоғамын демократиялық мұраттар бағытында өзгерту, т.б. сол кездегі өзекті мәселелер жан-жақты жинақталған, тұжырымдалған еді. Мұндай құжаттың авторларының сол кездегі адамзат тарихы мен мәдениетінің қол жеткен мұраларынан толық хабардар болғандары, тіпті бүгінгі заман биігінен қарағанның өзінде-ақ айқын аңғарылады.

Алаш қозғалысы жетекшілерінің ішінде тұңғыш ұлттық «Алашорда» Үкіметінің басшысы Әлихан Бөкейханның орны бөлек. Ол өз заманының өзекті де өткір сұрақтарына жауап беріп, ұлтының тағдыры тығырыққа тірелгенде, содан шығар жолды сілтей алды. Ғұлама ғалым патша өкіметі құлап, Ақпан революциясы жеңгеннен кейін-ақ: «Біздің ұранымыз – демократиялық республика» деп ашық айтып, парламенттік демократияны дамытудың үлкен нәтиже беретініне сеніммен қарады. Ол қазақтың ұлттық ерекшеліктерін сақтай және сана-сезімін оята отырып, Ресей мен Еуропаның озық мәдениетіне жеткізу, қазақ қоғамын ортағасырлық әлеуметтік-экономикалық мешеуліктен алып шығатын батыстың буржуазиялық қатынас жолын қолдады.

Әлихан Бөкейхан Еуропада ғылым, өнер толық, қазақта олардың жұрнағы да жоқ деп, өз еліне Еуропаны үлгі тұтты. Қазаққа өнер-білімнің басқа жұртпен бірге теңдікке жету үшін қажет екендігін жақсы білді. Ол өзінің «Рухани мәдениет қарауылынан» деген мақаласында: «Рухани мәдениеттің бір белгісі – жұрт баласына жалпы оқу, газета, кітап оқып, ғылым жолын тану, қол жеткені ғылым жолында ізденіп, адам баласына жақсылық жол ашу», – деп жазды. Бұл мәселелерді қазақ қоғамындағы әлеуметтік-экономикалық және техникалық дамумен тығыз байланыста қарады.

Данышпан Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтқанда, қазақтың «оқыған азаматтарының тұңғыш көсемі», өзі өмір сүрген қоғамның көкейкесті әлеуметтік-саяси мәселелерін биік деңгейде қозғап, адамды рухани қалыптастырудағы оқу-білімнің құдіретін терең түсінген ұлы ағартушы-реформатор Ахмет Байтұрсынұлының мұрасынсыз бүгінгі білім-ғылым жүйесін түсіну мүмкін емес.

А.Байтұрсынұлы Батыс мәдениетінен алшақ, білім-ғылымнан кенже қалған, күнделікті малын бағып, егінін еккеннен басқа тірлігі шамалы, бейқам, жым-жырт жатқан қазақ халқын оятуды мақсат етті. Ол алға басып, жұрт қатарына кіру, басқадан кем болмаудың басты амалы білім мен ғылым деп білді. 1914 жылы жарық көрген «Бастауыш мектеп» атты мақаласында бастауыш мектептің 5 жылдық болуын, оның алғашқы үш жылында бірыңғай қазақша, қалған екі жылында орысша оқытуды ұсынды. Бұл отаршылық заманның зардаптары жалпы қазақ халқының ұлттық иммунитетін әлі елеулі әлсірете қоймаған кезең еді. Ал патшалық Ресейдің саяси жалғасы іспеттес болған кеңестік кезең ұлтымызды рухани жағынан әбден кедейлендіріп, тәуелсіздікке қолымыз әрең жеткенде орыс және ағылшын тілдерін бірінші сыныптан оқытып, балабақшадан ағылшын тілін үйренуді ұсынуды түсіну, жұқалап айтқанда, қиындау, қаттырақ айтқанда мемлекеттік мәртебеге ие болғанына ширек ғасырдан асқан, алайда қолданыс аясы тарыла түспесе, елеулі кеңи қоймаған қазақ тілінің тамырына балта шапқанмен бірдей.

Реті келгенде айта кетейін, бүгінгі әлемдегі кейбір елдердің тәжірибесі мынандай. Қытайда ағылшын тілі үшінші сыныптан бастап оқытылады. Ал оның көршісі Жапонияда ағылшын тілі бірінші сыныпта аптасына бір-ақ сағат, ал негізінен бесінші сыныпта аптасына екі сағат қана оқытылады. Солтүстік көршіміз ресейліктер ағылшын тілін екінші сыныптан оқиды. Бұларда үшінші тіл жоқ. Балабақшадан бастап үшінші тіл оқытатын елді әзір естігенім жоқ. Естігендер болса, айтар.

Соңғы жылдары 12 жылдық мектепті қалай ұйымдастырамыз деп бастары қатып жүрген қазіргі білім басшылары бүгінгі бастауыш мектеп жүйесін қайта қарап, оны тілге үйрету жағынан нығайта түсудің жолдарын іздестіргенде орыс, ағылшын тілдерін қалай оқытуды да ойластырып жатса, дұрыс болар еді. Ең негізгісі, мектептің ең алғашқы баспалдағы – бастауышта баланың білімге, оқуға шынайы ынта-ықыласын қалыптастыра алмасақ, ісіміздің барлығы бос тіршілік болады. Қазір солай болып отыр.

Ғұлама ғалым оқу-білімді тек оқу жүйесінің ғана басты міндеті емес, ол бүкілхалықтық іс деп таныған: «Балам деген жұрт болмаса, жұртым дейтін бала қайдан шықсын. ...Баланы ұлша тәрбиелесең, ұл болмақшы, құлша тәрбиелесең, құл болмақшы», – деп жазды. Оның: «Біз кейін қалған халық, алға басып, жұрт қатарына кіру керек. Басқадан кем болмас үшін біз білімді, бай һәм күшті болуымыз керек. Білімді болуға оқу керек. Бай болуға кәсіп керек. Күшті болуға бірлік керек. Осы керектердің жолында жұмыс істеу керек» деген сөздері ұлтымызға мәңгілік ұран болуға тиіс. Мұны қазіргі Тәуелсіз мемлекет, Мәңгі ел құруымыздың рухани формуласы да деуге әбден болады.

Ұлтының еркіндігі мен өзін-өзі билеуі үшін күресте қанша қуғын-сүргін көрсе де, азаттық жолынан ешбір таймаған, Мұстафа Шоқай бейнелеп айтқанындай, Түркістан түркілерінің ең көрнекті, ең сыйлы өкілдерінің бірі, патшалық Ресейдің отарлау саясатының тақсіретін тартқан қазақ халқының бүкіл рухани дүниесінің лейтмотивіндей болған Міржақып Дулатұлы «Оян, қазақ» деп, қазақ халқын оянуға, бекер өмір сүрмеу үшін күреске шақырды:

Көзіңді аш, оян, қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал Һарам боп,

Қазағым, енді жату жарамас-ты.

Осы бір төрт-ақ жолға сол кездегі ащы шындық тұтас сыйғызылған.

Қазақ халқын тұйықтан шығаратын жолды М.Дулатұлы да мәдениет, оқу-білімнен іздеді. Сол себепті оқу-білім тақырыбына арналған мақалаларында ол заман талас-тартысқа айналғанын, қара басына қайғырмай, қамсыз жатқан қазақ болмаса, ұшқан құс, жүгірген аңның бәрі тіршілік жабдығында екенін, жағаласпай, жармаспай, ешкім қатардан орын бермейтінін айтады. Сол үшін басқалармен тартысуға, жарысуға оқу-білім керек деген ол: «Жалғыз сүйеніш, жалғыз үміт – оқуда. Теңдікке жетсек те, жұрттығымызды сақтасақ та, дүниеден сыбағалы орнымызды алсақ та, бір ғана оқудың арқасында аламыз. Жақсылыққа бастайтын жарық жұлдыз – оқу. Надан жұрттың күні қараң, келешегі тұман», – деп атап көрсетеді.

Міржақып Дулатұлы заманның өзгергені, соған сай қазаққа керек нәрселердің көп болып отырғаны, оның ішінде қазаққа ғылым мен өнердің айрықша қажеттігін, адамның ғылым мен өнер үшін жаратылмағанын, ғылым мен өнердің адам үшін шыққанын, оны адамның өзі тіршілігіне керек болған кезде өзі ойлап тапқанын айта отырып: «Тіршілік – бәйге, жарыс. Дүние – бәйге үлестіруші. Озғанға қарай бәйге береді» деген болатын. Автор ғылым, өнерімен асқандар білімсіздер мен өнерсіздерді білімімен жығатынын, сондықтан өзінде ғылым, өнер және кәсіп жоқ жұрттың өзге ғылымды, өнерлі, кәсіпшіл жұртқа малайлыққа жалданғандықтан басқа қолынан келері жоқтығын ашып айтады.

Алаш алыптарының арасында Мұстафа Шоқайдың орны бөлек, тағдыры ерекше. Ол өмірінің соңғы 20-жылдан астамын жат жерде өткізді. Бірақ 1941 жылдың аяғында көзі жұмылғанша сонау Ташкент гимназиясында оқып жүргеннен таңдап алған туған халқының асыл арманы мен биік мұраты – саяси егемендегі мен рухани бостандығы, Түркістан аймағының, бүкіл түркі жұртының тәуелсіздігі жолындағы күресті бір сәт толастатпады. Осы тұтас мақсатқа Мұстафа Шоқай өзінің бар саналы өмірін, қажыр-қайратын, білім-білігін бағыштады. Ғұмырын да тәрк етті.

Жақында 2012 жылдан шыға бастаған ұлы күрескердің 12 томдық шығармаларының толық жинағы жарық көрді. Бұл басылымның ерекшелігі – ұлы күрескер туындыларының тұңғыш түпнұсқа болуымен айқындалады. Бұл, шын мәнісінде, түркі руханиятына қосылған қазына.

1929 жылы жазылған «Біздің жол» атты мақаласында Мұстафа Шоқай былай деп жазған еді: «Біз, Түркістан тәуелсіздігін жақтаушылар, еліміздің еркі үшін және жұртымыз Түркістанның бодандықтан құтылуы үшін күресеміз. Түркістандықтарға бұдан басқа жол болмаған. Қазір де жоқ және бұдан соң да болмайды. ...Біздің мұратымыз Түркістанда түрі жағынан да, мазмұны жағынан да ұлттық болатын мемлекеттік құрылымға қол жеткізу болмақ. Сонда ғана халқымыз өз жерінің нағыз қожасы бола алады».

Әрбір халықты өзгелерден ерекше айқындайтын ұлттық рухтың шынайы ұлтшылдық үдерісінде қалыптасатынын жақсы білген Мұстафа Шоқай халқымыздың мәдени және рухани саладағы жетістіктерінің барлығы ұлтшылдық қозғалысқа тән деп санады. Түркістанда ұлттық өкіметтің үстемдігінен басқа ешбір күшті мойындамау негізіне құрылған осы ұлтшылдық идеясын: «Ол – халқымыздың жаны мен жүрегі. Ұлтымыз өмір сүрсе, ол да бірге өмір сүреді», – деп түсіндірген болатын. Біз әлі Алаш көсемдері тұтынған «ұлтшылдық» ұғымын кешегі кеңестік түсініктен азат ете алмай келеміз. Өз халқына шын берілгендіктің, өз халқын шынайы сүюдің көрінісі ретіндегі ұлтшылдықтың мемлекеттілік институтын да нығайта түсетінін ескерген жөн.

Саяси күрестің от-жалынында шыныққан, өмір жолында сан мінез-құлықты қайраткерлермен жолығып, кейде олардың кейбіреулерімен айтысқа да түскен Мұстафа Шоқайдың саяси тұлғаларға қойған талаптары қазіргі күн үшін де маңызды. Өзінің қайтыс боларынан бес жыл бұрын жазылған «1936 жыл» деген мақаласында: «Жалпы ұлттың мүддесін жеке қожалықтар мен жеке топтардың мүддесінен жоғары қоя білген, өзінің белгілі бір түзімге белгілі бір себептермен қалыптасқан қатынасын, оған тәуелділігін жалпы ұлт мүддесі тұрғысына сәйкес, ұлттың жалпы жағдайына үйлесетін түзім жолында құрбан ете білген адамдар ғана нағыз ұлттық патриот және ұлтқа пайдалы қызметші бола алады», – деген-ді. Бұл сөздерден саяси жетекшілерге қойылған бірнеше принципті мәселелер туындайды. Біріншіден, жалпы ұлт мүддесін өз мүддесінен жоғары қою. Екіншіден, ұлт мүддесіне сәйкес қызмет ете білу. Үшіншіден, ұлтқа пайдалы болу үшін оның жағдайымен санасу. Төртіншіден, ұлттың жолында қажет болса, өзіңді құрбан ете білу. Осындай талаптар қоюмен шектелмей, Шоқай «Біз саяси қайраткерлерді оның ұрандарына қарап емес, іс-қимылдарына қарап бағалаймыз», – деді.

Мұстафа Шоқайдың ұлт зиялысы туралы өз ой-пікірлері де айрықша қызғылықты. Ол өзінің «Ұлттық зиялы» деген мақаласында: «Ұлт зиялысы деп кімдерді айтамыз. Бір қарағанда жеңіл көрінгенімен, шын мәнісінде бұл сұрауға дұрыс жауап қайыру оңай емес. Оқыған, тәрбие көрген адамның бәрін зиялы деп атап, оны өз ұлтының зиялысы қатарына қосуға болады деп ойласақ қателесеміз. Біздіңше, белгілі бір мұрат-мақсаттардың соңында жүрген және сол белгілі мұрат-мақсаттар төңірегінде жиналған оқымыстыларды ғана зиялы деп атауға болады. Ұлттық зиялылар қатарына тек өз халқының саяси, экономикалық және әлеуметтік дамуына қалтқысыз қызмет ете алатын адамдар ғана кіре алады», – деп жазды. Осы ойын ары қарай жалғастыра келіп, Шоқай зиялылар қауымының азаматтық міндеті – халықтың ұлттық деңгейін көтеру, яғни жері, суы, қазынасы, тілі мен діні бір болған халық бұқарасын бірлестіру, олардың санасын біртұтас саяси, әлеуметтік, ұлттық санаға жеткізу деп атап көрсетеді.

Мұстафа Шоқайдың батысша тәрбиеленген зиялыларымызға қатысты ойлары бүгінгі күні аса маңызды. Оның ойынша, мұндай зиялылардың аянышты жері олар рухани жақтан өз халқына өгей болып қалады, халқына пәлендей бір ұлттық тәрбие беріп жарытпайды және халық та олардан пәлендей бір ұлттық тәлім алып жарымайды. Ащы да болса, Мұстафа Шоқай өзі әр кез биік қойған ұлт мүддесі үшін осындай тұжырымға барған.

Алаш мұрасы – мол қазына. Біз кейбір мәселелеріне ғана тоқтай алдық. Ал оны игеру, Тәуелсіздік мұраттарына қызмет еткізу өзгеше мәселе әрі аса маңызды міндет.

Біздер қазір өз еліміздің иесі болып, тәуелсіздіктің үшінші он жылдығында өмір сүрсек те Алаш мұрасының темірқазығындай «Тәуелсіздік» ұғымының маңызына тереңдеп бара алмай, азат санамыз бен ұлттық рухты жеткілікті қалыптастыра алмай отырмыз. Тіпті бүгінгі күні «тәуелсіздік» деген сөзді сан-саққа жүгіртіп, абсолютті тәуелсіздік жоқ деп ақыл айтушылар да табылып жатыр. Иманды қазақ халқы мұндай тәуелсіздіктің жоқ екенін де, болмайтынын да әлімсақтан біледі. Әлемде жаратушы заңдылықтың барлығын, адамзат қауымдастығында бірге тұрып, олардың бірі-бірімен байланыспай, қарым-қатынас жасамай тұра алмайтыны, тіпті біріне-бірінің тәуелді де болуының мүмкін екенін дана қазағым ертеден білген, мұны күнделікті өмірде ескеріп те отырған. Әңгіме осы тұрғыда тәуелсіз сана мен ұлттық рухтың аса қажеттігінде болып отыр. Осы орайда Мұстафа Шоқайдың «Ұлттық рухсыз ұлт тәуелсіздігі болуы мүмкін бе? Тарих ондайды көрген жоқ та, білмейді де. Ұлт азаттығы – ұлттық рухтың нәтижесі. Ал ұлттық рухтың өзі ұлт азаттығы мен тәуелсіздігі аясында өсіп дамиды, жеміс береді», – деген сөзін айта кетсек, артық болмас. Шынында да, ұлттық рух тамаша қасиеттерге ие етумен бірге өз ұлтыңды шынайы тануға, өз халқыңның алдындағы өз борышыңды жоғары сезіне түсуге көмектеседі. Сондай-ақ бүгін жаңарған, жаңа ел құрып жатқанда Міржақып Дулатұлының «Оян, қазақ» деген үні ерекше естіледі.

Қазіргі қоғамымыздың рухани дүниесіндегі көптеген кемшіліктер осы Алаш ардақтыларының асыл идеялары мен ой-тұжырымдарына жеткілікті көңіл бөлмеуден болып отыр. Оларды тәуелсіз елдің іргелі идеялары айқындалған Елбасымыздың еңбектерімен ұштастыра насихаттау кең өріс алуы қажет. Бүгінгі оқу орындары жүйесінде, әсіресе жоғары оқу орындарына арналған «Саясаттану» және «Әлеуметтану» атты оқулықтардың өзінде Алаш ойшылдарының әлеуметтік-саяси, тарихи-құқықтық ой-пікірлеріне тиісті орын берілмей келеді. Ал «Отандық әлеуметтану тарихы» атты курста тіпті олардың аттары да аталмайды. Сондай-ақ «Қазақстан тарихының» 4-томындағы «1917 жылғы екі революция кезеңіндегі Қазақстан» атты бірінші тараудағы «Қазақстанның қоғамдық-саяси дамуы және Алаш қозғалысы. Бірінші қазақ съезі және оның шешімдері» атты бөлімнің және Алаш жетекшілеріне қатысты басқа да материалдардағы саяси саралаулар мен идеялардың жұтаңдығы байқалады.

Шындап келгенде, Алаш мұрасын игеру қазір аса қажет болып отыр. Өйткені ол – біздің тарихымыз, өткен шындығымыз, бүгін де рухани нәр алатын асыл қазынамыз. Кешегі отарлық және кеңестік саясатты, оның зардаптарын Алаш жетекшілерінің еңбектеріне сүйене отырып, батыл да шынайы көрсету – ұлттық тарихи сананы қалыптастыруда таптырмайтын аса қажетті фактор. Бір ғана мысалға жүгіне кетейік. Тәуелсіздіктің 20 жылынан ассақ та, осыдан ширек ғасыр бұрын мемлекеттік мәртебеге ие болған қазақ тіліне түбірлі мойын бұра алмай, орыс тіліне жабысып, тістесіп, құлдық санадан әлі арылмай отыруымызды басқаша түсіндіру қиын.

Алаш ардақтыларының асыл мұралары бүгінгі тәуелсіздігіміздің құдіретті құны мен мазмұнын тереңірек түсінуге көмектесіп, алдымыздағы мақсаттың салмағын сараптауға, көтерер жүгіміздің жауапкершілігін тануға игі ықпал етеді. Сондықтан да баға жетпес рухани байлығымызды оқу-білім жүйесінің барлық құрылымдарында оқытуды қолға алған жөн. Бұл – ұлы арыстар алдындағы қарызымыз бен парызымыз, алға жылжуымыздың бірден-бір кепілі. 

Түркістан газетінен алынды

 «Алаш айнасы»

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста