Ағылшындар қазақ киносына тәнті болды
«ҚазМұнайГаз» Барлау. Өндіру» акционерлік қоғамы Лондон қор биржасына, IPO-ға, яғни халықаралық қор нарығына шыққанына бес жыл толуына орай Лондон қаласында қазақ киносының апталығын өткізді. Мұндай шараны «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Лондон қаласында 24-30 қазан күндері «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесе отырып ұйымдастырды.
Компания Еуропа халықтарына қазақтың болмысы мен мәдениетін таныстырып, Қазақстанның табиғи ресурстарға ғана бай мемлекет емес, өзінің рухани құндылықтарымен де ерекшеленетіндігін байқатып қайтты. Компания «Қазақфильм» киностудиясымен бірлесе отырып, Лондондағы қазақ киносының апталығына түрлі жанрдағы 12 фильм ұсынған. Бұл отандық кинематография фестивалі Ұлыбритания және Солтүстік Ирландиядағы Қазақстан Елшілігі қолдауымен өткізілді.
Лондондағы қазақ киносы апталығы бірнеше ауқымды кинематографиялық шаралармен қатар келді. Мадонна және Кира Найтли секілді актрисалардың қатысуымен өткен екі британдық кино фестивалі, сондай-ақ ирандық, корей және ресейлік фестивальдермен қатарлас болып, бірге аталып өтті. Қазақ киносының апталығы туралы жарнамалар Financial Times, Evening Standard, Time Out, The Sunday Times, Metro, Pulse UK, City AM, Kommersant UK секілді бірқатар беделді британдық газеттерде жарық көрді. Жарнаманың психологиялық әсерін ескере отырып, қазақ киносының апталығы туралы өзге жақсы жарнамалық науқандар ұйымдастырылды.
Британдық Кинематография институтының белді халықаралық Sight and Sound басылымында «Қазақфильм» студиясының жұмысына арналған мақала жарияланды. Мақалада: «Бұл студияның қызметінен жергілікті көрермендеріне де, әлемдік артхаус аудиториясына да фильмдер түсіру энергиясының шоғырландыруын байқаймыз. Мұндай белгі, кино саласындағы мұндай ерекшелік Еуропаның көп елдерінде: Франциядағы мемлекеттік реттеу жұмыстары, Германиядағы бюрократия, Италиядағы текетірестер және Ұлыбритания рыногындағы жоғары сұранысы сияқты күрделі кезеңдерде жоғалып кеткен еді», – деп жазады Sight and Sound журналының киносыншысы Ник Роддик.
Лондондағы кинофестивальде көрсетуге «Қазақфильм» студиясының әр кезеңде түсірілген әртүрлі картиналары іріктеліпті. Онда классикалық «Қыз-Жібек» және «Транссібір экспресі» фильмінен бастап, Қазақстанның атынан америкалық «Оскар» киноакадемиясының «Шет тіліндегі ең үздік фильміне» ұсынылған Егор Михалков-Кончаловскийдің «Возвращение в А» фильмдері көрсетілді.
Сонымен қатар еуропалық көрермендерге Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың балалық шағы, жастығы мен ел басшылығына тағайындалу сияқты кезеңдері туралы Рүстем Әбдірашевтің «Менің балалық шағымның аспаны» атты фильмі ұсынылды. Фестиваль аясында режиссердің «Восток & Запад. Классика и Авангард» атты алғашқы халықаралық кинофестивалінің Гран-при иегерлері атанған «Сталинге сыйлық» секілді фильмі де көрсетілді.
Қазақстанға 30 жылдардағы өзге ұлт өкілдерінің күштеп қоныс аудару туралы ұтымды түсірілген Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық» фильмі де британдық көрермендер назарына ұсынылды. Бұл фильмнің еліміздегі тұсаукесері 2011 жылдың маусым айында болып өткен еді.
Ал кеңестік классикалық шытырман оқиғалы драмалық – «Транссібір экспресі» фильмі өзінің жалғасы ретінде түсірілген «Сіз кімсіз, Ка мырза?» атты фильмімен бірге көрсетілді. Бұл картина былтыр Мәскеуде өткен шытырман оқиғалы фильмдер фестивалінде Шытырман оқиғалы көркем фильмдер» атты номинациясы бойынша арнайы сыйлыққа ие болды. Сондай-ақ атақты британдық актер Винни Джонс ойнаған Ахан Сатаевтың «Ликвидатор» фильмі де фестиваль аясында көрсетілген фильмдер қатарынан көрінді. Картинаның бас кейіпкерлері Берік Айтжанов пен Қарлығаш Мұхамеджанова лондондық көрермендерімен кездесуге барды. Сатаевтың басты рөлде ресейлік актер Андрей Мерзликиннің қатысуымен түсірілген мистикалық триллері «Заблудившийся» фильмі де көрсетілді.
Жеңіс жолындағы қайсарлықты сипаттайтын Қанағат Мұстафиннің «Рывок» фильмі, атақты композитор және әнші Біржан Қожағұловтың шытырман оқиғаға толы өмір тарихын баяндайтын Досхан Жолжақсынов пен Рымбек Әлпиевтің «Біржан сал» тарихи драмасы, қазақ халқының хандары Әбілхайыр, Абылай хан, билерден Төле би және жоңғарлардың басшысы Қалдан Серен сияқты тарихи тұлғаларды сомдайтын Рустам Ибрагимбековтің «Көшпенділер» эпикалық драмасы Лондонда өткен қазақ киносы апталығында британдық көрерменнің назарына ұсынылды.
Бұл тарихи драмалармен қатар, Орта Азия халықтары ортақ түркі туы астында біріктіргісі келген ХХ ғасырдың басындағы белгілі тұлға – Мұстафа Шоқайдың өмірі мен тағдырын сипаттайтын «Мұстафа Шоқай» фильмі де фестиваль құрамынан табылды. Картинада Түркістан, Кавказ, Түркия, Франция секілді елдердегі эмигранттық өмірі баяндалады. Осы фильмде опералық әнші Мария Горинаның рөлін сомдаған қазақстандық әнші Карина Абдуллина Лондонға көрермендерімен қауышуға келді.
Қазақстан киносының апталығы Лондондағы ауқымды кинотеатрлар желісі – Apollo-ның бес залды кинотеатрында өтті. Бұл кинотеатрларда жыл сайын Ресей кинофестивалі де өткізіліп тұрады. Осы жолы қазақстандық кинофестивальдің өтетіндігі туралы жақсы жарнамалап жатқандығынан олар сескеніп, өздерінің көрермендерін жоғалтуға алаңдаған екен.
Ақпарат заманында ұлтымыздың дәстүрі, болмысы, өнері мен мәдениетін осындай фильмдерге көрсетіп, дамытып, өзге елге де мойындатары сөзсіз. Себебі кино – ақпараттың кең көзі. Ал Ұлыбританияда қазақ киносының фестивалін ұйымдастырып отырған компанияның бұл жолдағы ізгілікті істеріне алғыcтан басқа айтарымыз жоқ.
Қайрат ӘБУСЕЙІТОВ, Қазақстанның Ұлыбритания және Солтүстік Ирландия біріккен корольдігіндегі төтенше және өкілетті елшісі:
– «ҚазМұнайГаз» Барлау Өндіру» акционерлік қоғамы Қазақстан мен Ұлыбритания арасында мәдени байланысты қазақ киносы фестивалі арқылы жалғап отырғандығы, әрине, қуанышты әрі құптарлық жәйт. Меніңше, бұл Лондон қаласындағы тұңғыш отандық фильмдердің кинофестивалі болып отырса керек.
Тома ДИМ, Apollo Piccadilly Circus кинотеатрының бас менеджері:
– Лондонда Қазақстан киносы аптасын өткізу — біз үшін қуаныш. Бұл фестивальдің ұйымдастырушыларының өздерінің айтулы мерекелік күндерінде халқының классикалық және заманауи фильмдерін көрсетуге деген батылдықтары үшін ризашылығымды білдірер едім. Мен бұл іс-шара Қазақстанның терең тарихы мен жарқын болашағына, оның киноөндірісіне деген ауқымды аудиторияның шынайы ықыласын тудырады деп ойлаймын.