Абай облысында төтенше жағдай жарияланды
Бүгін Абай облысындағы Бородулиха ауданында төтенше жағдай жарияланды, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі "Қазақстан" телеарнасына сілтеме жасап.
Ресей аумағынан басталған өртті мамандар 3 тәуліктен бері өшіре алмай жатыр. Тілсіз жау қарағайлы орманның 3500 гектарын жайлаған. Қызыл жалынмен күреске 600 адам, 130-дан аса техника жұмылдырылған. Кеше қосымша Астана, Қарағанды мен Павлодардан 200-ден аса адам мен 40-қа жуық өрт сөндіру көлігі көмекке келді. Өрт тікұшақтармен әуеден сөндіруге де ырық бермей тұр. Желдің екпіні және сулы-батпақты жерлер кедергі келтіріп, ауыр техниканың қозғалысын қиындатқан. Елді мекендерге әзірге келер қауіп жоқ. 277 тұрғын өз күштерімен қауіпсіз жерге кеткен. Төтенше жағдайға байланысты Бородулиха ауылында 330 орынға 3 эвакуациялық пункт дайындалды.
"Жел күшейіп кетті. Қозданып жатқан жерлер қайта тұтанды. Желдің бағыты да солтүстікке ауысып, Березовка ауылына қарай бағытталды. Сондықтан бар күшті салып жатырмыз. Мамандар күні-түні тоқтаусыз жұмыс істеп жатыр", - деді Абай облысы әкімінің орынбасары Димитрий Гариков.
Еске салайық, 22 мамырда өртсөндірушілерге Ресейдің Алтай өлкесінің аумағында құрғақ шөп өртеніп, өрттің "Семей орманы" мемлекеттік табиғи резерваты аумағына өткені туралы хабарлама түскен.