Жұртшылық Тәуелсіздіктің ащы дәмін еш ұмытпауы тиіс
Өмірбек БАЙГЕЛДІ, сенатор:
– Өмірбек Байгелдіұлы, сіз 1986 жылы Желтоқсан оқиғасында қайда болдыңыз? Қандай қызмет атқардыңыз?
– Ол кез Кеңес Одағында, әсіресе біздің замандастарымыз арасында қызметте жүрген азаматтардың барлығы бір ұлы өзгерісті күтіп жүрген кез еді. Расында, заманның ағысы үлкен өзгеріске қарай ауып бара жатқанын бәрі сезетін. Оны тіпті орталықтағылар да кейіннен мойындады. Ал Желтоқсан оқиғасы тұсында мен Жамбыл облысының Қордай ауданында бірінші хатшы болатынмын. Алматыдағы уақиғаны демалыста жүріп естідім. Біршама адамның тізімімен жоғарыдан арнайы хат келіпті. Жедел хабар жеткенде «өзім келгенше ешкімге тиіспеңдер» дегенді ескерттім. Бірақ дәл сол күнгі оқиғаны естіген сайын тағат таппадым. «Қазақтың тағы қанша жасы құрбан болды, мұның арты тағы неше өренді жалмайды» дегенді бір ойласам, екінші жағынан, егемендікті аңсай жүргенде қаһарына мінген орталық қайта күшейіп, «оны әрмен қарай тағы ысыру саясатын жүзеге асырмаса екен» деген ойда болғаным рас. Кейін қызметке келгенде орталықтан да, тіпті жан-жақтан «халықпен жұмыс істеу керек, бетімен кеткенді қатаң жазалау қажет» дегенге саятын нұсқаулар қаптап кетті. Осының бәрін ойымнан өткізіп, іштей өзіміздің ұлттық қайғы-қасіретіміз ретінде қабылдадым. Әлгі тізімнің арасында жастары ғана емес, жақсы өсетін қызметтегісі де бар болып шықты. Бәрін партиядан шығару, жазалау, шара қолдану туралы нұсқаулар болған. Алайда оның бірін де жүзеге асырған жоқпыз, жабық жиындар өткізген болдық. Әріге бармадық. Өйткені Желтоқсанның арманы – менің де арманым, олардың намысы менің де намысым болатын. Дегенмен, бір айта кетерлігі, Желтоқсан оқиғасы біздің Тәуелсіздігімізді алыстата алмады. Қайта Кеңес Одағы кеңістігінде ұлттық намыстың көрінісі болып, алғаш рет басқаларға үлгі болған, қарсылық көрсету арқылы басқасын да осыған шақырған оқиғаның ұлысы осы еді. Басқа халықтар да кейін дүр сілкінді. «Халықтар достығы лабораториясы» саналып келген қазақ даласын жарып шыққан толқын басқаға оң әсер етті. Шынында, орталық тұтқасын ұстаған саясаткерлер, негізінен, ыдыраудың болатынын, Одақ түбі неге апарып соғатынын біліп отырғандай еді. Қай тұстан алғашқы дүмпу болатынын болжағандар да болған. Алайда мұндай «жарылыстың» дәл Қазақстаннан жарып шығатынына ешкім де сенбеген тәрізді.
– Ал 1991 жылы Тәуелсіздікті қалай, қандай қызметте жүріп қарсы алдыңыз?
– Тәуелсіздік ұғымы – жер бетіндегі барша халық үшін қасиетті ұғым. Әлемде 2000-ға тарта ұлт бар дейді. Алайда соның 200-ден астамы ғана тәуелсіз мемлекет һәм өз дербестігі бар ел. Демек, басқа 1800-ге тарта ұлт әлі күнге өз тізгініне өзі ие бола алмай, соған қолы жете алмаған күйді бастан кешіруде. Әйтсе де оларды осындай ұлы арманына қарай сөгуге болмайды. Халық болып жаралғаннан соң, олардың саны көп болса да, аз болса да, өз алдына дербес ел болғысы келеді. Ал Қазақ елінің Тәуелсіздікке қатысты жағдайы ерекше. Қазақтың жаратылысының өзі Тәуелсіздіктен тұрады. Тумысынан тәуелді болып жаралмаған бір ел болса, сол – бізбіз. Алайда Тәуелсіздігімізден кейінгі ғасырда айырылып қалған халықпыз. Дегенмен осы тұста тарихшылар шатаса беретін мәселеге назар аударғым келеді. Қазақтың еріксіз бодандыққа мойынсұнғанына 300 жыл дейді, бұл нағыз шындық емес. Соңғы Хан Кене дербес әскер құрып, соғысып, қазақты жаулауға қарсылық көрсетіп, соған халықты көтере білді. Ал Хан Кененің жеңілісін алып қарасақ, бұл – 1848 жыл. Бұл – біріншіден. Екіншіден, Кенесары хан қайтыс болғаннан кейін, патша өзінің ұлы дала кеңістігін билеу жөніндегі жарлығын шығарды. Бұл – 1849 жыл. Ал сол жылдан бері Тәуелсіздік алған 1991 жылға дейінгі аралық 142 жыл болып шығады. Сонда қазақтың Тәуелсіздігінен ажырап, қайта қол жеткізгенге дейінгі аралық – 142 жыл. Біз Тәуелсіздікке дейінгі 142 жыл бұрын тәуелсіз мемлекет болып қалыптасқанбыз. Осыны кейбір тарихшылар ескермейді. «300 жыл бодандықта» деп көбейтіп айтқанымен, қазақтың қайғысы ортая ма? Одан халық та ұлы болмайды. Біз соңғы Хан Кененің өліміне дейінгі кезеңнің бәрінде де соғысумен, Тәуелсіздікті қолдан бермеумен жүріп, сол үшін күресумен өттік.
Ал енді тікелей сұраққа келер болсам, Тәуелсіздік тұсында Жоғарғы Кеңес депутаты, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы едім. Сондықтан Тәуелсіздікті аңсау ғана емес, соны сезіну, жүзеге асыру үдерісін көз алдымызда өткізіп, оған қатысу бақытына ие болдым деп айта аламын. Бұл да зор бақыт. Көз алдымызда қаншама жылдар бойы ұлтты қан қақсатқан қызыл империяның ыдырап, құлағанының куәсі болдық. Расында, көпшілік адамдар мұны лезде түсініп кете алған жоқ. Бәрі қайта орнына келетініне сеніммен қарағандар да болды. Дегенмен ұлт тарихының кешегісінен хабары барлардың бәрі егемендіктің қамын ойлау қажеттігіне кірісті. Әрине, мәселенің бәрі бір күнде шешіле қоймағанын әркім де біледі. Ең бастысы, біз Тәуелсіздікке 142 жылдан соң қайта қол жеткіздік. Ал сол ел болып еңсе көтергелі бері 20 жылға таяп қалды. Бір адамның өмірімен өлшегенде аз уақыт емес. Бұл – 20 жастағы жігерлі, өскелең, жинақы жігіттің тас шайнап, мұз бүркетін кезеңі. Екінші жағынан қарағанда, бодандықтың қамытынан құтылып, ой-сананы сіңір болып кеткен ескі сүрлеуден шығарып, бүгінгі жеткен биігімізге қарасақ, 20 жыл көп уақыт емес. Тәубе, іргеміз бекіді, ірі екенімізді таныттық. Ырыс – ынтымаққа, ынтымақ – бірлікке ұласып жатыр. Ең бастысы, біздің халық текті ұлт екенін дәлелдеді, Тәуелсіздіктің ұйытқысы бола алды.
– Дегенмен сол тұста Қазақстанның Тәуелсіздікті ең соңынан жариялағанын айтатындар бар ғой. Кейде қайсыбір саясаткерлер тарапынан «қазаққа Тәуелсіздік оңай келді, шығынсыз болды» дегенге саятын қыңыр әңгімелер көпіртіліп жататыны да рас. Сіз осыған не айтасыз?
– Рас, Қазақстан Тәуелсіздікті соңынан алды. Осыны сөгуге даяр тұратындар бар екені маған да мәлім. Мен мұны сол кездегі жағдайды жете түсінбегендік, мәніне бойламағандық деп қана бағалаймын. Шығынның да, қантөгістің де қаупі ол кезде болды. Сондықтан да қиын жағдайға тап келмеудің амалын ойлағандықтан, ең соңынан жариялағанымыз да жөн болды. Осыны меңзеп айыптаудың, айнала қашудың еш негізі жоқ. Ең дұрысы, Алла солай қалады, солай шешілді. Расында, бәрі бір Жаратқанның жар болуынан. Құдайдың қалауы түссе, барлық халыққа тәуелсіздік оп-оңай келеді. Дегенмен қазаққа «Тәуелсіздіктің оңай келгені» туралы әңгімені гулетіп жүргендер – тарихты білмейтіндер қазаққа жау адамдар. Мойындау керек, біз кеңестік дәуірде өтірік сөйлеп келдік, «дамып жатырмыз, ең бақытты халық – бізбіз» дедік. Бұл өзімізді-өзіміз күйдіру еді. Тарихқа қарауға жағдай да берілмеді, мұрша да болмады. Кейін үңілсек, қазақтың қаны шықпаған бірде-бір кезең болмаған екен. «Осыншама азаптан қаны шықпақ түгіл, қалайша жаны шықпаған?» деп таңғалатындар көп екен біздің тарихымызға, құрбандығымызға қарап. Қырылмаған, қан шығармаған уақытымыз жоқ. Әлгі Кене ханға дейінгі кезеңді алып отырған жоқпын, өйткені оған дейінгі кезеңде біз тәуелсізбіз. Содан бергі кезеңде қазақтың қаны сорғаламаған кезең кемде-кем. 1 млн 600 мыңға дейін кеміп кеттік. Сондай заманды ұмыттырғандықтан, «бақытты замандамыз» деп айттық қой. Сондықтан «қазаққа Тәуелсіздік оңай келді» деп айтатындар – негізінен, қазақтың ұлттық мемлекетті құрғанын көре алмайтындар, ұлттың төл тарихын білмейтіндер немесе білгісі де келмейтіндер. Өйтіп айтуға болмайды, қазақ өзінің шыдамдылығынан бәріне қол жеткізіп отыр. Осылардың барлығын саралай келе, Желтоқсан оқиғасы мен Тәуелсіздік мерекесінің тұспа-тұс келгенін де кездейсоқтық емес деп бағалаған ләзім.
– Алайда қоғамның бір бөлігі осы мәселеге де қарсы ғой. Яғни кейбіреулер Тәуелсіздікпен қатар келгендіктен, Желтоқсан оқиғасы ұмыт болып жатыр дейді. Мұндай қарсылыққа не айтар едіңіз?
– Дүние тарихына үңіліп қараңыз, қансыз, құрбандықсыз егемендік алған ел кемде-кем. Бір кездері бодан болған, кейіннен өзі тәуелсіздікке ұмтылған кез келген мемлекет ұлы құрбандыққа барып отырды. Біреу итермелемесе де ұлтының қайсар туған азаматтары сол жолда жанын пида етті, басын бәйгеге тікті. Біздің кешегі Кене ханнан бастап, Алаш қайраткерлерінің, одан кейінгі Желтоқсан өрендерінің бәрі – осы жолдағы шейіттер. Ондай асыл азаматтардың кейбірі өздерінің құрбандыққа баратынын да біліп отырды. Тек сол күнге жету мұраты болды. Ал Тәуелсіздікке қол жеткен күн – сол жолда құрбан болғандардың арманы орындалған күн. Яғни тәуелсіз ел үшін қасиетті мереке. Сол күні Тәуелсіздіктің туы желбіреді. Шығын болған жігіттердің, ұлт намысы ардагерлерінің арманы орындалды. Сондықтан да осы күнді бүкіл ұлт қана емес, тұтас мемлекет болып атап өту үлкен ғанибет емес пе? Әрине, құран бағыштау, аруағын сыйлау – ұлттық парызымыз, борышымыз. Дәл сол тәуелсіз күнді жан пида болғандар армандап өтті. Сондықтан аруағы қуанып, разы болуы үшін де елеулі күнді қуанышпен, шаттықпен өткізу керек. Өмірбақи сол күнге бас иіп өтсек – қасиетті мереке деген сол. Қазақта мейрам көп, оның ішінде діни маңызы зор мереке де бар. Алайда қасиетті мейрам – осы Тәуелсіздік. Сондықтан осы күні жұртта жақсы көңіл, адал ниет болса, отбасымен патриоттық сезімге бөленетін уақытта болса, құшақтасып, Тәуелсіздігімізді сезініп, оның тағылымына тереңдей бойласақ, одан артық не бар?! Тоқ етері, біз қазақтың қаншама қайраткер ұландарының арманы болған күнді жоғары дәрежеде атап өтуге тиіспіз.
– Қазіргі дүниедегі тәуелсіздік мәселесін қалай бағалайсыз? Мысалы, тәуелсіздігін ең соңғы болып жариялаған елдерді – Косово, Оңтүстік Осетия мен Абхазияны алып қарайық. Қаншалықты ауыр тағдырлар, мойындалуы қиын үрдістер. Алайда сондай қиналып жеткен тәуелсіздікке қарсы болып отырған кез келген мемлекет өзін солардың орнына қойып, азабын көрсе ше?
– Әрине, ондағы халықтың айтары – азат ел болу, тәуелсіздік. Әділеттілік тұрғысынан қуып келгенде, әр халықтың дербес өмір сүруге, тәуелсіз болуына, тіпті ондай мәселені халықаралық қауымдастықтың алдына шығарып, күн тәртібіне қоюға да хақы бар. Ал енді өмірдегі тәжірибеге келетін болсақ, қазіргі дүние тарихында одан күрделі, одан асқан қиын шаруа жоқ. Тіпті әлемдік дипломатияның өзі қазір бұл сұраққа мүлдем қауқарсыздық танытады. Ондай тақырыпты қаузаудан да қашқақтайды. Өйткені қазір жағдай басқа. Барлық дерлік мемлекеттер бір-бірінің территориясын, шекарасын, оның түгел-тұтастығын, терезесі тең ел екендігін мойындап қойған. Ендеше, «әңгіме осымен бітті» болуы керек секілді ме? Жоқ! Косовоның қантөгіспен шыққаны белгілі. Грузин-Абхаз-Осетия мәселесі әлі де соңғы шешімі табылмай, күрделі күйінде қалды. Алапат соғыс өрті бұрқ етудің аз-ақ алдында басылды. Бұлардың алдында ғана тәуелсіздік алған Чехословакия деген мемлекет болды. Екеуі бір кездері бірге болғанымен, өзара келісіп, екіге бөлініп кетті. Осы жайттарды сараптап қарасақ, ендігі тәуелсіздік алатын мемлекеттердің бір ғана жолы қалғанын байқайтындаймын. Ол – өркениетті жолмен өзара түсінісіп, жоғары дамығандықтың белгісін көрсетіп, еш жанжалсыз бөлінісу. Алайда оны болдыратын заманға бет бұрып бара жатпағанымыз, қайта ондайды болдырмауды қатайтып жатқанымыз тағы анық. Солай бола тұра, қантөгіс арқылы тәуелсіздігімді аламын деуге ендігі күні еш сенім қалған жоқ. Ондай әрекеттер тәуелсіздік үшін күрестен асып, үлкен өңірлік соғысқа ұласуы әбден мүмкін. Бұл – бірінші жағдай. Екінші мәселе – біздің Қазақстанның, біз секілді мемлекеттің жағдайы. Мұндай мемлекетте ендігі уақытта бөтен Тәуелсіздік туралы еш мәселе болмайды, болмауы да қажет, мүлдем болдырмауға тиіспіз. Қазақ даласы – әлімсақтан қазақтың жері, бұрынғы өткен заманнан ата-бабасының мұрасы. Оған ешкімнің таласы жоқ. Бір ғана ұлт – бір ғана мемлекет. Бұрыннан осы. Тағдырдың жазуымен кейіннен араласқан ұлт өкілдері баршылық. Олар да қазақ даласына өз еркімен келген жоқ. Күшпен келді. Бірақ көпшілігіміз аңдамай сөйлеп, «көпұлтты мемлекетпіз» дегенді жаттандыға айналдырып алғандаймыз. Бұл дұрыс емес. Осыны айтқысы келе беретіндер ары кетсе, «көпұлтты азаматтар тұратын мемлекетпіз» десінші. Тарихтың, тағдырдың жазуымен келгендер қазақ даласында өсіп-өнді, өркен жайды. Тұрақтанды, қоғамның толыққанды мүшесі атанды, республикамыздың азаматы болды. Олар өз салтын сақтап, емін-еркін өмір сүрулері, ешқандай құқықтан шеттетілмеуі керек. Алайда үй ішінен үй тігу туралы ойлауына жол берілмейді. Рас, мұндай қадам бұрынғы КСРО кезінде болған. Астананың жанынан немістерге автономия ашып береміз деп, кейіннен халықтың буырқанған қаһарынан қатты сескеніп, ол жүзеге аспады. Бұрын солай болса, қазір де басқалардың автономия-аудан сұрау жөнінде титтей ой тумауы керектігін түсіндіріп, оны бірден айтуға тиіспіз. Үшінші бір тоқталатын мәселе, қайсыбіреулер «жер-жаһанда үлкен мемлекеттер ғана болуы керек» деп әдемілеп тұжырымдауды ұнатады. Дұрыс емес. Құдай бес саусақты бірдей етіп жаратпаған. Сол секілді әр мемлекет те, халық та әртүрлі. Алланың өзі: «Мен сендерді солай жараттым, бір-біріңді танып жүру үшін» десе, кейбір арам пиғылды адамзат оған қайшы шығып, бір-бірімен шатастырып, бірін-біріне ұқсатып, жоқ қылып, сіңіріп жіберудің жолдарын ойлап әлек. Шындығында, бүгінгі күні сөз жүзінде тәуелсіз, бірақ экономикалық, саяси жағынан тәуелді мемлекеттер бары рас. Ал жаңағы жақындастыратын жаһандану идеясы қазіргі күні ғана келіп жеткен дүние емес. Мәселен, кезіндегі Александр Македонскийдің тірлігін алып қараңыз, ол өзінің ұстазы Аристотельдің оқытуы арқылы бүкіл әлемді бір орталықтан басқаратын қылсам, бір тәртіпті енгізсем, бағындырсам деп армандады. Сөйтіп, басты арманы жаһандастыру болған Ескендірдің мұраты орындалған жоқ. 33 жасында өзі дүниеден өтті.Содан кейінгі Еділ батырдың тұсында да, Шыңғыс хан, Наполеон, Гитлер де жаһандандыруды көкседі. Бірақ олардың сипаты басқа болды, яғни әскери сипатта болып, күшпен бағындыру басты орынға шықты. Бұл теорияны өмірдің өзі қолдамады. Болашақ та мұны қолдай қоймайды. Ұлт – ұлт, Тәуелсіз ел – тәуелсіз күйінде қалады.
– Тәуелсіздіктің 20 жылдығына аяқ басып отырмыз. Ең биік жетістігіміз ретінде қандай мәселені атап өтер едіңіз?
– Қазақтың зор жетістігі – бұл кешегі ЕҚЫҰ ның Астана саммиті. Шынында, ел болу – оңай, ал сол елдігіңді айналаңа мойындату – қиынның қиыны. Біз ел болғанымызды мойындаттық. Ал дүйім жұрттың басшыларының басын қосып, ұлы жиын өткізуді бірінші рет сәтті атқардық. Дамыған елдермен, Еуропамен нағыз терезесі тең елдің дәрежесіне көтерілгенімізді басқа да мойындады, өзіміз де ұқтық. Бұл халықтың салтанатын да арттыра түседі. Осы тұрғыда Елбасы Н.Назарбаевтың ерен еңбегін айтпай өтуге тиіс емеспіз. Н.Назарбаевтың әлемдік деңгейдегі тұлғалығын да осы саммит тағы бір мәрте мойындатты. Біздің ең биігіміз – осы.
– Болашақ ұрпаққа Тәуелсіздіктің рухын арзандатпай, төмендетпей жеткізу үшін не қажет деп ойлайсыз?
– Келер ұрпақтың рухы мығым болуы шарт. Бұл бағыттағы сабақтың нәрлісі өткен тарихқа қатысты. Неге десеңіз, мемлекетшілдіктің ең бір айқын көрінісі ұлттың, ұрпақтың патриоттығында жатыр. Ал патриоттық бастауы – тарихта, ендеше, рухты көтеру үшін қазақтың нағыз тарихын қайтаруымыз қажет. Жас ұрпақ соны санасына түйіп өссе дейсің. Қазақ үшін Еділ патша (Атилла), Тұмар патшайымның кім болғандығын санаға сіңіру қажет. Алпамысты, Бейбарысты, әл-Фарабиді ұлтқа барынша жақындастыру бағытында әлі де қыруар шаралар атқаруды қажет етеді. Сондай-ақ біздің ел намысы үшін басын қатерге тіккен батырларымыз қаншама, осылардың барлығы шынайы деңгейде, өз биігінде жаңғыртуға тұрарлық тұлғалар. Бұдан бөлек, бүгінгі ұрпақ Тәуелсіздік жолын білуі, тереңіне бойлай алуы қажет. Ендігәрі халқымыз егемендігінен еш айырылуға тиіс емес, ондай күн туса, қазақ деген ұлт жойылады. Тарихқа тағы айналып келетін болсақ, менің ойымша, ұрпақ санасына жастайынан қазақтың кезінде төрткіл дүниені тітіренткен Сақ, Ғұн секілді ұлы халықтың жалғасы екендігін сіңіре берудің берері мол. Яғни Қазақстан мемлекеті – бұрынғы шығыстан Еуропаға дейін үстемдік еткен ұлы империялардың жұрнағы, қалдығы.
– Әңгімеңізге рақмет. Мерекеңіз құтты болсын!
Датым бар...
Жұртшылық Тәуелсіздіктің ащы дәмін еш ұмытпауы тиіс. Ол ұлттың жадында терең сақталып, құрметтелуі шарт. Кейбір жаһанда орын алып отырған жайттарға үңілсек, Тәуелсіздіктен айырылу да оп-оңай болатынын байқайсыз. Соны ойлап, Тәуелсіздіктің қадірін, тағылымын түсірмей, маңызын жоғалтпаған ұрпақ қана сондай қасиетті сақтап қалатынына сенесің. Қазір қазаққа көз салып отырған жау жоқ емес, бар. Сол тұрғыдан ойлап, қазақ ұлылығын мәңгіге сақтаса екен. Біз – ұлы халықтың ұрпағымыз, ұлы мемлекеттердің, ұлы империяның жұрнағымыз. Қайтадан сондай болуымыз керек, ұмтылысымыз да, мұратымыз да сол болғаны абзал. Қиыннан қиыстырып, жол табудың арқасында ғана қазақ Тәуелсіздігінің іргетасы берік болды. Оны шайқалту – кешірілмес күнә.