Жүрегінен шыққан өнерді тұншықтырып, пайда үшін жасандылыққа бару опа бермейді
Әбдірәшид СЫДЫХАНОВ, Қазақстанның Халық суретшісі:
– Кейінгі кезде символизм бағытына түбегейлі бет бұрғанға ұқсайсыз. Жалпы, осы символизмнің өзге бағыттардан ерекшелігі қандай?
– Ең алдымен, белгі мен символды ажырата білгеніміз жөн. Кез келген тауардың сауда белгісі болады. Ал символ изотризмнен, яғни адамның ішкі жан дүниесінен туындайды. Таңбаны зерттеуге көп уақытымды жұмсадым. Таңба дегеніміз – ешқандай белгі-нышан емес, ол ең алдымен, құпияланған мистикалық ақпарат. Арыстан баб та, Қожа Ахмет Яссауи да әулиелік деңгейге көтерілген тұлғалар. Софылық – мұсылман дінінің тамыры болып табылады. Ағаштың өзі көрінсе де, жер астындағы тамыры көрінбейді ғой. Ағаш бұтақтары бойына тамыр арқылы қорек жинайтынын бәріміз де білеміз. Қысқасы, ата-бабаларымыздың таңбасы мені айналып келіп төл дінімізбен тоғыстырды.
Кеңес өкіметінің «алдыңғы қатарлы» маскүнемінің бірі едім. Емделдім. Бірақ екі жылдан кейін ішуді қайта бастап кеттім. Бірде маған ғалым Машанов Арарат таңбаларының суреті салынған бір жазба дәптер алып келді. Таңбаларды қағазға түсіріп көрдім. Сол дәуірде маған «абстракцияшыл», «формашыл» деген айдарлар тағылған болатын. Оларға керегі соцреализм еді ғой. Соның кесірінен не естімедік? Қойшы, не керек, әйтеуір ақырын-ақырын таңбалардың қыр-сырына дендеп ене бастадым. Тіпті ішімдік ішуді де біржолата доғардым. Бұдан кейін қалайша ата-бабаның, қасиетті таңбаның құдірет-күші жоқ деп айтуға болады? Бөгенай-таңбаларының мистикалық қуатына имандай сендім.
– Сонда сіз таңбалардың жұмбағын шеше алдыңыз ба?
– Жоқ. Мен тек қана ішкі түйсігіммен сезіндім. Арақ ішуді бірден қойып кеткенімде жолдастарым қайран қалды. Осы күнге дейін татып алмаймын. Сонымен қатар менің көзқарасым, ойлау деңгейім кәдімгідей-ақ өсті. Содан көкейімдегі ойларымды ашық айтуды әдетке айналдырдым. Бірақ айналамдағы адамдар мені «жынды» деп күстәналады. Сосын іштен тынатын болдым. Елмен тәжікелесіп, босқа басымды қатырып қайтемін? Одан да суретімді салып, тып-тыныш жатқаным әлдеқайда пайдалы емес пе?
– Ежелгі таңбаларды зерттеп жүргеніңіз белгілі болды. Ал бүгінгі таңбаларды қалай меңгердіңіз?
– Тілім кеш шыққандықтан, аздап кекештенетінім бар. Соғыстан контузия алып келген Ушаков деген мұғалім мені алғаш тақтаға шығарды. «Ааа-ааа-ааа» деп тілімді шайнап тұрғанымды көрген оқушылар ішектері түйіле жаздап күлді. Сонда қатал ағай жақсылап тұрып артымнан бір тепкенде, есікті қаға-маға сыртқа қарай домалай жөнелдім. Мектептің бір бұрышына барып, тығылып отырып көз жасыма жақсылап тұрып ерік бердім. Болған жайды айтып, үйге жеткізіп бару ойыма кіріп-шықсашы? Қайта жуық маңдағы көлден бақа мен жылан аулап, өз-өзіммен ойнап кетемін. Қала берді, осы екі жәндікті бір-бірімен тірестіріп-төбелестіріп, қызығын тамашалаймын. Балалық шағым осылай өтті. Кейін кекештенуді доғардым. Уәлихан деген көкем бірнеше тіл меңгерген өте білімді кісі болатын. Орынбор қаласында қазақтың мәшһүр ағартушысы Ыбырай Алтынсаринмен бірге оқыған жан-жақты адам еді. Сол көкем газеттің бос жиегіне әріп жазып үйретті. Біз қазір Ресей аумағында қалған Саратовта тұрдық. 1938 жылы репрессия кезінде Уәлихан ағам «халық жауы» атанып, абақтыға қамалды.
– Қазақ тіліне шорқақтығыңыз орыстардың ортасында туғандығыңыздан ба?
– Ең алғашқы сөзімді орысша айттым. Оның өзі боқтық болса... Кейін орыс мектебінде тәлім алдым. Ол кезде Қазақстанның өзінде қазақша мектеп болмаған дей ме, қалай? Сталин бәрімізді орысқа айналдыруды жоспарлаған. Сұмдық қой!.. Сөйтуге бола ма? Өзі арам, күші адал есек секілді жұмысқа жегілген қара шаруамыз. Тіпті ел қатарлы куәлік-құжатымыз да жоқ еді. Кейін ата-анам Орск қаласы маңындағы стансыға жұмысқа тұрды. Осы жылдары қылмыскерлерді немесе мал таситын сұп-суық вагонда қысы-жазы тұрып жаттық. Буржуйка пешінің қызуы қиын. Қызған күнде де от сөне сала темір баспанамызды аяз құрсап алады. Құдай-ау, мен не көрмедім?.. Айта берсе таусыла ма?
– Дүниенің қыр-сырын таңбалар арқылы ұғынғыңыз келетін тәрізді...
– Ғалымдар ғарышты зерттеп жатыр. Ондай әдіспен тылсым әлем ешқашан «сырын ашпайды». Құпия логикамен шешімі табылатын жұмбақ емес, ол – мистика. Адамның ақыл-ойы тылсым дүниенің алдында дәрменсіз. Аристотель «Адам – саналы хайуан» демей ме? Тек саналы адам мифология тудыра алмайды. Аздап стандарттан ауытқу керек... Өнер – логика емес, аналогия. Өнер – жүректің жасампаздығы...
– Әзіз абыз тек шындықты айта ма?
– Ол да ақиқатты жайып салмайды. Оның тіпті ақылы жоқ екенінен хабарың бар ма? Нәресте әу баста сана-сезімімен бірге туады. Әулие атада тек сана-сезім ғана болады. Сәби – періштедей пәк. Оны өтірік алдай салсаң, шексіз қуанады. Кемеңгер де сондай таза. Бірақ ол асарын асап, жасарын жасап барып, іңкәр балалық шағына қайта айналып келгендей күй кешеді. Сондықтан Әзіз абыз ненің ыстық, ненің суық екенін біледі. Баланың қолына пышақ ұстатсаң, ол өз анасын пышақтап қоюы кәдік. Өйткені ол қару ұстап тұрғанын ұғынбайды.
– Өзіңіз дәруіштікке ұмтылып көрдіңіз бе?
– Менің қолымнан келмеді. Өз ішкі әлеміңе үңілсең, ғарыштан қарағандай әсерде қаласың, яғни шексіз кеңістікке кенелесің. Ми саңылауынан ойлар үздіксіз өте береді, өте береді. Бір кезде ол да таусылады ғой.
– Бүгінгідей толассыз проблемалардың шаш етектен келген кезінде бір сәт ойсыз қалудың өзі олжа болғаны ғой?
– Шығыс ой-санамен жұмыс істеудің әдісін біледі. Содан кейін ғой, осы күнге дейін психология деген ғылымға шекесінен қарайды. Еуропа психиаторлар көмегімен ақыл-ойды емдегісі келеді. Ақыл-ой – адамның құлы. Оны дұрыс басқара білген жөн. Қазір, керісінше, біз ақылдың құлына айналып барамыз. Жер шарындағы дүрбелеңнің бәріне де себепші – сол. Коммунистер айтқандай, «жүрек орнында жалындаған мотор» ғана істеп тұр. Жас суретшілердің өзі өз картиналарын рынок үшін салатын болып алды. Арбатта отырған суретшілер тұтынушылардың көңілін табуды ғана мақсат тұтады. Тіпті жазушылар да, сценаристер де халықты тарту үшін ұятсыз, бейәдеп дүниелерді әдейі жазып жүргені мәлім. Жүрегінен шыққан өнерді тұншықтырып, пайда табу үшін жасанды нәрселерге бару ешқашан опа берген емес.
– Суретшіге телегей-теңіз білім қажеті өз-өзінен түсінікті. Осы тұрғыда жас суретшілердің ізденімпаздығы көңіліңізден шыға ма?
– Суретшілік өнерге баланы кем дегенде 15 жастан бастап баулыған абзал. Білім-білігін тек механикалық тұрғыдан ғана дамытып қоймай, суретші поэзия, проза, музыка, тарих, философия секілді ғылымдардан хабары болуы керек. Әдебиет пен музыканы түсінбеген адам суретші бола алмайды. Ол бірақ өзіне нан тауып жеуі мүмкін. Бір затты сол қалпынан айнытпай көшіріп алып, бөркін аспанға ататындарды түсінбей-ақ қойдым. Одан қайта фотографтар абыройлырақ болып келеді. Мейлі, сөйтіп өнерді қорлап жүре берсін... Біздің шенеуніктердің де талғамы сол Арбаттағы суретшілердің деңгейінде. Кейде ақжағалылар маған да келеді. «Мен саған фотоаппарат емеспін» деп шығарып саламын.
– Демек, сіз портрет салмайсыз...
– Егер мен шындап портрет кескіндеуге кіріссем, тақыр жерге отырып қаламын ғой. Бүгінгі адам образы – нақ шайтанның өзі. Шайтан екенін көріп тұрып, оны қалай періштеге айналдырамын? Шындықты айна-қатесіз түсіремін деп, басым бәлеге қалмай ма? Одан да тып-тыныш отырып, ата-бабамның ру таңбаларын насихаттағаным артық.
– Өз-өзіне сенбейтін қорқаулар ру, жүз деген ұғымдарды жеке бастың пайдасына пайдаланып, жайлы жерлерге жайғасуды ойлайды. Сондықтан байырғы позитивті мағынасындағы ру білу дәстүрі қазір негативті жемісін беріп жатқаны баршаға аян. Қылқаламыңыздан туған ру таңбалары осындай кері мақсатқа қызмет етіп кетеді деп қорықпайсыз ба?
– Ата дәстүр мен қазіргі орын алып жатқан жағдайды шатастыруға болмайды. Өткенде бір шенеунік былай деп соғып тұр: «Сый-сияпат жасау қазақ дәстүрінде бар. Жемқорлық қазақта бұрын да болған». Бұл – ел дәстүріне қасақана кір келтіруді ойлаған мысықтілеулік пиғыл. Біз неге бәрін жылтыратып терминмен айтуға құмармыз? Ұрыны неге «коррупцияшыл», «жемқор» дейміз? Қанқұйлы адам өлтірушіні «киллер» деп сылап-сипап қоямыз. Жас балаларды еліту үшін әдейі әдемі естілетін сөздерді жиып-теріп алғандаймыз ғой. Ашығын айтсақ, мемлекеттік жүйеге жемқорлар емес, ұрылар кіріп кеткен.
– Әділетсіздікке қарсы қалай күресіп жүрсіз?
– Мен кіммін? Мен желдиірменмен шайқас ашатын Дон Кихот емеспін, айналайын.
– Сонда ел бүлініп жатқанда тып-тыныш отыра бермексіз бе?
– Өз шаруамды білетін шалмын. Түсінген адам түсінер, түсінбегеннің жолы болсын! Осындайда есіме римдік бір афоризм оралып тұр. Онда «Мен кімнен қашу керектігін білгеніммен, кімді пана тұтарымды білмеймін» делінеді. Бір жерден қашамын деп, екінші жерге барып тағы да соққыға жығылуың мүмкін. «Қайда барсаң да Қорқыттың көрі» деген – осы. Алдыңда отырған алжыған шалдың ауылдағы ақсақалдардан қандай артықшылығы бар? Азар болса, аздап сурет салатын шығармын. Әйтпесе мен кіммін? Ешкім де емеспін. Былтыр 70 жылдығыма жоғарғы жақтан ешкім келмеді. Бәрін де шақырғанбыз. Әйтеуір, ат төбеліндей өнерсүйер қауым жиналды. Оған да шүкір.
– Елімізде неліктен суретшілерге деген ықылас төмен?
– Мұндай салғырттық көзқарас коммунистерден бастау алады. Партия суретшілерді өз идеологиясы үшін пайдаланды. Оның жақсы жағы да бар. Қонаев ақсақалдың арқасында мына зәулім шеберхана маған өтті. Ал қазіргі жас суретшілер бір түнеп шығатын құжыра таба алмай босып жүр.
– Компартияға «құлай ғашық» секілдісіз ғой...
– Жоқ. Мен бар болғаны партияның бесігінде тербелдім. Анам мен ағам коммунист еді. Қалайша енді мен анама қарсы шығамын? Бірақ әкеміз екеуміз партияға өтпедік.
– Қазақтың ұлттық мәселелері сізді толғандыра ма?
– Жастардың бойында патриотизм емес, намыс болсын деп үнемі айта беруден жалықпаймын. «Намыс» сөзінің мағынасы терең. Соны жеткілікті дәрежеде ұғына алмай жүрміз. Ол – ұлт абыройы. Бабаларымыз намыс үшін қашанда басын бәйгеге тіккен, ешқашан артқа шегінуді білмейтін өр рухты болған. Ал патриоттық ше? Сонда мен патриот болып шенеуніктердің жыртысын жыртуым керек пе? Біз Абылай ханның түсінің жоруындағыдай бақа-шаянға айналып бара жатқандаймыз.
– Сізге жоғарыдағылар қарайласпай ма?
– Маған Қапшағай су қоймасы жақтан 10 сотық жер берілді. Оның өзі егін екпек түгіл, адам тұруы мүмкін емес сулы-сазды жер. «Қанша шомылғың келсе, сонша шомыла бер» деген секілді. Қорлаудың мұндай да түрі болады екен-ау. Ата-бабам құс қанаты талатын ұлан-ғайыр алапты жаулап алады, ал оның ұрпағына бар болғаны 10 сотық жер бұйырады. Өзімізге қимаған жерді қай көршімізге сары майдай сақтап отырмыз?
Менің сөзбен «араздығым» тым ерте басталған
Жасым алтыға келгенше тілім шықпапты. Маған «сөйлеп кетер» деп малдың ішегімен қылқындыру секілді ырым-тыйымдарды да жасапты. Ой, әке-шешемнің істемегені жоқ қой. Мылқаулығыма шыдай алмаған шешем мені аямай соққыға жыққан-тұғын. Сондағы ең алғашқы айтқаным – орысша боқтық сөз болыпты. Анашым Салық атамнан «Жамбыл орысша сөйлеп кетті» деп сүйінші сұрайды. Кішкене кезімнен балалайка аспабында ойнайтын болғаным үшін Жамбыл аталып кеткенім бар. Үйде соятын қой табылмай, менің тілімнің шығу құрметіне Салық ақсақал қара ешкіні бақылдатып бауыздап тастайды. Ауыл-аймақты шақырып ас береді.
Айшықты ой
Ақыл-ой арқылы ғылыми жаңалық ашуға болады, бірақ көркемөнердің жолы одан мүлде басқа. Ақыл жүректі, жүрек ақылды түсіне алмайды. «Бәрін де жүректен табасыз!» деген Ахмет Яссауидің сөзін жадымыздан шығармаған ләзім. Оның ішіне наным-сенім, таным-махаббат, арман-қиял, сан түрлі өнер атаулы сыйып кете береді. Жүректің көзімен ғаламды бағындыру деп осыны айтар едім.