Жұбанов еңбектерін басқалар ұрлап алды

Жұбанов еңбектерін басқалар ұрлап алды

Мүслима Құдайбергенқызы ЖҰБАНОВА, педагогика ғылымының кандидаты:

– Қ.Жұбанов – сіздің әкеңіз ғана емес, халықтың ардақты азаматы. Оның 30-жылдардағы саяси жауыз­дық­­тың жазықсыз құрбаны болып, атылып кете барғаны – ұлттық руха­нияттағы орны толмас ақтаңдақ. Бү­гін­де ғалым есімі қанша дәріптеліп жатса да, осы жағдай өзегіңізді әлі күнге дейін өртейтін шығар.
– Әрине. Оңай болған жоқ қой, қазір жасым 83-те. Сол қасірет әлі күнге дейін емес, тіпті қартайған сайын еңсемді басып барады. Еңбегін оқып, атын естіген сайын, жылма-жыл конференциялар өткен сайын жанымды бір аударып түсіреді ғой...
– Жұбанов жайлы естеліктерде «ғалымды ұстап әкеткенде балалары­ның ішіндегі ең естияры – Мүслима қатты күйзеліске түсіп, құса болды» деп жазылады. Сіз ол кезде нешеде едіңіз?
– Әкемізді бала күнімізде ұстап әкетті ғой. Інім Ақырап екеуміз төртінші класта оқып жүргенбіз. Ол әлсіздеу болған соң мектепке екеумізді бірге – мені кеш, оны ерте берген. Қарап отырсақ, әкемізді жай ғана ұстап әкеткен жоқ, сонымен бірге біз­дің әулетті ел өмірінен түгел шығарып тас­тапты ғой. Шешеміз Асқарды боса­нып, пер­зент­ханадан келген күні еді. Бала-шаға қуанып, «үйде той бола­ды» деп отыр­ғанымызда екі адам кіріп келді үйге. НКВД еке­нін білген жоқпыз. Әкеміз үйде жоқ болатын. Бірақ көп кешікпей келді. Әуелі бәрі әкеміздің кабинетінде оңа­ша оты­рып сөйлесті. Біз не дер­імізді біл­мей тұр едік, Есет інім әкеме жақындап барып, «мына­лар не деп тұр?» деді. Ол «бұлар мені «жау» деп тұр, кімнің жау екенін көреміз әлі» деп жауап берді. Содан кейін әлгілер оның бү­кіл заттары мен еңбектерін жерде жатқан алаша­ға салып жинап алып кетті. Әкеміздің бөл­месін құ­лыптап тастады. Егер мен орыс мекте­бінде оқымай, қа­зақ­­ша оқыған болсам, қандай еңбек­терін алып бара жат­қанын білер ме едім, бәлкім. Білмей қал­ғаны­ма осы күні қатты өкінемін. Орыс мек­те­бінде жү­ріп, ештеңемен ісім бол­мапты. Әй­теуір білетінім – күндіз-түні жа­­­зып оты­ра­тын еді, қаламына сүйе­ніп қал­­ғып оты­ратын кезі де көп бола­тын.
НКВД ұстап әкеткеннен кейін оған әуелі жеті сайын барып тұрдық. Мавлюдов деген тергеуші бастапқыда бізді кездестіріп жүрді. Анам кішкентай Асқарды үйге қал­дырып, бірінші Есетті, Қырмызы мен Қыз­ғал­дақты, бір аптадан кейін Ақырап екеу­мізді апарады. Сол қарсаңда радиодан «пә­лен атылды, түген атылды» деп хабар­ланып жататын. Оның ішінде па­памның болмағанына шүкіршілік етіп жүрдік. Бір күні түрмеге барғанда әкем «киім алып келіңдер, мені лагерьге жібереді» деді. Сөйтсек, лагерьге емес, атуға жібермек бол­ған екен. Оны білмедік, мамам түнімен киім тігіп, ертеңіне бар баласын алып бар­ды. Қазіргі Наурызбай батыр мен Қара­сай батыр көшелерінің қиылысындағы ғима­рат. Анам өзі ішке кіріп кетті. Менің жүрегім бірдеңені сезіп, Мавлюдов сыртқа шыққан кезде, «Я не пойду к нему, я завтра зайду» деп едім, ол бетін әрі қаратқан күйі «Завтра не будет, лучше было бы, если вы вообще убрались отсюда» деді. «Куда» – деп едім, «Хоть куда, больше никогда не смейте сюда приходить» деді. Ертеңіне Сара деген татар әйел келіп, «Ойбай, Раушан, ұстал­ған­дардың әйелін де әкетіп жатыр екен, сен тез кет, бүгіннен қалмай көш» деді. Бірақ анам оқу бітсін деді ме, қозғала қой­ма­ды. Бір жетіден соң Мавлюдовқа қоңы­рау шалып едік, басқа біреу телефонды көтеріп, «Это кабинет Залина, больше сю­да не звоните, кто сказал, что ваш отец выс­лан, еще дело не за­кон­чилось» деді. Келесі күні тағы қоңырау шалдық. Әлгі адам тағы жекіп тастады. Содан кейін ба­рып Мавлюдовтың айтқан сөзін түсіндім. Репрессия жылдары істі шатастыру үшін тер­геушілерді ауыстырып тұрған ғой. Мавлюдов та солай ауысып кетті ме, әлде өзі де ұсталып кетті ме, білмедік. Әйтеуір, осы­дан кейін біз ауылға тығылып қашып кеттік.
– «Халық жауы» аталған отбасылар­дан ел теріс айналып жатқан сол жыл­дары бастарын бәйгеге тігіп, сіздерге қол ұшын берген азаматтар да болды деп естиміз.
– Әрине. Ешкім қол ұшын бермеді деу­ге болмайды. Менің таң қалатыным – қиын­дық­ты көп көрдім, сонымен қатар жақсылықты да аз көрген жоқпын. Мы­салы, ең үлкен көмек көрсеткен адам – әкем­­нің інісі Ахмет Жұбанов. Білім алуы­мыз­ға себеп болған – сол. Біз масыл бол­­мау­ға тырыстық, әрине. Бірақ ол алды­мыз­да жол көрсетіп тұратын маяк сияқты еді. Ол кездің қиын болғанын айтып жет­кізу қиын. Сол ағамыздың өзі үйге келуге қо­рықты. Жалғыз Ғазиза келеді. Мен 4, ол 1-класта оқиды. «Буфеттен тамақ алып же» деп беретін тиындарын пеналына са­лып, 10-15 теңге қылып жинап әкеліп ма­ған береді. Бала болса да біздің басымыз­дағы жағдайды түсінгені. Мені мұғалім болсын деп курсқа жіберген аудандық білім бөлімінің меңгерушісі Кац деген әйел­дің жақсылығын да ұмытпаймын. Ол кезде біз вундеркинд емеспіз ғой, соғыс уақы­тын­да шала-шарпы алынған білім. Ауылдағы малымызға қарап, шешемізге көмектесіп, тіршілік кешіп жатқанбыз. Сөй­тіп отырғанда, дұрыс жолға салды. Маши­на­мен өзі ауданнан ауылға іздеп келген соң, «мені ұстап әкетуге келген екен» деп ойладым. Сөйтсем, курсқа жіберу үшін келген екен. Курсты бітіргеннен кейін ауылда орыс тілін оқыттым. Ленин­градта жүргенде әкемнен немістің сөйлеу тілін үйренгенмін, маман болмаған­дықтан, неміс тілінен де сабақ беруге тура келді. Кейін Шіліктікөл деген ауылдағы мектепке оқу ісі жөніндегі меңгеруші бол­дым. Соғыс кезі. Директорымыз ақсақ кісі болатын. Сол жылдары мектеп басшыларын әскери комиссариат жанынан оқытып алатын. Ана кісі ақсақ болған соң, мен ба­рып әскери іс пәні бойынша курстан өттім. Сөйтіп, әскери дайындықты да оқыттым. Әйтеуір, көр­мегеніміз жоқ. Ақтөбе учили­ще­сін сырт­тай бітірген соң Алматыға барып Қыздар педагогикалық институтына түстім. Оны 1950 жылы тамамдап, Петропавлға көшіп кеттік. Тағы бір айтпағым – Петропавлдан Алма­ты­ға келіп, пойыздан түсіп жатқан бетім еді. «Қазақстан мұғалімінің» редак­торы Ақы­шев деген кісі менің келіп жатқанымды Есет­тен естіген бойда, «ой­бай, оны жазған мақалаларынан танимын, бізде бір әйел декретке кетіп жатыр еді, орны бос тұр, ертеңнен қалмай тез келсін» деді. Ол кезде Алматыда қазақ мектебінің мұғаліміне жұмыс жоқ. Соны ескеріп, ертеңіне жұмыс­қа бардым. Кейін педаго­гикалық ғылымдар институтындағы құр­бы­ларыма барып жүр едім, олардың директоры, Ғылым акаде­мия­сының ко­­­рреспондент-мүшесі, фило­лог Ахмеди Ысқақов мені көріп қалып, жасымды сұрады. Шошып кеттім. Үндей ал­­май қал­ған соң өзі «жасыңды сұраға­ным – бізге аспирантураға баста­уыш мек­теп әдістемесі бойынша ешкім арыз бермеді, жасың асып кетпесе, оқысаң­шы» деді. Сөй­тіп, аспи­ранту­­раға түсіп кеттім. Маған «әліп­пе» деген тақырып бұйырды. «Мұн­дай да тақырып бола ма, кезінде Ушинский бәрін зерттеп, ай­тып болды емес пе» деп ойладым. Бас­қа тақырып алайын деп едім, «жоқ, бұл бізде жос­парда тұрған та­қы­рып, осыны зерт­теуің керек» деді. Содан алғаш жазған әліппем­нің қол­жаз­басы 1992 жылы рес­публика бойын­ша байқауда жеңіп шықты. Одан кейін Ташкентте өткен Орта­лық Азия оқулықтары­ның бай­қауын­да менің әліппем тағы жүл­де алды. Ел Тәуел­сіздік алған­нан кейін шыққан бұл оқулықта ешқандай саясаттың ық­палы бай­қалмай­тын. Ол тек педа­го­ги­калық мақсатты ғана көздеді.
– Анаңыз Раушан әже ешқан­дай жазығы жоқ өмірлік серігін НКВД-ның түрмеден аман боса­таты­ны­нан ұзақ уақыт үміттеніп жүрген екен. Алай­да әділет­тілікке сенген адал жардың арманы орын­дал­мады ғой. 1957 жылы «қыл­мыс құ­рамы болма­ған­­­дықтан, ақтал­ды» деген хатты ол кісі қалай қабыл­дады?
– Раушан анамыз әкемізбен 16 жасында танысып, бірақ бірден қосыла алмайды. Өйткені анамызды әкесі бесікте жатқанда бас­қа біреумен айттырып қойған екен. Бірақ шешеміз берген жерінен қашып шы­ғып, әкемізге қосылады. Бұл 1919 жыл болатын. Кеңес өкіметі орнап болмаған кез. Біресе ақтар, біресе қызылдар жеңіп, тар­тысып жатқан уақыт. Сол кезде екеуі Жұрынға барып тұрып, 1919 жылдың со­ңы­на қарай қызылдар біржола жеңген кез­де ауылға келеді. Бірақ қызылдардың өзі «билердің батасын алып қосылыңдар» депті. Содан билердің шешімінен кейін барып некелесіпті. Анамыз айттырылған қырғыз руына мал төлеп құтылады. Осы­дан бастап шешеміз Кеңес өкіметін жан-тәнімен жақсы көрді. Оған қатты сенді. Әкемізді ұстап әкеткенде «бұл қалай» деп түсіне алмай, есінен танып қалғаны содан. Ақталғаннан кейін де «ешқандай жазығы болмаса, неге атып тастаған» деп көкірегі қарс айырылғаны есімде. Бірақ алты бала­сы бар адамға тіршілік ету керек болды. Қажырлы, мінезі тік, алған бетінен қайт­пайтын кісі еді, соның арқасында қиындық­қа мойымады. Кезінде Жиенғали Тілепбер­генов әкем мен шешем туралы «Сүйіс­­кен­­дер» деген пьеса жазған.
– Ғалымның көп еңбегі ізім-қайым жоғалғанын білеміз. Олар қандай еңбек­тер?
– Жоғалып кеткен еңбектерінің тізімі бар. Ғалым Рәбиға Сыздықова 1965 жылы әкеміздің бір мерейтойында баяндама жа­са­ды. Сонда жоғалған еңбектердің тізімін айтып, «анау қайда, мынау қайда?» деп са­­на­­малап шығып, залға сауал тастады. Шындығында, НКВД бұл қолжазбаларды 40-жылдары «ғылыми мақсатқа пайдалан­сын» деп құпия жағдайда таратып берген. Оны Мұхтар Әуезов Ахмет ағамызға келіп айтты. «Бір Құдайбергеннің еңбегін көшіріп алып, төрт адам докторлық, сегіз адам канди­даттық жұмыс қорғады» дегенін құ­лағым шалып қалды. «Аға, не дейді?» деп едім, «жұмысың болмасын, босқа жат­қан­ша еңбектің пайдаланылғаны жақсы ғой» деді. Ол жылдары бұлай демеске амал да қалмаған шығар. Әке­міздің әлі ақталмаған кезі ғой. Сол жыл­дары мен оларды қалай табам деп ойла­ғанмын. Бұған адамның өмірі жет­пейді екен. Дегенмен кейінгі ғалымдардың ең­бек­­терінен әкемнің айт­қан ойларын көремін. Бірақ оларды қара­лап қайтейін? Таратып берген соң иесіз қол­жаз­баны кім пайдаланбайды? Олардың жазығы да жоқ шығар. Бірақ осыны білген Рәбиға Сыз­дықова 1965 жылы жұрт алды­на шы­ғып, әдейі сұрақ қойды. Сол кезде Ахмет Жұба­нов залдан көтеріліп, «бұл ең­бек­терді НКВД өртеп жіберді» деп жауап қайтарды. Сөйтті де, маған қарады. Менің Әуезовтің айтқанын естіп қалғанымды бі­леді ғой. Ахмет ағам көпке дейін «осыны айтып, бұлар бірдеңе бүлдіре ме» деп қауіп­теніп жүрді. Ал Рәбиғаның қолындағы тізім министрліктерден алынған болатын. Әкем КСРО Ғылым академиясының қазақ­стан­дық филиалында жұмыс істеп жүрген кезінде көп жұмысты Кеңес өкіметінің жос­парына сай жазды ғой.
– Жұбанов мұрасы айтарлықтай зерттелді. Оның көпқырлы тұлғасы мен алуан салалы ғылыми шығар­ма­шылығына қатысты есепсіз жұмыстар жазылып жатыр. Дегенмен де ғалым мұрасын тануда енді қандай мә­се­лелерге көңіл бөлу қажет деп ой­лайсыз?
 – Бала кезінде-ақ ауылдағы Оспан ишаннан шығыс тілдерін үйренген әкеміз «мені тілге құмарттырған сол кісі» деуші еді. Ол батыс тілдерін Темірде, Ақтөбеде жұмыс істеп жүрген кезде ақша төлеп, оқып үйренген. Кейін Ленинградта шығыс тілдері университетін экстерн ретінде та­мам­дады. Айтайын дегенім – ешкім әлі Жұ­бановтың салыстырмалы палеонтоло­гия­лық әдісімен тілді зерттеп жатқан жоқ. Қазақ тілі ғалымдарының кейінгі буыны­ның өзі енді-енді шығыс пен батыс тілдерін үйреніп жатыр. Әкемнің заманында да одан басқа көп тіл білетін зерттеуші болған жоқ. Мен ол кісінің педагогикалық ең­бек­терін зерттедім. «Құдайберген Жұбанов және ұлттық дидактика мәселелері хақын­да» деген еңбегім бар. Қазір де тағы бір тақырыптарды жазып жүрмін, бірақ біл­мей­мін, қаншаға шамам жететінін.
– Ғалымның сүйегі табылды ма?
– Алматы облысы, Талғар ауданының Жаңалық ауылында жатыр деп есептелінеді ғой. 90-жылдары біреулер жер сатып алып, үй салмақшы болады. Сөйтсе, жер астынан адам қаңқалары шығады. Есепсіз сүйекті көріп шошынған тұрғындар қазыл­ған жерлерді қайта көміп тастайды. Бірақ кейін бұл Нұрсұлтан Назарбаевтың құла­ғына шалынып, ол кісінің бастамасы­мен мұрағат ақтарылды. Осы жерде қуғын-сүр­гін құрбандары атылғаны анықталып, ес­керт­кіш тұрғызылды. Мен Елбасына ал­ғыс хат жаздым. Оның осы жақсылығын ешқа­шан ұмытпаймын.
– Ғалымның туған жері Ақтөбеде Қ.Жұбанов атындағы университет екі­ге бөлінгеннен кейін ғалымның аты бір оқу орнында, ескерткіші екіншісінде қалды. Оқу орнының басшылығы бұл жөнінде сіздермен алдын ала ақыл­дасты ма?
– Біздің бұл іске ешқандай да қаты­сымыз болған жоқ. Бірақ ескерткішті де көшіретін болыпты дегенде қарсы тұрдық. Ғалымның есімін ең әуелі жаңғырт­қан университет басшылығы болатын. Мен солардың тапсырысымен еңбектер жа­зып тұрдым. Сондықтан оның ғалымның атында болғанын қаладық, ал ескерткіш өз орнында, яғни педагогикалық инс­титутта тұра берсін дедік. Оқу орнын бөлудің қа­жеті де жоқ еді, әрине. Біздің халықтың жа­ман жері – бір-бірін көре алмайтыны. Әлі күнге дейін осы екі оқу орны арасында талас-тартыс жалғасып келе жатыр. Осын­дай жағдай ғой талантты құртатын. «Қазақ­тың жұмағына күзетші қажет емес, олар бірін-бірі кеудесінен итеріп, өздері-ақ онда ешкімді кіргізбейді» деген анекдот та бар емес пе? «Байтұрсынов – бағзы заман­ның, Жұбанов – кеңес дәуірінің ғалымы» деген қате түсінік те осындай орынсыз пайым­даудан туған. Ол екеуі де – қазақтың тіл білімін қалып­тас­тырған ғалымдар. Байтұр­сынов­тың Жұ­банов­­қа, Жұбановтың кейінгілерге ықпал етуі заңдылық қой. Ал біздің кейбір ғалым­дарымыз оларды бөліп-жарып, бірін-бірінен жөнсіз артық санап жүр. Менің есімде, бірде біздің үйге Ахмет Байтұр­сынұлы келді. Есікті ашқаным­да біреу қазақы шапан-етік, басына тымақ киіп келіп тұр. Әкеміз үйде болмаған соң отыр­май кетіп қалды. Жалпы, олар жақсы қарым-қатынаста болды. Біреуі заманына қа­рай тілдің практикалық жағымен айна­лыс­са, біреуі ғылымның теориясын қалып­тас­тырды.
– Ұлты үшін жанын қиып кете барған қуғын-сүргін құрбандарының тағылымы Тәуелсіздік кезеңінде туған бүгінгі ұрпақ санасынан өшірілмейді де­ген сенімдемін. Әңгімеңізге рақмет.
– Тарихтың өз жолы бар. Қиянат пен әділет­тілікті біздің тарихтың жолы деп қа­былдаймын. Мәңгі жасайтын ешкім жоқ, сондықтан мен осы тағдырыма риза­мын, қарақтарым!

...Қайран әке, ақ екенсің, қуандық –
Талай жылдар қайғы-мұңмен қуардық.
Адамдарды дәл осылай қорлаған,
Қайдан келді елге мұндай қуаңдық?
Қайдан табам сендей, әке, жанды енді,
Дәл осындай неден ауыр хал келді?
Қайран әкем, нардың жүгін көтерген,
Қай жендеттің қолынан сен жан бердің?
Қайда жатыр сенің асыл сүйегің?
Топырағыңды қайдан тауып сүйемін?
Сай-саланы түгел шарлап шығар ем,
Естілсе егер құлағыма киелі үн...
                                             М.Жұбанова,
«Әкені еске алу» поэмасынан үзінді

 

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста