Орденбек Мазбаев, Қазақ географиялық қоғамы ғылыми кеңесінің хатшысы, география ғылымының докторы, профессор:
– Орденбек Білісбекұлы, өткен жылдың қорытындысы бойынша жоғары оқу орындарының үздік оқытушысы атандыңыз. Құтты болсын! Өткен жылы оқытушылық қызметіңізбен бірге, қоғамдық еңбегіңіздің де жемісті болғанын білеміз. «Қазақстан аңыздары» атты тұңғыш қазақстандық ғылыми-танымдық автоэкспедицияны қорытындыладыңыздар. Осы сапар географтар үшін қандай нәтижеге қол жеткізді?
– Бұған дейін біздің бірлестіктің түрлі экспедициялары болғанымен, Қазақстанның барлық аумағын қамтитын саяхаттар ұйымдастырмаған едік. Оңтүстік полюске сапар шегерде Mercur Auto компаниясының басшысы Қанат Ақышевпен кездейсоқ кездескенімізде, ол «Қазақстан туралы қандай іс-шараларыңыз бар?» деп сұрады. Біз аздап ұятқа қалдық, өйткені Қазақ географиялық қоғамы өз елімізге қатысты ешқандай танымдық экспедицияны қолға алмаған екен. Осыдан кейін дереу 2012 жылы «Қазақстан аңыздары» атты саяхатты ұйымдастыруды ойластырдық, оның жауапкершілігі маған жүктелді. Нәтижесінде біз Қазақстанның 12 облысының аумағынан өтетін бағыт бойынша табиғи, тарихи деректерді жинауды, аңыз әңгімелерді жинастыруды, аймақтардың экономикалық-әлеуметтік даму ерекшеліктерін бағамдауды, туристік мүмкіндіктерді бажайлауды көздейтін ғылыми жобаны дүниеге әкелдік. Экспедицияның басты ерекшелігі – оған бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін көп қатыстырып, солардың еңбегі арқылы халыққа кең насихаттауды мақсат еттік. Бұл мақсатымыз толық орындалды, себебі Көктөбеден бастап, 10 800 шақырымды 18 күнде жүріп шыққан автоэкспедиция құрамындағы 68 адамның 70%-ы журналистер болды. Сәйкесінше, экспедицияның әр күні, әр сағаты туралы хабарлар, фото-бейне материалдар еліміздің негізгі ақпарат құралдары арқылы тарап жатты. Бұған біз өте қуаныштымыз, өйткені журналистер естігенін емес, өздері көзбен көрген, сезінген нәрселерін жазады. Енді экспедицияның ең негізгі мақсатына келсек, еліміздің аумағы өте үлкен, ол табиғи ерекшелікке де, ресурстық мүмкіндіктерге де, тарихи орындарға да бай, ал біз экспедиция арқылы осы айтылғандардың қазіргі жағдайын көзбе-көз бақылап шықтық. Ол кезде EXPO-2017 көрмесінің Астанада өтетіні белгілі болған жоқ еді, соған қарамастан, біз экспедиция кезінде осы көрменің талаптарын ескеріп, аймақтардағы жел және күн энергиясын, су ресурстарын, биоресурстарды пайдаланудың мүмкіндіктеріне көңіл аударып, сондай жерлерді есепке алуға тырыстық. Қазақстан аумағын түгел жүріп өткен кезде біз еліміздің аумағында екі-үш жерде ғана желден энергия алып отырған қуат көзі барын байқадық. Қай аймақта, қай тұста қандай жел бар екенін, олардан қалай қуат өндіруге болатынын, қалай пайдалану керектігін де есепке алдық. Мысалы, Жетісу Алатауында, Торғай ойысында жыл он екі ай жел соғып тұрады. Қазақтың кең даласында желдің соғу үрдісі Еуропа елдеріне қарағанда көп. Соған қарамастан, айталық, Скандинавия түбегінің өзінде қаншама жел диірмені тұр?! Ал бізде – екі-үш жерде ғана. Сондықтан да елімізде энергия өндірудің баламалы әдістерін дамытуға мүмкіндік мол. Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы EXPO-2017 көрмесіне дейін осы мәселеге ерекше ден қойып отырғаны да содан. Ол кезге дейін желден қуат өндіру орындарын жасап алатын болсақ, бізге жаңа технология да келеді. Енді осы зерттеулерімізді пайдалана отырып, EXPO-2017 көрмесі аясындағы кейбір бағдарламаларға қатыссақ деген ниетіміз бар. Біз мемлекеттік бюджеттің мойнына масыл болмай, туристік әлеуетті арттыруға, ғылымды дамытуға бағытталған, елімізге септігі тиетін басқа да жобаларға алпауыт компанияларды, қаржысы бар «қазақпын» деген азаматтарды тартсақ дейміз. Онсыз біз мұндай үлкен саяхатты өткізе алмас едік. Енді осы экспедицияның негізінде әзірленген материалдарды ары қарай ғылыми ізденушілер, магистранттар мен студенттер өздерінің зерттеу еңбектеріне пайдаланатын болады. Елбасы өзінің халыққа арнаған Жолдауында Қазақстан ғылымын дамытуға көңіл бөлгені мені қуантады. Біз, Қазақ географиялық қоғамы, ғылымды дамытуда осындай жеке бастамаларға мұрындық болғымыз келеді. Мысалы, Оңтүстік полюске сапар шегіп, Қазақстанның метеостансысының ашылу үдерісін жақындаттық. Енді мемлекеттен қолдау болса, онда ары қарай зерттеулер жүргізуге ешқандай кедергі жоқ. Тағы бір айта кететін жайт, «Қазақстан аңыздары» бойынша жарық көрген материалдар жастарға оқулық-көрнекілік құралдар ретінде ұсынылып, олардың атамекенге деген сүйіспеншілік сезімін жетілдіруге ықпал етіп жатыр. Өлкеміздің әсем табиғатының фотосуреттерін тамашалаған жас қазақстандық қалайша елінің патриоты болмасын?! Қазақ географиялық қоғамының өзінің ендігі саяхаттарына студенттер мен жас оқытушыларды көп қатыстырғалы отырғаны да сондықтан. Жуырда «Этнос бесігі: Қазақстанның киелі жартастары» атты танымдық альбом шығарған болатынбыз. Мұнда Қазақстанның тарихы, табиғаты туралы үш тілде мағлұматтар берілген және кітап фотосуреттермен безендірілген.
– Сапар барысында елімізде туристік инфрақұрылымның кемшілік тұстарына көз жеткіздік. Ол – жолдардың нашарлығынан бастап, көрікті табиғи орындарда биодәретхананың жоқтығына дейін. Сіздің ойыңызша, ішкі туризмді дамытуды неден бастау керек және қандай мәселелерге көңіл аудару керек? Туристік реестр жасалды ма?
– Иә, бізбен бірге өзің де куә болдың, шығыста Марқакөл, Жайсаң жағаларынан біз шетелдіктерге мақтана көрсете алатын туристік кешендердің жоқтығын көрдік. Алакөл жағалауында да ауыз толтырып айтарлық жөнді демалыс орны жоқ. Мен Антарктидада болғанда сол мұзды, өмір сүруге қолайсыз құрлықтың өзінде туристік сервистің жолға қойылғанын көрдім. Демек, оны дамытуға кез келген жерде де мүмкіндік бар, бұл адам факторына тікелей байланысты. Алакөлдің жағасында биодәретхана қоюға неге мүмкіндік жоқ?! Әрине, бар. Ол түгіл, жердің сонау шыңырауынан тұнық су да шығаруға болады ғой. Сол себепті жергілікті атқарушы органдардың осы мәселелерге айрықша ден қоюы керек деп ойлаймын, өйткені аймақтың дамуына солар жауапты. Қазір елімізде Өңірлік даму министрлігі құрылды. Бұл Президенттің көрегендігі деп ойлаймын, енді мұның ішкі туризмді дамытуға септігі тиеді, жаңадан құрылған министрлік бұл істе дирижер сияқты әкімдердің жұмысын қадағалап, олардың жауаптылығын бақылайтын болады. Қазақ географиялық қоғамы да ішкі туризмді дамытудың мүмкіндіктерін қарастыра отырып, аймақтардың тұрақты өркендеуіне үлесін қосып келеді. Мысалы, Алакөл мен Балқаш жағдайына көңіл аударып, бұл екі табиғи өлкеде емдеу-сауықтыру ісін дамытуды ұсынып жүрміз. Сол сияқты Қызылорда облысындағы Қамбас көлінің жағасында бірнеше профилакторий салу туралы бастама көтерудеміз. Үкімет сондай орталықтардың құрылысын қаржыландырса дейміз. Бұл жерге «бесжұлдызды» қонақүй қажет емес, ондағы қызмет құны қымбатқа түседі. Ал бізге қарапайым қазақстандықтардың қолы жететін сауықтыру орындары керек. Қазір шетелдіктердің өзі Қазақстандағы емдеу-сауықтыру орталықтарында баға тым жоғары екенін айтады. Мұндай орындарда қызмет көрсетуді, оларды керек-жарақпен, азық-түлікпен қамтамасыз етуді тиімді шешудің жолдарын қарастыру қажет. Айталық, демалушыларды тамақтандыру ісіне жергілікті тұрғындарды тарту керек. Бұл мәселеде Қытайдың, Біріккен Араб Әмірлігінің тәжірибесі тамаша. Мен 1989 жылы Амур жағасындағы Қытайдың Хэйхэ және Ресейдің Благовещенск қалаларында болғанмын. Сол уақытта Хэйхэ біздің Тұздыбастау сияқты елді мекен болатын. Ал кейін қытай-орыс шекаралық қатынастарының ашылуына байланысты Хэйхэ қаласы Қытайдың ең көрікті қалаларының біріне айналды. Бүгінде онда туризм мен кәсіпкерлік жақсы дамып кетті. Енді «Қазақстан аңыздары» экспедиция барысында қолға алуды көздеген туристік реестр мен кадастр мәселесіне келейін. Өзімнің туризм саласындағы 16 жылдық зерттеуім бойынша, өкінішке қарай, Қазақстанда мұндай туристік құжатты, мәліметтер жиынтығын жасау қолға алынбаған. Біз Алматы облысы бойынша немесе Жамбыл облысы бойынша қай жерде не жатқанын, өңірдің қай жерінде қандай табиғат ескерткіші, қандай тарихи ескерткіш, қандай мәдени-экономикалық нысан орналасқанын білмейміз. Ондай нысандардың құндылығы неде, ол жерлердегі баға қандай, тіпті қазіргі хал-ахуалы қандай, оған баратын жол бар ма, жоқ па, ол жерде энергия көзі бар ма, жоқ па, міне, бұл тағы анықталмаған. Осындай мәліметтер жинақталған болса, біз туристік реестр жасаймыз. Ал ондай құжат болмағандықтан, қай жерде нені дамыту керектігін тағы білмейміз. Білім және ғылым министрлігі тарапынан бөлінетін гранттарға осындай құжатты дайындау жобасын ұсынсақ дейміз. Қазіргі кезде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолы салынып жатыр. Бұл құрылысқа қатысты даулы мәселе бар. Жолды саламыз, ал жол бойындағы экологиялық ахуал қалай болады, мұны ойластырып жатқан жоқпыз. Меніңше, бұған жергілікті әкімдер тікелей жауапты. Ал туристік реестр мен кадастр жасау мәселесіне Туризм индустриясы комитеті айрықша назар аударса дейміз.
– Экспедиция кезінде көптеген жер-су атауларындағы ала-құлалықты, орыстілді зерттеушілердің қателігінен теріс қалыптасып кеткен топонимдерді байқадық. Жер-су атауларын реттеуде қандай бастама көтеріп отырсыздар?
– Иә, елімізде шығу тарихы беймәлім жер-су атаулары бар. Олардың көбінің мәні мектеп оқушыларына да, тіпті үлкен шенеуніктерге де белгісіз. Ұранқай не себепті бұлай аталады? Марқакөлдің атауы қайдан шыққан? Ешкім нақты білмейді. Міне, Қазақстандағы жер-су атаулары түбегейлі зерттеуді қажет етеді. Бұл іске филологтер, тарихшылар, географтар бәрі атсалысуы керек. Топонимикалық атаулар жеті қат жердің астында жатыр. Үстіңгі қабаты орыс атаулары болса, мұның алдындағы жоңғар, ойрат, қалмақ тілінен енген атаулар, одан арғыдағы түркі тіліндегі атаулар да зерттелмей келеді. Қазақ жеріндегі өлке атауларының тарихы, төркіні тек өз еліміздің аумағынан табылмауы мүмкін, олардың шығу тегін Сібірден де, Моңғолиядан да, сонау Камчаткадан да, Кавказ бен Еуропадан да іздеу керек. Қазір елімізде жер-су атауларындағы ала-құлалықты реттеумен айналысатын арнайы комиссиялар бар. Осындай комиссиялар бұл іске өте мұқият және ғылыми тұрғыдан қарауы тиіс. Біреуі солға, келесісі оңға тартып жатса, бұл – жер-су атаулары тарихына қиянат. Атаудың мәні осындай себептен жоғалып кетеді. Біз «Рахман бұлағы» деп атап жүрген жердің атауын осы кезге дейін Рахманов деген орыс аңшысы туралы аңызбен байланыстырып келдік. Ал, негізінде, ол кезінде қатонқарағайлық Рахман деген ақсақалдың тапқан бұлағы екен. Ол кісінің ұрпақтары әлі бар деп естідік. Еліміздің солтүстігінде орыс тілінің атаулары басым. Көбі кеңестік дәуірден қалған. Мұндай жерлердің бұрынғы атауларын қайтаруды қарастыруымыз қажет. Өйткені қазақтың даласы болғаннан кейін ол жерлердің кеңестік дәуірден бұрын да өз атауының болғаны анық қой. Жер-су атауларына қатысты тағы бір ерекшелік, қазақ – ақкөңіл, қонақжай халық. Сол себепті кейбір жерлердің атын өзге елдің құрметті адамдарының атымен атап, тарихта қалдырып отырған. Айталық, жаугершілік заманның өзінде Қаскелең, Шамалған деген атаулар жоңғар батырларының құрметіне қойылған, халқымыз өзінің жауы болса да, олардың батырларының ерлігіне бас ие білген. Тағы бір айтатын нәрсе, бізде бір батырдың құрметіне берілген жер-су атаулары өте көп. Ал олардың бәрі бірдей бір батырдың емес, өзара аттас тұлғалардың аты болуы мүмкін. Мысалы, Алматы, Шығыс Қазақстан облыстарында Қабанбай батыр есімімен аталатын бірнеше елді мекен бар. Бұл жерлердің атауы бір Қабанбайға емес, әр ғасырда өмір сүрген Қабанбай аттас басқа батырлардың құрметіне берілген болуы ықтимал. Кейін Қаракерей Қабанбай ғана халықтың санасында жақсы сақталып, атаулар сол кісіге телініп кетуі әбден мүмкін. Міне, топонимикамен айналысатын арнайы комиссиялар осындай мәселелерді мұқият зерттеуі керек.
– Еліміздегі теңіз деңгейінен осынша шақырым жоғары нүкте деп белгіленген биіктіктерінің көбінде атау жоқ екен. «Қазақстан аңыздары» экспедициясы кезінде осы жайтқа да назар аударылып еді. Тіпті олардың кейбіріне атау беру туралы да бастама көтерілді. Бұл жөнінде не айтасыз?
– Мұндай биіктіктердің көп екені рас. Бірақ біз оларға кешенді зерттеулерден соң ғана атау беру керек деп ұйғардық. Өйткені асығыстықтың салдары мағынасы түсініксіз атаулардың қатарын көбейтіп жіберуі мүмкін. Мысалы, Үстірттегі теңіз деңгейінен мыңдаған метр биіктіктердің көбінің атауы түсініксіз. Сол себепті биіктіктерімізге географиялық атау беру мәселесін үлкен ғылыми мекемелердің құзырына қалдырып отырмыз.
– Қазақстанда шетелдіктерге ғана емес, өзімізге де беймәлім орындар көп пе?
– Өте көп. Бір ғана мысал – еліміздің шығысындағы ескі австриялық жол. Рахман бұлағының өзі туралы білмейтін қазақстандықтар жетерлік. Сол сияқты Үстірттегі Тұзбайыр, Бозжыра атауларын еліміздің өзге аймағындағы жұрт білмейді. Заманындағы атақты емші, әулие, көріпкел Ырғызбай Досқанаұлының бейіті де – туристік орын боларлық қасиетті жер. Асанқайғының, Қорқытатаның табаны тиген жерлердің өзі сырын бүккен күйі жатыр.
– Ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығы тойланған жылы Оңтүстік полюске сапар шеккеніңізді білеміз. Қазақстандық саяхатшылардың тұңғыш сапары не берді?
– Иә, бұл сапар 2011 жылдың желтоқсан айында әйгілі полюстік саяхатшы, ғалым Руаль Амундсеннің Оңтүстік полюсті ашуына 100 жыл толуына және Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған болатын. Бұл саяхат арқылы біз еліміздің әлемнің өзге мемлекеттерімен терезесі тең деңгейге жеткенін көрсеткіміз келді. Үш автокөлікпен бес қазақстандық, бір ресейлік және бір исландиялық, барлығы жеті адам болып, Антарктидаға барып қайттық. Басты мақсаттарымыз Қазақстан – Антарктика (Антарктика туралы келісімшарт) келісімшартына ену және Оңтүстік полюсте қазақстандық полярлық стансысын ашу болатын. Бізге Антарктика туралы келісімшарт ұйымына ену аса қажет. Біз Оңтүстік полюсте Ресейдің, АҚШ-тың, Үндістанның метеостансыларын көрдік. Бұл олардың ғылымының жаңа табыстарға жетуіне айтарлықтай ықпал етіп отыр. Сол сияқты Антарктика туралы келісімшартқа Украина, Эстония тағы басқа елдер де мүше болып отыр. Антарктика туралы конвенцияға сәйкес, Антарктида ешқандай мемлекеттің меншігіне кірмейді, 2041 жылға дейін оны игеруге тыйым салынған. Онда әскери мақсаттағы әрекеттер жүргізілмейді, сондай-ақ ол ядролық қарусыз аймақ болып есептеледі. Құрлықта бейбіт мақсаттағы іс-әрекеттер, негізінен, ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл жердің ауасы өте таза, мұнда спутникпен жұмыс істеу тиімді, қолайлы. Америкалықтар Антарктиканың қақ ортасына тұңғыш рет 1956 жылы Амундсен – Скотт метеостансысын салды. Кейін мұнда Кеңес Одағы да бірнеше ғылыми стансы салған еді, қазір олардың бәрі Ресейдің қарамағында. Бірақ бүгінде бәрі ескіріпті. Сол себепті егер біз бұл келісімшартқа қосылсақ, Қазақстан да Антарктидада өзінің ғылыми кешенін ашып, келешек үшін қажет үлкен ғылыми-зерттеулерді бастар еді. Қазір ҚР Сыртқы істер министрлігі мен Әділет министрлігі тарапынан барлық қажет құжаттар дайындалып жатыр. Біздің бұл келісімшартқа биыл қосылып қалуымыз мүмкін. Солай болса, онда Оңтүстік полюсте ғылыми кешендер салуды 2014-2015 жылдары қолға алуымыздың мүмкін екеніне сенімдімін.
– Бүгінгі адамзаттың негізгі алаңдайтын мәселесі ғаламдық жылыну болып тұр. Осы құбылыстың елімізге әсері қаншалықты?
– Қазір ғаламтордағы күнбе-күнгі ақпараттарға қарайтын болсаңыздар, байқайсыздар – Африкада қар жауып жатыр, Еуропада – бұрын-соңды болмаған қар көшкіні, кейбір елдерде алапат су тасқыны болды. Мұздықтардың еріп азаюымен бірге мұхиттарда айсбергтердің пайда болуы көбейіп келе жатыр. Бұл ғаламдық жылыну ма, жоқ па?! Мүлдем қыс болмайтын аймақтарда, тропикалық белдеулерде қар жауып жатса, бұл, әрине, ғаламдық жылыну құбылысының бізге сезіле бастағаны. Бірақ табиғатта ритмикалық цикл деген болады: белгілі бір кезең сайын, 500 жыл бола ма, миллион жыл бола ма, кейбір бірегей ауытқушылықтар қайталанып отырады. Бұл – сондай табиғи құбылыс. Мысалы, өзендердің тартылуы, мұздықтардың кемуі, желдердің бірнеше ғасырлық ормандарды қиратып кетуі тағы басқа. Арал теңізінің өзі бірнеше рет жоғалып кетіп, кейін қайта тіріліп, қалпына келіп отыр. Әрине, осындай ритмикалық циклдерге адамның іс-әрекетінің де ықпалы бар екені сөзсіз. Алматының өзінің ауа райын алып қарайық. Қаланың соңғы 10 жылдағы климатының өзгеріп кетуіне кім кінәлі? Кінәлі – қала құрылысы, қаладағы көлік жүйесі және халық санының шамадан тыс болуы. Ауа райы табиғатқа деген мұндай немқұрайдылығы кешірмейді. Дегенмен мен ғаламдық жылынудың салдары қаншалықты орасан болса да, оны табиғатта белгілі бір кезеңдерде ритмикалық циклге сай болып тұратын және реттелетін құбылыс деп білемін. Бірақ әр адам табиғаттың өзі өмір сүрген уақыттағы жағдайының жақсы болғанын қалайды ғой, сондықтан адамдар әрқашан қоршаған ортаға ұқыпты болуы керек, табиғатты аялай, сыйлай білуі керек.
– Алматының үстіндегі Мәметова мұздығы түбіндегі мұздақты көлдің сел туғызу қаупі туралы жиі айтылып қалады... Қауіп бар ма?
– Көлдің бір кездері қауіп төндіргені рас. Бірақ кейінгі уақытта оның суы азайтылып, селді болғызбаудың шаралары тұрақты түрде қолға алынды. Қазіргі мезгілде алматылықтардың алаңсыз ұйықтауына болады. Жоғарыдан келетін сел қаупі жоқ деуге толық негіз бар. Мамандар таудағы көлдің тасып кетпеуін, мұздықтардың шамадан тыс еріп кетпеуін әрқашан қадағалап отырады.
– Әңгімеңізге рақмет.
Алаш-анықтама
Орденбек Білісбекұлы Мазбаев
• Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің география-экология факультетінің деканы
• География ғылымының докторы, профессор
• ҚР Білім және ғылым министрлігінің шешімі бойынша 2012 жылдың жоғары оқу орнының үздік оқытушысы
• Қазақ географиялық қоғамының ғылыми хатшысы
• Авто және мототуризм бойынша, тау мен шөлдегі жаяу туризм бойынша тәжірибелі маман
• Автомототуризмнен 1989 жылы өткен КСРО чемпионатының күміс жүлдегері
• Антарктидадағы қазақстандық тұңғыш эскпедицияның ғылыми жетекшісі, 2011
• Ш.Уәлиханов сапарлары бойынша және Жетісу аймағы бойынша экспедициялардың ұйымдастырушысы, 2005-2010
• «Қазақстан аңыздары» тұңғыш автоэкспедициясының ғылыми жетекшісі, 2012