Динар Нөкетаева, Мәжіліс депутаты, Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы:
– Динар Жүсіпәліқызы, қазір елімізде отбасы институтын күшейту үшін «Отбасы және неке туралы» кодекске «суррогат ана» деген бап енгізіліп жатыр екен. «Суррогат» ұғымы қазаққа жат болса да, бүгінгі қоғамда оған да жүгініп жатқандар баршылық. Жаңа бап осы үдерісті құқықтық тұрғыдан заңдастыру үшін енгізіліп жатыр ма, әлде оның басқа да себептері бар ма?
– Иә, отбасы институтын нығайта түсу мақсатында бұрынғы «Неке және отбасы туралы» Заңға неке, отбасы және ерлі-зайыптылық кодексі арқылы біршама өзгертулер мен толықтырулар енгіздік. Сол арқылы бұрын кеткен біраз құқықтық олқылықтарды жойдық деуге болады. Депутаттар тарапынан көптеген жақсы нормалар енгізілді. Соның ішінде «суррогат ана», яғни «құрсақ ана» мәселесі үлкен бір бөлімді құрады. Мұндай норма немесе ұғым бұған дейінгі қолданыстағы заңда болмаған. Заңда болмаған десек те, бұл – кейінгі жылдары біздің қоғамның да тіршілігіне еніп келе жатқан, түрлі себептермен балалы бола алмай жүрген ерлі-зайыптылардың қосалқы репродуктивтік технологиялар әдісін қолдану арқылы бала сүюіне мүмкіндік беретін медицинаның жаңа бір тармағы. Осы бағытта қазір елімізде бірнеше медициналық орталықтар жұмыс істеп жатса, «құрсақ ана» көмегімен бізде 15 мыңнан астам сәби дүниеге келіпті. Ал бұл мәселедегі азаматтардың өзара қарым-қатынастары моральдық-әлеуметтік жайттарды, құқықтық жауапкершіліктерді қамтитыны белгілі.
Сондықтан азаматтардың осы қатынастарын құқықтық тұрғыдан реттеп, заңнамалық негізін жасау қажеттілігі туды. Өйткені «құрсақ ана» арқылы дүниеге келген баланы құжаттандыру – туу туралы куәлік беру, атын, ата-тегін жазудан бастап, «құрсақ ана» мен өз ата-анасының арасындағы міндеттер мен жауапкершілікке дейін түрлі қиындықтар қездеседі екен. Мысалы, «құрсақ ана» босанғасын баланы өз атына жаздырып, ал биологиялық әке-шешесі сот арқылы асырап алу процедурасын жүзеге асырғаннан соң ғана оны өз аттарына жаздырып, толыққанды ата-анасы болып есептелетін. Қазіргі заңнамада осы мәселе жеңілдетіліп, «құрсақ ана» мен оған тапсырыс беруші арасында келісімшарт жасалады. Нотариалды түрде бекітіледі. Осы шартта «құрсақ ананың» құқықтары мен міндеттері, тапсырыс беруші отбасының құқықтары мен міндеттері түгел көрсетіледі. Соған сәйкес, екі тарап өз міндеттерін толық орындайды және «құрсақ ана» босана салысымен, дүниеге келген баланың заңды ата-анасы тапсырыс беруші отбасы болып саналады. Яғни ендігі жерде бұрынғыдай сотқа жүгінудің қажеті жоқ.
Тағы бір ерекшелігі, өмірде түрлі «форс-мажорлық» жағдайлар болып жатады ғой. Мәселен, тапсырыс беруші тарап баладан бас тартса немесе бір апатқа ұшыраса деген секілді. Мұндай жағдайлар да заңда жан-жақты қарастырылып, ондай кезде баланың әрі қарайғы ата-анасы кім болатыны, кім қамқорлығына алатыны түгел ескерілген.
– Ондай болса, бұл мәселе бизнес көзіне айналып кетпес үшін Заңда «құрсақ аналарға» қойылатын талаптар да ескерілген болар?
– Әрине, осы кодексте «құрсақ аналарға» қатысты талаптар да айқындалды. Мысалы, екінің бірі «құрсақ ана» бола алмайды. Оның жасы міндетті түрде 25 пен 35 аралығындағы әйел болуы тиіс. Сондай-ақ ертеңгі күні ол әйел құрсағындағы балаға аналық мейірі оянып, бергісі келмей қалуы да мүмкін ғой. Адам болғасын бұлай болуы да әбден ықтимал. Мұның алдын алу үшін Кодексте «құрсақ ана» болғысы келетін 25 пен 35 жас аралығындағы әйелдің міндетті түрде өз баласы болуы керектігі жазылды. Қысқасы, «құрсақ ана» осының бәрін біліп, саналы түрде қадам жасайтыны, ертеңгі күні сәбиді өз ата-анасына беретіндігі тайға таңба басқандай көрсетіліп отыр. Екінші жағынан 25 пен 35 жасқа дейін деп белгілеудің де өзіндік себебі бар. Бұл – әйелдердің репродуктивті, басқаша айтсақ, денсаулығы бала көтеруге және босануға ең қолайлы, лайықты кезеңі. Үшіншіден, заңда «құрсақ анаға» тек заңды түрде некелері тіркелген ерлі-зайыпты азаматтар ғана тапсырыс бере алатындығы да анық жазылған.
Ал негізінде заңды талқылау барысында «Неге жалғызілікті әйел немесе ер-азамат тапсырыс бере алмайды?» деген сияқты түрлі пікірлер болды. Алайда талқылай келе, мұның барлық қырлары мен астарларын ескеріп, осылай бекіттік. Сонымен заң бойынша жасы 25 пен 35 аралығындағы, өзінің баласы бар әйел ғана «құрсақ ана» бола алады.
– Ал енді бала туылғанда берілетін бір реттік жәрдемақы, жөргек пұл деген бар емес пе? Ол тоғыз ай бала көтерген «құрсақ анаға» берілетін шығар?
– Жоқ, бала туылғандағы бір реттік және бала күтімі бойынша берілетін басқа жәрдемақының бәрі түгелдей тапсырыс беруші ата-анаға, яғни баланың өз отбасына тиесілі. Ал тоғыз ай көтергені үшін «құрсақ анаға» тиесілі сыйақыны екі тарап өзара келісімшартта бекітеді және сол бойынша орындалады.
– Демек, «суррогат ана», яғни «құрсақ ана» мәселесін құқықтық тұрғыдан реттеу елдегі отбасылардың ажырасу статистикасын біршама азайтады деген үміт бар ғой...
– Мұның бәрі – отбасы институтын нығайту үшін істеліп жатқан шаралар. Өзіңіз қараңыз, 2010 жылы 144 мың 357 неке қиылып, отбасы құрылса, 40 мың 982 неке бұзылып, жас отбасылар ажырасты. Ал ажырасудың небір түрлі себептері бар. Соның ішінде жас отбасының денсаулықтағы әртүрлі себептермен ұзақ уақыт балалы бола алмау проблемасы ең негізгілердің бірінен саналады. Ал бала деген – отбасын қабыстырып, байланыстырып тұратын буын. Балалы үйдің бар көңілі – балада, баланы қызықтайды. Мәпелеп бағып, өмірлерін балаға арнайды. «Балалы үй – базар» деп халқымыз тегін айтпаған ғой. Сондықтан осы заңда қарастырылған қосалқы репродуктивтік технологиялық әдіс әлгіндей балалы бола алмай жүрген отбасылар үшін өте үлкен көмек деп санаймын.
– Жасыратыны жоқ, медицинаның осынау технологиялық жетістігін пайдалану екінің бірінің қолынан келе бермейді. Дәлірегі, мұндай медициналық көмекті көптің қалтасы көтермейді. Осы жағы қаншалық ескерілді екен? Жас отбасыларды осы мәселеде мемлекет тарапынан қолдау бар ма?
– Әлбетте, бар. Бұл мәселеге қатысты мемлекеттен бөлінетін квота қарастырылып, кепілдендірілген медициналық көмек көлемінің қатарына енгізілді. Рас, бұрын болмаған еді. 2010 жылы бұл квота мөлшері 100 адамға бөлінсе, 2011 жылдан бастап – 350, 2012 жылы 600-ге жетеді. Қазір елімізде репродуктивтік проблемалармен жеті медициналық орталық айналысып келеді.
Жалпы, елімізде отбасы институтын нығайту бағытында жүйелі жұмыстар атқарылып келе жатыр деуге әбден болады. Соның айқын дәлелінің бірі – осы қосалқы репродуктивтік технология арқылы балалы болғысы келетін отбасыларды қолдауы. Ал оған дейінгілерге тоқталсақ: мемлекетіміз бала тууды ынталандырып, жас отбасыларын қолдау үшін сәбилі болғанда берілетін бір жолғы және бала күтімі бойынша бір жасқа дейін берілетін жәрдемақылар тағайындап, олардың көлемін жыл сайын арттырып келеді. Бұрын 10 және одан көпбалалы болғаны үшін берілетін «Алтын алқа», ал сегіз балалы болғаны үшін берілетін «Күміс алқа» медальдары енді тиісінше жеті және алты балалы болғаны үшін берілетін болды.
– Атамыз қазақ жетімін жылатпаған халық болған екен. Сөйткен елде қазір жетімдер үйі, сәбилер үйі бар. Ондағылардың басым көпшілігі – өзіміздің көгенкөздер. Сол жетімдерімізді енді шетелдіктер асырап алуда. Шетел асқан сол балаларымыздың ішінде ертең есейе келе Қазақстанға деген бір реніш, тіпті жауығу сезімі де тууы мүмкін ғой. Соны ойлап, жетімдерімізді шетел асырмасақ қайтеді?
– Расында, біздің қоғам бұл күнде көп өзгерді, халқымыздың ежелден қалыптасқан ізгі қасиеттері, таным-түсініктері біраз әлсіреп, игі дәстүрлері көмескіленді. Әйтпесе «жетім көрсең, жебей жүр» деген ел едік. Бүгінгі қоғамда тастанды балалар, ата-анасы бас тартқан балалар, ата-ана болу құқығынан айырылғандардың балалары деген ұғымдар пайда болды. Тағы да статистикаға жүгінсек, қазір осындай жетім балалардың саны 38 мың 386 екен. Дегенмен олардың көбінің туған-туыстары бар, тек 14 052-сі ғана тұл жетім санатынан.
Мемлекетіміз оларға мүмкіндігінше барлық жағдайды жасап отыр. Олар балалар үйінде, жасөспірімдер үйінде, сәбилер үйінде, сондай-ақ отбасылық үлгідегі балалар үйінде тәрбиеленіп, оқып, білім алуда. Жаңа заңда біздер осындай балалар үйіндегі тәрбиеші-аналар қандай болуы керектігін, оларға қойылатын конкурстық іріктеу талаптарын да ескердік. Ал мемлекет барлық балалар үйін бюджеттен толық қамтамасыз етуде. Мұның сыртында Патронаттық тәрбиеге де ерекше көңіл бөліп, патронат тәрбиешілер балаларды өмірге бейімдеп отыруы үшін оларға бюджет ұйымдары тәрбиешілеріне берілетін жұмыс ақысына сәйкес айлық төленеді, ал мектепке дейінгі балаларға – 9, мектепте оқитын балаларға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде қаржы бөлінеді. Одан кейін қамқоршы, қорғаншы бар, оларға бұрын ақша берілмейтін, биылғы жылдан бастап, республикалық бюджеттен үш жылға 15 миллион теңге қарастырылып отыр. Ал қамқоршы немесе қорғаншылыққа алатын адам сол баланың әпкесі немесе ағасы, ата-әжесі, қысқасы ең жақын туысы болуы мүмкін.
Ал енді бала асырап алуға келсек, біздің ел Гаага конвенциясына қосылғаны белгілі. Бұл конвенцияның басты нормаларының бірі әрбір бала отбасында тәрбиеленіп, ата-ана мейірімін сезініп өсуге құқылы екендігін айтады. Біздің заңнамамыз да әрбір баланың отбасында өсуге құқылы екендігін бекіткен. Сондықтан шетелдіктердің бізден бала асырап алу мәселесіне осы тұрғыдан қараймыз. Дей тұрсақ та, бұл ретте заң жүзінде қойылған түрлі талаптар бар. Ал өз елімізде, өз ішімізде бала асырап алуға ешқандай кедергі жоқ. Бірақ тағы бір айтар нәрсе, бізде қандай бала асырап алуға берілетіні, қандай балалар берілмейтіні заң жүзінде анықталған. Шет мемлекет азаматының асырап алуына бірінші кезекте өзімізде асырап алынбаған балалар, денсаулығы тұрғысынан өз елімізде емдеуге мүмкіндігіміз жоқ, ауыр операцияларды қажет ететін балалар ғана беріледі. Бұны бір жағынан шарасыздық ретінде қабылдауға болар.
Өйткені біз ешқандай баламызды, сауын да, науқасын да жатжұртқа жіберуге тиіс емеспіз. Өйткені ол – біздің азаматымыз. Бізге еліміздің әрбір азаматы қымбат. Халқымыз онсыз да аз. Алға қойған демографиялық межелеріміз бар. Сондықтан лаж болса, науқасын өзіміз емдеп, денсаулығын түзеуіміз керек. Мемлекетіміз осы бағытта жұмыс істеп жатыр.
– Ал енді шетелдіктердің асырауына берерде, олардың қандай адам екенін қалай білеміз? Қойылатын талап қандай? Себебі асырап алған балаларын азап пен мазаққа салған шетелдіктердің де болғанын әлемдік ақпарат құралдарынан оқып жүрміз...
– Бұл мәселе де жолға қойылып отыр. Қазір бала асырап алғысы келетін шетелдіктер бізге тек арнайы аккредитация алған агенттіктер арқылы ғана шыға алады. Ал бала асырап алу ісімен шұғылданатын мұндай агенттіктер бізде аккредиттелуі үшін кемінде 10 жыл осы салада жұмыс істеп, өзін оң сипатынан көрсеткен болуы тиіс. Олардың өтінімін бізде арнайы ведомствоаралық комиссия қарап, әлгі агенттікке бес жылға ғана аккредитация береді. Жағдай осылай болғандықтан, олар да өз беделдерін түсірмеуге күш салып, дұрыс адамдарды іріктейді. Бұл талап та бірінші кезекте балаларымызды кім-көрінгеннің асырап алуын болдырмауға бағытталған. Ал асырап алынған бала қай елге барса да, біздің Сыртқы істер министрлігінің елшіліктері мен консулдықтары арқылы бақыланып отырады. Ол бала туралы 18-жасқа келгенше барлық құжаттық мұрағаты жүргізіледі. Ұлты кім, қай мемлекеттің азаматы, неліктен асырап алуға берілгенін бала біліп өседі.
– Балаларымызды қай елдің азаматтары көбірек асырап алатыны туралы мәлімет бар ма?
– Бізден бала асырап алу жағынан АҚШ азаматтары алда. Ал асырап алуға бала беру жағынан бірінші орында тұрған мемлекет Қытай екен.
– Ал біздің өз ішімізде, өз көгенкөздерімізді асырап алу белсенділігі қалай?
– Ел азаматтарының өз ішімізде бала асырап алу белсенділігі төмен емес, биылғы жылы – 3 100 бала асырап алынды. Соның ішінде, бірнеше мысал келтірсек, 2010 жыл бойынша: Оңтүстік Қазақстанда – 560, Алматы облысында – 330, Шығыс Қазақстан облысында 222 бала асырап алу фактісі тіркелді. Бала асырап алғысы келетін отбасылар өте көп. Кезекте тұрғандар көп. Тек бір мәселе бар. Шетелдіктер баланың жасына қарамай, ересек пе, кішкентай ма, ауру ма, мүгедек пе, оған қарамай ала беретін болса, біздің азаматтар тек дені сау баланы іздейді. Сондай-ақ ол бала жаңа туған немесе әлі ес біле қоймаған болса дейді. Оларды да түсінуге болар, ес білмейтін бала бірден өздеріне етене болып кетсін дейтін шығар. Әрі кетсе, бес жасқа дейінгі балаларды ғана асырап алғысы келеді. Ал 7-8, 10 жастағы балаларды асырап алу мүлде жоқ десек те болады. Бізді алаңдататыны осы мәселе ғана. Ересек балаларға да қамқорлық, отбасылық жылу керек қой. Ізгілік тұрғысынан мұны да ойлаған дұрыс болар.
Сондықтан бала асырап алу секілді ізгі шешімге келетін азаматтарымыз осы жағын да ескерсе деймін. Шетелдіктер ауру баланың өзін емдетеміз, толыққанды азамат қылып өсіреміз деп алып жатқанда, біз неге өз балаларымызға қатысты осындай ізгі қадамға бара алмаймыз?
– Мүмкін, бізге бұл жайттың салдарымен емес, себебімен күресу керек шығар. Бар гәп иман мен ізгілік тұнған өнегелі ұлттық тәлім-тәрбиемізді ұмытып, ізгілік өзегін үзуге айналғанымызда жатқан болар? Бүгінгі қоғамда сол құндылықтарымыздың насихаты кемшін түсіп жатқан жоқ па?
– Иә, осы жағынан кемшілігіміз көп. Біз сол ізгі қасиеттеріміз бен ежелден қалыптасқан игі дәстүрлерімізді дәріптеп, ұрпақ тәрбиесіне көбірек көңіл бөлуіміз керек. Ненің ұят, ненің азғындық пен масқарашылық екенін, ал нендей әрекеттер ізгілік пен имандылық көрінісі екенін бала күннен құлаққа құйып, сүйекке сіңіру аса маңызды. Бүкіл қоғам осы мәселеге жұмылғаны жөн деп ойлаймын.
Халқымыз жетімін, жесірін жылатпаған. Жетімді жылатпау керек деген қағида берік сақталған. Жетімнің көз жасы алысқа жібермейді, жетімді жылатқан адам бұл дүниеде бақытты бола алмайды деп түсіндірген. Жетімге ел болып қамқорлық жасаған. Жесірін шетке теппеген. Мүмкіндігі болса, оған күйеуінің туған-туысқандарымен отбасын құруға барынша жағдай жасаған. Бұл салт-дәстүр атадан балаға мұра болып қалып отырған.
Ал қазір жағдай біршама өзгерді. Жаһандану процесі жүріп жатыр. Оның жақсы жақтары да бар, ал жаман жақтары да жоқ емес. Біздің ғасырлар бойы қалыптасқан сана-сезімімізге, салт-дәстүрімізге, мәдениетімізге жат түрлі қылықтар мен ақпараттарды теледидардан да, газет-журналдардан да күнделікті алып жатырмыз. Осының бәрі бала тәрбиесіне, оның сана-сезіміне теріс әсер ететіні сөзсіз. Мұндай заманда балаға дұрыс тәрбие беру, оны дұрыс жолға салу қиынның қиыны. Дегенмен, қанша қиын болса да, бала тәрбиесін бір минут болса да естен шығармаған абзал. Себебі, бала – біздің келешегіміз, ұрпағымыздың жалғасы, Тәуелсіз еліміздің болашақтағы тұтқасын ұстар азаматтары.
Алашқа айтар датым...
Біз бала тәрбиесіне аз көңіл бөлетін сияқтымыз.
Балаларымыздың тамағы тоқ, киімі көк болса, жақсы оқуға түсірсек дейміз. Бар шаруа сонымен бітетіндей-ақ, тек сол бағытта тіршілік етеміз. Сөйтіп жүріп баланың толыққанды азамат болуы үшін қажетті ең негізгі тәлім-тәрбиеден кемістік жібереміз. Оның ішкі рухани өзегін, адамгершілік ұстанымдарын дұрыс әрі берік етіп қалыптастыру қажеттігін ұмыт қалдырамыз. Бүгінде көбейіп бара жатқан жасөспірімдер арасындағы суицид те, түрлі діни секталардың шырмауына түсу де – соның салдары. Бірінші кезекте ата-ананың кінәсі. Сондықтан бала тәрбиесіне баса мән берсек екен.
Алашты ойлантар дерек:
Елімізде қазір жалғызбасты аналардың саны – 444 мың 800, жалғызбасты әкелердің саны – 42 мыңнан асып жығылады. Бүгінгі таңда некесіз туылған сәбилер саны да 352 мыңнан асады.
Некесіз бала туу деген сұмдық масқара саналған асыл халқымыз үшін бұл өте ауыр әрі қасіретті көрсеткіш қой. Жалпы, халық болып алаңдайтын-ақ мәселе.