Заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу талабын сақтау –

Заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу талабын сақтау –

Рашид ТҮСІПБЕКОВ, ҚР әділет министрі:

– Құрметті Рашид Төлеутайұлы, биылғы Елбасының дәстүрлі Жолдауы жарияланғалы да біраз уақыт өтті. Осы аралықта аталған құжат Әділет министрлігінің жеке өзіне қандай тың міндеттер жүктеді? Жолдауға сай министрліктің қызметінде өзгерістер мен реформалар болды ма?

– Елбасымыз биылғы дәстүрлі Жолдауында алдағы онжылдықта мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін нақты міндеттер мен басымдықтарды айқындап берді. Мемлекет басшысы әр қазақстандық азаматты тұрмыс-тіршілікті жақсарту жолында күш-жігерімізді жұмылдыруға, экономикалық және әлеуметтік салалардағы проблемаларды бірлесе шешуге шақырды. Біздің министрлік осы бағыттағы жұмыс жоспарын айқындап, негізгі бағыттар бойынша реформаларды жүзеге асыруда жүйелі жұмыс жасауда.

Атап айтсақ, заң шығару қызметін жақсартуға, бизнес ашуды жеңілдетуге, пенитенциарлық жүйені ізгілендіруге, нотариат пен адвокатура саласында азаматтарға қызмет көрсету сапасын жақсартуға әрі сыбайлас  жемқорлық  деңгейін төмендетуге бағытталған өзгерістерді қолға алды.

Жолдауда айтылған міндеттердің бірі – «Сенімді құқықтық орта қалыптастыруды жалғастыру және заңдардың сапасын арттыру». Бұл – біздің министрлікке тікелей қатысты мәселе.

Заңнамалық актілердің тұрақтылығын қамтамасыз етіп, олардың тиімділігін бағалау үшін қолданыстағы заңдарға жүйелі құқықтық мониторинг жүргізу керек деп есептеймін, бұл үшін министрлік тиісті тетіктерді пысықтап жатыр, яғни заң жобасын әзірлеуші әрбір орган міндетті түрде үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып, әзірленген заңдардың сапасына талдау жасайтын болады.

Бұдан басқа, заң шығармашылығы қызметінің сапасын арттыру мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша, министрлік жанындағы Заң шығару институтының қызметі түбегейлі қайта қаралып, ерекше мәртебесі бар мемлекеттік мекемеге өзгертілді.

– Сонда бұл мекеменің қызметі енді қандай бағыттарды қамтымақ?

– Қазіргі таңда аталмыш мекеме мемлекеттік билік және жергілікті өзін-өзі басқару институттарын дамытудың құқықтық проблемаларын зерттеу жұмыстарымен айналысады. Сондай-ақ мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттырудың құқықтық тәсілдерін зерделеу, заң жобаларын мемлекеттік тілде дайындау, қазақ және орыс тілінде әзірленген заң жобалары мәтіндерінің түпнұсқалылығын тексеру, заңнаманы жетілдіру тұжырымдамасын әзірлеу, кодекстер мен заңдарға ғылыми-практикалық түсініктемелер дайындау саласындағы жұмысты жүзеге асыруда.

Сонымен қатар Заң шығару институты құқық субъектілеріне заң шығару саласында ғылыми көмек көрсетуді, еліміздің және шет мемлекеттердің заңнамаларына салыстырмалы-құқықтық зерттеулер жүргізуді жоспарлап отыр. Институтта осы бағытта білікті мамандар қызмет етуде.

– Жолдауда айтылған өзге де бағыттар тұрғысында министрлік қандай шараларды қолға алуда?

– Президент өз Жолдауында атап өткендей, дағдарыстан кейінгі кезеңде мемлекеттің дамуында негізгі локомотив бизнес құрылымдары болмақ. Бұл тұрғыда кәсіпкерлерге жұмыс жағдайын одан әрі оңайлату үшін министрлік тиімді тетіктерді қарастыру үстінде. Атап айтсақ, құрылтай құжаттарына өзгерістер тек хабарламаның негізінде ғана енгізілетін болса, ал заңды тұлға таратылған кезде оның барлық филиалдары мен өкілдіктері орталықтандырылған түрде есептік тіркеуден шығарылады. Бұл белгілі бір шамада бизнесті тіркеуге әрі жүргізуге байланысты операциялық шығындарды төмендетуге мүмкіндік береді.

Елбасының Жолдауда атап көрсеткен құқық қорғау органдарының жұмысын қайта қарау талабының шеңберінде, біз қоғамнан оқшаулауға жатпайтын қылмыстық-құқықтық шараларды кеңінен қолдануға жағдай жасау бағытында жұмыс істеудеміз.

Жалпы, қылмыстық-атқару жүйесі жетілдіруге мұқтаж. Сондықтан оны жетілдіру бойынша министрлік кешенді бағдарлама әзірлеуде. Мәселен, Қылмыстық атқару жүйесі комитеті сотталғандарға, оларды емдеуге және жұмыспен қамтуға тәрбиелік ықпал етудің тиімді жүйесін жасауда.

Жыл басынан осы кезеңге дейін сотталғандарға 1012 психотүзету және психологиялық алдын алу шаралары жүргізілді, соның ішінде музыкатерапия, арттерапия, данстерапия (бимен емдеу) элементтері бар емдеу сеанстары өткізілген. Нәтижесінде, өткен жылдың осындай кезеңімен салыстырғанда құқық бұзушылық саны 1 мың адамға шаққанда 65-тен 59-ға дейін, ал өзіне қол жұмсау 13-тен 3-ке дейін азайғанын айтуға болады.

Сосын, мына жұмыстарды да айтпай кетуге болмас деп ойлаймын. Үкіметтік емес ұйымдармен және Еуроодақпен бірлесудің арқасында Астана, Павлодар қалаларында «Жаңа өмір» деп аталатын екі Оңалту орталығы ашылды, Семей қаласында бір орталықтың жұмысы қалпына келтірілді. Бұл орталықтар есірткіге тәуелді адамдарды дәрі-дәрмек қолданбай, психотерапиялық әдіспен емдеуге арналған. Ол Польшада «12 қадам Атлантис» Миннесотск бағдарламасының негізінде әзірленген. Мұнда өткізілетін іс-шаралар кешені науқастың өз мінез-құлқына, өміріне және айналасындағылардың оған жақсы қарым-қатынас қалыптастыруына бағытталады.

Орталықтар жұмыс істеген кезден бастап 115 сотталушы емделген. 53 емделуші жазаны өтеу мерзімі аяқталуына байланысты, ал 29 емделуші орталықтың оң мінездемесі бойынша шартты түрде мерзімінен бұрын босатылды. Айта кетерлігі, осы емделушілердің бір де біреуі түрмеге қайтадан түскен жоқ.

Бүгінде түзеу мекемелерінің кәсіпорындарында 14 мыңнан астам сотталғандар жұмыспен қамтылған. Және жыл сайын жаңа өндіріс түрлерін енгізу арқылы 500-ден астам қосымша жұмыс орнын ашып отыруды жоспарлаудамыз.

Бұдан басқа, қазір Әділет министрлігі мемлекеттік нотариустар институтын қалпына келтіру мәселесін пысықтауда. Елімізде былтырғы жылдың шілдесіне дейін бір де бір мемлекеттік нотариус болмағаны мәлім. Біз күзде әр облыс орталығында мемлекеттік нотариаттық кеңселер аштық. Қазір олардың саны – 16. Халықтың оларға деген қажеттілігі күн сайын өсіп келеді.

Министрлік «Жылжымайтын мүлік тіркелімі», «Жеке тұлғалар», «Заңды тұлғалар» деген электрондық деректер қорларына қосымша, нотариустарға қолжетімділікті қамтамасыз етуге арналған жеке «Электронды нотариат жүйесі» пилоттық жобасын әзірледі. Бұл оларға жылжымайтын мүлікпен мәмілелерді ресімдеу кезінде – клиенттің некеде тұрғанын, оның тіркелген мекенжайы қандай екенін, сондай-ақ жұмыс үшін қажет мәліметтерді көруге көмектеседі. Аталмыш жаңалық мәмілелерді жасау кезінде алаяқтық қаупін төмендетеді деп күтілуде.

«Электронды нотариат жүйесін» қолдану болашақта жылжымайтын мүлікке құқықтарды мемлекеттік тіркеу процесін автоматтандыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте азаматтар әділет органдарына жүгіну міндеттерінен босатылатынын да айта кеткен жөн.

Жылжымайтын мүлікке құқықтарды тіркеу әділет органдарының немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары қызметкерлері мен өтініш берушілердің тікелей байланыспауы арқылы жүзеге асады. Бұл сыбайлас жемқорлыққа қарсы ең тиімді шара болады әрі халық үшін жылжымайтын мүлікті тіркеу процесін едәуір жеңілдетеді.

Жалпы, әділет органдарында атқарылып жатқан жұмыстың артықшылығы – әлеуметтік бағытты негіз етуінде. Олар азаматтардың өмірін жеңілдетуге және кәсіпкерлік субъектілерін дамыту үшін жағдай жасауды жетілдіруге арналған дер едім.

– Әлеуметпен тығыз жұмыс істейтін орындардың бірі – Халыққа қызмет көрсету орталықтары. Қазіргі күні осы мекеменің Сіздердің министрлік қарамағынан жергілікті әкімшіліктердің құзырына берілгені мәлім. Бұл бастама қаншалықты тиімді болды?

– Азаматтарға мемлекеттік қызмет көрсету процестерін жеңілдету үшін құрылған Халыққа қызмет көрсету орталықтарының әкімдіктердің қарамағына берілуі, бұл –  әлемдік тәжірибеге сүйеніп шығарылған шешім. Әкімдіктердің қарамағына беру Халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметіне бірқатар оң өзгеріс әкеледі, әкімдіктер жергілікті жерлерде мұндай Орталықтар ашу, орналастыру мәселелерін тиімді әрі ұтымды шешеді, мемлекеттік қызмет көрсету кезінде халыққа қолайлы жағдай жасайды деп ойлаймын. Қазіргі таңда Әділет министрлігі жергілікті билік органдарына қажетті құқықтық көмек көрсете отырып, олардың жұмысын ұйымдастыруға белсене атсалысуды жалғастырып отыр. Бүгінде әкімдіктерге әдістемелік және құқықтық көмек көрсетілуде.

– Министрліктегі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу ісі қалай жүруде? Лауазымды қызметкерлердің қызметтегі адалдығы жөнінде не айтар едіңіз?

– Министрлік әділет органдарындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және олардың жолын кесу шараларын тұрақты түрде жүргізіп отырады.  Бізде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, мониторинг жүргізу және сыбайлас жемқорлыққа шырмалған адамдардың мемлекеттік қызметке келуіне жол бермеу мақсатында әділет органдары қызметкерлерінің қылмыстық істерге қатысты ақпаратының деректер банкі толтырылып, жаңартылып отырады. Бұл ретте, әр тоқсан сайын Қазақстан Республикасы Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетімен бірлесіп салыстыру ісі жүзеге асырылуда.

Сондай-ақ Экономикалық қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігімен өзара іс-қимылды күшейту бастамасы да қолға алынды. Осы мақсатта «Әділет органдары саласында сыбайлас жемқорлықты болдырмау мен жолын кесуде Әділет органдары мен қаржы полициясы арасындағы өзара іс-қимылдар тәртібі туралы» бірлескен бұйрыққа сәйкес тығыз жұмыс атқарылуда. Астана, Алматы қалалық, облыстық әділет департаменттері жемқорлыққа қарсы күрес саласында үкіметтік емес ұйымдармен, «Нұр Отан» халықтық демократиялық партиясының жергілікті филиалдарымен меморандумдар жасаған.

Елбасының «Қылмыспен және сыбайлас жемқорлықпен күресті күшейтуге арналған қосымша шаралар және Қазақстан Республикасында құқық қорғау қызметін әрі қарай жетілдіру туралы» Жарлығының шеңберінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейтетін кешенді іс-шаралар бекітілді. Атап айтсақ, Әділет министрлігінің арнайы бұйрығында қызметкерлердің сыбайлас жемқорлық және басқа да қылмыс жасаған әрекеттері үшін, қызметтік бақылау жүргізбегені үшін және жемқорлыққа қарсы іс-шараларды ұйымдастырмағаны үшін олардың тікелей басшыларына тәртіптік жаза ретінде шара қолданылатыны нақты көрсетілген.

Айта берсек, қолға алынған игі істер көп. Мәселен, министрліктің Кадр департаменті жанынан мемлекеттік қызметшілердің этиканы сақтауларын қадағалау басқармасы құрылып, оның тиімді жұмыс атқаруы үшін әр аумақтық әділет органдарында бір штат бірлігі бөлінген. Басқарманың қызметі сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес шараларын жүргізуге және әдістемелік көмек көрсетуді үйлестіріп, бақылауға бағытталған.

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңдылықтарды халыққа құқықтық түсіндіру шаралары кеңінен жүргізілуде. Мысалы, елдің барлық өңірлерінде әділет органдарымен жемқорлыққа қарсы күрес жөнінде теле-радио бағдарламалар, семинар-конференциялар ұйымдастырылып отырады.

– Мемлекеттік органдарда дайындалатын заң жобалары мен басқа да ресми құжаттардың құқықтық тұрғыдағы сауаттылығы қандай? Заң жобалары мен түрлі нормативтік құжаттарды әзірлеуде қайсы органның жұмысын сапалы деп бағалар едіңіз?

– Заң жобаларының құқықтық тұрғыдағы сауаттылығы бірқатар шаралар арқылы тексеріледі. Мәселен, заң жобаларына міндетті түрде құқықтық және сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптамалар жүргізіліп, олар тиісті мүдделі мемлекеттік органдардың келісімінен өткізіледі. Одан кейін Парламентте Мәжіліс пен Сенаттың қарауынан өтеді. Парламенттің ІІІ сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде Елбасы: «Еліміздегі заң шығару үдерісінің сапасын едәуір көтеріп, оны еуропалық стандарттарға одан әрі жақындата түсу қажет» деп атап көрсетті. Бұл ретте заң шығару процесінің сапасын арттыру мақсатында Әділет министрлігі Заң жобалау қызметі ведомство- аралық комиссиясының отырыстарын тұрақты түрде өткізіп, онда осы саладағы барлық мәселелерді талқылап, пысықтайды. Министрлік мемлекеттік уәкілетті органдар әзірлеген заң жобаларына заң сараптамасын жүргізген кезде, олардың заң техникасына сай ресімделуін басты назарда ұстайды.

Айта кету керек, 2009 жылдың қорытындысы бойынша Ішкі істер, Төтенше жағдайлар, Көлік және коммуникациялар, Табиғи монополияларды реттеу, Құрылыс ісі және тұрғын үй шаруашылығы, Қаржылық қадағалау агенттіктері, Ұлттық банк, Бас прокуратура заң жобаларын сапалы әзірлеп, орындаушылар өз істерін жауапкершілікпен атқара білген.

Заң жобалау қызметінің сапасын көтерудің және заңдардың тұрақты жұмыс істеуін қамтамасыз етудің қосымша жолы ретінде қазір әр мемлекеттік орган өзі дайындаған заңдардың қолданылуына мониторинг жүргізу тетігін жасауды ойластырудамыз.

– Министрліктегі мемлекеттік тілдің жайы қалай?
Қызметкерлердің қазақ тілін білу деңгейі тексеріліп тұра ма?

– Бүгінгі күні іс жүргізу саласындағы негізгі мақсатымыз – мемлекеттік тілдің мәртебесін нығайту, мемлекеттік басқаруда, заң және норма шығармашылығында оның қолданылу аясын кеңейту болып отыр.

Министрлікте тіл саласындағы жұмыспен айналысатын Мемлекеттік тілді дамыту және аударма басқармасы қызмет атқарады. Тіл саласындағы атқарылған жұмыстарды талдау, шолу, жинақтап қорытындылау жүйеленген. Нақты айтар болсақ, заңнамалық және нормативтік актілер қолданыстағы заңнамаларға сәйкес қазақ және орыс тілдерінде, басқа құжаттар қазақ тілінде әзірленеді.

Соңғы кездері заң актілерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасы сын көтермейтіні жиі айтылуда. Бұл түсінікті де. Құжаттың орыс тіліндегі нұсқасымен қазақ тіліндегі аудармасының сәйкес келмеуі, терминдердің бірізді қолданылмауы бұл саланы бір жүйеге келтіруді талап етіп отыр.

Бұл ретте, заң жобаларының, халық- аралық шарттар жобаларының, қолданыстағы заңнаманың мемлекеттік және орыс тіліндегі мәтіндерінің тұпнұсқалығын тексеру, қазақ тілінің стилистикалық, грамматикалық заңдылықтарының сақталуын тексеру үшін міндетті лингвистикалық сараптаманы енгізу қажеттігі туды. Осы мәселені шешу мақсатында ҚР Премьер-министрі Кәрім Мәсімов Әділет министрлігінің алқа отырысында Лингвистикалық орталық құру туралы бастама көтерген болатын. Соған орай, Лингвистика орталығын құру және онда нормативтік құқықтық актілерге және халықаралық шарттарға лингвистикалық сараптама жүргізу үшін бірқатар мәселелер пысықталуда. Бұл ретте, ең алдымен, еліміздің қолданыстағы заңнамаларына, соның ішінде «Нормативтік құқықтық актілер туралы», «Халықаралық шарттар туралы» заңдарға, ҚР Үкіметінің Регламентіне, 2002 жылғы 30 мамырдағы Үкіметтің қаулысымен бекітілген Ғылыми сараптаманы өткізу ережелеріне және т.б. өзгерістер енгізу мәселесі қарастырылуда.

Дейтұрғанымен, бұл Орталықтың тиісті деңгейде жұмыс істеуі әрі сараптамаларды сапалы жүргізуі үшін тіл мәселесімен айналысатын заңгер мамандар мен заңдық техниканы зерделеген кәсіби филологтардың қосатын үлесі зор екенін атап өткен жөн.

– Болашақта сіздердің тексерулеріңізден өтетін заң жобаларын қазақ тілінде дайындауды талап ету ойларыңызда жоқ па?

– Министрлік нормативтік құқықтық актілер жобаларын тексеруді құжаттарды әзірлеуші мемлекеттік органдар келісуге енгізген кезде жүргізеді. Қазақстан Республикасының уәкілетті органдарында заң жобалау жұмыстарын ұйымдастыру ережесінің 19-1-бабында: «Мемлекеттік органдар мүдделі мемлекеттік органдарға келісуге енгізетін заң жобалары мемлекеттік және орыс тілдерінде әзірленуі тиіс», – делінген.

Сонымен қатар «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңның 21-бабына сәйкес нормативтік құқықтық актінің жобасы Мәжіліске мемлекеттік және орыс тілдерінде енгізіледі. Осыған орай, заң жобаларын мемлекеттік тілде әзірлеу талабы қолданыстағы заңнамада бекітілгендіктен, бұл талапты сақтау барлық мүдделі мемлекеттік органдардың басты міндеті.

Тұжырым
Соңғы кездері заң актілерінің мемлекеттік тілдегі нұсқасының сапасы сын көтермейтіні жиі айтылуда. Бұл түсінікті де. Құжаттың орыс тіліндегі нұсқасымен қазақ тіліндегі аудармасының сәйкес келмеуі, терминдердің бірізді қолданылмауы бұл саланы бір жүйеге келтіруді талап етіп отыр.

Автор
Последние статьи автора
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Қайтыс болған адамның заттарын сақтауға бола ма?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста