Жаһан заманында жастарымыз неге болсын төтеп беруі керек

Сапарғали Қонысбаев, Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті катализ және мұнай химиясы кафедрасының профессоры:

«Алаш айнасы» газетi мен Қазақ радиосының бiрлескен жобасы

«Айтөбел» хабарының жазбаша нұсқасы
Авторы: Едiл Анықбай
Хабардың тiкелей толқындағы уақыты: 101 ҒМ, сәрсенбі күні сағат 14:05-15:00

– Сапарғали аға, әңгімеміздің басын еліміздің мұнай өндіру сала­сының жай-жапсарына тоқта­лудан бастасақ. Бүгінгі таңда отан­дық кәсіпорындар өз күшімен мұнай-химиялық заттар өндіруге қауқарлы ма?
 – Еліміз Тәуелсіздіктің 20 жылдығын тойлап, осы уақыт аралығындағы жетістік­терімізді мақтанып айтып жатырмыз. Қазақ мемлекетінің мақтанатын, қуанатын байлы­ғы – мұнай мен газ, уран, т.б. неше түрлі метал­дар. Осы байлықтарымызды тиісті деңгейде қолданып жатырмыз ба, қолдан­бай жатырмыз ба? Мен осы төңіректегі проблемалар туралы айтсам. Неге десеңіз­дер, саяси үкімет басшылары жеңістеріміз бен жетістіктерімізді айтып жүр. Елдің құлағында, халық біледі, оны қайталаудың қажеті жоқ шығар. Мұнай – өнімдері 20 жылдық егемендік уақытында алға басып, өзімізді толық қамтамасыз ететін жағдайға жеттік деп айту қиын. Неге? Мысалы, мұнай өндіретін үш өнеркәсіп бар. Олар – баяғы Кеңес Одағынан қалған Атырау, Павлодар, Шымкент зауыттары. Бұлар сол ескі кеңес технологиясымен жұмыс істеп жатыр. Жанар-жағармай алады, ал терең мұнай өнімдері өндірілмейді, мазут қалдықтарын отын ретінде қолданып жатырмыз. Осыны тоқтату керек. Мысалы, отынның орнына ЖЭС-терге мазутты жағып, содан электр энергиясын аламыз. Мазуттың құрамында 2 % күкірт бар. Күкірт аспанға ұшады да, күкірт қышқылы болып қайтадан төбеміз­ден жауады. Барлық елде мазутты қолдану­ға тыйым салынған. Мазутты терең өңдеп, жанармайдан бөлек мұнай-химиялық зат­тар­ды алсақ, ол – үлкен байлық болар еді, бірақ біз соған жете алмай отырмыз. Олардың барлығын шетелден алып келеміз. Қазақстанда шығаратын өнеркәсіп жоқ.
– Ауаға зиян келтіретін қышқыл­дарды ретке келтіретін, кедергілер­ді жоятын, байлыққа кенелтетін мүмкіндіктер туғызатындай өз тараптарыңыздан ұсыныстарыңыз бар ма?
 – Ұсыныстар бар. Бұрын мұнай мәселесі Индустрия және сауда министрлігінің құзырында еді, кейіннен ол Мұнай және газ министрлігі болып, бөлініп шықты. Алғаш­қы­сына да, кейінгісіне де жазғанбыз. Шын­дығында, жаза-жаза шаршадық. Кейде өзіміз жазған қағаздар сол министрліктен түскен нұсқалардың преамбуласына пайдаланып, біздің сөздеріміздің өзімізге келгеніне іштей қуанып қаламыз. Алайда осыларды күрделі қолға алып, мәселені шешіп, мұнайды толық өңдейтін жағдайға жете алмай жүрміз. Өйткені мұның барлығы шетелдің ұлтаралық мұнай компанияларына байланысты. «Шеврон» компаниясы Қа­зақ­­стан­да «Теңізшевройл» компаниясын ашып, күкіртсутегін өңдеп, одан күкірт жа­сап, қа­зір күкірт қышқылы 11 млн тоннадан асып кетті. Оны көметін жер жоқ. Бұл – про­­б­ле­ма. «Шеврон» Қазақстанға үздік тех­­но­логия­лармен келген жоқ. Олар Ресей­дің, Татарс­танның ескі технологиясы – Клаус пешін қойды. Бұл бізге тиімсіз. Өйт­кені күкірт қышқылынан жеріміз ластанып, ауамыз бүлі­ніп отыр. Міне, осындай про­блемалар бар. Осыдан біздің өндіріс жасау мәдение­тіміздің қай деңгейде екені көрі­неді. Бұларды істеу үшін білікті мамандар керек және олар жастар болғаны дұрыс. Қазақ­стандағы мұнай химиясы саласын­дағы мамандар тәй-тәй басқан бала сияқты біресе жүреді, біресе құлайды.
 – Осы саладағы жас мамандар­дың біліктілігіне толығырақ тоқталып өтсеңіз.
 – Талантты жастар білім-ғылымға кел­меуге тырысады. Олар өздерінің бизне­сін жасап, сауда-саттықпен айналысып, жыл­дам ақша жасап, тез аяқтан тұрып кеткісі ке­ле­ді. Біз кеңес дәуірінің тәрбиесімен өстік: «Болашақта барлығы болады! Комму­низмге жету үшін белді бекем буып, жұмыс істеу керек!» деген сияқты кеңес өкіметінің идеологиялық ұрандары болатын. Ал қазір оның бәрі қалды. Алысқа бармай-ақ солтүстік көршіміз Ресей ғылым мен білімге бет бұрып, Сколкова деген технопарк құрып, Еуропа, Америка, т.б. елдерге кетіп қалған мамандарды қайта шақырып, ше­тел­ден алатын ақшаларынан едәуір көп төлеп, ғылым-білімін дамытып жатыр. Өткенде Новосібірдегі академиялық қала­шыққа барып келдім. Ол жерде қолынан іс келеді деген мамандарды орталарынан іріктеп, Сколковаға жұмыс істетеді екен. Қазақстанда, жалпы әйтеуір, «ғылым ке­рек!» деген сөз бар, бірақ «Қандай ғылым керек? Қалай бағыттаймыз? Нәтижесі не болмақ? Кімдердің қолынан іс келеді?» деген секілді мәселелерге тереңдеп жатқан жоқпыз. Ендігі міндет – қазақтың ұл-қызда­рын ғылым-білімге көбірек тарту. Талай кандидат, талай докторлар қолымнан өтті. Жасыратыны жоқ, өзге ұлттардың өкілдері керек жеріне дейін білім алады да, басқа жаққа кетіп қалады. Ал осы саланың ыстық-суығына көнетін – өзіміздің қаракөз­дер. Өйткені олардың елі, жері – Қазақ мем­лекеті. Қазақ баласының ізденісі, сұра­нысы бар, білім алуға тырысады, бірақ «Қалай білім алу керек?» дегенде жүйелі түрде бір нәрсе істеу керек. Мысалы, біздің саясаткер­лер ЖОО ашуға құмар. Әрине, жаңа мем­ле­кетке ол керек. Бірақ оның бәрін өлшеп-пішіп, шақтап істеу керек. Мә­селен, 17 млн халқымызға шаққанда үздік елдер сияқты болып көрінеміз. Сапасы қандай? Мысалы, дүниежүзіндегі әр ЖОО-ның рейтингі бар. Сол әлемдік рейтинг  бойын­ша тізбелегенде біздің ең мықты болып есептелетін Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық универси­теті 540-орында тұр. Ал Ресейдің ММУ-і  – 6-орында. Міне, осы арқылы қай елдің білімі қалай дамып келе жатыр дегенді анықтауға болады. Осыны түсінуіміз керек. Қазақстандағы ЖОО-да, ғылыми институт­тарда отырған адамдар: «Мен осы жерде­мін! Менен бас­қа мықты жоқ! Білімім тең­дес­сіз!» деп кеудесін қақ­қан­нан гөрі, ма­ман­дарды үздік универ­си­тет­терге жібе­ріп, білімін жетілді­ріп, қай­тадан оқытып, басқалармен бай­ланыс жа­­сап, араласу керек. Онсыз жақ­сылық бол­майды.
 – Тәуелсіздіктің ең бастапқы кезінде, ҚазҰУ дүниежүзіндегі үздік 12 университеттің бірі дегенді құлағым шалғаны бар еді... Сіздің айтып отырған 540-орында дегеніңізбен жер мен көктей айырмашылық шығып отыр.
 – Сол 540-ыншы болып әлемдік рейтингке кіргенін біз тойлап отырмыз. Ол тізбеде ҚазҰУ-ден басқа университеттер жоқ. Бір университеттің ілінгеніне қуаныш­тымыз, ал облыс орталықтарында жұмыс істеп жат­қан университеттердің жағдайын осыдан-ақ болжай беріңіз. Қазақ – ерекше жаралған халық. Мен қазақтың баласы екенімді мақтан тұтамын. Әр қазақ: «Мен осыны істеймін!» деп, кез келген нәрсеге бел шешіп, артына түсіп, кіріссе, оған мүм­кіндігі, қабілеті, ізденсе білімі жетеді, соны­мен қоса Алла тағала қазақты өтірік мақ­танмен де өзін-өзі алдап жүретін қылып жаратып қойған секілді. Біз өтірік мақтан­ғанды жақсы көреміз. Мәселен, міне, әлем­дік рейтингке бір университеттің кіргеніне мақтанып отырмыз. Ал оның 540-орында тұрғанын жасырып, айтқымыз келмейді. Мысалы, үздік мемлекеттердің бірі – Франция. Олар осыдан үш-төрт жыл бұрын Дүниежүзілік банктен 15 млрд евро несие алып, ЖОО мен ғылыми меке­мелер­дің инфрақұрылымын ауыстыруға жұмса­ған. Ескі нәрселердің барлығын лақ­тырып тастап, орнына жаңа қондырғылар қойды. Францияның Леон университе­тімен байла­нысымыз бар. Сол университет­тің ғылыми лабораториясына кіргенде жылағың келе­ді. Біз 50-жылдардан қалған құрал-жаб­дық­тармен жұмыс істеп жатсақ, олар 2000-жылғы заттарды лақтырып тастап, орнына жаңа қондырғылар қойып қойды.
 – Кешегі кеңес заманында мұнай химиясына қазақ маман­да­рын көп тартқан жоқ және бұл салаға қаражатты белгілі бір мөлшерде ғана бөлгені белгілі. Тәуелсіздік жылдарынан бері осы саланы ірілендіру жағынан қандай мысалдарды атауға болады?
 – Кеңес кезінде тез ақша түсіретін стратегиялық мекемелерді тек орталықта – Мәскеу, Ленинградта ұстады. Сол себепті Қазақстанда мұнай химиясы дамыған жоқ. Қазақстанда дамыған сала – катализатор. Мен академик Сокольскийдің шәкірті – катализ саласының маманымын. Катализ институтында Сокольскийдің қол астында жұмыс істеп, білім алып, ғылымға сол кісі­нің арқасында жол аштым. Катализаторды мұнай химиясы тікелей қолданады. Мұнай химиясының 90% сол катализаторларға байланысты. Басқа химияларға қарағанда біз мұнай химиясына жақынбыз. Сондық­тан мұнай химиясына қазақстандық «ката­ли­тиктері» кіріп кетті, бірақ мұнай химиясы, катализ саласы, басқа саланы дайындап, тікелей экономиканы жақсарту мақсатында жөнді бағдарлама болған жоқ. Көп бағдар­ламалар болды, бірақ мұнай химиясы мамандығын министрлік біресе ашады, біресе жабады, сондай жағдаймен келе жатырмыз. Мысалы, Павлодар зауытының 7 миллион тонна мұнай өңдейтін мүмкіндігі болғанымен, 2-3 миллион мұнаймен яғни  30- 40% ғана жұмыс істеп қояды. Шымкент зауыты да солай. Атырау қайта жөндеуден өткеннен кейін жағдайлары жақсарды. Оның барлығында күрделі өзгеріс болу үшін – мұнай өңдейтін үш зауытты жауып тастау керек. Оны қайтадан жөндеу, түзеу өте қымбатқа түседі. Оның орнына жаңа зауыт салған тиімді. Болған дүниеден бір мысал келтірейін. ГДР мен ФРГ қосылғанда «Льойневерке» деген ГДР-дің ең үздік мұнай өңдейтін мекемесі болған. Соны құлатып тастады да, соның орнынан 10 мил­лион тонна мұнай өңдейтін зауыт сал­ды. Қазіргі шығыс жерлерін қамтамасыз етіп, көтеріп жатқан сол – жаңа салынған «Льойневерке». Германияда бір тамшы мұнай, бір түйір көмір жоқ. Олар қазба байлықтарын баяғыда бітіріп қойған. Қазір олар бізден алған мұнайды өңдейді де неше түрлі майларды «кәністірге» құйып, ең қымбат, сапалы етіп, өзіміздің көлігімізге 10 мың шақырым сайын ауыстырып тұруға пайдаланып жүрміз. Еуропа елдерінің басқалары да солай. Біз олардың қатарына қосылғымыз келсе, өзіміз жол таппай-ақ қоялық, тіпті сол Германияның істегенін айнытпай, бұлжытпай жасасақ, жаман болмаймыз. Біз Ресейдің істегенін жасап жаман үйреніп қалғанбыз. Біз тікелей Гер­маниямен, Франциямен, Америкамен бай­ланыс жасап, көп тірлік жасауға мүм­кіндігіміз бар, оны істеу керек. Ол үшін сая­си шешім керек. Әрине, мұның бәрі шенеу­ніктерге байланысты деуге болмайды. Қазіргі ел басқарып отырған шенеуніктер – заңгерлер мен экономистер. Оның ішінде химиктер жоқ. Сондықтан олар қанша мық­ты болса да маманның айтқанына құлақ асуы керек. Қай мемлекетте болма­сын, кешегі кеңес заманында да әр сала­дағы ел басқарып отырған азаматтарға білікті мамандар кеңес беріп отырған. Мен шенеуніктің барлығына қара күйе жаққым келмейді, оның ішінде неше түрлі білікті, іскер азаматтар бар, Құдайға шүкір. Деген­мен басқарып отырған азаматтар білетін мамандарды өзіне тартып, солардың кеңе­сін сұрап, әр салада жақсы нәтижелерге қол жеткізу керек. Бір басқа барлық сала сыймайды. Мысалы, химияның бар сала­сын бір бас алып жүре алмайды. Ал өмірде қажетті қанша сала бар?
 – Қазақ халқының ниетіне берген шығар, Алла тағала жеріміздің асты-үстін байлықтан кенде қылмаған. Бірақ шексіздік тек Алла тағалаға тән. Қалған дүниенің барлығында шек бар. Менің сұрамағым, қазақ жеріндегі мұнай қанша уақытқа жетуі мүмкін?
 – Халқымыз: «Судың да сұрауы бар» дейді ғой. Мұнай Құдайдың бізге бере сал­ған таусылмайтын нәрсесі екен деп есеп­теуге болмайды. Әр нәрсенің соңы бар. Мысалы, Каспий маңын алайық. Бір сква­жиналар таусылып, оны жауып тастап, екін­­шісін ашып жатқан жағдайлар бар. Ерте ме, кеш пе, мұнай, газ таусылады. Болашақта біз қалай күн көруіміз керек. «Қазақ жерін­де қазақтар қалай күн көреді?» дегенге ойланбай болмайды. «Мұнай пәленше уақытқа жетеді» деп кесіп айтатын болжам­дар болған. Кеңес кезінде: «Мұнай ана жерде 20 жылға, мына жерде 30 жылға жетеді» деп айтатын. Менің ғылымда жүр­ге­німе 50 жылға жуықтады, бірақ сол айтыл­ған өлшемдегі мұнай таусылған жоқ. Бір жерде таусылып жатса, екінші жерде ашылып жатыр. Оны ары қарай зерттей беру керек. Онымен айналысатын – геоло­гия ғылымы. Мысалы, Түменде мұнай жоқ, ол жерде болмайды деген ғалымдарды көзім көрді. Қазір сол Түменнің мұнайымен Ресей байып жатыр. Сондықтан мұнай пәленше уақытта таусылып қалады деп мен айта алмаймын. Оны мен тұрмақ геолог мамандар да айта алмайды. Мысалы, Маң­ғыстау маңын бұрғылағанда 10 мың метрге кеттік. Менделеевтің кезінде Бакудің мұнайы 1-2 мың метрден шығып жатқан кезінде, ендігі 1-2 мың метрден кейін бітеді деген ой болған. Геология да дамып келеді. Мүмкін, 10 мың метр емес, 30-40 мың метр­ге бұрғыласақ, ол жер мұнайдың мұ­хи­ты шығар. Оны ешкім айта алмайды. Сондықтан ол – білім, ол – ғылым, оны зерт­теп, қазақ жастарын соған дайындау керек. Бүгін бітпейді екен деп қарап жатуға тағы болмайды. Жер жүзіндегі ғалымдар мұнай, газ, көмір біткенде қайтіп өмір сүре­міз, немен жылынамыз, немен тамақта­на­мыз деген сауалға жауап іздеуде. Біз де со­ны осы бастан ойлануымыз керек. Мыса­лы, Германияның жері картоп, жүгері өсіру­ге жарамайды. Олар тамақты Голландия мен Испаниядан алады, ал өздерінің жеріне рапс өсіріп, олар 40% биодизельді мұнайдан емес, өсімдіктерден алады. Мұнай мен газдың орнын осылай толтырып жатыр. Оларда осындай қозғалыс бар. Сол қозғалысқа біз де дайын болуымыз керек. Қазақстанның мұнайы жетеді деп шіреніп жатуға болмайды. Сондықтан жұмыс істеу керек.
 – Жер астындағы мұнайды өндіргеннен кейін орны бос қалады, демек, табиғи заңдылық бұзылады. Оның орнын толтыру керек. Осы барыста заңдылықтар қаншалықты сақталады?
 – Өте жақсы сұрақ. Бұл алаңдатпай қоймайды. Мысалы, Каспий маңында мұнайдың орнына сол теңіздің суын құйып жатырмыз. Ескі скважинаға құйып тастаған суымыз, жаңа скважиналардан шығып жатыр. Мұнайдың орнына жердің астынан қайтадан су шығарамыз. Бұл – ойланбай істеген дүние. Суды құя салу оңай. Күкіртті тығуға жер таппай отырғандығымызды айттым ғой. Мысалы, Канадада күкіртті балқытып, бос қалған мұнайдың орнына, жер қыртыстарына құйып тастайды. Құйыл­ған күкірт қатады да табиғи қалпына келеді. Барлығы бір-біріне байланысты дүние. Артық мұнайымыз, газымыз жоқ.
 – Дамыған елдер «Еуро-5» стандартына көшкендігі айтылып жүр. Біздің еліміз осы стандарттың қайсысында, «Еуро-2» ме, «Еуро-3» пе, нақты қай сатысындамыз?
 – Біз әлі, Еуроға жақындай алған жоқпыз. Шетелден сатып алынған мұнай өнімдерінің сапасы келетін шығар... Атырау, Шымкент, Павлодарда шығатын мұнай өнімдері Еуро стандарттарының сұранысы­на сай келмейді. Оның сұранысына сай келу үшін, мұнай өңдейтін ескі зауыттарды  жауып тастап, орнына  Еуроның  стандарты­на төтеп беретін жаңаларын салу ке­рек. Қазақ мемлекеті «Лиссабон» конвен­ция­сына қол қойған соң, талаптар орында­лу керек. Қазақстанның, Ресейдің немесе бас­қа елдің жекеменшік ауасы жоқ. Жел бүгін Қазақстанға соқса, сол уақытта Қыр­ғызс­тан­да, ертең Өзбекстанда, арғы күні басқа жақта, сөйтіп, жер жүзін айналып жүреді. Барлығы бір-біріне тығыз байла­нысты. Біз осы жерде ауаны зияндатып жатсақ, басқа елді алаңдатпай, ойландыр­май қоймайды. Сондықтан олар бізге мазут­ты отын ретінде қолданбау туралы, сапалы жанар-жағар­май пайдалану жай­лы айтады. Сондай түрт­кімен біраз нәрсе істеліп те жатыр.
 – «Ескіні түзетемін дегенше есің кетеді» дейді қазақ. Осы сұхбаттан жаңа ғасырда, Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің жаңа мұнай өңдейтін, өркениетті елдердегідей сұранысқа ие, талапқа сай зауыт салуы керек деген қорытындыға келетіндей мүмкіндігіміз бар ма?
 – Ол мәселе баяғыда піскен. Мұнай өңдейтін жаңа зауытты міндетті түрде салу керек. Павлодардың зауыты Түменнің мұна­йына байланысты. Ресей мұнай берсе істейді, ал Құмкөлден Шымкент арқылы Павлодарға баратын құбырды Атасудан Қытайға жібе­ріп жатырмыз. Сондықтан Құмкөлдің мұнайы Павлодарға жетпейді.
 – Сапарғали аға, аталарымыз: «Көз жұмып, жоқ дей берсең, жоқ, босағаңа бекіп алады, жақсы деген жақсы» дейді ғой. Болашақтан жақсылықтарға үміт етейік. Тәуелсіз Қазақ мемлекетінің 20 жылы Құдайға шүкір, десек болғандай. Енді түйін сөзіңіз.
 – ЖОО-ларда мамандарды даярлау проблемасын жақсылап қайтадан қарап, орынға қою керек. Жаһандану заманында жастарымыз неге болсын төтеп беруі керек. Қоғамымыз ашық. Ол – жақсылық. Ашық қоғамда тұрып, қазақтың ұл-қыздарының, жастарының алған мамандығы, мейлі ол Қазақстанда істесін, мейлі ол шетелде істесін, барлық жерде сай, мүмкіндігі бар, жолы ашық болмағы абзал. «Асыл – тастан, ақыл – жастан» дейді. Барлығы жастардан шығады. Болашақ – жастардікі. Жастары­мыз білімді, батыр, салауатты болса, біздің ел жақсылықтардың ең биігіне шығады деп ойлаймын.
 – Сұхбатыңызға рақмет!

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста