Бейбіт Сапаралы, жазушы, дінтанушы, «Қағанат» консорциумының басшысы:
– Бейбіт аға, әңгімеміздің «бісмілләсін» еліміздегі ислам дінінің бүгінгі жай-күйінен бастасақ...
– Бисмиллахи рахмани рахим! Әлхамдулилла, қазақ елі мен жеріндегі ислам мәселесі біздің қоғам үшін, оның ішінде қазақ халқы үшін ең жетекші орында. Өйткені біз мұсылман болып жаратылдық, ұлтымыз – қазақ, тегіміз – түркі. Алла тағаланың өзі «мен сендерді бір-біріңді тану үшін қауымға, ұлтқа бөліп жараттым» деген. Ендеше, ежелдегі түркі қауымына да кез- кезімен келген елшілердің ішінен нәби жолданғандығына сенуге болады. Біздің мұсылмандығымыз, түркілігіміз, қазақылығымыз бір-бірімен әсте қойындасып жатыр. Ұлттығымыз бен діншілдігімізге байланысты әлсіреген, қатты нұқсан келген кездерді де бастан өткердік. Оған үш ғасырлық отарлаушылық саясат, одан кейінгі 70 жылдық Кеңес үкіметінің атеистік дәуірі себеп. Ал енді қазіргі Тәуелсіз ел туы астында Қазақстан қай жағынан алсақ та едәуір алға басты. Ой еркіндігі, сөз еркіндігі, діни сенім бостандығына қол жеткіздік. Алайда дінге еркіндік береміз деп барлық дәстүрлі және адасқан дінге есігімізді айқара ашып тастап, қазақ протестант, кришнашы, католик... болам десе де еш ренжімейтін болдық. Тіпті бір үйде бірнеше дін өкілдері тұратын жағдайларға дейін кездесіп қалуда. Мұның мемлекетке тигізер зиянды жақтары өте көп. Себебі біз дербестік алғаннан кейін мұхиттың ар жағынан келген есепшоттарында ондаған миллиард қаржылары бар үлкен ұйымдар таза дінді насихаттау үшін емес, қазақ қоғамын ыдыратып алып кететін теріс пиғылдағы ой-жоспарлармен келді. Бөлінген қоғам билеуге жақсы. Өйткені Қазақстанның жері байтақ, дүниежүзілік деңгейдегі үлкен қазба байлықтары бар, халқы өте аз. Сондықтан әртүрлі діни сенімдерге бөлініп, бір-бірімізбен алауыз болып жатсақ, онда басқаларға оп-оңай жем болар едік. Шүкір, елімізде ислам дінінің орны мен маңызы күшейе түсуде. Бұрын жер-жерде мешіті бар аудан, ауылды табу қиын болса, қазір мешіт-медресесі жоқ ауылды таба алмайсыз. Бұл – жақсылықтың нышаны. Азаны шақырылып, шариғатты білетін жергілікті имамдары, тақуадар жамағаты бар болса, сол өлкенің көркейгені. Отыздан астам ұлт өкілдері иман келтірген ислам діні еліміздегі қоғамдық келісімнің шынайы тірегіне айналып, өзге діни сенімдегілердің зор үміт арта қарайтын қауіпсіздік кепіліне айналуда.
– Дегенмен ислам діні кеңірек қанат жайып, халық арасында діни сенім күшейген сайын сан түрлі сұрақтың да көбейе түсетіні заңдылық қой. Қазіргі біздің қоғамды нарық билеп тұрған кезеңде хақ жолда жүріп кәсіппен айналысу қаншалықты мүмкін?
– Рас, қазіргі таңда қоғамдық өмір және дін, билік және дін, рухани қайраткерлер және дін, кәсіпкерлік және дін секілді өз шешімін күтіп тұрған ондаған күрделі мәселелер бар. Мысалы, исламдық банк жүйесінде риба, демек, ақшадан ақша жасау – харам. Сондықтан бүгінгі кезде намаз оқып, қажылыққа барып келген діндар банк қызметкерлері біртіндеп мүмкіндігінше ислам банктеріне ауысқысы келеді. Сондай-ақ Алланың тура жолына түскен түрлі саладағы қызметкерлер, айталық, кеден, құқық қорғау саласының мамандары арасында жемқорлыққа бармай, халал ризық табу үшін жайлы қызметінен кетіп жатқандары да бар. Бүгінде біздегі қалыптасқан үрдіс бойынша, көптеген жекеменшік компаниялар мемлекеттік тендер алу үшін алашағының он, кейде жиырма пайызын тиісті «мәселе шешкен» шенеунікке сыйлық деп, жолашар деп беруі керек. Мұның өзі пара беру болып саналады және де негізгі жұмыстың сапасы өте нашарлайды. Адал мал табамын дегендердің алдынан осындай кедергілер шығады. Дегенмен мұндай мәселелер біртіндеп қоғамдық қарым-қатынас өзгерген сайын өз оңтайлы шешімін табады деп ойлаймын. Мұндай үрдістерді бір жаққа қарай дінге бағыттап, қатты күштеуге де болмайды, өмірдің өзі біртіндеп ақ пен қараны айқындайды. Себебі исламда зорлық жоқ. Бүгінгі таңда қазақ қоғамындағы дін мәселесінің шешілмеген түйткілдеріне қарамастан, біршама алғабасушылық та жоқ емес. Айталық, жақын болашақта ислам банктері көбейе түссе, адал қаржыландырудың көзі болса, бәрі халал бола бастайды. Қазіргі кезде мемлекеттің қаржысын қалтасына басып алып, түрлі жолдармен байыған қаншама қазақ шетелдерде жүр. Мысалы, Англияның өзінде осындай 50 мыңдай отандасымыз тұрады екен. Олардың әрқайсысы кезінде Қазақстаннан ең аз дегенде 10 миллион долларды жырып алып кеткен. Өйткені жиған-тергені одан аз болса, ол жақта өмір сүру қиын. Сондай-ақ қазіргі өз ішіміздегі миллиондаған қаржысы бар қалталылар да шетелдегі туыстары сияқты зекет, садақа бермейді, қайырымдылыққа мойын бұрмайды, көрші-көлемге, пақыр-міскінге қарайласпайды.
– Біздің еліміздегі ислам өкілдерінің беделінің өсуіне не кедергі?
– Ең алдымен шынайы діндарлық, тақуалық жетпейді. Жаратушыға жалбарынудан гөрі адамнан сұрап, адамнан қорқу басым. Қай жағынан алып қарасақ та, ілім малдан артық тұрады. Демек, шариғи терең ілім болмай, мұсылманның бедел-дәрежесінің артуы қиын. Шариғаттан аттап өтіп тариқатқа жол тартса, иманын шайтан иектейтіні секілді, мазхабта жоқ жолдарға бой ұрып, діни бүліншілікке бас қою – тек қана тозақтың от азабына ұрындырады. Осы орайда, үкілі үмітіміз – топ-тобымен сәждеге бас қойып жатқан иманжүзді жастарда, ал үрейіміз іштен іріте бастаған «салафшыл», «құраншыл», «зікіршіл» ұлтсызданған, рухсызданған тентек топтарда.
Ислам мемлекеттерінің көбінде шариғат мәселелерін бақылау жөнінде арнайы мекемелер бар. Осы құзырлы органдар мемлекеттегі қолдануға болатын, болмайтын тауарларды қатаң бақылаудан өткізіп, қоғамдағы кез келген мәселеге үн қатып отырады. Біздің елде діни сенім бостандығы туралы заң мүлдем әлсіз. Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы жауапты қызметкерлерінің, жалпы діндар қауымның қоғамдағы белсенділігі өте төмен. Олар Парламентте арнайы сағат алып, сөз сөйлеп, Үкімет мүшелері алдына тиісінше мәселе қойып отыруы керек. Алайда біздің дінбасылар Рамазан айында облыс әкімдеріне ұран тастап, дүкендерде арақ-шарап сатуға тыйым салудан ары аса алмайды. Біз зайырлы қоғамда өмір сүріп отырмыз. Жергілікті дүкендерге, жекеменшік иелеріне «арам шишаларды сатқызба» деген құр бос сөзден ештеңе өзгермейді. Көзбояушылық үшін ғана ішімдікке шектеу қойғаннан гөрі, халықты имандылыққа шақырудың басқа жолдарын қарастыру қажет. Мысалы, Рамазан айында жоғары оқу орындарында студенттерге арналған ауызашар орындар жасап қойса, отыз күн бойы ораза тұтқан жастарға үлкен демеу болар еді. 11 миллион мұсылман жамағаттың пітір садақа, жай садақа, зекет малдары оны алуға тиіс сегіз түрлі қауымға нақтылы жеткізіліп тұрса, қала-ауылда әлеуметтік жағдай мейлінше жақсара түсер еді. Құрбан айт кезінде құрбан шалу мәселесін кешенді түрде қарастырып, ірі-ірі қала, аудан, ауылдық жерлерде құрбанға мал шалуды, тиісінше таратуды мықтап ұйымдастыру да муфти-имамдардың ұйытқы болуына тікелей байланысты. Бұдан басқа да қоғамдық өмірге пайдасы бар іс-шаралар ұйымдастыруға болады. Айталық, біздің қоғамда қазіргі кезде жастардың кештетіп үйлену мәселесі, қаракөз қарындастардың некеден тыс қалып, «кәрі қыз» атану жағдаяты бел алып барады. Осы жағдайды шешуде кейбір елдерден үлгі алуға болады. Мысалы, Түркияда аудан әкімдері жағдайы жоқ отбасылардағы жасы келсе де үйленбей жүрген жастардың тізімін жасап, олар туралы біршама анықтамалар жинайды. Одан кейін олардың бір-бірімен танысып, тіл табысуына жағдай тудырып, көңілдері жарасқан жүздеген жас жұбайларды жинап, қоғам қайраткерлерін, күйеу-келіннің ата-аналарын шақырып, үлкен стадионда салтанатты іс-шара ұйымдастырып, некелерін қиып, дастарқан жайып, той жасайды. Той иелеріне қайырымды жергілікті кәсіпкерлер шама-шарқынша көрпе-төсек, жиһаз, тұрмыстық техника секілді керек-жарақтарын сыйға тартады, бір жылдық пәтер ақыларын төлеп береді. Сыйлық тамыр-таныстықпен жасалмайды. Мысалы, 100 жұп үйленсе, олардың әрқайсысының белгіленген нөмірі болады. Кәсіпкерлер осы нөмір арқылы кез келген жас отбасыларға сыйлықтарын тарту етеді. Ал бізде өздерінің қарызданып-қауғаланып, ақысын асыра төлеген тиісті пәтерлерін ала алмай жүргендер қаншама...
– Исламды ең алдымен ғылым деп түсінген ежелгі ғұламаларымыз білімді ылғи жетілдіріп отыру керектігін айтып өткен ғой. Қазіргі кезде біздің жастарымыздың арасында шетелдерге барып діни сауат алып жатқандары жетерлік. Алайда осы шетелдерден оқып келіп жатқан жастар мен жергілікті діндарларымыздың арасында біршама түсінбеушіліктердің туып жататынына жиі куә болып жүрміз.
– Иә, соңғы жылдары он мыңдаған жастарымыз діни басқармалардың, орталықтардың, арнайы қорлардың жолдамасымен Сауд Арабиясында, Мысырда, Сирияда, Түркияда, Ливанда, Иранда, Өзбекстанда т.б. шетелдерде оқып келіп жатыр. Алайда оларға Қазақстан мұсылмандары Діни басқармасы да, Сыртқы істер министрлігі де, Дін істері жөніндегі комитет те оқуға түскеннен бастап бітіргенге дейін қатаң бақылау жасамайды. Жастар нендей мазхабта ілім алып жатыр, кіммен араласып жүр, қандай мақсаттары бар, елге келгеннен кейін немен айналысуы тиіс, оған ешкім бас қатырғысы келмейді. Тіпті кейбір жергілікті имамдарымыздың өзі оларды түрлі ағымның өкілдері ретінде қабылдайды. Ал сол шеттен оқып келген жастардың көбі араб тілін жақсы меңгерген, шариғаттан білімдері бар, халықаралық өмірді көргендер. Елге келгенде Діни басқарма оларды «күмәнді бағыттасың» деп сыртқа ысырады. Сонда олар қайда баруы керек? Кәсіппен айналысайын десе, олардың жүріс-тұрыстары, киім киістері, сақал-мұрт қойыстары басқаларға ерсі көрінеді. Мұндайларды мемлекеттік қызмет саласына да еш алмайды, мешіт-медресеге де жолата бермейді. Сондықтан олдардың көпшілігі елшіліктің, қайырымдылық қорлардың маңайында аудармашылық сияқты уақытша күнкөріспен айналысады. Қоғам шетке ысырғандықтан, көзі ашық жастар өздері топ жинай бастайды, соларға уағыз айтады. Мемлекеттік қауіпсіздік қызметкерлері дінге қатысты адамдардың топтасып жүргендерінен қауіптеніп, тергеп-тексеретіні тағы бар. Сонда олар қоғамнан да алшақтап, күдікті секта өкілі болып қала береді. Ал ислам дініне қатысты көкейінде көптеген сұрақтар туындаған адамдар жергілікті имамдарға, муфтилерге баратын болса, дұрыс уағыз тыңдай алмайды, сұрағына қанағаттанарлық жауап ала алмайды. Өйткені қазіргі біздің мешіттерімізде негізінен білімдері медреселерде ғана оқумен шектелген, қосымша курстан ғана өткен, араб тілін білмейтін жастар отыр. Ел ішінде сауатты діндарлар, дін қызметкерлерінің тапшылығынан, дін өкілдері, ғалымдар, жазушылар, еңбек адамдары, қоғамның кез келген өкілімен ашық пікірталасқа түсіп, нұр шашқан мәдениетімен, парасат-пайымымен, мейлінше терең білімпаздығымен, сабыр-ұстамдылығымен дәлелді түрде өз айтқанына иландыра алмағандықтан, исламтану саласы ғылымда өрістемей, күмәнді әдебиеттер көптен-көп таралып жүргендіктен, елімізде ислам діні өкілдерінің беделі төмен. Біздің қоғамда осындай шешімін таппаған, ойласпаған мәселелер бар.
– Халыққа дәстүрдің озығы мен тозығын ажыратып беретін көзі ашық, көкірегі ояу азаматтар жетпей жатады. Зиялы қауымның өзі бірі дәстүрді жақтаса, енді бірі діннің дәстүрден биіктігін дәлелдеп бағуда. Осыған не дейсіз?
– Расул Аллаға Құран Кәрім түскеннен кейін қазақ халқы алғашқылардың бірі болып исламды қабылдады. Сондықтан қазақтың салт-дәстүрлерінің 100 пайызға жуығы шариғатқа сәйкес деп ашық айта аламын. Айталық, ұлттық киімдеріміз шариғатқа сәйкес. Қыз балаға, келіншекке, бәйбішеге арналған ұлттық киімдер – әуретті жапқан әлемдік дәрежедегі жоғары сән үлгілері. Кезінде бабаларымыз әйел адамның киген киіміне қарап, сыртынан оның тұрмысқа шықпаған жас қыз екенін немесе келіншек, не бәйбіше екенін ажырататын болған. Ал қазір тіпті қажылыққа барып келген апаларымыздың өзі басына орамал тақпай, еуропалық шалбар киіп жүреді. Қазақтың ұлттық киімдері тұрмыс-тіршілікке ыңғайсыз немесе әдемі болмағандықтан қолданыстан шығып қалған жоқ, өзіміз ұлттық киімімізді заманға ыңғайлай алмадық. Сол сияқты өзіміздің ұлттық тағамдарымызды аз пайдаланатын болғандықтан, халық ішінде күрт толысу, қатерлі дерттерге шалдығу үрдісі бел алуда. Бұрын қазақта семіздік деген болмаған. Ал қазір нәпсіні тыймай, тамақты үсті-үстіне ішеміз, ата-бабамызда болмаған түрлі тағамдарды жейміз. Осының барлығы ұлтымыздың азғындауына әкеп соғуда, өлім де жасарды. Кезінде сонау 1840 жылдары Жәңгір ханның тұсында миссионерлердің арнайы мектеп-интернатында біршама қазақ балалары оқыған екен. Бұл мектептің бір артықшылығы, осында білім алатын, интернатта тұратын қазақ балаларына «бұлар өз ұлтының тағамын жеуі керек» деп бір уақыт ет асып, сорпа беретін болған. Ал сенбі, жексенбі күндері балаларды атқа мінгізіп, қала сыртында серуендетеді екен. Өйткені балалар өз тамырынан үзілмесін десе керек. Ал қазіргі кезде қай оқу орны балаларға қазақтың ұлттық тағамын беріп жатыр?!
– Бүгінде хиджап киген қазақ қыздарын жиі кездестіретін болдық. Орамал тағып, ұзын етек кию былай тұрсын, бет-аузын түгел тұмшалап жүретіндер бар...
– Қазіргі заманда Еуропа елдерінде хиджап кигендерге ашықтан-ашық заң жүзінде тыйым салып жатыр. Ал көптеген батыс елдерінде ер мен ердің, әйел мен әйелдің жыныстық қатынасын жақтап, осы мәселеге келгенде әр адамның жеке басының құқығын құрметтегіш болып қалады. Одан қалса, небір шайтани фотографтар бір мезетте пәленше мың адамды жалаңаш суретке түсіремін десе, оған да ерік беріледі. Ал енді әурет жерлерін жауып, жабық киім кигендердің құқығы аяқасты болып жатады. Тәнді жауып тұратын киімдерге пәрәнжі, хиджап деген аттар қойып алып, оны жаман қылып көрсетуге тырысатындар бар. Бұл – идеологиялық арандатушылықтың белгілері. Батыс жұрты ислам дінін терістеуге, бұрмалауға, қаталдандырып, қайырымсыз кейіпте сипаттауға тырысып бағады.Біздің депутаттарымыз да мұсылман қыздардың абыройы мен ар-намысын ойлап, орта және жоғары оқу орындарында әурет жерін жауып жүретін қандай үлгідегі киім кисе болады деп бас қатырудың орнына, бір жынысқа өту туралы жаратушының қаһарын шақыратын арнайы заңды талқылауда.
– Жоғарыда мәдениет пен өркениеттің дінмен байланысында да түйткілдердің бар екенін айтып қалдыңыз. Расында, қазіргі әсіре еліктеушілігіміздің кесірінен болса керек, ұлттық мәдениетіміз жаһандық өркениетке жұтылып бара жатқандай. Дін мен руханият, мәдениет арасындағы байланыс жөнінде не айтар едіңіз?
Бүгінде қазақтың асқынып тұрған дертінің өзектісі – тіл мәселесі. Мемлекет басшысы «қазақ пен қазақ қазақша сөйлессін» деген талап та қойды. Менің осы сөзге қосарым, қазақпен қазақ жай ғана қазақ тілінде емес, құнарлы әдеби тілде көркем сөйлесуі керек. Қазіргі таңда тіпті жазушы, жорналшылар, зиялы қауым арасында мақалдап, бейнелі түрде ойын жеткізетін адамдар азайып барады. Меніңше, тіліміздің жұтаңдануының ең басты себебі тағы да төл кәсібімізден ажырағанымызға келіп саяды. Өйткені біздің сөздік қорымыздың 60 пайызға жуығы төрт түлік малға байланысты болып келеді. Кәсібімізден айырылған соң көптеген сөздеріміз де қолданыстан шығып қалуда. Бүгінде біздің қоғамдағы кәрі, жастан «үзеңгі жолдас» деген сөзді естисіз бе? Жоқ. Өйткені қазір біз атқа мінбесек, үзеңгінің не екенін білмесек, бұл сөздің мағынасын қайдан танимыз? Сол сияқты жылқы, түйеге байланысты мыңдаған көркем сөздерді архаизмге айналдырдық. Рухани мәйегіміздің әлсіздігінің тағы бір себебі: ұлтымыздың бетке ұстарлары саналатын жазушыларымыз, зиялыларымыз, ғалымдарымыздың көпшілігі – кешегі Кеңес өкіметінің шекпенінен шыққан, сол заманның тәрбиесін көргендер. Бұрынғы кеңес кезіндегі соцреалистік шығармаларда міндетті түрде бала ата-анаға ескілік көзі деп қарсы шығатын, жалаңаш әйел суреттелетін, зинақорлық та көрініс беретін. Кейбір жазушыларымыз әредікте намаз оқып жүрсе де, ислами құндылықтардан мақұрым, халық сұранысын қанағаттандыратын шығарма жаза алмайды. Бүгінде жастардың арасында имандылыққа бет бұрған, намаз оқитындары көбейіп келеді. Бірақ олар өздері оқитын тұшымды әдеби шығармаға зәру, театрға барайын десе, онда біреудің әйелі біреудің күйеуіне ғашық болатын немесе еркектің өз отбасын тастап, басқа әйелді алатын қойылымдары жүреді. Ашықтан-ашық зинақорлық көрсетіледі. Мәдениет қайраткерлеріміздің өзі мұны әлі түсінген жоқ. Батыстық өнер саналатын опера және балет шариғатқа тіпті келмейді. Сондықтан көзін, тілін зинадан сақтағысы келгендер өнер ордаларына барудан бас тартады. Ал қазіргі киноларға келетін болсақ, мен батыстық үлгідегі фильмдерден гөрі төл туындылардан көбірек қорқамын. Біздегі түсіріліп жатқан фильмдер – батыстың тапсырмасы. Қазақты азған ел ретінде көрсету үшін режиссерлеріміз ең айуандық дүниелерді таңдап алады. Қазақ қыздарының миллионнан бірінің жеңіл жүріске салынуы қазақтың кім екенін шырайын шығарып көрсететіндей шындық па? Кешегі Құнанбай атамыздың заманында Қодар мен Қамқа қалай жазаланды? Егер сол заманда ел басқарып отырған Құнанбай аға сұлтан атасы мен келіні арасындағы қарым-қатынасқа қатысты тараған пыш-пыш әңгімелерді куәлерді тарта отырып, ақиқатқа көз жеткізіп, кінәлілерді жазалау арқылы тыймағанда не болар еді?
– Бейбіт аға, сіздің осы уақытқа дейін қоғамдық, кәсіпкерлік еңбегіңізден бөлек, Құнанбай қажы, Абай, Шәкәрім туралы зерттеу еңбектер жазғаныңыздан хабардармыз. Ендігі уақытта халықпен бөлісер тағы қандай жаңалығыңыз бар?
– Дінтану, исламтану, қазақтану мәселелері бойынша хатқа түсіретін көсемсөздік жазбалар, ғылыми-зерттеу еңбектер, көркем шығармалар көкейде қордаланып қалды. Заман ағымы қадалып отырып еңбектенуге көп ретте мүмкіншілік бере бермейді. Ғаламторда орыс тілінде жарық көріп жатқан қоғамдағы ең өзекжарды мәселелер бойынша мақалалар, бірнеше томдық кітаптар, баспасөз бетіндегі оқта-текте көрініс беретін сұхбаттар, әр алуан тақырыптағы телехабарлар, іштен бақылау жасайтын рияқорлық мәселесі біздерге тыныш таптырып, күнделікті құлшылық-дұғадан қанағаттанарлық сезімге бөлейді...
Қазіргі кезде біздің қоғамда осы уақытқа дейін айтылмай келген небір қабырғалы мәселелер бар. Біз бүгінде Елбасыны ұлттың көшбасшысы деп жүрміз. Алайда оның билікке қалай келгенін ешқайсымыз тыңғылықтап біле бермейміз. Осы орайда мен еліміз Тәуелсіздік алғанға дейінгі көшбасшылар туралы және Елбасы туралы біршама зерттеулер жазсам деген ойдамын. Дәл қазіргі уақытта қазақтан шыққан нар тұлға, медреседе тыңғылықты білім алып, араб, парсы тілдерін жетік меңгерген аса көрнекті мемлекет қайраткері Нұртас Оңдасынов жайлы ғылыми-зерттеу мақала жазуға немесе деректі-толғамдық фильм түсіруге дайындалып жүрмін. Н.Оңдасынов – 34 жасында Премьер-министр болған кісі. Ол Сталиннің қолдауымен Мәскеуде білім алған. Белгілі себептермен 57 жасында қызметінен босап, елден кетіп, 85 жасына дейін, яғни 1989 жылға дейін Мәскеуде тұрды. Сол тұста Нұртас Оңдасынов Кеңестер Одағының Молотов (1890-1986), Суслов(1904-1982) секілді нағыз серке басшыларымен тығыз байланыста болып, Қазақстанға қатысты мәселелерге сырттай бақылап атсалысып отырған екен. Нұртас Оңдасынов – қазақ елі үшін орасан зор еңбек етіп кеткен рухани көшбасшы. Нұрмұхаммед Оңдасынұлы қариямен 1985-1989 жылдар аралығында Алматы мен Мәскеуде бірнеше кездесіп, дастарқанынан дәм татып, хат-хабар алысып, телефон арқылы байланысып тұрған уақыттар мен үшін әрдайым жадымызда жаңғырып тұратын жарқын сәттер. Егер осы зерттеу жүзеге асса, қазақ мемлекетінің саяси өмірінің соңғы жүз жыл ішіндегі біршама қатпарлары ашылар еді деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рақмет!
Алашқа айтар датым бар...
Кезінде біздің бар тұрмыс-тіршілігіміз, кәсібіміз, дүниетанымымыз төрт түлік малмен байланысты болатын. Ал қазір атам қазақтың қандай төл кәсібі бар. Бас салып автокөлік жасауға да, компьютер құрауға да, жер серігін жасауға да ұмтыламыз, бірақ ата-бабаларымыз мыңдаған жыл айналысып келген кәсіпті менсінбейміз, оған кешенді түрде жағдай жасамаймыз. Мысалы, қытай, жапон, кәріс секілді экономикасы әлдеқайда алға кеткен халықтар бүгінге дейін өз ата кәсіптерінен ажыраған жоқ, салт-дәстүрлерін де көздерінің қарашығындай құрметтеп, сақтап отыр. Тағы бір мысал келтірер болсақ, көптеген араб елдері, мұнайы да, басқа да қазба байлықтары бола тұра, өздерінің түйе шаруашылығын, бәдәуилық тіршіліктерін әлі күнге жалғастырып келеді. Арабтар соңғы үлгідегі ең қымбат темір тұлпарларды мініп жүрсе де, өздерінің ұлттық киімдерін киеді, өлеңдетіп айтысады, төл кәсіптерімен айналысады, салт-дәстүрлерін күнделікті тұрмыс-тіршіліктерінен тысқары қалдырмайды. Ал сол бәдәуилер киіп жүрген киімді қазіргі кезде қажылыққа барып жатқан ондаған миллион мұсылман киеді. Өйткені олардың киімдері өз жерлерінің ыстық ауа райына лайықталып тігілген. Ал біз өзіміздің салт-дәстүріміздің қазіргі заманға қалай сәйкестендіріліп, өзгеру керектігін әлі шеше алмай келеміз.