Ұлыларымызды ұлықтай алмай отырмыз

Ұлыларымызды ұлықтай алмай отырмыз

Ақылбек ШАЯХМЕТ, ақын, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті медиа-орталығының директоры:

– Сарыкөл ауданындағы ұлы ғалым Шоқан туған Күнтимес ауылы иесіз қалуы мүмкін деген әңгіме жиі айтылып жүр. Оның үстіне, көптеген анықтамалықтарда ол әлі күнге дейін Әулиекөл ауданына қарасты Құсмұрында туды деген деректер кездеседі.

– Қазақтың ғұлама ғалымы Шоқан Уәлиханов мұрасын осы уақытқа дейін толық игеріп, ғылыми жағынан танып болдық па деген сауалға келсек, өмірбаяндық деректері түгел түгенделіп бітпегенін байқаймыз. Шоқанның кіндік қаны тамған жер туралы көп уақытқа дейін әртүрлі пікірлер айтылып келді. Көкшетаудағы Сырымбет оның атақонысы екендігінде ешкімнің дауы жоқ. «Шоқан 1835 жылы қараша айында Құсмұрында туды» деген дерек Шоқанның қызметі жөніндегі Ресей мұрағатындағы формулярлық тізім арқылы жетіп отыр. Академик Әлкей Марғұлан Шоқан туралы очеркінде: "1835 жылы Аманқарағай округінің орталығы Құсмұрынға көшірілді де, содан былай ол Құсмұрын округі аталды", – деп жазды.

Шоқан мұрасын түбегейлі зерттеп, оның жүрген ізімен жүріп өткен жазушы Жарылқап Бейсенбайұлы "Жасын тағдыр жарқылы" деп аталған тарихи-ғұмырнамалық хикаятында Әлкей Марғұлан айтып, жазып жүрген Күнтимес қонысы Шоқанның кіндік қаны тамған жер деп тұжырымдады. Шыңғыс Аманқарағай дуанына аға сұлтан болып 1834 жылдың 30 тамызында сайланған. Күнтимеске ол осыдан кейін барып қыстау салдырған. " Осы жерде тағы да архив документтері көмекке келер еді", – деп жазады Жарылқап Бейсенбайұлы, – 1891 жылы Омбыда округтік штаб баспаханасынан есаул Путинцевтің кұрастыруымен "Сібір қазақ әскерлері тарихынан алынған хронологиялық тізбе" деп аталатын шағын кітапша жарық көрді. Онда 1789 жылдан 1839 жылға дейінгі бір ғасыр бойы өткен елеулі оқиғалар жайында қысқаша деректер мен түсініктемелер берілген. Қазақ даласына, жеке тұлғаларға қатысты қыруар құнды мәліметтерді жинақтаған сол құжаттың 1834 жылға арналған бөлігінен көптен ойда жүрген дүдәмалдың жауабы да табылып еді. Сонда "Аманқарағай сыртқы округі Құсмұрын дуаны болып қайта құрылды"  деп тайға таңба басқандай анық көрсетіпті... Яғни Құсмұрын тек 40-жылдардан кейін ғана салынып біткен.

“История Казахстана в русских источниках ХVІ –ХХ веков” (8 том, часть 1-ая. Алматы: “Дайк-Пресс, 2006 г. 143 стр) кітабындағы 24-санмен көрсетілген құжаттарға жүгінсек, онда: “Чингис Валиханов, султан, 29 лет. Умен и скромент. Достаточен. Уваковской волости, рода и отделения янсаринского. Старшим султаном Аман-Карагайского окружного приказа – с 1834 г., августа 30-го дня, состоит оным и доныне. Был награжден чином майора в 1838 г. Под судом не был, предан. Летние кочевки при реках Ишим и Акан-Бурлук, от 70 до 80 верст на юго-восток, зимние – на урочищах Куньтимес, Куян, в 40 верстах на восток от приказа”деп көрсетілген.

 Шоқан өз қолымен сызған картасында Күнтимес қыстауын дәл көрсетіп, оның бетіне араб әрпімен “Біздің үй” деген белгі соққан. Ғалымның “Елдің жайлағанда қонған жерлері” деп атаған картасында осы маңайдағы Қараоба және басқа елді мекендер анық көрсетілген. Сәбит Мұқанов Күнтимес аталатын қалың ағаштың ығында Шыңғыстың қыстау салғанын, оны кетерде Өзденбайдың Өсібі деген байға сыйлап кеткенін айтады. Өсіп болыстың қабірі қазіргі Күнтиместе. Сарыкөл ауданындағы бір кездері "Краснодон" жылқы зауытының бөлімшесі болып есептелінген ауыл жанындағы бейітте. Қабір басында Шыңғыс сұлтан Көкшетаудан арнайы алдырып, Өсіптің басына қойдырған құлпытас әлі тұр. Мешіт пен медресенің, қыстаудағы үйлердің, ауызсуға және малға су алуға арналған құдықтардың орны менмұндалап тұр.

– Алдағы жылы атадан басып, анадан арда жаратылған Шоқанның туғанына 175 жыл толады.Осыған орай атқарылып жатқан шараларға көңіліңіз тола ма?

– Қостанайға келген қонақ болса, ең алдымен Күнтимес пен Қараобаға ат басын тіреп, Шоқан ізімен жүріп, тарихымызды зерделеуі керек. Күнтиместегі Шыңғыс қыстауы мен мешіт, медресе түгелдей қалпына келтіріліп, құрылысқа қаржы бөлініп, ел мерейін асыратын игілікті шаралар жүйесін тапса, дұрыс болар еді. Осыдан 15 жыл бұрын Күнтимес ауылының тұрғындары, қариялар бастап, жастар қоштаған барлығы 65 адам қол қойған "Шоқанның шоқтығы биік болсын десек!" деп аталған хат жергілікті газетте жарияланды. Олар Шоқанның кіндік қаны тамған жерге ерекше қамқорлық қажет екенін жазды. Алайда «баяғы жартас бір жартас» күйінде тұр. Ауылды меншігіне алған «Иволга» компаниясы тарапынан көрсетілетін жәрдем жоқтың қасы. Жерді сатып алғандар оны ауыл іргесіне дейін жыртып тастаған, сөйтіп, жекеменшік шаруалардың мал жаятын өрісі тарылып қалған.

Еділбай Ахменов деген азамат облыс әкімі Сергей Кулагинге және «Нұр-Отан» партиясының облыстық филиалына ауыл тұрғындары биылғы жылдың басында жолдаған хаттың көшірмесін бізге көрсетті. Хат авторлары 2010 жылы Шоқанның туғанына – 175 жыл, іргесін Шыңғыс сұлтан қалаған Күнтимес ауылына да биылғы жылы 175 жыл толатынын, хан ұрпағының ордасы болған қонысқа назар аудару қажет екенін айтқан.

Биылғы жылдың тамыз айының орта шенінде Күнтимес ауылында тұрғындар жиыны болып өтті. Онда көтерілген негізгі мәселелер: ауылды туристер келетін мекенге айналдыру, Шоқан туған мекенді көркейту. Бұл үшін ауылдағы мектепті сақтап, сырттан келетін оралмандар үшін жағдай туғызу керек. Айтылған сөздерде мүмкіндігіне қарай ұлттық киім тігетін кәсіпорын, шағын шұжық зауытын, тауық өсіретін фабрика ашып, ауыл тұрғындарын жұмыс орнымен қамтамасыз ету, ауылға келетін жолды жөндеу секілді күрделі жоспарды жүзеге асыру туралы ұсыныстар бар. Ауыл тұрғындары бұл тілектерін облыс әкімі Сергей Кулагиннің сөзіне сүйеніп айтып отыр екен. Өйткені ол 2004 жылы тұрғындардың жазған хатына байланысты негізгі мәселелер Шоқанның 175 жылдық мерейтойы қарсаңында жүзеге асады деп уәде берген. Бұл басқосуға қатысқан Сарыкөл аудандық әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің бастығы Елена Бауэр және Краснодон селолық әкімі Николай Казюмский Шоқан мерейтойын аудандық деңгейде ғана өткізуге мүмкіндік бар, барлық жағдайды түсіндіріп, нақты шаралар өткізу үшін облыс басшылығына шығамыз деген пікірлерін білдірді. Елдің біразы өзге жерге қоныс аударуда. Ауыл мектебі келесі оқу жылы жабылып қалуы мүмкін деген қауесет бар. Клуб қыста жылытылмайды. Аудан орталығына қатынайтын тас жолдың тозығы жеткен. Мектептегі Шоқан мұражайы ғана ғалым өмірінен сыр шертеді. Биылғы жылы мектепке күрделі жөндеуге қаржы бөлінсе де, ол жүзеге аспаған. Қазіргі уақытта орталау қазақ мектебінде 25 оқушы ғана бар. Мектеп директоры Берік Игіліков мектеп жабылса, ауылдың тең жартысы көшіп кетеді деп алаңдаулы.

 Жер шегесі – тау, ел шегесі – хан, хан шегесі – пір болса, қазақ ғылымының алтын шегесі – Шоқан! Осы тұрғыдан келгенде, Әулиекөлдегі Хан жатқан ұлт батыры Кенесарыдай асылдар жүрген, ұлы ғалым Шоқанның табаны тиген жер болса, қасиетті Күнтимес ұлы ғалымның кіндік қаны тамған, Зейнептей асыл ханым қазақ халқының ұлы перзентінің денесін шілде суымен жуған жері. Ұлы Шоқан бір ғана мекенге байланып қалған жоқ. Оның ауылы екеу, тіпті бірнешеу болса айып па екен? Сондықтан да Шоқанның атамекені Сырымбет те, кіндік қаны тамған жері Күнтимес те, өскен елі Құсмұрын да, топырақ бұйырған мекені Алтынемел де елге ерекше қымбат. Бірақ Күнтиместің орны бөлек. Бұл ауыл ел ағылып келіп көретін, тұрмысы жайнаған, еңбегі қайнаған мекен болуы керек. Шоқан ауылын сақтап, шаруашылығын өркендетіп, жұмыс орындарын ашып, оның мұқтажына жан-жақты көңіл бөлу жергілікті әкімқаралардың қолында.

– Былайғы уақытта «Шоқан Уәлиханов біздің жерлесіміз» деп жалпақ жұртқа жар салып, бөркін аспанға ататын қостанайлықтар дара дарынның бағын аша алмай отыр. Ғалымның атындағы көшені келгендерге көрсетуге ұят. Облыс орталығында ескерткіш тұрғызу туралы ұсыныс түсіп, оны облыс әкімі құптаған да еді. Бірақ бұл тұрғыда еш қозғалыс жоқ сияқты.

– Иә, Шоқанға ескерткіш орнату туралы облыс әкімі Сергей Кулагиннің арнаулы шешімі бар, бірақ ескерткішке әуелі байқау жариялануы керек. Осыны естіген Қостанайда орыс тілінде жарық көретін «Наша газета» газеті орыс губернаторларының есімдерін есте қалдыру мақсатында оларға ескерткіш орнату мәселесін қатар көтеріп жатыр. Біз болсақ, өзіміздің ұлыларымызды ұлықтай алмай отырмыз.

– Әлі күнге дейін шығармаларымен толық таныса алмай жатқан ақиық ақындардың бірі – Нұржан Наушабайұлы. Жыр сүлейінің шығармашылығы толық зерттеле қойған жоқ. Биылғы жылы оның туғанына 150 жыл толып отыр. Нұржан есімі де еленбей жатқан жоқ па?

– Көзі тірісінде жыр жампозының үш кітабы жарық көрді. “Манзұмат қазақия” (1903 жыл), “Жұмбақ. Нұржан мен Сапарғалидың жұмбақ айтысы” (1908 жыл) және “Алаш” (1910 жыл) араб әріптерімен басылып, Қазан төңкерісіне дейін жарияланған болса, Тәуелсіздік алғаннан кейін “Алаш” деп аталатын кітабы Қостанай қаласында жарық көрді. (Нұржан Наушабайұлы. ”Алаш”, Қостанай: “Баспа үйі”, 1997 жыл). Оған жоғарыда аталған үш кітаптағы шығармалары кірді. Алайда 3000 данамен ғана шыққан кітап республика көлеміне өте аз тарады, Қостанайдың өзінен артылмай қалды. Нұржан Наушабай- ұлының туғанына 150 жыл толуы қарсаңында ақынға арнап Астанада және туған жері Қостанай облысында ғылыми конференция, т.б. мәдени-бұқаралық шаралар өткізу қажеттігі, Нұржанның “Алаш” деп аталатын кітабы республикаға таралмай қалғаны айтылып, мемлекеттік тапсырыспен Нұржанның толық шығармалар жинағын бастырып шығарса, оған жоғарыда айтылған ”Алаш” кітабын негіз етіп алса, нұр үстіне нұр болар еді деген ұсыныстар жасалған. Алайда олар жүзеге асып жатқан жоқ. Нұржан дегенде жалғанда ор киіктей заулаған, ат құлағында ойнаған, әуелетіп ән шырқап, термелетіп жыр төккен, кесек мінезді, нар тұлғалы, ел қамын ерте ойлаған, сегіз қырлы, бір сырлы жігіт көз алдымызға келеді. Иә, кешегі төңкеріс қарсаңында онымен иық теңестіріп тұра алатын тұлғалар бүкіл қазақ даласында некен-саяқ болған шығар. Айтқан сөзі – мақал, қайтарған жауабы – мәтел, жазған жыры – ғибрат-өнеге, шырқаған әні әсем сазға толы азаматтың бір басынан мін табудың өзі қиын еді. Ақын жырлары негізінен толғау, терме, өсиет, тақпақ болса, оны елі де тақтақ деп атаған. Тақ-тақ сөйлесе сөзге бөгелмейтін, тау суындай сарқыраған, таңдайы тақылдаған, ылдидан шапса, төске озған, ертемен шапса, кешке озған жүйрік жыршы. Нұржанның өзі де:

Сөздері топқа салынған
Бұрынғы шешен тақтақтың,
Керегі көп заманға
Ескі мақал, тақпақтың,
Лайығы кем деп ойлаймын
Босқа қарап жатпақтың,
Әр жерден жинап, сөз қылдым,
Реттеп басын қоса алмай,
Сарыны осы деп соқпақтың,
Жастықпен жүріп әуре боп,
Әр білімнен хабарсыз,
Ісін істеп ақымақтың,
Бұл күнгіше бос жүрдік,
Өмірді зайық өткізіп,
Көзін ашпай бұлақтың, –  дейді.
Нұржан өлеңдері қазақ әдебиетінің тарихына, “Бес ғасыр жырлайды” антологиясына ішінара болса да енгізілді. Оның есімі энциклопедиялар мен әдеби анықтамалықтардан орын алды. Алайда ақын шығармашылығы әлі де аз зерттелді, өзінің тиісті бағасын алып үлгерген жоқ.Қазіргі уақытта ақын басы қарайтылып, құлпытас орнатылды. Онда: “Қазақтың біртуар ақыны Нұржан Наушабайұлы” деген бір-ақ ауыз сөз жазылған. Ақынның туған ауылында да ескерткіш-белгі қойылды. Ал ақынның мерейтойын осы күз айларында аудандық  деңгейде ғана Қостанай ауданында атап өту туралы шешім қабылданған. Осыдан бірнеше жыл бұрын Қостанай қаласындағы советтік идеологияның ойлап тапқан жазушысы Николай Островский атындағы қалалық кітапхана атауын өзгертіп, оған Нұржан ақын есімін беру туралы бастама көтерілген болатын. Алайда бұл ұсынысты қалалық мәслихат депутаттары қолдамай отыр.

Алашқа арыз....
Бір ғажабы, ана тілімізге қарсы шығып жүрген басылымдар тендерде жеңімпаз атанып, мемлекет тарапынан қаржы бөлінеді. Беттерінде орыс тілі мемлекеттік тіл болсын деген орынсыз ұсыныстарға орын беріледі.
Қазіргі уақытта Қостанай облысында жүзден астам газет пен журнал жарық көреді екен. Солардың ішінде таза қазақ тілінде шығатын облыстық «Қостанай таңы» және Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ-дың «Жас өркен-Қостанай» журналы мен «Білім жарысы» газеті ғана. Бұл тізімге Аманкелді, Жанкелдин аудандарында шығатын басылымдарды қоспаған себебіміз, олар айына бір-ақ рет шығады, яғни таралымы мардымсыз. Газет деген  аты ғана. Көптеген аудандарда жергілікті газеттер орыс тілінде жарық көреді. Қазақ оқырмандарын алдаусырату үшін айына бір мәрте парақша немесе бірнеше бет беріледі. Қазіргі қалыптасып отырған жағдай осындай. Мен сізге соңғы қызықты айтайын, қазақ футболында орны ерек «Тобыл» футбол командасының ресми атауын «айтуға жеңіл, тілге үйлесімді» деп, жақында қайтадан «Тобол» деп өзгертті. Ал қазіргідей футбол да үлкен саясат құралына айналған уақытта бұл мәселенің де үлкен астары барлығын аңғару қиын емес.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста