Ұлттық өнердің кешенді насихатын ойластыруымыз керек

Жұмабай ЕСЕКЕЕВ, ақын, жыршы, өнертанушы, ҚР Мәдениет қайраткері:

– Қазақ ән өнеріндегі шоқтығы биік тұлға – Үкілі Ыбырайға байланысты әлі күнге дейін ашылмай келе жатқан ақиқат жеткілікті. Оған себеп кеңестік қасап машина әйгілі «Гәккудің» авторын қудалауға ұшыратып, халық жауы санатында шығармаларына да қол сұғуы еді. Әйдік жазушы Сәбит Мұқанов Үкілі Ыбырайдың өз аузынан жазып алған «Аңшының әні» әлі күнге кейде халық әні, кейде Әсеттің әні ретінде аталып келеді. Сондай тағдыр тәлкегіне түскен «Аңшының әнін» авторына қайтаратын уақыт жеткен жоқ па?
– Көкшетау жақта «Аңшының әнінің» Үкілі Ыбырайдікі екендігіне ешкім талас­пайды. Бірақ орталықтағы әншілеріміз эфир­ге «халық әні» деп шығарып жүр­гендерін көріп, қайран қалып жататын кезі­міз аз емес. «Айыртау арыстары» деген кіта­бымда Байсейіт жырау, Орынбай ақын, Үкілі Ыбырай сияқты кілең мықтылар тура­лы жаздым. Сонда «Аңшының әні» деген эссем жарияланды. Биіктігі Бурабай тау­ла­рындай Жалғызтау біздің ауылымыздан көрі­ніп тұрады. Маңайының бәрі – сың­сыған ну, қарағай, қайың. Жалт-жұлт еткен көл, жағасы түгел құрақ. Жалғызтау – Үкілі Ыбырайдың ата қонысы. Үкілі Ыбырай бір топ серіктерімен бірге аңға шығады. Үкілі ба­бамыздың қасында өзінің ең жақсы көретін әншісі Нұркей де бар. Арқада Жүсіп төре деген бақуатты, беделді адам болған. Оның Ұмсын деген ай десе аузы, күн десе, көзі бар, керемет сұлу қызы болыпты. Саятшылықтан кейін Нұркей мен Ұмсынды жолықтыруды жоспарлапты. Аң аулап жүріп саятшылар кешкілік Жүсіп төренің үйіне қоныпты. Осы оқиға керемет сурет­теліп, 20 ауыз өлеңге сыйған. Тілі қандай ғажап? Менде ешқандай өзгеріске түспеген әннің түпнұсқа сөзі сақталған. Қазіргі айтылып жүргендерден «Аңшының әнінің» көп өзгеріске түскені байқалады.
– Қазіргі кезде халық әндері мен халық композиторлары әндерінің сөздері әртүрлі өзгерістер мен бұрмалауға түскені жасырын емес. Мұның себебі неде?
– Қазақтың ұлттық ән өнері әлі күнге ұмы­тылмай, кең тарап айтылып келе жа­тыр. Халық әндері мен халық компо­зитор­ларының әндері ауыздан-ауызға тарап, өзгерістерге ұшырайды. Біреу әнді бұр­малап, біреу сөзін ауыстырып жібереді. Ән­нің бұрынғы түп-нұсқа сөзі мүлде басқа болып кеткендері кездеседі. Мұндай келең­сіз жайт Ақан серінің, Үкілі Ыбырайдың әндерінен жиі ұшырасады. Авторлары өзгеге телініп кеткен әндер де баршылық. Мәселен, Үкілі Ыбырайдың «Он саусақ» деген әні Біржанға телініп кетті. Біржан салдың ұлы әншілігіне ешқандай талас жоқ. Әлдебіреудің жаңсақ айтуымен қате­лік кеткен. Ақан серінің «Көкжендет» деген өлеңінде «шәулің ұзын» деген тіркес бар. Дұрысы – «шалғың ұзын». Құстың шалғысы болады. Топшыдан кейінгі тұратын қияғын шалғы дейді. Тағы сол сияқты Ақан серінің «Сырымбет» әнінде «Елім-ай, енді есен бол» деп бітеді. Негізі, Ақан сері Жамал қызға арнап «Еркем-ай, енді есен бол» деп шығарған өлең жолы. Оны марқұм Роза Бағланова «Елім-ай» деп өзгертіп алды. Осының бәрін бір ізге түсіру қажет. Кезінде ән жинақтары баспаға әзірленгенде редак­тор­лардың қателігі енді алдымыздан шы­ғып жатыр. «Ән – көңілдің ажары», «Ауыл кеші көңілді» деген кітапшаларын әзір­ле­гендер жауапкершілікті ұмытып, ұлттық мұраға салақ қарады. Ақан сері қыздарға арнаған ғашықтық әндерінде ешқашан «сәулем-ай» деп айтпаған. Ол сөз оның сөздік қорында мүлде жоқ. Ақын «қарғам-ай», «қалқа бала» деген одағай сөздерді пай­даланады. Осындай жинақтардағы Ақан серінің әндерінен «сәулем-ай» деген сөз­ді оқып, аң-таң болдым. Ақан серінің «Бал­қадишасы» да кеңестік үкіметтің саясатының салқынымен өзгеріске ұшыраған. «Әйел теңдігі» деп ұрандатып өз қата­рына қосылған Балқадишаны сексен бестегі шалға теліп қойдық. Бұдан өзге қан­ша мұрамыздың кеңестік мәдени рево­лю­ция­ның салдарынан өңі өзгерді.
– Бұл олқылықтың орнын қайтып толтырамыз?
– Оны түзету үшін арнайы комиссия сайланып, әндердің мәтіндері мен әуен­дерін бір ізге түсіріп, жүйелі жұмыс жүргізу қажет. Ән жинақтарын әзірлеу барысында, әншілерді сахнаға шықпастан бұрын сүзгі­ден өткізіп, әні мен сөзінің дұрыс-бұрыс­ты­ғын түзейтін көркемдік кеңес құрылуы керек.
– Үкілі Ыбырайдың бүгінде ешкім білмейтін ең соңғы әнін орталыққа алып келіп, орындап бердіңіз. Бұл әнді қайдан, қалай таптыңыз?
– Үкілі Ыбырайға байланысты тың дүние­лер жеткілікті. Ол кісінің түрмеде оты­рып шығарған өлеңдері де бар. Алайда ол онда көп отырмаған. Сол кездегі НКВД-ның ел аза­маттарын тергеуі жайлы оқыған едім. Біраз тергелгеннен кейін ұзаққа соз­бай, қатаң үкім шығара салады екен. Естай Мырзахметов ретін тауып Үкілі Ыбырайға бай­ланысты тергеу ісін қолға түсіріпті. Кейін оны мақалаға да айналдырды. Азулы ақынды Петропавлға айдап апарып, атқан көрінеді. Жер айдалып бара жатып Үкілі Ыбырай туып-өскен ел-жұртымен қош­та­са­ды. Туған елге деген сағынышы мен қи­мас­­­тық сезімі, қоштасуы, тіпті өзінің өнері де осы өлең шумақтарына арқау болған. 1974 жылы облыстық «Көкшетау» газетінде жұмыс істеп жүріп іс-сапармен өз елім – Айыртау ауданына қарасты Егіндіағаш деген ауылда тұратын Нұрмұхамед есімді қария есік алдында бір өлең ыңылдап отыр екен. «Бұл кімнің өлеңі, ата?» деймін ғой. «Үкілі Ыбырайдікі» дейді ол. Жалма-жан көшіріп алдым. Он шумақты өлең екен. Оған «Қоштасу» деп ат қойып алдым. Ел ішінде ерте кездері айтылатын мақамдар болатын. Әлгі өлеңді сондай мақамға са­лып, орындадым. Айыртау ауданында 1990 жылы Үкілі Ыбырайдың 130 жылдық тойы өтті. Сонда Үкілі Ыбырайдың жер айдалып бара жатқан шағындағы өлеңін сахнаға алып шықтым.
«Уа, халқым, бір дәм айдап
                                       шықтым шетке,
 Рахым жоқ бұл сапардан үміт етпе.
Дүниеден қазам жетіп өтіп кетсем,

Бақұлдық бар қазаққа, айттым көпке» деген өлең жолдары өзінің жер айдалып бара жатқан үмітсіз шағынан сыр шертеді.
– Өзіңіздің Орынбай ақынды зерттеп жүргеніңізді білеміз...
– Орынбай – Көкшетауда өлең қуған­дар­дың барлығының ұстазы. Біржан сал да, Ақан сері де, Үкілі Ыбырай да ақындық тұрғыда Орынбайды ұстаз тұтқан. Оның жыр айтатын өз мақамы бар. Өзі әрі ақын, әрі жыршы ғой. Айтыс ақыны ретінде де өз дәстүрін қалыптастырған адам. Төрт-бес айтысын жатқа білемін. Орынбайды көп зерттедім. Кеңес үкіметі тұсында ақын мұра­сын насихаттау жөнінде бірнеше рет мәселе көтердім. Партия комитеттерінің жиналысы болған сайын Орынбай Бер­тағыұлының дәріптелуі төмендігін мәселе етіп отырдым. Жанақ, Кемпірбай, Балта, Со­қыр Шөже сияқты ақындар Орынбайға орта жүздің бас ақыны деген атақ берген. Орынбайдың ең көп айтысқан ақын­дарының бірі – Шөже. Кездескен сайын шарт та шұрт сөз қағыстырып, айтыса кетеді екен. Орынбай ақынның өмір, адам мен заман туралы нақылға толы толғау-термелері – сөзсіз керемет туындылар. Ол кісінің «Қырық парыз» деген толғауын ертеден жатқа айтып келемін. Оны бұрын Жарман Рахимов деген әнші айтып оты­ра­тын. Үкілі Ыбырайдың әндерін магнитофон сияқ­ты айна-қатесіз жатқа соғатын. Әйгілі Молдахмет Тырбиев «әнші болсын» деп аузына түкірген. Қазақта сондай ырым бар емес пе? Жарман халық әндері мен тол­ғау­ларын Молдахметтен алған. Ал Мол­дахметті Үкілі Ыбырайдың «магни­то­фо­ны» деуге болады. Молдахмет қос жиені – Мұса Асаинов пен Кәкімбек Салықовты өзінің тәрбиесіне алып, шығармашылық ба­ғытқа бет бұруына себепші болған. Мол­де­кеңнің айтыскер ақындығы да бір төбе. Сондай ұлыларымызды көтеретін ешкім болмай отыр.
– Көкшетауды сал-серілер елі дейміз. Ондағы ұлттық өнердің дамуы, бағыт-бағдары қалай?
– Қазақ өнерінің дәріптелу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біздің аймақта Ақмола облыстық шығармашылық орталығының директоры, талантты әнші Саян Мұха­ме­дияр бастаған ұжым біршама іс атқаруда. Бірақ азаматтардың демеушілік, қаржылық қолдау жағы төмен екенін айту керек. Сол өнердің артынан қуып жүрген ат төбеліндей ғана адамдар шыж-пыж болып жүгіріп жү­реміз. Қазақтың өнері өнерпазға ғана емес, халыққа, болашақ ұрпаққа қажет қой. Бастаған ісімізді жалғастырып әкететін құрығы ұзын, құлашы кең азаматтар құрып қалды ма деп күйінетінім жасырын емес. Нақты жұмысты жүргізетін жергілікті жер­лердегі мәдениет саласын басқаруға өнердің исі мұрнына бармайтын адам­дар­ды әкелу – кеңес үкіметінің «сара жо­лы». Қазақтың ұлттық мұрасына жаны ашитын, қолынан іс келетін басшыларға зәру болып келеміз. Ән мен күйде даму бар. Бірақ ол өзінің жылғасымен, арнасымен Орынбай ақын, Біржан сал, Ақан сері, Үкілі Ыбы­райдан келе жатқан табиғи өсіп-өркендеу. Шен-шекпенділермен талай айтысып-тартыстық. Қазақтың өнеріне бір иілмейді ғой. Шенеуніктер қазақ музыкасының мәселесі көтерілетін шаралардың есігінен сығаламайды. Өзімізге-өзіміз проблеманы айта бергеннен не пайда? Естіп, нәтиже шығаратын тірі жан болмаса...
– Байырғы ата-бабаларымызда өнердің өркен жайып, қарқындап өскеніне қарап, қолдап-қолпаштау жағы да жақсы болғанға ұқсайды ғой.
– Халқымызда жылқысы жер қайысқан байлар баршылық болған. Ел аузында «шық бермес Шығайбай», «сараң бай» деген тіркестер жиі айтылады. «Алсын», «өссін» дейтін жомарттар көп болғаны тари­хи шындық. Ондай тұлғалардың жақсылығы мешіт-медресе ашудан, кедей-кепшіктің балаларын оқуға жіберуінен көрі­неді. Сүтемген, Тоқсанбай деген бай­лардың жақсылығын халқы әлі ұмытпайды. Сасықтың Тоқсанбайы өз малының есебін білмеген. Біреу мал сұраса, «жыл­қы­шы­лардан ала беріндер» дей салады екен. Өзіне де, өзгеге де жетіп жатыр. Құнанбай қажы Меккеден, сосын Қарқаралыдан мешіт салдырған. Өз еліне дүниедегі небір құнды кітаптарды алдыртқан. Аға сұлтан болған Шыңғыс төре өз ұлы Шоқанмен бірге басқа да көптеген қазақ балаларының оқуына мұрындық болыпты. Қазіргілер Шыңғыс балаларды «Шоқанға серік бол­сын» деп оқытқан дейді. Ол дұрыс емес түсінік. Аға сұлтан қазақ жастарының біліммен суарылып, елге қызмет еткенін қалаған. Қазақтың қолөнер бұйымдарын Ленин­градтағы көрмеге жіберіп отырған. Алашқа белгілі Сағынайдың да жарлы-жақыбайларға көп көмегі тиіпті. Паң Нұрмағанбеттің Сағынайға берген аста-төк асы бүгінге аңыз болып жетті. Бүкіл қазақ сауын айтып барады. Бұл бір жағынан әкесінің немесе өзінің атын шығару болса, екіншіден, өнерге, қараша халыққа деген қамқорлық қой. Ән айтылып, күй тарты­лады, балуандар белдеседі, жүйріктер бәй­геге түседі. Жеңімпаздарға таңдай қақ­тырар жүлделер тігіледі. Мыңдаған жылқы сойылып, ет пен қымызға бүкіл бұқара қауым бір тойынып қалады.
– Бүгінде жыр тыңдау дәстүрі үзіліп бара жатқаны ащы шындық. Жырды сақтай білу, оны халықтың құлағына сіңісті етудің қандай жолдарын ұсынасыз?
– Жырдың маңызы мен мазмұны айрықша. Онда неше түрлі мәйегі тамған, інжу-маржан сөздер ұшырасады. Көркем шығармаларға пайдалануға сұранып тұрған әлгі сөздердің жұтап бара жатқан қазақ тіліне ауадай қажет. Жырдың үлгі-өнегелік, тәлім-тәрбиелік мәні де орасан. Ол – тарих! Ол – уақыттың көші! Сонау ерте сақ дәуірінен бастап кімдердің өткендігін, олардың мақсат-мүдделерін, ерлік пен батырлығын, тұрмыс-тіршілігін, салт-дәс­түрін – бәрін сайратып көз алдына әкеледі. Не деген құдірет, десеңші! Жыршылықты сүйген адам жыр жаттап үйренеді. Біреу тез, біреу баяу жаттайды. Жырдың нағыз отаны – Қызылорда облысы. Ол жақ­та­ғы­лар көмеймен бүлкілдетіп жырлайды. Біздің мақамдар олардікінен өзгеше. Ертеректе Көкшетауда мықты жыршылар болды. Зияда есімді әйел жыршы әлі есім­нен кетпейді. Ұршық иіріп отырып-ақ «Көр­ұғылыны» айтады. Бүкіл көрші-қолаң, ауыл-аймақ соның жырын тыңдауға жиналатын. Кейбір әсерлі тұсында әйелдер тіпті жылайтын. Мен бұрын келтіруші едім, кейін соның мақамынан айырылып қал­дым. Өзім да соған таңғаламын. «Нау­рыз­бай-Қаншайым» дастанын жатқа соға­тын тағы бір жыршы болушы еді, атын ұмытып қалыппым. Жоғарыда айтқан «Айыртау арыстары» кітабымда Бәйсейіт жырау туралы деректі әңгіме жазып едім. Бақ­сы­лықты арнайы ұстанады, ұстай алмаса, тастайды ғой. Сол сияқты жыршы-жырау­лыққа да сондай бетбұрыс қажет. Бәйсейіт жыраулықты түбегейлі ұстаған адам. Ол он төрт қиссаны жатқа білген. Оның інісі Жұма­байдан «сен қанша қиссаны жатқа біле­сің?» десем, «Мен ағама қайдан жетейін, он бір-ақ қисса білемін» дейді. Бір жер­ден мықты адам шықса, сол өңірдегі өзге жастар да соған еліктейді емес пе? Інісі ағасына еліктейтін болса керек. Қобызбен жыр жырлайтын жас жігіт бар еді, марқұм ерте қайтыс болып кетті.
– Бақсыларды музыка тілімен, түрлі шөп дәрі, тылсым күштермен адамның жаны мен тәнін емдеушілер ғана емес, тамам жұртты таңғажайып қабілетімен таңғалдыратын өнер иесі десек, артық емес. Қазаққа ғана тән қабілетті бақсыларды көзіңіз көріп пе еді?
– Біздің елде аты аңызға айналған Тастемір деген бар еді. Баяғы Қойлыбай бақсыдан бір мысқал кем емес. Ауылы­мыз­дан жеті шақырым жерде Сүйіндік де­ген бақсы болды. Ол – Тастемірдің шә­кірті. Кез келген кереметін өлеңмен жасайды. Өлеңмен жындарын шақырады. Бақсылық сарынын «Сүйіндік бақсы атандым, Тас­те­мір­ден бата алдым» бастайтын. Үф деп үрлегенде аузынан оты шығады. Қып-қызыл шоқ боп тұрған балтаны жалағанын өз көзіммен көрген-тұғынмын. От жақ­ты­рып, үстіне балтаны қояды. Темір қып-қы­зыл болған сәтінде балтаның сабынан ұстап көтеріп, тілімен қариды. Тілге шоқ темір тигенде шыжылдап тұрып дыбыс шы­ғады. Зәре-құты қашқан әйелдер бастарын ұстап алып жөнеледі. Лиман деген атамыз ауылда басқарма болып істеді. Екеуі Сүйін­дік бақсымен түйдей құрдас. Бастық бол­ғандықтан, өктем сөйлеуді әдеткен айна­л­дыр­ған Лиман Сүйіндік бақсыға бір жағы құрдастық әзіл сыңайымен «сен осы бақсылығыңды қойсаңшы» депті. «Қап, бә­лем, саған көрсетермін» деп Сүйіндік қалып­ты. Содан Лиман атамыз біздің ауыл­ға барып-қайтып келе жатады. Ай сүттей жарық дейді. Орманды жерлер жиі кез­де­седі. Орманнан шыға бере жазық бет­кей­лер басталады. Сондай бір қалың жынысты ағаштардан шыға бере аппақ қардың бе­тінде қап-қара қозы маңырап жатыр дейді. Қозыны шанаға сала салып, атты енді жүр­гі­зейін десе, шананы орнынан жылжытуға шамасы жетпей, ышқынады екен. Сұлы жеп тұрған ауылнайдың аты екі шақырым шық­пай болдырып қалуы қалай деп аң-таң болыпты. Қозыны тастай салса, ат шанамен бірге құстай ұша жөнеліпті. Артына қараса, қозы адамша сақылдап күледі дейді. Өзі қорыққаннан есінен айырылып қалыпты. Ал ат болса, зулағаннан тоқтамай ауылға дейін шауып келіпті. Кейін Сүйіндік Ли­ман­мен кездескен шағында «жолда не көрдің?» деп сұрапты. Лиман атамыз Сүйіндіктің бақ­сылығына сонда анық көз жеткізген екен.

Алашқа айтар датым...
Ұлттық өнердің кешенді насихатын ойластыруымыз керек. Тыңдарманның талғамы өссе, өнерпаздар да соған сай деңгейі көтеріледі. Бүкіл әлемде теңдесі жоқ ән өнерімізді бұрмаламай, саф қалпында сақтаудың механизмі жолға қойылу керек. Концертке шығатын өнерпаздар көркемдік кеңестің сын сүзгісінен өтсе, нұр үстіне нұр болар еді. Сонымен қатар, қазақ өнерпаздары тізе қосып жұмыс істесе, көптеген асуларды бағындырары сөзсіз, жұмыстарында да береке болады. Тарыдай шашылып жүріп, әркім әрқалай тартқаннан ешкім ұтпайды, керісінше, одан ұлттық өнер мен халық ұтылады.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста