Бағлан ОМАРОВ, продюсер, композитор:
– Біздің аранжировщиктеріміз қанша жерден әнді әрлесе де, қазақ музыкасының ұлттық бояуын бере алмайтын сияқты, әйтеуір бір нәрсе жетіспей тұрғандай, көңіл тұшынбайды. Сіздің басқа аранжировщиктерден басты айырмашылығыңыз – тынбай ізденетіндігіңізде. Өзіңізше, бір тың дүние жасағыңыз келеді. Мәселен, халық әні «Құралай» арқылы қазақ эстрадасына Досымжан Таңатаровты алып келдіңіз. Осы «Құралайдан» халық нағыз ұлттық бояуы қанық қазақ әнін көрді. Алайда біз осыны неге ары қарай алып кете алмадық?
– Біздің бүкіл трагедиямыз тіл мәселесінің, жалпы қазақтың қазіргі таңдағы мәртебесінің төмендігіне байланысты. Яғни бүгінде қазақтың танымдық, философиялық, музыкалық деңгейі төмен. Мұнымен қоса қазақтың санының аздығы да оның рухына әсер етіп, еңсесін көтертпей отыр. Кезінде біздің әлеуетіміз күшті, тегеурініміз мықты еді, қазір, өкінішке қарай, содан айырылудың сәл-ақ алдында тұрмыз. Себебі бізге әртүрлі әуендерді арнайы таңды, жолдан тайдырып, ішкі дүниемізді өзгеріске түсіргісі келді. Өзгеріске түсірді де... Сырттан таңды деймін-ау, бірақ осы жерде ойланатын бір жағдай бар: егер біздің көкірегіміз өзіміздің ұлттық әуенімізге, өзіміздің ырғаққа толып тұрғанда, басқалар қанша жерден әкеліп таңса да, біз оның ешбірін қабылдамауға тиіс едік қой. Неге қабылдаймыз? Осы сұраққа іштей жауап іздеймін. Сосын түсінгенім, тарихи кезеңдерде қатыгез саясатты көрген біздің рухымыз әлсіреп қалған екен.
– Мұның сыры неде деп ойлайсыз?
– Қазір шетелдерден келіп жатқан түрлі «жабайы мәдениеттер» бойымыздағы онсыз да әлсіреп тұрған ұлттық рухты өшіріп, бізді ұлт ретінде жер бетінен жою жолында неше түрлі сұмдық әрекеттер жасап жатыр. Мәселен, осының барлығын жеткізу үшін ең үлкен деген Республика сарайына үш мың адамды жинап алып, үш сағат уағыз айтсаң да, теледидардан көрсеткен бес минуттық дүние әлдеқайда әсерлі шығады. Мен бұл жерде қазақ әні мүлдем эфирден беріліп жатқан жоқ деуден аулақпын. Дегенмен салыстырмалы түрде қарағанда, эфирден беріліп жатқан барлық бағдарламалар, ондағы ән, әуендердің 99 пайызы – жат жұрттікі де, бір пайызы ғана – қазақтікі. Арнаны басқарып отырғандар эфир уақытының барлығын есептеп алған, сонда қазақша бағдарламаларға бөлетіні – теңіздің тамшысындай ғана. Берілетін уақыттары да – көпшілік көрерменнің қолы босамайтын кездер. Осындай көзбояушылықпен қазақ тілінің үлес салмағын толтырғансып отырғандарын тек мен ғана емес, екінің бірі айта алады. Сол сияқты күнделікті қолданыста да... Мысалы, мен өзім қазақ бола тұра, дәстүрлі әндерімізге тамсанып, таңғала қараған талай адамды кездестірдім. Менің студияма келген адамдардың ішінде де «қазақтың әндері керемет екен ғой» дегендер аз болған жоқ. Сонда өзі қазақ бола тұра, өзінде барды білмейді, себебі өмірі тыңдамаған. Оның кеудесі сырттан тоғытылған «жабайы әуендерге» толы. Соны керемет санайды. Тек музыкада ғана емес, барлық салада қазақ тілі, қазақы мүдденің үлесі осы шамада екеніне көзім жетеді.
– Қазақ секілді музыкалық мұраға бай халық жоқ. Ақан, Біржан, Әсеттердің әндеріндегі ырғақтардың үйлесімділігі, тыныстың дұрыс алынуы қандай! Тіпті опера әншілерінің өзі олардың жанында жіп есе алмай қалады. Бірақ осыны халыққа насихаттаудың жолы қандай? Сіз эфир деген дүниенің әлдеқайда әсерлі екенін айтасыз. Қазақ әнін насихаттаудың жөні осы екен деп, саны бар да, сапасы жоқ әншілерді бірінен кейін бірін үздіксіз беріп, эфирді толтырғаннан не ұтамыз? Бұл нарық заманы ғой, сондықтан біз әуелі дәстүрлі әуенімізді осы заманның сұранысына сай етіп жасауымыз керек емес пе? Осыған не кедергі?
– Бұл жерде мемлекеттік тұрғыда белгілі бір жүйе құру керек. Идеология керек! Біздегі ең үлкен проблема мынада: мысалы, етікті жақсы тігетін адам бастық болып кетті де, бастық болатын адам арба сүйреп кетті дегендей... Ешкім өз орнында емес! Қазақты құртып бара жатқан – осы нәрсе. Қарап тұрсақ, қазір қоғамда осындай парадокс жағдайлар өте көп. Мәселен, технологияның дамығаны жақсы болуы керек қой. Бірақ музыкаға кері әсерін тигізіп отыр. Қалай дейсіз ғой? Ән айтпақ былай тұрсын, музыканың иісі мұрнына бармайтын, бірақ ақшасы көп біреулер келеді де: «Айтқан ақшаңды төлеймін», – деп шіреніп тұрады. Содан соң, амал жоқ, табыс көзің сол болғандықтан, кез келген тапсырысты жасауға тура келеді. Содан бүгінде тіпті ән айта алмайтындарға үйретуден жалыққаным соншалық, «сен маған тек әннің сөзін оқып, әуенін ыңылдап берші, қалғанын өзім жасап шығамын» дейтін болдым. Егер де компьютер қазақша айта алғанда, онда ән айтудың да керегі болмай қалады екен. Міне, осының кесірінен кім көрінген сахнаға шығатын болды. Техниканың дамығанының ең бір зияны осы болып тұр. Егер техниканың осы мүмкіндігін ұлттық музыканы насихаттауға пайдалансақ, біз ұтамыз ғой? Бірақ оған мемлекет мүдделі болмаса, бәрі бекер екен. Егер бізге «осындай адамдар керек, осындай дүниелер жасалып, эфирден көрсетілуі керек» десінші, жағдай мүлдем басқаша сипат алып, ұлттық музыкамыз жанданып шыға келер еді. Бізде тіпті аранжировщик деген статус жоқ, біз – ешкім де емеспіз! Композиторлардың арнайы қоғамы бар, жазушылардың, суретшілердің де одағы бар. Әрқайсысының қоғамда өзіндік орны бар. Жақсы дүние жасаса, мемлекет тарапынан түрлі сыйлықтарға ұсынылады. Ал аранжировканың заты бар да, аты жоқ, бір жерде арнайы ондай штат та жоқ, ешкім оны арнайы оқымайды. Бір сөзбен айтқанда, біз өзімізбен-өзіміз ғана жұмыс істеп жатырмыз, ешкім біздің жағдайымызға бас ауыртпайды. Мемлекет біздің жақсы шыққан дүниелерімізді пайдаланады, бірақ ешкім «осы аранжировканың өзін ұлттық музыканы насихаттауға пайдаланайық» демейді.
– Сіз арзан дүние жасай алмайсыз. Бір керемет туынды жасайын деп түрлі музыкалық аспаптардың арасындағы үндестікті іздеп жүрген кезіңізде, басқа біреу озып кетеді. Өйткені тұтынушыға әнді неғұрлым арзан бағаға әрі заманға сай технологиямен әрлеп беретін адам керек. Олай болса, сіздің осыдан ұтарыңыз не?
– Мен еш уақытта бірінші орынға ақшаны қойған емеспін. Бірінші осы істеп жатқан жұмысымнан бір нәтиже шықса екен, менің де қолымнан қазақы бір дүние тудыру келетіндігін халқым көрсе екен деймін. Қазақ көгерсе екен деп жұмыс істеймін. Бірақ осылай етуден кейде, шыны керек, шаршайды екенсің, таусылуға да шақ қаласың. Өйткені кейінгі толқын келіп, ізімізді басып жатқан жоқ. Олардың барлығы болмаса да, көбі екі нотаның басын қосып, бірінші, екінші дауыстарды қосып береді де, ақшасын алып отыра береді. Ал біздің заманымыз қандай еді? Тіпті қазақ әнін эстрадаға салуға келе ме, келмей ме деген сұрақ талқыланып жатқан тұс болатын. Сонда мен «неге болмайды, кезінде қобызбен, домбырамен айтқан әнді оркестрге салды ғой» дегендердің қатарында болған едім. Бүгінгі әрлеушілерден біздің толқынның артықшылығы, біз бұл салаға жүрек қалауымызбен келдік. Жоқтан бар жасауға ұмтылдық, ал бүгінгі жастарда бәрі бар, бірақ мандытып еш нәрсе жасай алмай отыр. Олар өнер туындысын емес, одан гөрі аз уақыт жұмсап, жеңіл ақша тапқысы келетін сияқты. Ал аранжировка деген – оңай жұмыс емес. Әсіресе дауысы жоқ адам келсе, қаншама жүйкеңді жеп қояды. Себебі бір әнді бітіргенше кем дегенде 400-500 рет тыңдайсың, осы оңай ма? Сондықтан егер де біз ұлттық музыканың бүгінгі заманауи насихатын жолға қоямыз десек, ең бірінші аранжировщиктердің мәртебесін нақтылап беруіміз керек! Негізі, аранжировщиктерді арнайы маман ретінде оқыту шарт. Ал ұлттық музыканы дамыту үшін оларға ұлттық білім берумен қатар, соңғы техника тілін үйрету керек! Себебі әрлеусіз ән, күй шығару мүмкін емес қазір. Ал кезінде Бекболат Тілеуханов эстрадамен ән сала бастағанда «бір күні, мүмкін, билейтін шығарсың» деп күлген Секен Тұрысбековтің өзі қазір күйлерін аранжировкамен шығарып жүр. Бекболаттың эстрадамен ән салуын бүгінде феномен деп қарастыруымыз керек. Себебі ол қазақ әнінің ырғағын бұзған жоқ, қайта эстраданы қазақ әнінің ырғағына әкеліп түсірді.
– Ендеше, біз қазір неге осыны дамыта алмай жатырмыз? Бар себеп ұлттық өнерге шын жанашырлардың аздығынан ба, әлде басқа да себептері бар ма?
– Біріншіден, бізде әлі күнге домбыра мен қобыздың, не болмаса тағы да сол сияқты ұлттық аспаптарымыздың электронды дыбысын эстрадаға енгізу, солайша қазақ эстрадасының өзіндік бет-бейнесін қалыптастыру деген мәселені ойлап жүрген ешкім жоқ. Мысалы, Юлдуз бен «Ялла» ән салса, барлық өзбек еріксіз билеп кетеді. Себебі олар өз аспаптарының электронды дыбысын тапты. Бірен-саран ұлтқа жаны ашитын аранжировщиктермен ұлттық музыка дүркіреп дамып кете қоймайтыны айдан анық. Ол үшін кәдімгідей институт қажет. Ал бізде, шыны керек, жағдай «ас ішерде ғана керек» дегенге ұқсап тұр ғой. Сондықтан әлі күнге дәстүрлі ән бөлек, эстрада бөлек күн кешіп, екеуі ортақ бір дүниеге айнала алмай жатыр. Қазақтың ұлттық эстрадасын дамыту деген идея ешкімнің де миына кіріп-шығып жатқан жоқ десем, қателеспейтін шығармын. Біздің тіпті іргеміздегі өзбек пен орыстан қаншама артта қалып отырғанымыз да – осы себептен. Егер олар алда болмаса, неге біздікілер Өзбекстанға барып ән жаздырады? Ол жақта мықты база бар. Кеңес өкіметі кезінде одақ бойынша екі-ақ жерде: Ленинград пен Ташкентте дауыс жазу студиясы болды. Өздерінде студия болған соң, оларды оқытатын арнайы оқу орны да болды. Өзбек ағайындар қиыншылық заман тұсында сол мектепті, студияны талан-таражға салмай, ұлт мүддесіне жарата алды. Мәселен, менің он жыл түрткіленіп ізденгенімді өзбектің жап-жас баласы он-ақ минутта жасап беруі мүмкін. Ал бізді кім оқытып жатыр? Егер де, шын мәнінде, музыкаға мән берсе, біздің еліміз арнайы ақша бөліп, мамандарды оқытып алар еді. Көрдіңіз бе, бізде материал бар, бірақ соны игеретін технология жоқ! Міне, мен сізге музыкамыздың неге дамымай отырғанын осылай түсіндірейін. Музыка – тек музыканттар мен әншілердің еншісі емес. Егер біздің балаларымыз уызынан ұлттық әуенді еміп өссе, басқаның «қаңсығын» керек те етпес еді. Бір консерваторияның өзінде дәстүрлі музыка және классикалық музыка деп бөліп оқытады. Шындап келгенде, нағыз классика біздің қазақ музыкасы емес пе?! Қазақ әніндегі қоңыр үнді, ырғақтың, әуездің кереметін, осы халықтың өкілі бола тұра, өзіміз ұқпаймыз. Қазір ешбір әнші Кәрменовке ұқсап әнді айтпас бұрын тарихымен таныстырмайды. Бұл, әрине, толығымен ұлттық музыкамыздың дамымай отырғанына себеп бола алмайды, бірақ...
– Бірақ қазір жаңа музыка жасау үшін, оны әрлеу үшін техникалық мүмкіндіктер мол емес пе?
– Техникалық жаңалықты дәстүрімізге сіңіре алмай жатуымыз да көп нәрсенің дамуына кедергі келтіруде. Акустика дегенге мән бермейміз. Шетелде тіпті тек осы акустиканы ғана зерттейтін арнайы институттар бар. Олар бар ынталары мен күш-жігерлерін салып өз музыкаларын жұртшылыққа тыңдатудың формаларын қарастыруда. Егер қазақ әнін сондай таза, тұнық етіп жеткізетін технология болса, ол әнді әрбір тыңдарманның құлағына тірідей айтқандай етіп жеткізетін болса, халық тыңдар еді. Майкл Джексон дүниежүзін қалай жаулап алды? Өйткені оның шығармаларын дәріптеуге 500-ге тарта адам жұмыс істеді. Мысалы, жай ғана «тық» деген бір барабанының үнін жасайтын арнайы адамдары бар. Ал біздің жағдайды онымен тіпті салыстыруға да тұрмайды. Бізде бірде-бір аранжировщиктің арнайы музыкалық білімі жоқ, әйтеуір құлақпен жобалап бірдеңе жасап жатыр.
Бүгінгі заманның тағы бір дерті – тоғышарлық. Бұрындары «мен» деген айтулы әншінің өзі қойнаудағы ауылдарға дейін барып, концерт беретін. Себебі ол кезде идеология бар еді. Ал қазір тіпті жаңадан шығып жатқан әртістің өзі ауыл түгілі, облысқа бармайды. Мен сізге бір сұмдықты айтайын, зиялы қауым өкілдерінің ішінде әліге дейін аранжировканы «даяшының дастарқанды әзірлеуі» деп қабылдайтындар бар. Олар бізді «жақсы әншілер шықсын деп қызмет етіп жүр» демейді, керісінше жақсы әншілердің арқасында нан тауып жүр деп ойлайды. Біздің қоғамда, зиялы деген азаматтарымыз арасында осындай көзқарастар болғанда, ұлттық музыкамыз қалай дамиды, айтыңызшы?! Шынтуайтында, аранжировщик – ортанқол әншіні мықты ететін, соны биік деңгейге көтеретін, былай алып қарағанда, продюсердің де қызметін атқаратын мамандық иесі. Ал «қазақ аранжировкасының атасы» – Талғат Сарыбаев. Алғаш «Алтайдың ар жағынан келген ару» арқылы қазақтың музыкасын қалай жасау керектігін көрсеткен – сол кісі. Тіпті дәл қазір Талғат ағамыз науқастанып жатыр, ешкім де оның жағдайына бас ауыртып жатқан жоқ. Себебін тағы қайталап айтамын, аранжировщик деген статус жоқ мүлдем, біз қоғамда ешкім емеспіз.
– Сіз эстрадаға шығарған топтың бірі – «Серпер». Ол топ шыққан кезде жұрт «нағыз қазақи топ құрылды» деп аһ ұрды. Бірақ, өкінішке қарай, ол қуаныш ұзаққа бармады, себебі әлгі топ бөлініп, аяғында көрінбей кетті. Осының себебі не?
– Рас, «Серперді» құруға бар күш-жігерімізді салып, үлкен үміт арттық. Репертуарын таңдаудың өзінде қаншама ойланып, халық әндерінің тұтас тізімін жасадық. Үш-төрт ай бойына тек қана ән таңдаумен болдық. Бірінші әндері Тұрсынжан Шапайдың «Қарагөз қалқасы» болды. Буын биін қосу үшін оны билейтін Арыстан қажыны қанша іздедік. Қазақы костюм кигізуді де, бәрін-бәрін қадағаладық. Нағыз қазақ деп көрсететін топты құрып едік, амал не... Тыңдарман оған дайын болмапты. Екінші жағынан, «осындай бір топ құрылыпты-ау, осыны ары қарай дамытайық» деген ешбір жанашыр жан табылмады. Қалтамнан суырып сала қоятын менде де қаржы болмады. Содан соң жігіттердің де көкейіндегі топтың болашағына деген сенім өшіп қалды да: «Ренжімесеңіз, біз өз күнімізді өзіміз көрсек», – деді. Жаным ауырып, жүрегім қан жылап тұрып, келісімімді бердім. Себебі жоқтан бар жасап, бастарын құрау соншалықты еңбекпен жүзеге асып еді...
ДАТЫМ ...
Кезінде мемлекет арнайы ақша бөліп, «Айгүл» ансамблін құрып, соның жан-жаққа шығуына жағдай жасап еді ғой, қазір неге нағыз қазақтың атын шығаратын өнерпаздарға сондай қамқорлық жасамасқа?! Неге мемлекет опера мен балетті ғана қамтамасыз етуі керек? Қазір эстрадасыз бірде-бір той, не бір концерт өтпейді, сөйте тұра ол дамымайды. Парадокс! Яғни айтпағым, ұлттық музыканы дамыту деген – мұражайда тұрған этнографиялық дүниелерге тамсана беру емес, енді оларды бері қарай алып шығу керек! Және де ұлттық аспаптарымыздың үнін бүгінгі заманға лайықтайтын мамандарды оқытып, оларға жағдай туғызуымыз қажет. Қазақ өнерін дамытудың бірден-бір жолы – осы. Әнге жасалған жағдай жалпы өнерге жол ашады. Себебі киноның да ақсап тұрғаны осы музыкадан, дыбыстық жағына көңіл бөлмеуден болып отыр. Дубляж жасайтын арнайы маман жоқ. Дыбыс режиссері дейтін маман жоқ. Киноларға саундтрек жасайтын композиторлар бар, бірақ олар дыбыстық технологияларды түсінбейінше, бәрібір ахуал жақсармайды.