Ұлттық менталитет қалыптастыру – кез келген мамандық бойынша дәріс беретін ұстаздың міндеті

Құныпия АЛПЫСБАЕВ , Л.Н.Гумилев атындағы  Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы, филология ғылымының докторы, профессор:

– Құныпия аға, біріншіден, жақында ғана Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атануыңызбен құттықтаймыз. Ұстаз еңбегі еленгені осы емес пе?! Ұрпақ тәрбиелеуде елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздарға жағдай жасалып, еңбегі еленіп жатса, мәртебесі биіктеп қалатыны анық. Министрлік еңбегіңізді бағалаған сәттер жиі болды ма? Нағыз ұстаздар еңбегі қалай еленуде? Тәуелсіздікке дейінгі және Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытты салыстырып айтсаңыз?
– Биылғы қол жеткізген жетістігіміз үшін «құтты болсын» айтқаныңызға көп рақмет. «Министрлік еңбегіңізді бағала­ған сәттер жиі болды ма?» деген мәсе­ле­ге келсек, бұған біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын. Мысалы, мен бұл конкурсқа бұрын да қатыс­қа­ныммен, өте алмай жүрдім. Оған еш­кім­ді де кінәлағым келмейді. Ал атына лайық нағыз ұстаздар еңбегі түгел дерлік өз дәрежесінде еленіп жатыр десек, өтірік болар еді. Кей тұстарда бар қажыр-қайратын жұмсап, өзгенің уақы­тын аялап, өз уақытын аямай дәріс бе­ріп, ұрпақ тәрбиесінде жүрген ұстаз­дардың еңбектері еленбей, керісінше, сырт көзге белсенді боп көрінуге шебер жандардың атақ, марапаттарға ие бо­лып жататыны рас. Тәуелсіздіктің аржа­ғы мен бержағы туралы сөз еткенде, өз халқымыз үшін шексіз бақыт Тәуелсіздік екенін түсіндірудің қажеті жоқтығы тіпті де белгілі. Бұл орайда ұстаз еңбегін бағалау жөнінде көп сөз болып, жақсы ойлардың айтылып жатқаны өтірік емес. Дей тұрғанмен, Тәуелсіздікке де­йін­гі уақытпен салыстырғанда жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқыту­шылардың жалақысы көп төмендеп кеткенін жасыра алмаймыз. Тәуелсіз­дікке дейін басқа салаларға қарағанда ең жоғары жалақы алатын қызметкердің бірі осы университет, институттың про­фес­сор, доценттері болатын. Ал қазір ең аз жалақы алатындардың қатарында. Сондықтан қабілетті, талантты жастар­дың көбі жалақысы төмен жоғары оқу орындары мен ғылым саласына бар­ғысы келмейді. «Жоғары оқу орында­рын­да білім деңгейі төмендеп кетті» дейтін пікірдің шығу себебі де осындай жайларға байланысты деп ойлаймын.
– Студент шағыңызда үздік оқығандықтан, студенттер алмасу бағдарламасына орай, Болгарияның София қаласын­дағы танысу практикасында болып, кейін Москвада 86 елдің таңдаулы университеттері қатысқан Дүниежүзілік форумға қатысыпсыз. Одан кейін оқыту­шы болып жүргенде де, талай шетелдегі ғылыми конферен­ция­ларға қатысып, баяндама оқыдыңыз. Қазір студенттерде мұндай мүмкіндік бар ма? Жағдай жасалған ба?
– Бұл тұрғыдан келгенде қазіргі сту­дент­тің мүмкіндігі өте мол. Студент қата­рын­да жүріп-ақ шетелдегі конфе­ренцияларға қатысуға, тіл біліп, таңда­ған мамандығыңды игере алатындай қабілет деңгейіңді көрсете алсаң, қалаған еліңе барып білім алуға әбден жол ашық. Мемлекет тарапынан да жағдай жасалып жатыр. Бұл жағынан келгенде үкімет, министрлік маңызды шаралар атқарып жатыр деуге болды. Біздің студент кезімізде ондай мүмкіндік өте шектеулі болатын. Мемлекет арнайы грант бөліп, шетелде студенттер оқыту деген болмайтын.
– Әлемдік білім стандартына сай магистрлік, PhD докторанттық біліктілік дәрежесі жүйесіне енді көштік. Бұрынғы кеңестік жүйе кезінде ғылым докторы атанған өзіңіздей ғалымдарға, жаңа стандартқа көшу қалай әсер етті? Бұрынғы ғылым докторы, кандидатынан гөрі, магистр, PhD докторанттың мәртебесі салмақтырақ болып кеткен жоқ па, қалай?
 – Мемлекет деңгейінде Болон процесіне қол қойылып, білім берудің әлемдік ортақ жүйесіне енуге бағыт алғандықтан, қалайық, қаламайық енді одан бас тарта алмаймыз. Кез келген жаңа жүйенің тосын көрініп, көпшіліктің оған тосырқап қарайтыны сөзсіз. Сондықтан бұрынғы кеңестік білім беру жүйесін әбден бойларына сіңірген, ғы­лы­ми маман даярлауда да ұзақ жылдар қалыптасқан үлгіде жұмыс атқарып келген адамдардың бәрі бірдей жаңа жүйені қолдау жағында болды деп айта алмаймын. Бұл жүйеге өту барысында ғалымдар тарапынан баспасөз беттерін­де түрлі көзқарастағы талас-пікірлер айтылды. Әрине, мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп, жаңа жүйенің тез орнығуына талап қойылып жатқа­нына орай, магистр, PhD докторанттың мәр­те­бесі салмақтырақ көрінуі заңды. Алай­да оның сапалық деңгейінің нәти­жесі әлі толық ерекшелене қойған жоқ.
– Сіздердің кездеріңізде филологияға түсу үшін емтихан­ды ауызша тапсыратын едіңіз­дер. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні ұстаздарын ұрпақ­тың жаны қазақы болуына әсер етуші ұлт тәрбиешісі, ұлт ұстаз­дары десек, соларды тест арқы­лы таңдау ұрпақ болашағына жасалған қиянат емес пе?
– Бұл мәселе осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын емтихан алудың тестік жүйесіне көшу сәтінен бастап-ақ айты­лып та, жазылып та әбден «жауыр» бол­ған мәселе. Кезінде министрлікке қан­шама ұсыныстар жасалды. Бірақ еш нәти­жесі болмады. Қазіргі кезде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің ұлт­тық менталитет қалыптастырудағы маңызы жөнінде өзің сұрақ қойып отырған мәселе төңірегінде айтарымыз, шындығында да, тест жүйесі енгелі бері студенттер көркем шығарма оқудан қалды. Шығарманың ішіне еніп, ондағы образдардың жасалу ерекшеліктеріне, қаламгердің шеберлік қырларына, стильдік ерекшеліктеріне талдау жасау­ға шорқақтық танытып, жалпы әдеби шығарманың тағылымдық, танымдық қасиеттеріне бойлап түсіндіру жағы же­тіс­пей жатады. Тестік жүйе бұл талап­тарды біз айтқандай етіп орындауға мүм­кіндік бермейді.
– Еуропаның бірқатар елінде, Қытай, Жапония мен Корея, Үндістан сынды шығыс елдерінде ең жоғары мәртебелі әрі жоғары жалақы алатын мамандық иесі – дәрігер мен мұғалім. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді қазақ. Ұлтты тәрбиелейтін ұстаздарды дайындауда қандай жүйеге жүгінген жөн, ұлт жанашыры ретіндегі пікіріңіз? Ал өзіңіз ұстаз ретінде, шәкірттеріңізге білім беруде ең әуелі нені басты назарда ұстайсыз?
– Иә, көптеген елде жоғары жалақы алатын мәртебелі мамандық иелері дәрігерлер мен ұстаздар екені рас. Ұлт­ты тәрбиелейтін ұстаздарды дайындау тек мына жүйеде дайындау керек деп кесіп айтуға болмас. Өйткені қандай жүйемен дайындалса да, мемлекетті құрушы ұлт өкілі ретінде ондай болашақ ұстаздардың бойында бірінші кезекте ұлттық менталитет қалыптасуы керек. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті, тарих ма­ман­дарының ғана міндеті емес, кез келген мамандық бойынша дәріс бере­тін қазақтың міндеті деп ойлаймын. Ал енді қай ұстаз болса да шәкіртінің білім­ді, мәдениетті, ұлтын сүйетін, ұлттық салт, дәстүрді бойына сіңірген парасатты азамат болып қалыптасуына ықпал етуді ойласа керек. Мен де осы бағытты назарда ұстауға тырысамын.
– Қазақ әдебиеті пәнінен қаншама оқулық, оқу құралы мен монографиялық еңбек жаздыңыз. 6 және 10 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының телавторларының бірісіз. Оқулық жазу барысында қандай да бір қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан ұлт мақтаныштары мен ұлт тұлғалары, олардың туындысын оқулыққа енгізу-енгізбеу турасында келіспеушілік, дау-дамайлар болды ма? Кімдердің шығармасы төңірегінде?
– Болды. Мысалы, 10 сыныпқа ар­нал­ған қазақ әдебиеті оқулығының бағ­дарламасында Сегіз сері бар бола­тын. Соған сәйкес, біздің авторлар тобы дайындап 2002, 2006 жылдары басы­лып шыққан байқау нұсқаларында Сегіз серінің шығармашылығы да қамтылған еді. Бірақ кейбір ғалымдар тарпынан ақын шығармашылығына күмән кел­тірілген ұсыныс, пікірлерге орай, Білім және ғылым министрлігі құрған комис­сияның шешімі негізінде 2010 жылы басылған соңғы нұсқада Сегіз сері оқу­лықтан алынып тасталды.
– Мысалға, ұлттық музыкамызға «Гауһартас», «Назқоңыр», «Алқоңыр» сынды бір композитордың қолынан туғандығы анық байқалып тұрған классикалық әндерді тудырған Сегіз сері, «Балқурай­дың» авторы Нияз серілер не себепті қазақ әдебиеті оқулығы­на енбей қалды? Кезінде өзіңіздің досыңыз, қазақтың біртуар әншісі Жәнібек Кәрме­нов­тің өзі құрастырған антоло­гия­ға Сегіз сері мен Нияз сері бабаларымызды енгізбеп пе еді? Бұрын авторлары белгілі болып жүрген бұл әндер, аяқ астынан «халықтікі» болып шыға келуінің астарында не жатуы мүмкін?
– Ол рас. Кезінде Жәнібек Кәрменов құрастырған қазақ әндерінің жинағына бұл екі композитор ақындардың әндері енгізілген. Бұл орайда Жәнібек аталған әндерді өзі ойынан шығарып, ән жина­ғына енгізген жоқ. Ол – Жүсіпбек Елебеков сияқты «ән академигінің»,  Ғ.Мүсірепов тәрізді көнекөз классик жазушының әңгімелерін көп тыңдау бақытына ие болған біздің буынның бірден-бір өкілі. Сегіз сері, Нияз сері әнде­рін Жәнібек солардан естіген әңгі­мелерінің негізінде ән жинағына енгіз­ген. Ал оқулыққа енгізілмеу себебін жо­ға­рыда айттым ғой. Кейбір ғалым­дардың «Сегіз сері өмірде болмаған» деген пікірлеріне орай, Білім және ғылым министрлігі арнайы комиссия құрды да, сол комиссияның шешімімен Сегіз сері шығармашылығы жоққа шығарылды. Бұл орайда Сегіз сері тура­лы біздің замандастарымыздан гөрі әлдеқайда көп білетін, Сегіз серіні көрген, қатар өмір сүрген адамдардан жастайынан естіп өскен, Сегіз сері туып, өскен өңірдің тумалары Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, т.б. тұлғалардың жазбала­рындағы фактілер ескерілмеді. Ал күмән келтірушілердің ұсынысына орай, авторы Сегіз сері мен Нияз сері болып келген әндердің «халықтікі» болып қай­та өзгертілуінің астарында не жатқанын мен де түсінбедім.
– Жәнібектей марқасқа әншімен сізді таныстырып, табыстырған қазақтың әні емес пе? Жәнібек ағаның шешендігі, әншілігі, журналистігінен бөлек, ел білмейтін қандай қыры, өнері бар еді?
– Меніңше, Жәнібектің бір бойынан табылатын әншілік, сазгерлік, қалам­гер­лік, шешендік тәрізді елге белгілі өнерпаздығына қоса, қарапайым өмір, тіршілікте де, азамат ретінде де өзге­лерден озық жақсы қасиеттері бар еді. Біріншіден, ол өмірде өте қарапайым, адамгершілігі мол, достыққа адал бола­тын. Екіншіден, қандай орта, алыс-жақын адамдар болса да тез тіл табы­сып, өзіне үйіріп, баурап алатын қасиеті бар еді. Үшіншіден, ол өте ізшіл, бір рет жүріп өткен жолын қанша жыл өтсе де адаспай табатын есте сақтау қабілеті ерекше еді. Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» бағасына нағыз лайық азамат­тың бірі Жәнібек еді.
– Өзіңіз де әннен құралақан емессіз. Домбырамен «әу» дейтін қазақсыз. Тіпті, қаншама әннің авторысыз да. Өз елімізде өзіміздің төл дәстүрлі музыка­мыздың, өнерпазда­рымыздың дәріптелуіне барынша мән беріліп, жағдай жасалмай жатыр ғой. Сізді де бұл мәселе алаңдататын шығар?
– Әрине, алаңдатады. Рухани азықты төл өнері арқылы алмаған ұрпақ болашағы қалай болмақ?!. Ұлттық сана, ұлттық менталитет, ұлттық дәстүр қалып­тастыруда өнердің орны ерекше екені белгілі. Бірақ қазір қазақтың ұлттық музыка өнерін дәріптеу, насихат­тау, ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу жағы төмендеп кеткені рас. Радиода болмаса телеарналарда ұлттық дәстүрлі музыкамыз берілмейді деуге болады. Ал қазіргі жағдайда халықтың назары радио тыңдаудан гөрі, негізінен телеви­зор көруге аударылған. Аллаға шүкір, қазақ өнері әлемдік деңгейде ешкімнен кем емес. Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін, Біржан, Ақан, Мұхит әндерін тыңдап өспеген ұрпақ қазақтың рухы мен жан сезімін бойларына сіңіре алмай­тыны анық.
– Классикалық музыка деген біздің түсінігімізде, тек еуропа­лық музыкаға ғана тән секілді. Шын­дығында, кез келген ұлттың төл музыкасы классика­лық өнері деп ойламайсыз ба? Ұлттық музыкалық мұрамызды қазақ­тың классикалық музыкасы деп атаған жөн бе? Бұған сіздің пікіріңіз?
– Рас айтасың. Кез келген ұлттың төл му­зыкасы – классикалық өнері. Ал қа­зақ­­тың дәстүрлі ән-күйі деп атау мына жай­ларға байланысты ғой деп ой­лай­мын. Қазір қазақтың халық әндері де, халық композиторларының әндері де оркестрдің немесе пианино, форте­пья­но­ның сүйемелдеуімен айтылады, күй­лер де жеке орындаушы арқылы ғана емес, оркестрмен де орындалады ғой. Яғни халықтық өнерді әлемдік фор­ма­да орындау үдерісіне қосылдық. Осыған бай­ланысты ән, күйдің алғашқы өмірге кел­ген ұлттық үлгідегі сипатын сақтау тү­рін дәстүрлі өнер деп, орындалу фор­масын ажырату үшін айтылатын сияқты. Сондықтан ұлттық музыкалық мұ­ра­мызды қазақтың классикалық музыкасы деп атау дұрыс деп есептей­мін.
 – Әңгімеңізге рақмет. Ұлтын сүйетін, жаны қазақы ұрпақ тәрбиелей беріңіз, аға!

Алашқа айтар датым...
– Толғандыратын мәселе ретінде ұлттық рухымыздың өте төмендеп кеткені дер едім. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 20 жыл толады. Соған орай мемлекеттік тіл ретінде әлі өз деңгейіне көтеріле алмай жатуы. Бұған әрбір қазақ азаматы, әрбір мекеме басшылары өте патриоттықпен атсалысуы керек. Ұлттық жақсы дәстүрлерімізді де толық қайта жаңғырта алмай жатырмыз. Ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелейік.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста