Ұлттық менталитет қалыптастыру – кез келген мамандық бойынша дәріс беретін ұстаздың міндеті
Құныпия АЛПЫСБАЕВ , Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті қазақ әдебиеті кафедрасының меңгерушісі міндетін атқарушы, филология ғылымының докторы, профессор:
– Құныпия аға, біріншіден, жақында ғана Білім және ғылым министрлігі тағайындаған «Жоғарғы оқу орнының үздік оқытушысы» мемлекеттік грантының иегері атануыңызбен құттықтаймыз. Ұстаз еңбегі еленгені осы емес пе?! Ұрпақ тәрбиелеуде елеулі еңбек етіп жүрген ұстаздарға жағдай жасалып, еңбегі еленіп жатса, мәртебесі биіктеп қалатыны анық. Министрлік еңбегіңізді бағалаған сәттер жиі болды ма? Нағыз ұстаздар еңбегі қалай еленуде? Тәуелсіздікке дейінгі және Тәуелсіздік алғаннан кейінгі уақытты салыстырып айтсаңыз?
– Биылғы қол жеткізген жетістігіміз үшін «құтты болсын» айтқаныңызға көп рақмет. «Министрлік еңбегіңізді бағалаған сәттер жиі болды ма?» деген мәселеге келсек, бұған біржақты қарауға болмайды деп ойлаймын. Мысалы, мен бұл конкурсқа бұрын да қатысқаныммен, өте алмай жүрдім. Оған ешкімді де кінәлағым келмейді. Ал атына лайық нағыз ұстаздар еңбегі түгел дерлік өз дәрежесінде еленіп жатыр десек, өтірік болар еді. Кей тұстарда бар қажыр-қайратын жұмсап, өзгенің уақытын аялап, өз уақытын аямай дәріс беріп, ұрпақ тәрбиесінде жүрген ұстаздардың еңбектері еленбей, керісінше, сырт көзге белсенді боп көрінуге шебер жандардың атақ, марапаттарға ие болып жататыны рас. Тәуелсіздіктің аржағы мен бержағы туралы сөз еткенде, өз халқымыз үшін шексіз бақыт Тәуелсіздік екенін түсіндірудің қажеті жоқтығы тіпті де белгілі. Бұл орайда ұстаз еңбегін бағалау жөнінде көп сөз болып, жақсы ойлардың айтылып жатқаны өтірік емес. Дей тұрғанмен, Тәуелсіздікке дейінгі уақытпен салыстырғанда жоғары оқу орындарында сабақ беретін оқытушылардың жалақысы көп төмендеп кеткенін жасыра алмаймыз. Тәуелсіздікке дейін басқа салаларға қарағанда ең жоғары жалақы алатын қызметкердің бірі осы университет, институттың профессор, доценттері болатын. Ал қазір ең аз жалақы алатындардың қатарында. Сондықтан қабілетті, талантты жастардың көбі жалақысы төмен жоғары оқу орындары мен ғылым саласына барғысы келмейді. «Жоғары оқу орындарында білім деңгейі төмендеп кетті» дейтін пікірдің шығу себебі де осындай жайларға байланысты деп ойлаймын.
– Студент шағыңызда үздік оқығандықтан, студенттер алмасу бағдарламасына орай, Болгарияның София қаласындағы танысу практикасында болып, кейін Москвада 86 елдің таңдаулы университеттері қатысқан Дүниежүзілік форумға қатысыпсыз. Одан кейін оқытушы болып жүргенде де, талай шетелдегі ғылыми конференцияларға қатысып, баяндама оқыдыңыз. Қазір студенттерде мұндай мүмкіндік бар ма? Жағдай жасалған ба?
– Бұл тұрғыдан келгенде қазіргі студенттің мүмкіндігі өте мол. Студент қатарында жүріп-ақ шетелдегі конференцияларға қатысуға, тіл біліп, таңдаған мамандығыңды игере алатындай қабілет деңгейіңді көрсете алсаң, қалаған еліңе барып білім алуға әбден жол ашық. Мемлекет тарапынан да жағдай жасалып жатыр. Бұл жағынан келгенде үкімет, министрлік маңызды шаралар атқарып жатыр деуге болды. Біздің студент кезімізде ондай мүмкіндік өте шектеулі болатын. Мемлекет арнайы грант бөліп, шетелде студенттер оқыту деген болмайтын.
– Әлемдік білім стандартына сай магистрлік, PhD докторанттық біліктілік дәрежесі жүйесіне енді көштік. Бұрынғы кеңестік жүйе кезінде ғылым докторы атанған өзіңіздей ғалымдарға, жаңа стандартқа көшу қалай әсер етті? Бұрынғы ғылым докторы, кандидатынан гөрі, магистр, PhD докторанттың мәртебесі салмақтырақ болып кеткен жоқ па, қалай?
– Мемлекет деңгейінде Болон процесіне қол қойылып, білім берудің әлемдік ортақ жүйесіне енуге бағыт алғандықтан, қалайық, қаламайық енді одан бас тарта алмаймыз. Кез келген жаңа жүйенің тосын көрініп, көпшіліктің оған тосырқап қарайтыны сөзсіз. Сондықтан бұрынғы кеңестік білім беру жүйесін әбден бойларына сіңірген, ғылыми маман даярлауда да ұзақ жылдар қалыптасқан үлгіде жұмыс атқарып келген адамдардың бәрі бірдей жаңа жүйені қолдау жағында болды деп айта алмаймын. Бұл жүйеге өту барысында ғалымдар тарапынан баспасөз беттерінде түрлі көзқарастағы талас-пікірлер айтылды. Әрине, мемлекеттік деңгейде ерекше мән беріліп, жаңа жүйенің тез орнығуына талап қойылып жатқанына орай, магистр, PhD докторанттың мәртебесі салмақтырақ көрінуі заңды. Алайда оның сапалық деңгейінің нәтижесі әлі толық ерекшелене қойған жоқ.
– Сіздердің кездеріңізде филологияға түсу үшін емтиханды ауызша тапсыратын едіңіздер. Қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәні ұстаздарын ұрпақтың жаны қазақы болуына әсер етуші ұлт тәрбиешісі, ұлт ұстаздары десек, соларды тест арқылы таңдау ұрпақ болашағына жасалған қиянат емес пе?
– Бұл мәселе осыдан 20 жылға жуық уақыт бұрын емтихан алудың тестік жүйесіне көшу сәтінен бастап-ақ айтылып та, жазылып та әбден «жауыр» болған мәселе. Кезінде министрлікке қаншама ұсыныстар жасалды. Бірақ еш нәтижесі болмады. Қазіргі кезде қазақ тілі мен әдебиеті, тарих пәндерінің ұлттық менталитет қалыптастырудағы маңызы жөнінде өзің сұрақ қойып отырған мәселе төңірегінде айтарымыз, шындығында да, тест жүйесі енгелі бері студенттер көркем шығарма оқудан қалды. Шығарманың ішіне еніп, ондағы образдардың жасалу ерекшеліктеріне, қаламгердің шеберлік қырларына, стильдік ерекшеліктеріне талдау жасауға шорқақтық танытып, жалпы әдеби шығарманың тағылымдық, танымдық қасиеттеріне бойлап түсіндіру жағы жетіспей жатады. Тестік жүйе бұл талаптарды біз айтқандай етіп орындауға мүмкіндік бермейді.
– Еуропаның бірқатар елінде, Қытай, Жапония мен Корея, Үндістан сынды шығыс елдерінде ең жоғары мәртебелі әрі жоғары жалақы алатын мамандық иесі – дәрігер мен мұғалім. «Ұстазы жақсының – ұстанымы жақсы» дейді қазақ. Ұлтты тәрбиелейтін ұстаздарды дайындауда қандай жүйеге жүгінген жөн, ұлт жанашыры ретіндегі пікіріңіз? Ал өзіңіз ұстаз ретінде, шәкірттеріңізге білім беруде ең әуелі нені басты назарда ұстайсыз?
– Иә, көптеген елде жоғары жалақы алатын мәртебелі мамандық иелері дәрігерлер мен ұстаздар екені рас. Ұлтты тәрбиелейтін ұстаздарды дайындау тек мына жүйеде дайындау керек деп кесіп айтуға болмас. Өйткені қандай жүйемен дайындалса да, мемлекетті құрушы ұлт өкілі ретінде ондай болашақ ұстаздардың бойында бірінші кезекте ұлттық менталитет қалыптасуы керек. Бұл қазақ тілі мен әдебиеті, тарих мамандарының ғана міндеті емес, кез келген мамандық бойынша дәріс беретін қазақтың міндеті деп ойлаймын. Ал енді қай ұстаз болса да шәкіртінің білімді, мәдениетті, ұлтын сүйетін, ұлттық салт, дәстүрді бойына сіңірген парасатты азамат болып қалыптасуына ықпал етуді ойласа керек. Мен де осы бағытты назарда ұстауға тырысамын.
– Қазақ әдебиеті пәнінен қаншама оқулық, оқу құралы мен монографиялық еңбек жаздыңыз. 6 және 10 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының телавторларының бірісіз. Оқулық жазу барысында қандай да бір қазақ әдебиетінің дамуына үлес қосқан ұлт мақтаныштары мен ұлт тұлғалары, олардың туындысын оқулыққа енгізу-енгізбеу турасында келіспеушілік, дау-дамайлар болды ма? Кімдердің шығармасы төңірегінде?
– Болды. Мысалы, 10 сыныпқа арналған қазақ әдебиеті оқулығының бағдарламасында Сегіз сері бар болатын. Соған сәйкес, біздің авторлар тобы дайындап 2002, 2006 жылдары басылып шыққан байқау нұсқаларында Сегіз серінің шығармашылығы да қамтылған еді. Бірақ кейбір ғалымдар тарпынан ақын шығармашылығына күмән келтірілген ұсыныс, пікірлерге орай, Білім және ғылым министрлігі құрған комиссияның шешімі негізінде 2010 жылы басылған соңғы нұсқада Сегіз сері оқулықтан алынып тасталды.
– Мысалға, ұлттық музыкамызға «Гауһартас», «Назқоңыр», «Алқоңыр» сынды бір композитордың қолынан туғандығы анық байқалып тұрған классикалық әндерді тудырған Сегіз сері, «Балқурайдың» авторы Нияз серілер не себепті қазақ әдебиеті оқулығына енбей қалды? Кезінде өзіңіздің досыңыз, қазақтың біртуар әншісі Жәнібек Кәрменовтің өзі құрастырған антологияға Сегіз сері мен Нияз сері бабаларымызды енгізбеп пе еді? Бұрын авторлары белгілі болып жүрген бұл әндер, аяқ астынан «халықтікі» болып шыға келуінің астарында не жатуы мүмкін?
– Ол рас. Кезінде Жәнібек Кәрменов құрастырған қазақ әндерінің жинағына бұл екі композитор ақындардың әндері енгізілген. Бұл орайда Жәнібек аталған әндерді өзі ойынан шығарып, ән жинағына енгізген жоқ. Ол – Жүсіпбек Елебеков сияқты «ән академигінің», Ғ.Мүсірепов тәрізді көнекөз классик жазушының әңгімелерін көп тыңдау бақытына ие болған біздің буынның бірден-бір өкілі. Сегіз сері, Нияз сері әндерін Жәнібек солардан естіген әңгімелерінің негізінде ән жинағына енгізген. Ал оқулыққа енгізілмеу себебін жоғарыда айттым ғой. Кейбір ғалымдардың «Сегіз сері өмірде болмаған» деген пікірлеріне орай, Білім және ғылым министрлігі арнайы комиссия құрды да, сол комиссияның шешімімен Сегіз сері шығармашылығы жоққа шығарылды. Бұл орайда Сегіз сері туралы біздің замандастарымыздан гөрі әлдеқайда көп білетін, Сегіз серіні көрген, қатар өмір сүрген адамдардан жастайынан естіп өскен, Сегіз сері туып, өскен өңірдің тумалары Ғ. Мүсірепов, С. Мұқанов, т.б. тұлғалардың жазбаларындағы фактілер ескерілмеді. Ал күмән келтірушілердің ұсынысына орай, авторы Сегіз сері мен Нияз сері болып келген әндердің «халықтікі» болып қайта өзгертілуінің астарында не жатқанын мен де түсінбедім.
– Жәнібектей марқасқа әншімен сізді таныстырып, табыстырған қазақтың әні емес пе? Жәнібек ағаның шешендігі, әншілігі, журналистігінен бөлек, ел білмейтін қандай қыры, өнері бар еді?
– Меніңше, Жәнібектің бір бойынан табылатын әншілік, сазгерлік, қаламгерлік, шешендік тәрізді елге белгілі өнерпаздығына қоса, қарапайым өмір, тіршілікте де, азамат ретінде де өзгелерден озық жақсы қасиеттері бар еді. Біріншіден, ол өмірде өте қарапайым, адамгершілігі мол, достыққа адал болатын. Екіншіден, қандай орта, алыс-жақын адамдар болса да тез тіл табысып, өзіне үйіріп, баурап алатын қасиеті бар еді. Үшіншіден, ол өте ізшіл, бір рет жүріп өткен жолын қанша жыл өтсе де адаспай табатын есте сақтау қабілеті ерекше еді. Қазақтың «Сегіз қырлы, бір сырлы» бағасына нағыз лайық азаматтың бірі Жәнібек еді.
– Өзіңіз де әннен құралақан емессіз. Домбырамен «әу» дейтін қазақсыз. Тіпті, қаншама әннің авторысыз да. Өз елімізде өзіміздің төл дәстүрлі музыкамыздың, өнерпаздарымыздың дәріптелуіне барынша мән беріліп, жағдай жасалмай жатыр ғой. Сізді де бұл мәселе алаңдататын шығар?
– Әрине, алаңдатады. Рухани азықты төл өнері арқылы алмаған ұрпақ болашағы қалай болмақ?!. Ұлттық сана, ұлттық менталитет, ұлттық дәстүр қалыптастыруда өнердің орны ерекше екені белгілі. Бірақ қазір қазақтың ұлттық музыка өнерін дәріптеу, насихаттау, ұрпақты осы бағытта тәрбиелеу жағы төмендеп кеткені рас. Радиода болмаса телеарналарда ұлттық дәстүрлі музыкамыз берілмейді деуге болады. Ал қазіргі жағдайда халықтың назары радио тыңдаудан гөрі, негізінен телевизор көруге аударылған. Аллаға шүкір, қазақ өнері әлемдік деңгейде ешкімнен кем емес. Құрманғазы мен Тәттімбеттің күйлерін, Біржан, Ақан, Мұхит әндерін тыңдап өспеген ұрпақ қазақтың рухы мен жан сезімін бойларына сіңіре алмайтыны анық.
– Классикалық музыка деген біздің түсінігімізде, тек еуропалық музыкаға ғана тән секілді. Шындығында, кез келген ұлттың төл музыкасы классикалық өнері деп ойламайсыз ба? Ұлттық музыкалық мұрамызды қазақтың классикалық музыкасы деп атаған жөн бе? Бұған сіздің пікіріңіз?
– Рас айтасың. Кез келген ұлттың төл музыкасы – классикалық өнері. Ал қазақтың дәстүрлі ән-күйі деп атау мына жайларға байланысты ғой деп ойлаймын. Қазір қазақтың халық әндері де, халық композиторларының әндері де оркестрдің немесе пианино, фортепьяноның сүйемелдеуімен айтылады, күйлер де жеке орындаушы арқылы ғана емес, оркестрмен де орындалады ғой. Яғни халықтық өнерді әлемдік формада орындау үдерісіне қосылдық. Осыған байланысты ән, күйдің алғашқы өмірге келген ұлттық үлгідегі сипатын сақтау түрін дәстүрлі өнер деп, орындалу формасын ажырату үшін айтылатын сияқты. Сондықтан ұлттық музыкалық мұрамызды қазақтың классикалық музыкасы деп атау дұрыс деп есептеймін.
– Әңгімеңізге рақмет. Ұлтын сүйетін, жаны қазақы ұрпақ тәрбиелей беріңіз, аға!
Алашқа айтар датым...
– Толғандыратын мәселе ретінде ұлттық рухымыздың өте төмендеп кеткені дер едім. Тәуелсіздік алғанымызға биыл 20 жыл толады. Соған орай мемлекеттік тіл ретінде әлі өз деңгейіне көтеріле алмай жатуы. Бұған әрбір қазақ азаматы, әрбір мекеме басшылары өте патриоттықпен атсалысуы керек. Ұлттық жақсы дәстүрлерімізді де толық қайта жаңғырта алмай жатырмыз. Ұрпақты ұлтын сүюге тәрбиелейік.