Ұлттық компания ұлттың мүддесін көздейді

Ұлттық компания ұлттың мүддесін көздейді

Қайыргелді ҚАБЫЛДИН, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ басқармасының төрағасы:

Қазақстан Республикасы Президентінің 1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы Жарлығына сәйкес, мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесі қыркүйектің бірінші жексенбісінде атап өтіледі. Биылғы жылы мұнайшылар кәсіби мерекелерін 5 қыркүйек күні тойлайтын болды.

– Қайыргелді Мақсұтұлы, «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының отандық экономикада алар орны ерекше. Мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында компания тарихы жайлы қысқаша мағлұмат берсеңіз.
– Қазақстан әлемдік мұнай бизнесіне жаймен кіріп, аз уақыттың ішінде өзін дүниежүзіне мойындата алды. Қазақстанның мұнай туралы тарихының тамыры тым тереңде жатқанымен, ең айрықша тарихи оқиғалар Қазақстан егемендігін алып, өз алдына жеке мемлекет болғаннан кейін басталды. 2002 жылдың 20 ақпанында Қазақстан Республикасы Президентінің үкімімен мұнай-газ экономика секторында Қазақстан Республикасының мүддесін қолдайтын, тиімділіктің деңгейін көтеру және мұнай-газ кешенін дамыту үшін 100% мемлекеттік үлеспен «ҚазМұнайГаз» ұлттық акционерлік қоғамы құрылды. Бүгінгі күні, өзіңіз айтқандай, бұл компания отандық экономикада ерекше орын алады.
«Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері» атты Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында мұнай-газ саласына бірқатар маңызды міндеттемелер жүктелді. Соның ішінде көмірсутекті шикізатты тереңдете қайта өңдеуді қамтамасыз ету мен мұнай-химия өндірісін дамыту мәселесі аса маңызды болып табылады.
Әлемдік сараптамашылардың болжауынша, 2010 жыл пессимистік сарында болатын. Халықаралық нарықтар баға жағдаятының жаңа сілкінісін күткен еді, ірі компаниялар өздерінің инвестициялық саясатын айтарлықтай шектеген болатын.
Мұндай жағдайда көптеген бизнес-субъектілер өзіне тиісті деңгейде қалуды ғана мақсат етіп қойды. «ҚазМұнайГазға» қатысты да осындай болжамдар айтылып жүрді. Бірақ біздің компания өзінің көпжылдық жағымды даму серпінін сақтап келеді.
– Қайыргелді Мақсұтұлы, Елбасы қойған өзекті мәселенің тиісті шешімін табу үшін «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясына үлкен үміт артылып отыр. Сіз компанияның жыл басынан бергі жұмысын қалай қорытындылар едіңіз? Және компанияның алдағы жылдарға арналған стратегиялық мақсаты қандай?
– 2010 жылдың қаңтар-маусым айлары аралығындағы кезең «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының қаржы-шаруашылық қызметі үшін өте маңызды болды деп айта аламын. Осы кезеңдегі қорытынды есеп әлемдік қаржы дағдарысының келеңсіз салдарын еңсеру бойынша жүзеге асырылған іс-шаралардың нәтижелілігін көрсетіп отыр. Атап айтсам, 2010 жылдың басынан бері алты айдың ішінде 10,7 млн тонна мұнай мен газ конденсаты өндірілді, бұл 2009 жылдың деңгейінен 18,6 пайызға артық. Мұнайды қайта өңдеу көлемі 7,7 млн тоннаға жетті, алдыңғы жылғы көрсеткіштен 1,5 есе артық. Магистральдық құбыр желілерінің жүйесі бойынша 32,8 млн тонна мұнай тасымалданды, бұл да өткен жылдың деңгейімен салыстырғанда 8 пайызға артық. Мұнайды теңіз арқылы тасымалдауда да оның өскендігі тіркелген, ол 3,4 млн тонна болды.
Газды тасымалдау көлемі 52 млрд текше метрге жетіп отыр, бұл 2009 жылғы деңгейден 12 пайызға артып отыр. Ұлттық компанияның өндірістік қызметінің қорытындысы оның қаржылық нәтижелеріне де оң әсер етті. 2009 жылдың бірінші жартыжылдығымен салыстырғанда, компанияның пайдасы үш есеге артты. Есептік кезең ішінде еліміздің бюджетіне, жедел деректер бойынша, ҚМГ тікелей немесе жанама қатысатын барлық компаниялардың салық түсімдерінің үлесі 22,2 пайызды құрайды. Республика бюджетіне жалпы салық түсімдеріндегі ҚМГ қатысуымен барлық компаниялардың меншікті салмағы 29,5 пайыз немесе 695,3 млрд теңгені құрады. Petroleum Intelligence Weekly атты беделді халықаралық басылымның берген бағасына сәйкес, бүгінгі күні «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы әлемнің жетекші 50 мұнай-газ компанияларының қатарына кіреді. Рейтингке 130-дан астам компания қатысқан. Бұл – жақсы көрсеткіш. Ал енді біздің алдағы стратегиялық мақсатымызға келер болсақ, ол – 2015 жылға дейін әлемнің ең ірі 30 мұнай-газ компанияларының қатарына кіру. Қазірдің өзінде «ҚазМұнайГаз» қызметінің негізгі көрсеткіштері әлемнің жетекші мұнай-газ компанияларының көрсеткіштері бойынша жақсы нәтижеге ие. Мәселен, 2009 жылы ROACE (орташа пайдаланылатын капиталға кіріс) әлемнің жетекші мұнай-газ компаниялары бойынша орташа есеппен 12 пайызды құрады. Ал ҚМГ-да – 8,4 пайыз. EBITDA Margin (пайыздарды, салықты және өтелімді алып тастағанға дейінгі сатудан түскен пайда) орташа есеппен 22 пайыз болса, ҚМГ-да бұл көрсеткіш 19,7 пайызды көрсетті.
Мүмкін, біреулер мұндай нәтижелер компанияның ішкі шаруасы дер. Бірақ біз ұлттық компания екенімізді ұмытпауымыз керек. Ұлттық компания ұлттың мүддесін көздейді. Біздің жетістіктеріміз – ұлттық экономиканың дамуына қосқан үлесіміз, Елбасы жүктеген міндеттердің орындалуы. Біздің жетістігіміз – еліміздің жетістігі. Көптеген жылдар бойына «ҚазМұнайГаз» еліміздің жалпы ішкі өнімінің елеулі бөлігін қамтамасыз етіп отыр. Ұлттық компания Қазақстанның бюджетін қалыптастыруда ерекше маңызды міндеттерді атқарады. Бұл ретте «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобының қатысуымен еліміздің шоғырландырылған бюджеті түсімінің әрбір бесінші теңгесі, салық түсімдерінің әрбір үшінші теңгесі қалыптастырылады. Сондай-ақ Қазақстанның басқа да макрокөрсеткіштерінде компания маңызды орын алып келеді. Егер Қазақстандағы инфляция индексінің өсуі ағымдағы жылдың қаңтар-маусым айларында 4,4 пайызды құраса, бағаның белгіленуінде «ҚазМұнайГаз» қатысатын бензин және дизельді отын бойынша бұл көрсеткіш бар болғаны 2 пайызға жуық.
– Қазақстандық үлесті ұлғайту  еліміздің жалпы дамуының кепілі болып отыр. Мұнай өндіруде қазақстандық үлесті дамыту қалай жүзеге асырылуда?
– Бұл ретте «ҚазМұнайгаз» ұлттық компаниясы отандық өндірушілерді қолдаудан оларды дамытуды ынталандыру тәсіліне көшуді ұсынып отыр. Бір қарағанда қарапайым көрінетін бұл тәсіл көптеген перспективаларға жол ашады. Ең алдымен, отандық өндірушілер өндіретін тауарлар мен қызмет көрсетудің бәсекелестігін арттырады. Соңғы жылдары Елбасы үдемелі индустриялық-инновациялық дамыту бойынша бірқатар амбициялық міндеттер қойып отыр. Бұл ретте мұнай-газ саласына айрықша жүк артылары айтпаса да түсінікті. «ҚазМұнайГаздың» қатысуымен мұнайды қайта өңдеу және мұнай-химия, көмірсутегілерін тасымалдау саласында стратегиялық инвестициялық жобалар жүзеге асырылуда. Қазіргі жаһандық экономика жағдайында мемлекет тек шикізат базасында тұрақты дами алмайды. Мұны әлемдік қаржы дағдарысы да көрсетті. Сонымен қатар қосылған құны жоғары өнімдердің әлемдік нарықтары бізді құшақ жая қарсы алғалы тұрған жоқ. Хош иісті көмірсутек өндірісімен экономикалық әлеуеті қуатты елдер айналысатыны баршаға аян. Оның үстіне «Хош иістер» өндірушілердің элитасына кіру оңай емес, өйткені технологиялар қымбат әрі барлығына қолжетімді емес. Қазір мұнай өңдеудегі әлемдік тренд – жаппай жаңғырту, ол бір ғана өнім шығаратын көптеген ұсақ және тиімсіз зауыттарды жауып, оларды ассортименті үлкен ірі мұнай өңдейтін кешендермен алмастыруды көздейді.
Компания мұнайды қайта өңдейтін зауыттарды қайта құру және жаңғырту бойынша үш жобаны іске асырады. Бірінші кезекте — Атырау мұнай өңдеу зауыты, содан соң — Шымкент және Павлодар зауыттары. Мұнайды қайта өңдейтін зауыттарды дамытудың кешендік жоспарының орындалуы республиканың мұнайды қайта өңдеу саласындағы жағдайын түбегейлі өзгертуге тиіс. Қазақстандық үш мұнай өңдеу зауытында 2010 жылғы бірінші жартыжылдықта мұнай өңдеудің шоғырландырылған көлемі 5,8 млн тоннаны құрады. Ал 2014 жылы отандық мұнай өңдеу зауыттары 17 млн тонна қуаттылыққа қол жеткізеді және елдің жоғары сапалы мұнай өнімдеріне деген ішкі сұранысын толық қамтитын болады. Мұнай өңдейтін зауыттарын жаңғырта отырып, біз мұнай-химия секторын дамытуға бағыт алдық. Бұл бағыт бойынша қазір Атырау мұнай өңдеу зауытында хош иісті көмірсутектерді өндіретін кешен салу жобасы іске асырылуда. Өндіріс сызбасы өте икемді және барынша жоғары октанды бензин алуға мүмкіндік береді.
Біз үлкен сенім артып отырған тағы бір ірі жобалардың бірі – Ақтау пластикалық масса зауытында жол битумын өндіру. Біріншіден, бұл өндіріс орны, ол қосылған құны жоғары өнім шығару арқылы көмірсутегі шикізатын тиімді пайдаланады. Екіншіден, бұл экономиканы әртараптандыруға және инновациялық тұрғыдан дамытуға ықпал етеді. Үшіншіден, еліміздің батыс өңірінің халқын еңбекпен қамтуға себін тигізеді. Биылғы жылы маусым айында басталатын бұл жоба жылына 400 мың тоннаға дейін жоғары сапалы жол битумдарын шығаруды көздейді. 2012 жылы құрылыс аяқталғаннан кейін зауыт өнімін Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің құрылысына пайдалану жоспарланып отыр. Осылайша біз еліміздің аймақтарын дамытуға жан-жақты үлес қосып жатырмыз.
«ҚазМұнайГаз» қазақстандық үлесті дамытуға ерекше көңіл бөліп келеді. Есептік кезеңде тауарлар, жұмыстар мен қызметтер жеткізуге жасалған шарттардың жалпы көлеміндегі «ҚазМұнайГаз» компаниялар тобы бойынша қазақстандық үлес, «Павлодар МӨЗ» ЖШС үшін сатып алынатын Ресей мұнайын қоспағанда, 65 пайызды немесе 456,5 млрд теңгені құрады. Бұдан басқа, біздің компания халыққа ауызсу мен газды, ішкі нарыққа – мұнай мен мұнай өнімдерін арзандатылған баға бойынша жеткізу мәселелері бойынша ел экономикасын белгілі бір дәрежеде дотациялауды жүзеге асырады. 2009 жылдың қорытындысы бойынша мұндай мақсаттарға 36 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді. Біз мемлекет алдындағы өзіміздің жауапкершілігімізді жақсы түсінеміз. Өз жетістіктерімізді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басымдықтарымен теңестіреміз.
Тауарлар, жұмыстар мен қызметтерді сатып алуда қазақстандық үлесті арттыру бойынша шаралар кешенін іске асыру мақсатында 2010-2012 жылдарға арналған ҚМГ компаниялар тобының Қазақстан Республикасындағы мұнай-газ машиналарын жасауды дамытуға үлес қосу бағдарламасы дайындалғанын өздеріңіз де білетін боларсыздар. Бұл бағдарламаны жүзеге асыру аясында осы жылдың қаңтар-сәуір айларында қазақстандық машина жасау зауыттарымен, соның ішінде насосты штангаларды жеткізуге «Ақтөбе мұнай жабдықтары зауыты» АҚ-пен, терең штангалық насостарды жеткізуге «Мұнаймаш» АҚ-пен, арнайы техниканы жеткізуге «Петропавл ауыр машина жасау зауыты» АҚ-пен, құбыр өнімдерін жеткізуге KSP Steel ЖШС-мен, сыйымдылықтарды жеткізуге «Белкамит» АҚ-пен және республиканың басқа да кәсіпорындарымен келісімдер жасалды.
– «ҚазМұнайГаздың» алдағы жылдарға арналған ұзақ мерзімді стратегиясы бойынша нақты қандай жобалар іске асырылуда?
– «ҚазМұнайГаздың» алдағы 10 жылдағы жоспарына Қашаған, Жемчужина, Дархан, Сәтбаев, Өлі Қолтық, Өріктау, Түп-Қараған, Құрманғазы, Абай сияқты тағы басқа ірі жобаларды іске асыру кіреді. Көмірсутекті шикізат қорларын 2,5 есе – мұнай баламасының 2 млрд тоннасына дейін ұлғайту жоспарланып отыр. Бұл салада трансұлттық мұнай компанияларымен ынтымақтастық, менің ойымша, Қазақстандағы мұнай мен газды барлауға жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибе тартуға мүмкіндік береді. Сондай-ақ ҚМГ-ның 2010-2014 жылдарға арналған дамыту жоспарына мұнай-газ-көлік инфрақұрылымын әртараптандыру жобалары кірді. Стратегиялық жобалардың қатарына Бейнеу-Бозой-Ақбұлақ магистральдық газ құбырының құрылысы, мұнай тасымалдаудың қазақстандық Каспий жүйесін құру, КҚК-ны кеңейту кіреді.
Каспий теңізінің қазақстандық секторында мұнай операцияларын қолдау үшін сервистік инфрақұрылымды дамыту қатар жүзеге асырылады. ҚМГ-дың алдағы бесжылдық даму жоспарында Құрық портында дедвейті 63 тоннаға жететін танкерлер үшін мұнай құю терминалын салу жөніндегі жобаны қаржыландыру және мұнайдың төгілуіне ден қоюдың Солтүстік Каспий экологиялық базасын салу көзделген.
Кез келген компанияның стратегиялық жетістігі оның өзінің ішкі әлеуеті мен сол саланың нарықтық әлеуетінен тұрады. Біздің міндетіміз – қолдағы бар мүмкіндікті пайдаланып, өзіміздегі қорды бәсекеде басымдыққа айналдыру.
– Азаматтардың өмір сапасы мен тұрмыс деңгейін жақсарту, әлеуметтік тұрақтылық пен қорғалуды нығайту бүгінгі күні басты назарда болып отыр. Қазіргі кезде әлеуметтік салаға ерекше көңіл бөлінуде. Бұл орайда ұлттық компания қандай жұмыстар жүргізуде?
– «ҚазМұнайГаз» компаниясы – ұлттық компания. Сондықтан өндірістік жетістіктермен қатар, ұлттық мүдде, ұлттың болашағы қашанда оның басты назарында. Әлеуметтік жауапкершілік – біз үшін жай ғана қолға алынған кезекті міндет емес, бұл — компанияның ұзақ мерзімді стратегиясының ажырамас бір бөлігі. Әлеуметтік жобалар, әлеуметтік инфрақұрылымды жаңғырту – компания қызметінің басым бағыттарының бірі. Біз өзімізді қоғамнан бөліп ала алмаймыз. Сондықтан қоғамда болып жатқан кез келген жаңалық болсын, жағдай болсын, бізді де алаңдатады. Біз тек өндірістік жетістіктерге жетуді ғана көздемейміз, қоғамның жан-жақты дамуына ерекше көңіл бөліп, мәдениет, білім және денсаулық салаларының деңгейін жоғарылатуға, өмірдің сапасын жақсартуға барынша атсалысып келеміз. Мәселен, білім саласына, жас мамандардың кәсіби өсуіне және нық бекітілуіне, мүгедектер мен ардагерлерге қамқорлық жасауға, салауатты өмір салтын қалыптастыруға, сондай-ақ өнеркәсіп шараларына тікелей қатысы жоқ басқа да әлеуметтік мәселелерге қамқор болып келеді. Компания 2010 жылы әртүрлі әлеуметтік бағдарламаларды іске асыру үшін 130 миллионнан астам АҚШ долларын бөліп отыр. Компанияның белсенді позициясын әлеуметтік жауапкершілік мәселелері жөніндегі республикалық форумда Елбасы да ерекше атап өткен болатын.
Ағымдағы жылдың бірінші жартысындағы негізгі оқиға – 1941-1945 жылдары болған Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдық мерекесі. Бұл мереке ТМД бойынша аталып өтті. Соғыс ардагерлері мен еңбек ардагерлеріне атаулы көмек көрсету үшін ұлттық компания 28 млн теңгеден астам қаражат бөлді. KazEnergy қауымдастығымен бірлесіп өткізген Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арналған «Жеңіс мұрагерлері» акциясы халық көңілінен шықты. Ол 6-9 мамыр аралығында Астана қаласында өткізілді. Салауатты ұлт – бәсекеге қабілетті ұлт, ел игілігінің негізі. Салауатты өмір салтын насихаттау мақсатында Елбасының бастамасы бойынша «ҚазМұнайГаз» компаниясы бірыңғай әмбебап спорт алаңдарының бағдарламасын әзірлеп, ол бойынша жұмыс жасауда. Спорт алаңдарын тиімді және ұтымды пайдалану үшін оларды жазда футбол, баскетбол, волейбол, теннис сияқты спорттың жаздық түрлеріне арнап, қыста спорттың қысқы түрлерімен хоккей, мәнерлеп сырғанақ тебуге арнап, көпмақсатты етіп жасау қарастырылған. Біздің компанияның көздеген мақсаты – спортты барша жұртшылыққа, олардың жасына, тұратын жеріне және әлеуметтік жағдайына қарамастан, қолжетімді ету. Осылайша халыққа спорттың бұқаралық түрлерімен айналысуға мүмкіндік беріп, олардың интеллектуалды, рухани дамуы үшін жағдай жасау, менің ойымша, көңілге қонымды нәрсе. Астана күніне орай біз Астана қаласында астаналық мектептер ауласында алғашқы көпмақсатты спорт алаңдарын аштық. Бүгінгі күні бес спорт алаңы пайдалануға берілді. Босқа сенделмей, каникул кезінде бос уақыттарын пайдалы әрі тиімді өткізіп жатқан оқушыларды көргенде, көңілімізді қуаныш кернейді. Бала кезімде мен де барлық балалар сияқты футбол ойнағанды жақсы көретінмін. Әлі есімде, сол кездері ойнауға ыңғайлы жер таба алмай, кәдімгі көлік жүретін жолда ойнайтынбыз. Қазіргі балалар ондайды білмеуге тиіс. Біз олардың балалық шағының алаңсыз өтуі үшін мүмкіндігінше барлық жағдайды жасауымыз керек. Жабық, ақылы спорт залдарында ойнауға мүмкіндіктері жоқ балалар енді осы спорт алаңдарында ойнайтын болады. Жалпы, Қазақстан бойынша екі жылдың ішінде осындай 50 спорт алаңы салынады.
Салауатты өмір салтын қалыптастыруға біздің компания көп көңіл бөлетіні спортсүйер қауымға белгілі. Бірнеше жылдан бері мемлекеттік әуеской бокс федерациясына, көркем гимнастикаға, велосипед спортына демеушілік көмек көрсетіліп келе жатыр. Биылғы жылы бұл тізімге дзюдо, футбол және су полосы қосылды. Қызметкерлер арасында да спорт жарыстары өткізіліп тұрады.
Жыл басынан бері «ҚазМұнайГаз» компаниясы спорт ұйымдарына 2,7 млрд теңгеден астам қаражат бөлді. Мұның өзі спорттың бұқаралық және ұлттық түрлерін қолдауға және дамытуға 2010 жылға арналған республикалық бюджетте көзделген соманың жартысына тең. «ҚазМұнайГаз» компаниясы бизнесті жүргізудің жоғары стандарттарына қол жеткізуге ұмтылады. Өткен жартыжылдықтың қорытындысы атқарылған істердің нәтижелілігін дәлелдейді. Бірақ бұл жайбарақаттану үшін сылтау емес. Алда тұрған міндеттер кең ауқымды, ұзақ мерзімді сипатқа ие. Ұлттық компания бұл міндеттерді абыроймен орындайды дегім келеді. Біз бұған бар күш-жігерімізді жұмсаймыз.
– Алда келе жатқан мұнайшылардың кәсіби мерекесі қарсаңында мұнайшыларға айтар тілегіңіз қандай?
– Көмірсутегі шикізаты ресурстарын игеру Қазақстан халқының игілігі үшін ұзақ мерзімді перспективада ескеріле отырып, жүзеге асырылуы тиіс. «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы мемлекет кірісін қамтамасыз етуге және қоғам әл-ауқатының жақсаруына ықпал етуге, сондай-ақ қоршаған ортаның жай-күйін жақсартуға, Қазақстанның өнеркәсібін дамытуға тиіс.
Мұнай-газ саласы ел экономикасында ерекше орын алады. Мұны Елбасы мұнай-газ кешені қызметкерлерінің мерекесі күнін ресми танылған кәсіби мереке ретінде 1998 жылғы қаңтардың 20-сындағы өз Жарлығымен бекіткенін тағы да дәлелдейді. Бұл күн – өз өмірлерін мұнай саласына арнаған адамдар үшін ерекше күн. Мереке қарсаңында біз әдеттегідей сала ардагерлерін құттықтаудан бастаймыз. Өздеріңізге белгілі, бүгінгі күнгі жетістіктеріміз мұнайшылардың алдыңғы буынының қажырлы, нәтижелі еңбектерінің арқасы.
2004 жылы Н.Ә.Марабаев атындағы «Мұнайшы» қоғамдық қоры құрылған. Мұнай саласында ұзақ жыл еңбек еткен ардагер мұнайшы, геолог, геофизиктерге қолдау көрсету мақсатында құрылған қор отандық мұнай компанияларының қаржылық демеуімен қайырымдылық шараларын өткізіп келеді. Аталмыш қордың негізін танымал ел ағалары Асқар Құлыбаев, Нәсіпқали Марабаев және Орал Ақшолақов қалағанын айта кеткен абзал. Қорға «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ үзбей материалдық қолдау көрсетіп келеді. Сондай-ақ қордың қамқорлығына алынған ардагерлер еліміздің белгілі емдеу-сауықтыру орындарына тегін жолдама алады. Еліміздің мұнай саласы тарихындағы алғашқы мұнайшылардың есімдерін келер ұрпаққа жеткізу мақсатымен шығарылған Қазақстанның мұнай энциклопедиясы да осы қордың бастамасымен жарық көрген болатын.
Кезіндегі аға буынның өнегелі істерін бүгінгі ұрпақ білгендері жөн. Аянбай еңбек етіп, тер төккен, ата дәстүрін жалғастырып келе жатқан мұнайшылар әулеті өте көп. Солардың ішінде Авроровтар, Атшыбаевтар, Балғымбаевтар, Балжановтар, Бешімовтер, Бөлекбаевтар, Қарамырзаевтар, Мырзағалиевтар, Оржановтар, Өтесіновтер, Өтебаевтар, Досмұхамбетовтер, Шырдабаевтар, Бекбосыновтар, Өтеғалиевтар, Марабаевтар, Огай, Жұмағалиевтар сынды тағы басқа белгілі мұнайшылар әулеттерінің еңбек жолдарын бүгінгі ұрпақтары абыроймен жалғастырып келеді. Олар – біздің мақтанышымыз. Мен барлық мұнайшыларды алда келе жатқан кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, мықты денсаулық, жемісті еңбек тілеп, алдағы өмір белестеріңіз жарқын болсын деген тілек айтамын.
– Әңгімеңізге көп рақмет.

Бір пікір
Бала кезімде мен де барлық балалар сияқты футбол ойнағанды жақсы көретінмін. Әлі есімде, сол кездері ойнауға ыңғайлы жер таба алмай, кәдімгі көлік жүретін жолда ойнайтынбыз. Қазіргі балалар ондайды білмеуге тиіс. Біз олардың балалық шағының алаңсыз өтуі үшін мүмкіндігінше барлық жағдайды жасауымыз керек.

Автор
Последние статьи автора
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Назван точный исход матча КХЛ "Барыс" - "Салават Юлаев"
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Кадрлық резерв. Ол қай жағдайда компанияны құтқарады, ал қашан қызметкерлерге теріс ықпал етеді?
Цифра
50
50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов

50 км/ч – именно с такой средней скоростью промчался вчера по афинской трассе Вячеслав Екимов, чтобы завоевать серебро в велогонке с раздельным стартом.
1900
Году

Бокс был узаконен как вид спорта
2,5
ГРАММА

Масса мячика для игры в настольный теннис
5
Олимпийских колец

символизируют единство пяти континентов, хотя ни одно из них не является символом какого-то конкретного континента. Цвета колец — синий, красный, желтый, зеленый, черный, — были выбраны, как наиболее часто встречающиеся на флагах государств мира.
130
км/час

С такой скоростью летит мяч, после удара профессионального волейболиста