Досхан ЖОЛЖАҚСЫНОВ, Қазақстанның Халық әртісі:
– Кез келген адам өз өмірінің белгілі бір белесінде өткеніне көз жүгіртеді, әр нәрсені бағамдайды. Мінеки, өзіңіз де алпысқа келіп жатырсыз. Осы уақытқа дейінгі өміріңізден не ой түйдіңіз?
– Есейген сайын өмірдің шын мәнінде байламсыз екеніне көзің жете түсетін сияқты. Баяғыда марқұм Асқар Тоқпанов ағамыз: «Адам ессіз болып туады, есалаң өмір сүреді, есі кіргенде өледі», – деп айтушы еді. Қалай болғанда да, ғажап айтылған сөз! Қарап отырсаң, адам шынымен де есалаң өмір сүреді, бірін-бірі көре алмайды, болмашы нәрсеге бола таласып-тартысады. Мұның бәрі қазақтың өзімен бірге келе жатқан үйреншікті нәрселер ме деп ойлаймын. Бұдан бөлек, науқаншылдық пен дарақылық та қарныңды аштырады. Содан барып, шынында да, есалаң өмірдің бар екендігін мойындайсың.
Жалпы, уақыт озған сайын өзіңе адал, шын өнеріңді бағалайтын адамдар азаяды екен. Әйтеуір қалай болғанда да әзірге ат үстіндеміз ғой. Бұрын «Жақсы әке – жаман балаға қырық жыл азық» деп айтушы еді. Қазір ол заман өтіп кетті. Бүгінде жақсы досыңның өзі саған азық болып жатқандай. Өйткені біреу сені сол досың арқылы қабылдайды. «Анау бір жақсы кәсіпте-ау, ертеңгі күні бірдеңе бола қалса, мен ілініп қалам ба» деген сияқты... Бұл бір есеп енді. Құдай-ай десеңші! Ал өзіңнің шын бағаңды білетін, талантыңа, өнеріңе тәнті адамдардың ауқымы тарыла бастайды. Жасы ұлғая келе адамдардың доссыз, ортасыз қалатындығы содан. Негізі, дер кезінде не құлыққа, не жүрекке бекітілмеген, бір-біріне байланбаған, тек қана алыс-берістің ар жақ-бер жағындағы нәрсенің бәрі баянсыз.
– Көп рөлдерде ойнадыңыз. Түріңіз, дауысыңыз көрерменге жақсы таныс. Бірақ образға келген кезде сізді жұрт көбінесе «Бандыны қуған Хамит» фильміндегі Хамит бейнесі арқылы елестететін сияқты. Өзіңіз қалай ойлайсыз?
– Бұл әркімнің қабылдауына байланысты шығар. Біреулер «әр рөліңіз, әр образыңыз өзінше дара, бір-біріне мүлде ұқсамайды» дейді. Жалпы, менің 40 рулы көрерменге «жоқ, мен мынандай едім» деп айтатын датым жоқ. Қалай қабылдаса да, көрерменнің өз еркі. Бірақ байқағаным, осы күні өзімнің көрерменім тиянақты сияқты. «Сіздің киноларыңызбен өстік» деп айтатын адамдар көп.
– Мейлі кинода, мейлі театрда «осыны мен ойнасам» деп армандаған рөліңіз болды ма?
– Мен актер бола тұра, осындай арман-қиялға берілмеген адаммын. Қай кезде де барыма шүкір дедім. Осы 60 жылдық мерейтойыма орай бала-шағаларым, жақындарым сүбелі киноларымның тізімін жасап, альбом ретінде шығарғалы жатыр. Соған дайындық барысында ұлым: «Әке, осының мұқабасына не деп жазсақ екен?» – деді. Сонда а дегенде аузыма түскені де – «Барым – базарым, шүкір» деген сөз болды. Сол сықылды осы барыма ризамын.
– Өзіңізді режиссер ретінде жаңа бір қырыңыздан танытқан «Біржан сал» фильмінде басты рөлде ойнадыңыз. Бір сұхбатыңызда салдың бейнесін экранға шығаруды 20 жыл армандағаныңызды айтыпсыз...
– Ол рас. Себебі сал-серілер өмірі, жалпы, суреткер тағдыры, өмір сүрген ортасы, қазақы болмыс, әдет-ғұрып, мұның бәрі – менің жаныма өте жақын нәрсе. Осы өнерде көпшілігіміз қолымыздан келмейтін, қанымызда, қаперімізде жоқ нәрсеге барамыз да ұрынып жатамыз. Осыдан бір бедел іздейтіндер бар ма, білмеймін, әйтеуір сол қолымызбен оң құлағымызды қаситындай жағдай. Менің көкірегімдегі дүние осы – ән, домбыра, сал-серілерге қатысты нәрселер болды. Мен мұны әкемнен, әкемнің достарынан тыңдап өстім. Сол бір көкірегі күйсандық қариялар Сегіз сері, Біржан сал, Ақан сері, Мәди, Махамбет, Абай, соның бәрін тілге тиек етіп, әңгімелеп отыратын. Әкемнің қолынан домбыра түспейтін. Өзі партия, совет қызметінде істеген адам. Шешем де қаражаяу болған жоқ. Әнді жақсы айтатын. Міне, сол көргенім, түйгенім, бала кезімнен жинаған ішкі қазынам, осының бәрі мені жетелеп, «Біржан салға» алып келді.
Әуелде «Кейіпкер етіп Ақан серіні алсам ба әлде Мәдиді түсірсем бе» деп ойландым. Бірақ тағдырына, сосын әндерінің ауқымының соншалықты кеңдігіне байланысты Біржан маған жақынырақ болды. Әрі сол аяулы тұлғаларымыздың жиынтығындай болып көрінді. Біз сол арқылы ұлы өнерге, ұлттық қасиеттерге деген сағынышымызды көрсетуге тырыстық.
– Фильм қалың көрермен арасында өте жылы қабылданды. Мұның сыры, өзіңіз айтқандай, сіздің осы тақырыпты терең білетіндігіңізден де болар?
– Жалпы, меніңше, әдебиеттегі де, кино өнеріндегі де үлкен қасірет – біз өзіміздің қазақы мінез-құлқымыздан ауытқып бара жатырмыз. Киноның көкірегімізге сіңбей жататыны, қазақы менталитеттен ада болатыны, онда ұлттық психология жоқ. Мысалы, Айтматов, Әуезов, Мүсірепов, Мұқановтардың ұлылығы неде? Олар кез келген роман-повестерінде ұлттық мінез, ұлттық пайым, осы тұрғыдағы ойдың өсіп-өрбуі арқылы әлемдік проблемаларға шығады. Олар сонымен өздерін дәлелдеді. Әлемдік әдебиетке үлестерін қосты. Міне, бұл – біздің өнеріміз бен әдебиетімізге бірден-бір керек заңдылықтар. Өйткені біз орыс туралы да, басқа туралы да түсіріп, ешкімді таң-ғалдыра алмаймыз. Ал америкалықтар туралы тіпті сөз басқа. Өзгеге қанша еліктеп-солықтағанымызбен, олардың мінез-құлқы, өмір үрдісі бізге бәрібір беймәлім әрі жат. Мұхтар Әуезов Америка сапарынан оралғаннан кейін жұрттар: «Олардың әдебиеті, өнері қандай екен?» – деп сұрапты. Сонда Мұхаң: «Американың аспанмен таласып тұрған үйлері сияқты», – деп жауап беріпті. Мұның астарында «жансыз» деген мағына жатыр. Шынымен де, Америка – 40 рулы елден құралған, не тек жоқ, не тамыр жоқ құрама мемлекет қой. Сондықтан оның мәдениеті мен өнері де құрама.
Жалпы, мен үшін өзгермейтін қағида – әр киноның ұлттық мінезі болуы керек. Мысалы, ертеректе Ақан сері туралы «Құлагер» атты фильм түсірілді. Шынымды айтсам, менің көңілімнен шыққан жоқ. Өйткені ұлттық қасиеттер айқын көрініс таппаған. Кез келген өнер өз топырағынан нәр алып, сондағы салт-дәстүр, әдет-ғұрып, бітім-болмыс, менталитет атаулымен үндесіп жатқанда ғана шынайы болады.
– Дегенмен режиссерлікке тәуекел етуге қорыққан жоқсыз ба?
– Қорыққан жоқпын. Тек әуелде ғана «қалай болар екен» деген бір секемдену болды. Бірақ кірісіп кеткеннен кейін киноның қалай басталып, қалай біткенін білмей де қалдым. Небары төрт айдың ішінде түсірілді. Менде павильон деген болған жоқ. Барлығын Біржанның өзі туып-өскен Жөкей көлінің ар жақ-бер жағында түсірдім.
– «Біржан сал» арқылы қазақ актерлерінің шеберлігін де дәлелдеген сияқтысыз. Мысалы, бүгінгі режиссерлер арасында оларды менсінбеу, киноға түсетін адамды сырттан жинау сияқты үрдістер белең алып кетті ғой.
– Біздің режиссерлеріміздің арасында шынымен де «кәсіби актерлер – таптаурын бейнелер. Мен көшеден біреуді алып келемін де, қалауымша сындырып, илеп, жаңа бейне жасаймын» деген бір сыңаржақ пікір бар. Мұның бәрі – далбаса. Мәселе – режиссердің актермен жұмыс істеп, оған талап қоя білуінде. Әрине, содан кейін актердің оң жамбасына келетіндей рөлді ұсына білуің керек. Мен өзім актер болғаннан кейін Алматыдағы театрлардың бүкіл әртістерін білемін десем, артық айтқандық емес. Олардың деңгейін, қай рөлге қаншалықты жақындау екенін жақсы ажырата аламын. Актерді таңдағанда осы жағын пайымдап алып, кез келген адамды емес, «осы келеді-ау» дегендерін ғана шақырдым және солардың арасынан іріктедім.
– Сол әртістер қандай артықшылықтары арқылы сіздің талабыңызға сай келді?
– Актерлерді таңдау кезінде антропологиялық белгілерді барынша ескердім. Олардың ауылда өскен, дөңгелек жүзді, келбетінде, сөз саптауында, мінез-құлқында қазақылығы бар өнерпаздар болғанын қаладым. Солай таңдадым деп те ойлаймын. Актерлердің әрқайсысы өз орнын лайықты тауып, шебер ойнап шықты. Менің түсінігімде, кинодағы басты әйел образдары – Әпіш, Ләйлім, Мақпал үшеуінің өзегі бір. Әпіш – қазақы бәйбішеліктің, аналықтың кемел шыңы. Оның ақылды келін, келіншек кезі – Мақпал, кемеңгерлікті тани білетін сұңғыла қызжелең кезі – Ләйлім. Өзім іштей осылай топшыладым. Ләйлім Біржанға неге ғашық болады? Өйткені оның бойында ұлы өнерге, ұлы қасиетке деген махаббат бар және ол оған жөргегінен бастап сіңген.
– Мысалы, өнер адамдары ол, мейлі, актер, режиссер, жазушы болсын, кейіпкеріне өз табиғатынан бір нәрсе қосады деп жатамыз. Сол тұрғыдан алғанда, Біржан мен сіздің араңызда, оның күйініш-сүйініші мен сіздің ой-сезімдеріңіздің арасында қандай ұқсастық, сәйкестік бар?
– Әрине, Біржан екеуміздің арамыз жер мен көктей болуы да мүмкін. Бірақ біз көркем дүние жасадық қой. Көркем дүниеде, Станиславский айтпақшы, кез келген актер ойнаған рөліне өзі арқылы барады. Өзінің пайымын, мінезін, болмысын көрсетеді. Мен де Біржанға өзім арқылы бардым. Оның бүкіл күйініш-сүйінішін, махаббатын алпыс екі тамырымнан өткізіп барып пайымдадым. Қалай дегенмен де бала кезімізден ән тыңдап, онда не айтылып жатқанын түсініп өстік. Енді тек кейіпкерлермен ара қатынасты реттеу ғана қалған. Ол да орнына түсті.
Кинода да, театрда да өзіңнің азаматтық парыздарың, мақсаттарың болады. Сол жағынан келгенде мен Біржанның азаматтық тұлғасын ашуға тырыстым. Сөйтіп, қадау-қадау ойлар айтылды. Мысалы, Біржан салдар қуып келе жатқан қасқырды орыс офицері атып тастайды. Қасқыр – даланың еркін тағысы. Біржан – сол Арқаның еркін саңлағы. Үндестік бар ма? Бар. Міне, сол көкжалды офицер атып тұр. Қасқыр өліп бара жатып, ұлиды. Мен азамат ретінде, Досхан ретінде, ұлтымның перзенті ретінде мұнымен не айтқым келіп тұр? Біздің егемендігіміз баянды бола ала ма? Соны шын мәнісінде өзіміз мойындап және өзгелерге мойындатып, дұрыс көзқараспен келе жатырмыз ба?
Осы тұста офицердің «Еркін халық дейсің бе?» деп мысқылдауында да үлкен мағына жатыр. Мына жағымыз – Ресей, мына жағымыз – Қытай. Осындай жағдайда отырып, өз ішімізден іріткі туса, егемендік жолында қалыптасатын мінез, рух, осының бәрін дер кезінде ойластырып алмасақ, ертеңіміздің қалай болары неғайбыл...
Мен жалына жармасқан басты оқиға – Біржанның басындағы трагедия. Таяқ жеп, қол-аяғы байлаулы жатқан Біржанның «Менің қолымдағы арқан – наданның жүрегіндегі кісен» деуі суреткерлер басындағы ортақ қасіретті аңғартса керек. Өйткені ғұмырына, қоғамға разы боп өткен таланттар аз. Көбісі талас-тартыс пен көреалмаушылықтың теперішін көрген күйі кете барған. Түсінген адамға фильм Біржан сал өмірінің соңғы сәтін ғана емес, дәурені өтіп бара жатқан халқымыздың, қазақы рухтың тұсауланар алдындағы соңғы бұлқынысын, жанайқайын, көшпелі өркениеттің ажырамас бөлігіне айналған сал-серілік салтанаттың кеміп бара жатқанын да көрсетеді. Біржанның: «Бұл – менің басыма тиген қамшы емес, Алаштың басынан күні тайған екен. Қазақ қартайыпты. Барлығы пәс, барлығы еңкіш», – деген сөзінен-ақ көп жай аңғарылады.
– Осындай фильмдерді алдағы уақытта да түсірер ме едіңіз? Қандай жоспарларыңыз бар?
– «Томирис» фильмінің сценарийін тапсырып қойғанбыз, бірақ одан әлі хабар болмай жатыр. Алдағы уақытта мүмкіндік болып жатса, Құнанбай туралы ірі дүние түсірмек ойым бар. Хан Кенені де қозғағым келеді. Жалпы, тарихи дүниелер маған өте жақын. Бұрынғы бір сұхбаттарымда айтқанымдай, мен өзі заманымнан кеш туған адам сияқтымын. Менің заманым ана кезең сияқты. Өйткені өзімнің ішкі сұранысым солай. Неге екенін білмеймін, маған бүкіл кемшілігімен өткен сол дәуір қымбат. Ол мейлі Тұмар әжеміз бола ма, мейлі Құнанбайдың кезеңі ме, қай-қайсысы да мені қатты қызықтырады. Сол тақырыптағы дүниелерді сүйіп оқимын.
– Мұндай көңіл күй, осы сезім бүгінгі уақытпен қарама-қайшылыққа түсуіңізге себепкер болмай ма?
– Дұрыс айтасың. Ондай сәттер болады. Бірақ тап сол қарама-қайшылық жаңаша ой туғызады. Мысалы, жаңағы әңгіме еткен «Біржан салда» бүгінгі заманмен тоқайласпайтын ойлар бар. Қасқырды атқызып тұрғанымыз, офицердің сөзі, өзі хал үстінде жатқан Әпіштің: «Азаматтың ары тапталып жатқанда бір әйелдің жаны садақа» деуі бекер емес. Бұл – біздің ұлтымыздың, аналарымыздың кредосындай сөздер. Осындай жерін табу қиын. Тапсаң, ол – құдірет. Сол арқылы ертеңге иек артасың. Осы тегеурін арқылы мақсатың айқындалады.
– Осыдан төрт-бес жыл бұрын сұхбаттасқанымызда балаларға арналған ертегілер дискісін шығарып жатқаныңызды қуана хабарлап едіңіз. Соның нәтижесі қалай болды?
– Рас, қазақ ертегілерінен төрт аудиотаспа шығарған болатынмын. Біріншісінде – қазақ мемлекеті, оның рәміздері, Елбасы туралы әңгімеленетін. Екіншісінде – қазақ жеріндегі Қожа Ахмет Ясауи, Айша бибі кесенелері, қазақтың әр кездегі астаналары, Ұлытау сияқты қасиетті орындар туралы мағлұмат берілетін де, ары қарай ертегілермен жалғасып кететін.
Біле-білген адамға ертегі, біріншіден, тіл; екіншіден, діл; үшіншіден, рухани бұлақ. Жалпы, қазақ үшін ана әлдиінен кейінгі саты осы болуы керек еді. Егер «еліме, жеріме ие боламын» десе, оның ар жағында ұлттық намыс, ұлттық сана-сезім деген нәрселер жатуы тиіс. Оның барлығы өздігінен пайда болмайды. Өкінішке қарай, ананың әлдиінен кейін бізде вакуум пайда болған. Күнкөріс, жанбағыс қамы ананы баланың қасынан ерте шығып кетуге мәжбүр етуде. Абай атамыз айтқандай, адам заманды емес, заман адамды билеп тұр. Меніңше, ол таспа дер кезінде шығып еді. Бірақ соның қажеттілігін біз ешкімге дәлелдей алмадық. Оған бәрі коммерциялық дүние деп қарады. Шындығында, мен содан бір пайда табайын деген жоқ едім. Тілі шұбарланып, санасы жат мәдениетпен уланып бара жатқан қарадомалақтарымыз содан нәр алса, менің пайдам сол еді.
Осындай жағдайлардан кейін кейде ойланып қаласың. Ұлттық идеология, ұлттық рух, қазақы тәлім-тәрбие деген нәрсенің бәрі тек мінбеден ғана айтылатын әдемі сөз бе деп еріксіз ойлайсың. Мысалы, жаңағы дискілерді тек досымыз арқылы ғана кейбір облыстарда тарата алдық. Содан ақырында жолдас-жораларыма, туған-туысқандарыма барлығын тараттым. Осы уақытқа дейін немерелерім сол ертегілерді тыңдамай ұйықтамайды. Ал, негізі, бұл үлкен еңбек еді. Осының бәрі адамның меселін қайтарып тастайтын-ақ оқиға болды. Мен, мысалы, ұлтымды, мемлекетімді соншалықты жақсы көремін. Бірақ осындай сәттерде «мұның керек екенін қазаққа дәлелдей алмасам, сонда мен қайда баруым керек» деп ойланып қаласың.
–Театрға барып тұрасыз ба, одан не байқайсыз, не жаңалық бар?
– Театрға барып тұрамын. Әзірге өзгеріс жоқ. Жалпы, театр дегеніміз тірі организм ғой. Ол ең болмағанда жарты жылда, бір жылда көрерменді сілкіндіріп қоятындай дүниелерді ұсынуы тиіс. Әрине, режиссерлер санаулы. Олардың қойғанының бәрі шедевр бола бермейді. Бірақ театрдың ішінде жаңару, жаңғыру, сілкініс болып тұруы тиіс. Онсыз бәрі бір сарынды тірлік, «сен тимесең, мен тимен, бадырақ көз» болып кете барады.
– Ал біздің көрерменді не сілкіндіруі мүмкін? Қандай тақырып, қандай мәселе?
– «Көрерменді мынау сілкіндіреді деп айту қиын. Бүгін кейіпкер болмай-ақ, әр адам басынан не өткізбей жатыр? Көшеге шықсаң бітті, жүйкең садақтың адырнасындай ширығып, тек атуға оғың болмай, үйге қайтып келесің. Теледидарды басып қалсаң «біреуді атып кетіпті», «біреу асылғалы жатыр», «ананы ұстап әкетіпті» деген сияқты неше түрлі сұмдықты естисің. Яғни тақырып та, мәселе де толып жатыр. Сондықтан бұл режиссердің өзінің ой-өрісіне байланысты. Бұдан басқа, мысалы, тарихи дүниелерімізден қаншама нәрсе шығаруға болады! Содан кейін режиссерлік шешімде көп нәрсе жатуы керек. Бұл жерде «мынандай болуы керек» деп айтудың өзі – қиянат. Сондай-ақ бұл – екінің бірінің қолынан келе бермейтін қиын шаруа.
– Өзіңіз қазір қайдасыз?
– Менің қазір «Қазақфильмге» де, театрға да қатысым жоқ. Жеке ағыстағы адаммын. Бірақ кез келген желдің өтінде жүре бергім келеді дей алмаймын. Өзімнің жеке ойларым, өз басымдағы проблемам бар. Бірдеңені оқисың, бірдеңеге күйзелесің, сөйтіп жүріп жатқан жағдай. Бұл – әр пенденің басында бар дүние. Бірақ қалай болғанда да, өмірді, өнеріңді, әр қадамыңды «ардың ісі» деп қараған дұрыс-ақ.
– Өмірде қиыншылықты қаншалықты көп көрдіңіз, қаншалықты орныңызды таптыңыз?
– Жалпы, менің жолыммен басқа біреу жүріп өтсе, бәлкім, «қиналдым, күйзелдім» деуі мүмкін. Бірақ мен осы өмірімде қандай тағдыр кешсем де, не көрсем де, оның бәрін тағдырдың сыйы, бір ғажап кезең деп қабылдаймын. Балалық шағымнан бастап, бүгінге дейінгі өмірімнің бәрі – мен үшін ғажап бір дүние.
– Дәл қазір сізді қай сала көбірек ойландырады, актерлік пе, режиссерлік пе, әлде қайраткерлік пе? Қайсысына көбірек пайда келтіре алар едіңіз?
– Әрине, қолымыздан келетіні – өнер. Берсек, осы өнер арқылы ғана бере аламыз. Егер біздің еңбегімізді дұрыс көріп, «осының қолынан бірдеңе келеді-ау» деп жатса, аянбаймыз. Мысалы, «Біржан сал» түсірілгелі бері де үш-төрт жыл өтіп кетті. Уақыт деген зымырап бара жатыр. Шіркін-ай, қолымыздан келетін нәрсені жасап үлгерсек екен деген ой туады. Бірақ оған қарап жатқан кім бар? Соған да күйзелесің. Өкінішке қарай, бұл жалғыз менің басымдағы ғана проблема емес.
Қай кезде де өнерпазды тани білу керек. Жанын түсініп, қажет кезінде басынан сипау шарт. Жоғарыда сол кәсіпті жақсы түсінетін басшылар отыруы керек. Жалпы, саясат үшін отырғызу біздің салада кейде кедергі келтіретін сияқты.
– Сөзіңіздің басында Асқар Тоқпановты айттыңыз. Сол кісіні көп адам айтады, әлі сағынады. Соның сыры неде?
– Жалпы, мынау қасап заманда біреуді біреу сағынудың өзі – неғайбыл дүние. Сағыну үшін адам одан өзіне бір қажетін табуы керек. Мен үшін Асекеңнің қажеттілігі – шыншылдығы еді, сосын кез келген жерде шен-шекпен демей, айтып салатындығы болатын. Әттең, осындай ақсақалдар жоқ қазір. Біздегі ақсақалдардың барлығы тойшыл, тобылғы сықылды иіле салады. Сен жақсы да мен жақсы. Не зияны жоқ, не пайдасы жоқ. Осы қиын. Асекеңдерді сол үшін сағынамыз. Айта білетін еді, ойы бар еді. Әрине, шодыр мінез де жақсылық әкелмейді, егер ар жағыңдағы айтарың дұрыс болмаса. Бүгін ешкім сенің сөзіңді көтермейді. Аулаға барып, бес-алты жасқа мінезіңді көрсетсең, сөзге келмей, сабап тастайды. Ал Асекең бәрін көріп, біліп, сезіп айтатын...
– Өзіңіз де сол ақсақалдық жасқа келе жатырсыз. Асекең сияқты ұстаздарыңыздың ірі мінездері сізге қаншалықты дарыды? Сіз қаншалықты шыншылсыз?
– Шыншыл болуға тырысамын. Менің болмысым соны талап етеді. Бірақ әр нәрсенің орны бар ғой. Кез келген жерде жылтыңдап шыға берсең, сені кім тыңдайды? Бір күн тыңдар, екі күн тыңдар, үшінші күні «осы ағамыз да қоймайды екен, әп-әдемі жинаған беделін босқа шашып...» деп айтады. Сүбелі қасықпен ас жегісі келетін ондай да ағаларымыз бар. Менің білетінім, әркім өзінің қолынан келетін кәсібімен айналысуы керек.
– Нені арман етесіз?
– Бала-шағам әлі жас, екінші ұлым – студент, қызым – үшінші сыныпта. Солардың амандығын тілегім келеді. Қалай болғанда да заман қиын. Әртүрлі жаман әңгімелерді естисің. Сөйтіп, төбе шашың тік тұрады. Ештеңе аспаннан салбырап түскен жоқ. Мұның бәрі – қоғамның жемісі. Құлық өзгеріп бара жатыр. Онсыз да дарақы қазаққа анау да, мынау да жақсы көрінуде. Бұл, әрине, алаңдатады. Теледидардан қызымызға бай, ұлымызға қатын іздеп кеттік. Осының бәрі бүгінгі болмысымыздан хабар береді. Қоғам қандай болса, оның мүшесі де сондай. Бір қараған адам «онда тұрған не бар» деп ойлайды. Бірақ бұл – үлкен мәселе. Қандай құндылықтарымыздың барын да қазір жинақтап айта алмай жатырмыз. Неге тоқтауымыз керек? Міне, сондықтан осының бәрін ойлайсың да қорқасың. Ал мұның бәрін мен айтпасам кім айтады?!
– Әңгімеңізге рақмет.